"Жеңіс күні" қазаққа керек пе?

4608
Adyrna.kz Telegram

Күллі әлем covid - 19 әлегімен әбігер боп жатса, Ресей жеңістің 75 жылдығына орай парад ұйымдастырмақшы болып дайындалып жатыр мыс..
Зомбо - Мәскеу короновирусты ұрып қойыпты, тағы даңғырлатпақшы..

Жалпы қазір орыс үшін жеңіс күнін тойлау дегеніміз - мұсылмандардың құрбан айт мерекесімен теңесті.

Бірақ әділдігін айту керек, күллі әлем осы орысқа;
"ей болды ғой, қойыңдарсайшы, неғылған бітпейтін мейрам ол, сендер сол кезде жеңген немістер қазір сендерден он есе артық тұрады, жеңіс тойын сендер емес, немістің тойлайтын реті бар, тойласаңдар болып жатса бүгінгі жеткен жетістіктеріңді атап тойласаңдаршы, өткен қазалы күнді даңғырлата беру ұят емес пе"
деп қанша ақылға шақырмақ болғанымен оны түсінген орыс жоқ.
Жыл сайын далақтап шабады және қасына жаны даңғаза бізді қосақтап алады.

Шыны керек, менің осы мейрамға ішім жылымайды.

Бірде мен осындағы "жеңіс - жеңіс" деп жөңкіліп шауып жүрген тойшыл дарақы біреулерге "осы соғыста өзі бір қазақ генералы, соғыс стратегі болып па екен әлде аталарымыз қасапханаға айдалған қойдай уралап оққа жүгіре берген бе" деп сұраған ем, олар әрең дегенде қазбалап отырып бір танкист қазақ генералдың атын айтты, оның фамилиясын мен қазір ұмытып отырмын.

Егер соғыста бірде бір генералың болмаса дейм де, ол соғысты сол ұлтқа телуге бола ма екен?
Менің "мынау менің соғысым болған" деуге құқым бар ма жалпы?
Баяғыда, біздің Орда хандары үшін болған соғыстарда ханға бодан орыс, черкес, армян халықтары да түмен - түмен әскер шығарған, олар да хан үшін соғысқан, бірақ ол соғыс тарихта армянның, орыстың соғысы емес, "Батудың жорығы", " Тоқтамыстың соғысы" деген атпен қалды емес пе...Бұл жерде де солай.

Қазақ өкілінің өз Байқоңырынан ғарышқа бақандай отыз жыл ұшпағанындай, бұл соғыстың қаһармандарын анықтауда да кезінде өзге халық өкілдері ұлттық, нәсілдік кемсітушілікке, еңбегі еленбей өкімет тарапынан алалауға ұшыраған сияқты.
Ол көзге ұрып тұр.

Осы кезінде иттің итақайы генерал болып жатқанда Волоколамск қаһарманы - әйгілі Бауыржан Момышұлына ол атақтың бұйырмағандығы. Жарықтық дүркіреген атына да қарамастан генерал да атанбады, одақ батыры да бола алмады.

Рақымжан Қошқарбаевтың басын бәйгеге тігіп Рейхстагқа тұңғыш боп кірген өз даңқы өзіне бұйырмай ішқұста боп өткендігі.
Баукең де іштей осылай кетті, бірақ оның сүйегі сондай еді, ол оны қасарысып сыртқа білдірмей кетті.
Тағы бір батырымыз - Карпат таулары мен украин ормандарының басты қаһарманы Қасым Қайсеновке батыр атағы бұйырмай көлеңкеде қалғандығы.

Егер сіз Қасымның кітаптарын оқысаңыз, ол кісінің соғыс даласында қаншалықты беделді, өз ортасындағы өзге ұлттар арасында атышулы батыр, басты қаһарман болғанын аңғарар едіңіз..
Ол кісінің образы жалпы - соғыстағы қазақтың образы.
Соғыста қазақ не істейді, Қасекең соны істеді.
Бірақ ол кісі де ескерусіз қалды.
Мен бұл жерде бізге аты мәлім белгілі батырлардың сыры жайлы айтып отырмын, ал белгісіз қазақ қаһармандарының әділетсіздектен шеккен жапасы қаншама, оны кім білген.

Бұл соғыстың тағы бір жайсыз қыры - осы соғыс басталардан он жыл бұрын (1929 - 31 жылдары) бәрін соғысқа айдаушы большевиктер өкіметі қазақтың малын, астығын, үй - жайын тартып алып халқын қырып салды, одан үш - төрт жыл бұрын (1937 - 38) ұлттың мәйегін, зиялыларын атып құртты.
Одан кейін сол большевиктер неміс соғыспен келгенде, асып - сасып бәрін бір патрон білтелі шиті мылтықпен құрсанған неміске қарсы соғысқа айдады.
Бұдан соң "сол қазақ осы большевиктер өкіметі үшін 1941 жылы өзі майданға сұранып құлшына соғысқа аттанды" деген ой санама еш сияр емес.
Айта берсек бұл тарихтың жайсыз тұстары тым көп.

Баяғыда, Түркия президенті Тұрғыт Өзал, Алтекеңе "сендер орыспен қатты тамырласып астасып кеттіңдер, сендер жеке ел болып қалыптасамын десеңдер, сол тамырларыңды қанын шығарып тұрып жұлу керек" дегенде,  меніңше ол біздің орыспен осындай ортақ тамырды меңзеген болуы керек.

Мен келешекте, қазақтың жаңа буыны осы соғысқа қатысты өзгеше өз ойын сараптап, өз көзқарасын қалыптастырып, оның әділ бағасын беріп, бұл тарихта қазақтың алар орынын айшықтап береді деп үміттенемін.

Бұлар оған отар қазақтың көзімен емес, тәуелсіз елдің, азат қазақтың көзімен қарайтын болады.

Олжас Әбіл

Пікірлер