Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Е.Біртанов: Барлық медициналық мекемелер жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істейді

2150
Adyrna.kz Telegram

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "31 арнаға" эксклюзив сұхбат берді. Бұл туралы  informburo.kz хабарлады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "31 арнадағы" "

" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Коронавирус: не істеу керек" бағдарламасында Қазақстанда вирустың шарықтау шегі шамамен қашан болатынын, аймақтардағы дәрігерлер үстеме ақыны қалай алатынын және ауруханалар жұмысына қатысты жаңа ережелер туралы айтып берді.

"Алматыдағы дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруы – біз алдын-ала болжаған, күткен жағдай"

– Елжан АмантайұлыCovid-19 вирусымен күрес кезінде емдеу алгоритмі қай елдің тәжірибесіне сүйене отырып жасалды?

– Біз халықаралық хаттамалар мен технологияларды қолданып отырмыз. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы, Covid-19 вирусымен нәтижелі күрескен Қытай, Оңтүстік Корея елдерінің технологиясына сүйеніп отырмыз.

– Алматылықтар алғашқыда коронавируспен жақсы күресіп келе жатқан еді. Алайда, жағдай бір күнде күрт өзгеріп кетті. Бұған не әсер етті, не нәрсе назардан тыс қалды?

– Бір-ақ күнде жағдай өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Алматы және басқа қалаларда вирустың таралу қарқыны осылай болатыны алдын-ала болжанған еді. Біз бұл вирус жұқпалы, адамнан адамға жұғады деп алғашқы күннен-ақ айтып келе жатырмыз. Сондықтан, Қазақстанда эпидемия басталған кезде вирустың күнделікті тұрмыста таралу қарқынын барынша азайтуды мақсат еттік. Карантин вирус жұқтырған адамдардың күрт көбейіп кетпеуіне жақсы ықпал етті. Осылайша, Алматыда вирустың жұғу көрсеткішін 1 пайызға дейін азайтты. Бір күнде Covid-19 жұқтырған бір ғана науқас тіркелген күндер де болды.

Бұдан кейін біз жұмысымыздың екінші кезеңін, вирус таралған қауіпті аймақтарды анықтау кезеңін бастап кеттік. Яғни, карантин кезінде де жұмыстан қол үзбеген сала мамандары, медицина, құқық қорғау органы, өндіріс орындары қызметкерлерін, сондай-ақ, Ардагерлер үйінің қарттарын тексердік. Тексеру жұмыстары Алматыда осыдан бір апта бұрын басталды.

Сондықтан, Алматыдағы көптеген дәрігерлердің вирус жұқтыруы – біз алдын-ала болжаған, күткен жағдай. Әрине, бізді медицина қызметкерлерінің вирус жұқтыруы жиілеп кеткені қынжылтады. Қанша тырысқанымызбен, мұның алдын ала алмаушы едік. Әлемнің басқа елдерінде де күн сайын қаншама вирус жұқтырған дәрігерлер тіркеліп жатқанын көріп отырмыз. Бір жағынан, бұл табиғи процесс дегенімізбен, екінші жағынан бұл төтенше жағдай дер едім. Бастысы, біз осы мәселені зерттеп, себеп-cалдарын анықтап, жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етуіміз керек.

Эпидемияның әрбір кезеңіне арналған өзіндік тактикасы бар. Мәселен, біз қаңтар айында басқаша шешімдер қабылдадық, ақпан айында мүлдем бөлек бағытта жұмыс істедік дегендей. Бұл тактика вирустың әлемде және Қазақстанда таралу қарқынына тікелей тәуелді.

Дәл қазір біз эпидемияның келесі кезеңіне көшіп жатырмыз. Атап айтқанда, Алматы мен Нұр-Cұлтанда вирус жұқтырғандармен жұмыс істеуге тек жұқпалы аурулар ауруханасын емес, басқа да ауруханаларды тартып жатырмыз. Аймақтардағы көпсалалы ауруханаларды жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істеуге лайықтап жатырмыз.

