Абайдың хакімдік дүниетанымы

5532
Adyrna.kz Telegram

Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «Қазақстың бас ақыны»- деп бағаласа, Мағжан Жұмабаев «Алтын хакім Абайға» - деп өлең жазған бұл дәстүр өз жалғасын тауып, Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс».

Елбасының Абайды ұлттық ұран ету идеологиясы тегін емес еді. Себебі, Абай Құнанбайұлы өзіне дейінгі мәдени мұраны бойына сіңдіре отырып, мәдениетке тың арна салды және оның осындай реформаторлық табиғатын ерте таныған жан жазушы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды. Осылайша, Абай қазақ мәдениетіне тың арна салса, Мұхтар Әуезов осы арнада ұлт мәдениетін өркениеттік жолға бастады. Ол қазақ халқы өркениетке бағыт алғанда түсетін жолы – Абай жолы деген қорытындыға келген және осы идеяны іске асыру мақсатына өзінің бар ғұмырын арнады. Бұл істі орындап шығу оңай болмады, бұл жолда ол көп азап шекті, бірақ алған бағытынан қайтпады, сөйтіп Абай жолы ұлтты өркениетке бастайтын жол екенін дәлелдеп шықты. Мұхтар Әуезов реформатор ақынның көркем бейнесін «Абай жолы» деп аталатын төрт кітаптан тұратын романда бейнелеп берді. Бұл біздің баға жетпес, асыл мұра, қазынамыз. Қазақи тамырыңды танимын десең, Абайды танып, «Абай жолын» оқу керек.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарық көрді. Мақала әсіресе, білім саласымен, жалпы ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты екендігі қуантады. Жаһандану дәуірінде кез келген дүниені Абайдың даналығымен байланыстыру керектігі және әр қазақтың үйінде домбыра болу керек десек, әр отбасының төрінде Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” кітабы мен Абайдың қара сөздері тұруы керек дейді Мемлекет басшысы.

«Хакім Абай» деген тіркесті білмейтін қазақ жоқ шығар. Ал «Хаким» сөзі араб тілінде «Дана, Хикмет иесі» деген мағынаны беретін Аллаһтың көркем есімдерінің бірі. Әрине, Ұлы Абайды қазақ Хакім десе, демек ойшылдың даналығымен, дүниетанымымен байланыстырып айтқандығынан. Хакімдік дүниетаным дегеніміз не? Оның философиямен байланысы бар ма? Бұл сұрақтарға ой жүгірткен, пайымдаулар келтіріп жуап ізденген ғалымдар да жоқ емес. Солардың бірі, әрі бірегейі философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есімов. Ғалым Абайдың хакімдік дүниетанымының философиямен байланысы жайлы: «Абай философия деген терминді қолданбаған, себебі оны христиандық дүниетаным деп түсінген. Ол «философиялық бұлақтың» бастауынан нәр алған. Абай мойындаған философтар – Сократ, Платон, Аристотель – бұлардың заманында христиандық та, ислам да діни жүйе ретінде анықталмаған. Дін туралы түсінік басқаша болатын, дін ағартушылық және идеологиялық қызметтеріне әлі енбеген. Дін танымның әмбебап формасы болып тұрған заманда өмір сүрген грек ойшылдары Абайды қызықтырған. Батыс философиясының, мәдениетінің христиандық іргетасы, әрине мұсылмандық көзқрастармен үйлесе бермейді. Бүгінде басы ашық мәселені кеңестік идеология әрі маркстік-лениндік бағытқа лайықталған философия, Батыс мәдениетін діни дәстүрден ада деп түсіндірді. Шындық өзгеше болатын. Батыс Европа мәдениеті XVII ғасырда басталған христиандық дәстүрінен XIX ғасырға дейін негізінен арылған жоқ, керісінше діни жаңа арнаулар тауып жатты. Сондықтан Абай европалық білімді ғана алып, оның дүниетанымын қабылдамады. Ол өзінің мәдени-дүниетанымдық дәстүрлі кеңістігінен шықпады, сөйтіп ұлттық ойлаудың өз арнасын тапты. Абай өз заманындағы жаңашылдық болып саналатын ағартушылыққа да ден қоймады. Қазақ даласында ағартушылық дінмен бірге жүріп жатты. Абай ол жағында болған жоқ, ол ұлттың ойшылдық дәстүрін жаңа сапаға шығарды. Абай да Чаадаев сияқты жеке дара ойшыл болды. Ол да философияны метафизика мәнінде қабылдады. Оның дәлелі Абайдың хакімдікке берген мазмұндмасынан айқын көрінеді. Ол хакімдікті әр істің есебін анықтаумен, ашумен түсіндіреді. Абай дүниетанымында себептілік басты ұғым. Ол әр істің себебі бар дейді, сол себептілікті ашушы – хакім. Әрине, себептілікті ашу ғылымның да ісі. Сондықтан Абай ғалым мен хакімнің бір-бірімен бірлігі мен өздеріне ғана тән мазмұндарын таратып берген. 38-қара сөзінде әрбір хакім ғалым, әрбір ғалым хакім емес деп нақтылы айтқан. Сонда хакім бір жағынан ғалым, екінші жағынан ғалымнан жоғары»- дейді. Дінсіз философия – ол материализм. Ғылым сөзсіз материализмге арқа сүйейді, онсыз болмақ емес, бұл заңдылық. Алайда бұл ғылымның өз шеңберінен шықпай тұрған кезіндегі халы. Ғылым хакімдікті іздей немесе аңсай бастағанда, оған материализм шеңберінен шықпасқа амалы қалмайды. Сол кезде философия (хакімдік) дінмен тоғыса бастайды, себебі, дүниенің басталуы, алғашқы себеп, уақыт мәселелері философияның да діннің де объектілері. Реті келген соң, осы тұста айта кететін, философияның өзі де ғылым ретінде, сол шеңбер кеңістігінде болады. Философия – ғылым, бұл оның қажетті сатысы. Одан әріде ол да ғылымнан өзінің табиғи болмысы хакімдікке ұласады. Абай хакімдікті осылай түсінген.

