"Теңіз" тағы толқыды

3459
Adyrna.kz Telegram

"Теңізшевройл" вахта жұмысшылары "вирус жұқтырғандарды" әкелуге қарсылық білдірді.

Атырау облысының Жылыой ауданы аумағындағы "Теңізшевройл" компаниясының вахталық поселкесіндегі "Болашақ" лагерінің жұмысшылары лагерь аумағына "коронавирус жұқтырып, карантинде жатып шыққан" адамдарды әкелуге наразылық танытты. "Теңізшевройл" компаниясының баспасөз қызметі, олардың вахта ауысымы бітіп, кетіп бара жатқан қызметкерлер екенін, коронавирус жұқтырмағанын айтады.

"Теңізшевройлдың" вахталық жатақханасындағы жұмысшылар наразылығы 19 сәуірде түн ортасында Facebook әлеуметтік желісі арқылы тарады. Видео түсіріп, әрі комментарий жасап тұрған адам "Бұл - Теніздің "Болашақ" жатақханасындағы айқай-шу. Емделіп, карантинде жатып шыққан адамдар көрінеді" дейді.

Видеода наразы жұмысшылардың "Қабылдау бөлмесі" деп жазылған ғимараттың алдында наразылық білдіріп тұрғаны байқалады.

"Теңізшевройл" компаниясының баспасөз хатшысы Ерлан Ислямовтың Азаттыққа айтуынша, "Болашақ" лагерінде вахталық ауысыммен жұмыс істеп жатқан адамдар жағдайды дұрыс түсінбеген. Жұмысшылар "экспресс тестілеуден өтіп, "Болашақтағы" блок ішінде үйлеріне кететін көлік күтіп отырған әртүрлі мердігер мекемелердің қызмектерлерін "коронавирус жұқтырғандар" деп ойлаған".

- Алаңдайтын ештеңе жоқ. Олар коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болмаған адамдар және ендігі үйлеріне кетіп те қалды. Нақты санын айта алмаймын. Мән-жайды түсіндірген соң жұмысшылар тарап кетті, - деді ол.

Бұған дейін "Тенгизшевройлдың" "Ватернас" вахталық поселкесінде бір адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған еді. Бұл туралы Атырау облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бастығы Жасұлан Бисембиев өз парақшасында ТШО-ның ресми жауабын жариялады. Онда 17 сәуірде Теңізде вахталық ауысыммен жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірінің суық тигенге ұқсайтын белгілермен вахталық поселкедегі медицина бөлімшесіне шағымданғаны айтылған. 19 сәуірде алынған тест қорытындысы оның COVID-19 вирусын жұқтырғанын растаған.

"Ол жұмысшы қазір Атырау қаласындағы инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Ол жүрген ғимарат толық дезинфекцияланды. ТШО-дағы өндірістік жұмыстар істеп тұр» дейді баспасөз хабарламасында.

"Теңізшевройл" компаниясы Атырау облысындағы Қазақстанның ірі кен орындарының бірі - Теңіз кенішін 1993 жылдан бері игеріп келеді.

"Азаттық" радиосы

фото ашық интернет көзінен

Пікірлер