Жауғаштыдағыдағы әйелдер колониясынан коронавирус табылды

3141
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан аяғы ауыр әйелден коронавирус табылды. Бұл туралы республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, centralasian.org хабарлады.

Ақпарат бойынша, тұтқын аяғы ауыр болуына байланысты Іле ауданының орталық аудандық ауруханасында тексеруден өткен. Кейінірек ауруханада коронавирус табылып, карантинге жабылған. Ресми ақпарат бойынша, инфекция анықталғанға дейін әйел колонияның медициналық бөлімінде тұтқындардан бөлек оңаша палатада болған. Перзентханаға жату үшін тексерілген кезде коронавирус анықталып, орталық ауруханаға жатқызылған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті әйелмен араласқан тұтқындардың инфекциялық изоляторға ауыстырылып, тексеруден өткенін, мекемеде санитарлық-залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін, дәрі-дәрмек жеткілікті екенін айтады.

Ал тұтқындар сөзіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, колония індетке дайын болмаған. Аты-жөнін атамаған тұтқындардың бірі сайтқа коронавирус табылған әйелдің түрмеге екі апта бұрын этаппен жеткізілгенін, мекемеде қатаң карантиндік шаралар енгізіліп, тұтқындардың жағдайы қиын екенін айтқан. Оның айтуынша, науқас тұтқындардың көбімен араласқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріптің айтуынша, мекемеге жақын жердегі балалар үйіне 18 әйел және 18 бала карантинге жатқызылған. Онда бір дәрігер, 6 медбике бар. Колонияға науқаспен байланыста болғандарды тексеру үшін медицина қызметкерлері жеткен.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2717 адамнан коронавирус табылған. 25 адам қайтыс болған. 682 адам жазылған.

Пікірлер