Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жол құрылысы саласындағы кәсіпорындарда болып, Қытай компанияларының басшыларына «Тіл туралы заң» мен қазақстандық жұмысшылардың жалақысы төмен екендігіне тоқталды, - деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болып, ұзындығы 262 шақырымға созылған Меркі-Бурылбайтал жолын қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Облыс әкімі салынып жатқан учаскелерді аралап, жол құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.
Бұл үлкен жобаны екі компания жүзеге асыруда. Қытайлық "China Xinxin Corporation" және қазақстандық "ABK-Avtodor NS". Қытайлық мердігерлермен аудармашының көмегімен сөйлескен Сапарбаев Қазақстан заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Ол қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмен екеніне назар аударды, олардың мөлшері жыл сайын кем дегенде 10 пайызға өсуі керек. Сондай-ақ, аймақ басшысы барлық жұмысшылар үшін тең жағдай жасалғанын, оның ішінде жалақы, тамақтану және жатын орын мәселелерін де еске салды.
«Қазақстан Республикасының заңдары, соның ішінде Тіл туралы Заңы қатаң сақталуы керек. Біздің мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі. Барлық белгілер қазақ тілінде, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Вахталық лагерьге барған кезде мен соған баса назар аудардым. Мен тағы да осында келіп, нұсқауларымның қалай орындалғанын тексеремін », - деді Сапарбаев.
Әкім жол бойында мал өтуге арналған жолдар салынып, суарылатын арықтар мен көпірлер жөнделуі қажет екенін ескертті. Жол жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті 13 тұрғынның үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болған, оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.
«Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, аудан орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Біз, әсіресе, коронавирус жағдайын ескере отырып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмектесуіміз қажет», - деді Сапарбаев.
Әкімдіктің хабарлауынша, қытай компанияларының басшылары Сапарбаевтың талаптарына толық келіскен.
"Адырна" ұлттық порталы