Ғалымдар орфографияның өзекті мәселелеріне тоқталды

3278
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында ұйымдасырылған «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» онлайн дәрісінің бүгін бесінші және алтыншы дәрістері тыңдалды.

Сәрсенбі күнгі дәрісті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдаш «Жаңа әліпби және кірме сөздер емлесінің кейбір мәселелері» тақырыбы аясында оқыды. Дәрісте шеттілдік сөздердің жаңа әліпбидегі емлесіне байланысты мәселелер қозғалды. Оның ішінде қазіргі қазақ әдеби тілінің сөздік құрамында кездесетін V (В) әрпі туралы кеңірек түсініктеме берілді. V әрпінің кірме сөздердің құрамында, әлеуметтік-тұрмыстық атаулар, тарөрісті ғылыми-техникалық терминдердің, кісі есімдері мен жер-су атауларының жазба тұрқында сөз басында, сөз ортасында және сөз соңында кездесетініне қарай жинақтау, жүйелеу жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Құрамында Vәрпі бар сөздердің тілімізге бейімделген үлгілерін де атап көрсетті. Сонымен қатар шеттілдік сөздердегі қайталама дауыссыз дыбыс таңбаларының емлесі бойынша ізденістерімен бөлісті.

Дәрісті әрі қарай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Әліпби, орфография мәселелері» тақырыбында жалғастырды. Дәрісте қазақтың ауызша тілі мен жазба тілін бір деп тану, жазуды тіл білімінің деңгейлері /қазақ фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, лексикологиясы/ тұрғысынан қарастырудың қауіптерін көрсетті. Жазудың қызметін ғылыми тұрғыдан жан жақты талдап берді. Ғалым жазба тіл мен ауызша тілдің аражігін ажырата білу мәселесінің басты назарда болу керектігіне тоқталды. Сөздердің графикалық бейнесі мен дыбыстың бейнесінің арақатынасын, ерекшелігін нақты ғылыми-практикалық негіздермен түсіндіре отырып, жазба тілдің ауызша тілден өзгеше коммуникациялық мақсатын айқындап берді. Сонымен қатар әріп /фонема/ дыбыстық таңба, дыбыстық емес таңбалар аражігін ашып, фонетикалық, морфологиялық талдау жасау үшін жазба сөзге емес орфоэпиялық ерекшелікке назар аударудың қажеттілігін сөз етті. Дәрісте бөлек жазу, дефиспен жазу және бірге жазудың ерекшеліктеріне тоқталып, нақты мысалдармен дәлелелдеп көрсете білді. Сөз соңында ғалым жазудың қызметі, жазудың қажеттілігі  туралы ғылыми түйіндер келтіріп, аяқтады.

Дәрісте тыңдаушылар жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазуымыздың өткені мен болашағы жайлы зерттеуші ғалымдардан толыққанды, дәлелді мағлұмат алып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, дәріскерлерге ұсыныстары мен алғыстарын білдірді.

Дәріске Zoom сервисі бойынша 93 тіл маманы қатысты. Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol парақшасы арқылы 47адам тыңдаған.

Естеріңізге сала кетіміз, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен "Тіл-Қазына" ұлттық ғылым-практикалық орталығы ұйымдастырып отырған «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» онлайн дәрісі 24 сәуірге дейін жалғасады. Алдағы уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ләззат Еспекова, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Мархаба Тұрсынова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжан және осы орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбек дәріс оқитын болады.

Жазира Әшірбек,

"Тіл қазына" орталығы

Пікірлер