Төл туындыға айналған «Қырық мысал»

14898
Adyrna.kz Telegram

«Қырық мысал – төл туынды». Ахмет Байтұрсынұлының ұшан-теңіз тағылымды еңбектерінің арасында «Қырық мысал» жинағының орыны ерек. 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысал» аудармалар жинағын А.Байтұрсынұлы орыс халқының ақыны Крылов Иван Андреевичтің мысалдары негізінде аударғандығын білеміз. Әйтсе де, ұлт ұстазының аударған қырық мысалын оқып отырсаңыз, қазақ тіліндегі сөздік қордың молдығы мен тазалығына көз жеткізесіз. А.Байтұрсынұлы мысалдарды қазақы қалыппен баяндай келіп, халқымыздың бай фольклорымен, әсіресе, мақал-мәтелдерімен ерекше тұжырымдайды. Ақын мысалдарының түпнұсқадан анағұрлым көлемді болуына әрқайсының соңғы шумақтарына ғибраты мол түсінік беріп отыруы себеп болған. Мысалы, «Екі Бөшке» туындысында бірінде заты бар, ал бірі бос күйінде көшеде келе жатқандығы айтылады. Заты бар бөшкенің ақырын, ал бос бөшке болса елдің мазасын алып салдырлап келе жатады. Осыны айта келіп ақын 4 шумақты ғибратнама қалдырады. Соңғы түйінінде:

«...Байқамас оны ешкім жақындаспай,

Істес боп, ой сынасып, ақылдаспай.

Бөшкеде не зат барын кім біледі,

Қақпағын я бір жерін тесіп ашпай?!»

Бұл секілді мысалдардың бірнешеуін келтіре аламыз. Мәселен, «Өзен мен Қарасу», «Аңдарға келген індет», «Кісі мен Арыстан», «Қартайған Арыстан», «Арыстан, киік һәм түлкі», «Маймыл», «Емен мен Қамыс» мысалдарының соңғы 3 шумағы, «Қасқыр мен Тырна», «Екі Бөшке» мысалдарының соңғы 4 шумағы ғибратты, ой саларлық түйінге құрылған. Көбінесе мысалдың ой-түйінін беретін кезде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде қолданады:

«Нақыл сөз «Әлін білмес әлек» деген»,

«Осындай әуре болған жаннан қапты». («Өгіз бен бақа»);

«Ұялған тек тұрмайды» («Сары шымшық»);

«Болмаса қайратыңа ебің серік,

«Опа жоқ құр айласыз мықтылықтан» («Емен мен қамыс»);

«Садақа бастан құлақ» деген мақал,

«Бейшара жан сауғалап тұра қашты». («Арыстан, киік һәм түлкі»);

«Залымдар айран ішіп аман кетіп,

«Момындар тұтылып жүр шелек жалап» («Аңдарға келген індет»);

«Күнәлі біреу ойдан, біреу тілден» («Қарашекпен мен қой»);

«Жақсыны жақсы деген мақтау емес,

«Жаманды жаман десең, болмайды өсек» («Есек пен үкі»).

Ахмет Байтұрсынұлының осы секілді қазақы мақал-мәтелдерді қолдана білуі дәстүр жалғастығы мен жанр ерекшелігін танып, өзіне тән даралығын айқындай түскендей. Әйтсе де, ақын мақал-мәтелдерді орынсыз қолдана бермейді. Кейбірінде мысалдың ыңғайына байланысты оларды өзгертіп те отырады. Мәселен, «Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар» деген қазақ мақалын ақын «Аңдарға келген індет» мысалында:

«...Залымдар айран ішіп аман кетіп,

Момындар тұтылып жүр шелек жалап»,

- дейді.

А.Байтұрсынұлы мысалдарында ақын болуымен қатар ойшыл ретінде де көрінеді. Тұрмыстық көріністерді дәл бере білу арқылы өмірдің шынайы суреттерін нақтылай түседі. «Сарышымшық» мысалында әсірелеу қалпымен күлкі тудырса, оның артқы жағында зілдің жатқанын байқаймыз:

«...Балық жеп, сорпа ішіп тойынбаққа,

Аш пенен көбінесе арық келді.

«Бір соғым пұлсыз астан» дейтіндер бар,

Қасығын қолдарына алып келді».

Бұл арқылы дайынға жүгірер «піскен асқа тік қасық» болар күлкілі топты астарлы иронияға келтіріп отырғандай. Негізінен, ақын мысалдардың сюжетін И.А.Крылов арқылы беріп отырғанымен, ондағы бозбала, сорпа, соғым, я бөлең, я нағашың, я жиенің, т. секілді туған тіліміздің байлығын білдіретін сөздерді қолдану арқылы сюжетті қазақ даласына еркін енгізіп жібергендей. Ахметтанушы ғалым Ө.Әбдиманұлы: «Ахмет Крыловты аударуды мақсат тұтпай, ондағы тақырыпты, ой-өзекті ғана алып өзінше еркін жырлауға, қазақ өмірін тығыз байланыстыра отырып ой айтуға ұмтылған. Ол, әсіресе, қазақ өміріне қатысты ділгір де дертті мәселелерге келгенде өзіндік бағыт ұстанып, негізгі желіні дамыта отырып, жаңғыртып, өз уақытына сай мысалдың өткірлігін арттыра түсуді мақсат еткенін аңғару қиын емес» - дейді.

Қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағының әрбіріне жеке тоқталып, саралар болсақ, қазіргі жастар, біз, үлгі алып жүрген заманауи дүниелердің барлығы осында жинақталған. Өзгені ұлықтардан бұрын, өз қазынамызды дұрыс зерттей білейік, замандастар!

 

Жансая Сман,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер