Талай жастың арманына айналған ұлы ойшыл әл-Фараби есімімен ардақталған Қазақ Ұлттық Университеті - еліміздегі шоқтығы биік жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде 86 жылдық сүбелі жетістіктерді бағындырып, тарих төрінен орын алған оқу ордасы саналы тәрбие беріп, сапалы маман дайындауда ерекше құрметке ие. Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев баса айтқандай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "Жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының көшбасшысы" болып табылады. Білім мен ғылымның қара шаңырағынан қазақ еліне ерен еңбегі сіңген талай алыптарды тәрбиелеп шықты.Қабырғасы өткен ғасырда қаланған білім ордасы еліміздің білімі мен ғылымының, мәдениеті мен өркениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатыр.Өйткені қара шаңырақтың қол астына жиналған білім алушылар үшін жағдайдың барлығы түгел дерлік жасалған. Ең бастысы талай түлектерді қияға самғатқан Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, тарихы тереңде жатқан мұражайы, бүгінгі заман талабына сай жабдықталған интернет орталығы, жаңа ғимараттардың қолданысқа берілуі - оның бәрі білімге құмар болашақ ұрпақ үшін.
Осыдан бес жыл бұрын Алматы дейтін алып шаһарға арман жүгін арқалай келіп, білім алу мақсатында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Аталған қыздардың қара шаңырағында бойыма нағыз қазақ қызына тән қасиеттерді сіңірдім десем артық айтқаным емес. Білім мен тәрбиені қатар қоятын білім ордасынан түлеп ұшып, бүгінгі күнде ҚазҰУ-дың магистрі атандым. Киелі шаңыраққа, оқу ордасына қадам басқаннан бастап бұл оқу орны менің ғылымға деген құштарлығымды одан әрі оятқандай болды. Өзім білім алып жатқан Филология және әлем тілдері факультеті елімізге белгілі көрнекті тұлғалар, тіл жанашырлары мен әдебиет майталмандарын дайындап шығарған.Еліміздің арқа сүйер тұлғаларын білім нәрімен сусындатқан ғалым, профессорлардан дәріс тыңдау,бізге айтар ақылы мен үшін үлкен мәртебе.Қазіргі таңда университетіміздің көрнекті ғалымдары мен ғылымды ұйымдастырушылары, жастарға жол сілтеуші педагогтары дәріс беру мен тәрбие үйрету жолында аянбай еңбек етуде. Осы орайда оқытушылардың алдында тұрған басты міндет-бәсекеге қабілетті, әлемдік талапқа жауап бере алатын маман даярлау.
Бүгінгі білім алушы жас ұрпақ - еліміздің ертеңі. Тәуелсіз Қазақстанның білімі мен ғылымының өркендеуіне үлес қосар әрбір азамат үшін ҚазҰУ әрбір талапкерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен шектеліп қана қоймай, еліміздің кез келген оқу ордасында, шет елдерде білімін жетілдіруге қайталанбас мүмкіндіктер береді. Аз ғана уақыттың ішінде киелі қара шаңырақ өміріне етене араласып, жаныма жақын жаңа достар тауып, әлемнің ең үздік университеттерінің бірінде білім алып жатқаныма шын жүректен қуанамын.
ҚазҰУ магистранты Мейіркамал Алуа Мейіркамалқызы
Ғылыми жетекші: Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Иманалиева Ғ.Қ.