Осындай терең ой толғамдарына қарап отырып, біз Абайдың дүниетанымын басқа қырынан көре бастаймыз. Себебі, Абай ғылымды терең түсініп, ізденіп, батыс ойшылдарының да еңбектерімен танысып, олардан сусындағанын білеміз. Алайда, ол «білімді алу деген - тұтас сол елдің дүниетанымын да алу керек екен» деген көзқараста болмады. Керісінше, білімдерді ой елегінен өткізе отырып, қазақи дүниетанымға сәйкестендіріп алды. Яғни, өзі новатор болып табылатын ұлттық ойлаудың арнасына түсіріп отырды. Абайдың ұлттық ойшылдық дүниетаным дәстүрінің іргетасы осылайша қаланып жатты және ол, күні бүгінге дейін өз негізін берік ұстап тұрған бірден бір мықты іргетас екені де рас. Қазір ғылым қарықынды даму үстінде, әлемнің кез келген мәдениетімен, дүниетанымымен, ғылымымен байланыс орнату әлдеқайда тез болатын процеске айналды. Ғылыми техникалық прогресс кезінде шатасып кетпес үшін, біз осы Хакім Абай негізін қалаған ұлттық ойшылдық дүниетаным дәстүрін жалғастыра отырып, өзге ғылымды алғанда, сол ғылым шыққан елдің дүниетанымын да қосып алмай, керісінше, өз дүниетанымымызға сай бойымызға сіңірсек, Қазақстанның биікке өрлеп, үлкен шыңдарды бағындыру процесін тездететініміз сөзсіз. Ұлттық кодымызды сақтай отырып алған білімдер, ғылымда жеткен жетістіктер ғылым тарихында, әлем тарихында қашанда ерекше бірегей болып қала береді. Ендеше, Абайдың хакімдік дүниетанымындағыдай ғалым бола отырып, ғалымнан да жоғары «хакімдік» мәртебеге көтеріле берейік.

Жаны нәзік ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алтын хакім Абайға» арнаған өлеңінде хакімдікті бағалайтын жас ұрпақ келеріне деген нық сенім бар, осы сенімді ақтау, хакімдікті түсіну және сезіну жолының жалғасы біздің еншімізде:

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!»- деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!»- деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,

 философия ғылымының кандидаты

Айжан Мадыгалиева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер