Президенттік қолдау: Қарағанды облысында 76 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек алады

2703
Adyrna.kz Telegram

 

Бұл көмек алдымен, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, ресми тіркелген жұмыссыздарға көрсетілді. Солай болуы заңды да. Себебі, көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері, демек, еліміздің дархан болашағының кепілі. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі үнемі мемлекеттің тікелей назарында. Тұрмыстың қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін көмектің түрі – азық-түлік себеті. Төтенше жағдай жарияланғалы бұл көмек 500 мыңға тарта адамға берілетін болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тізім кеңейтіліп, қосымша қаржы қарастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ел бойынша 1 млн. 243 мың адам осындай көмек алғанын айтты. Олар азық-түлік себеті болмаса 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы алуда. Үкіметтің жасаған тағы бір жеңілдігі – ешқандай мекемеге келіп, өтініш жазудың қажеті жоқтығы. Көмек алуы тиіс азаматтардың тізімін жергілікті атқарушы орган өзі қалыптастырып, тиісті жәрдемді тағайындады. Төтенше жағдайға байланысты азаматтардың бірқатар санатына азық-түлік тұрмыстық жинақ ақша түрінде шоттарына аударылуда. Тек, жеке шоттың нөмірі болса болды, осы шотқа ақша түсіп тұрады. Бөлінетін қаржы көлемі де аз емес. Төтенше жағдайға байланысты азаматтардың бірқатар санатына азық-түлік тұрмыстық жинақ ақша түрінде шоттарына аударылуда. Отбасының әр мүшесіне бөлінетін қаржы мөлшері – 5567 теңге. Шоттарына қаржылай әлеуметтік көмек түскен көпбалалы отбасылардың мемлекетке деген ризашылығы шексіз. Қарқаралы ауданы, Қарағайлы кентінің тұрғыны, алты бала тәрбиелеп отырған Мейрамгүл Шәкірова елімізде төтенше жағдай енгізілгелі мемлекеттің қамқорлығын ерекше сезінгенін айтады. «Үкіметтің бізді, көпбалалы отбасыларды ұмытпай, көмек жасап жатқанының арқасында мен өзге де тұрмыстық заттарға алаңдамастан, балаларымның тәрбиесімен айналыса аламын. Қазір олардың сабақтарын қадағалап, алаңсыз білім алуына, елін сүйер елжанды азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөлудемін. Әлбетте, осының барлығы мемлекетіміздің бізге, көпбалалы аналарға жасаған қамқорлығының арқасы. Отбасының ғана емес, мемлекеттің де негізгі діңгегі – ананы сыйлаған, ананы құрметтеген елдің мерейі әрқашан үстем болары анық», – дейді ол. Облысымызда наурыз айының өзінде ғана кепілдендірілген атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 6316 балаға ақшалай төлем түрінде азық-түлік-тұрмыстық жинақ төленді. Оған бөлінген қаржы көлемі – 35,1 млн. теңге. Ал, сәуірдің соңына дейін 427 млн. теңгеге 76 мыңнан астам адамды азық-түлік, тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазірдің өзінде бұл көмекті 18 мыңнан астам тұрғын алып отыр. Солардың бірі – Приозерск қаласының тұрғыны Мөлдір Құтжанова. Жолдасы екінші топтағы мүгедек болғандықтан, індет елге келгелі балалар үшін алаңдаушылық танытқанын, бірақ, мемлекет тарапынан жасалған көмек, ол күдігін сейілткенін айтады. Төтенше жағдай кезінде берілген азық-түлікті және тұрмысқа қажетті заттарды 4 қызы мен 1 ұлының қажетіне жаратқан Мөлдір ай сайынғы қолдау шаралары қиын кезеңде отбасы бірлігін одан сайын бекемдей түскенін айтады.

 

Пікірлер