– Бүгін Алматының орталық клиникалық ауруханасында 182 медицина қызметкерінің Covid-19 жұқтырғаны белгілі болды. Олардың барлығы бір мекемеде жұмыс істейді. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова "дәрігерлер өздері қорғанбады" десе, дәрігерлер керісінше санитар дәрігерді сотқа бергісі келді. Сіздің пікіріңіз қандай? Қателік қайдан кетуі мүмкін? Тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижесі бар ма?

– Қызмет және тауарлардың қауіпсіздік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов кеше осы мәселені тексеруге кірісті. Әрине, бұл жеңіл жағдай емес, тыңғылықты тексеруді талап етеді. Қажет болса, бұл мәселені арнайы мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып зерттейміз. Ал санитарлық дәрігерлердің міндеті – осындай жағдайды зерттеп, себептерін халыққа жеткізіп, қажетті шаралар енгізу. Бұл коронавирус ауруханада таралып отырған бірінші жағдай емес. Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан, Атырау, Павлодар қалаларында медицина саласының мамандары жұмыс кезінде вирус жұқтырған-ды. Шынын айту керек, еліміздегі ауруханалар осындай жағдайға біраздан бері дайындалған болатын. Қауіпсіздік шараларын сақтау - әрбір медицина маманының жауапкершілігі. Ол үшін арнайы алгоритм бекітілген. Қазір сол алгоритм бойынша жұқпалы аурулар ауруханасының мамандарын оқытып, нұсқаулық жасап жатырмыз.

"Вирустың таралу кезеңіне Қазақстандағы қалалар мен елдімекендердің арақашықтығы да әсер етіп отыр"

– "Эпидемия шарықтау шегіне жеткен кезде вирусты жұқтырғандар саны 3500-ге дейін жетеді" деген болжам айтқан едіңіз. Осы болжам қазір өзгерді ме? Эпидемияның шарықтау шегі мен қарқыны бәсеңдейтін кезең қай уақытқа сәйкес келуі мүмкін?

– Біз "сәуірдің орта шенінде эпидемия шарықтау шегіне жетеді" деп болжаған болатынбыз. Қазір осы кезеңнен өтіп жатырмыз. Әлем елдерінің тәжірибесі бойынша, дәл осы кезеңде халықты тесттен өткізу процесі белсенді түрде жүргізіледі. Вирус таралып жатқан негізгі аймақтар белгілі болғаннан кейін оның таралу қарқыны да бәсеңдейді. Жалпы алғанда, "наурыз, сәуір, мамыр айларында вирус жұқтырғандар саны 3 000 мен 3 500 аралығында болады" деп болжаған едік. Қазір де осы болжамға сүйеніп отырмыз. Вирустың таралу кезеңіне Қазақстандағы қалалар мен елдімекендердің арақашықтығы да әсер етіп отыр. Үлкен қалаларда эпидемияның шарықтау шегі тұспа-тұс келгенімен, қалған аймақтарда вирус бірдей уақытта таралып, анықталып жатқан жоқ. Сәйкесінше, әр аймақ вирус таралуының шарықтау шегін басынан өткереді.

– Сіз айтқан болжамның үштен біріне жеткен жоқпыз. Бірақ, Алматының өзінде қазір 380 науқас тіркелсе, оның 57 пайызы  дәрігер. Осы жерде дәрігерлер үлесі неге тым көп? Себебін түсіндіре аласыз ба?

– Бұл – инфаркт, обыр емес, инфекциялық ауру. Вирус жұқтырған науқас ауруханаға келіп, дәрігерлермен, медбикелермен байланысқа түседі. Медициналық мекемеде қажетті қауіпсіздік шаралары енгізілмесе, инфекцияның медицина қызметкерлері арасында таралу ықтималдығы өте жоғары.

Вирус жұқтырғандар арасында травмотолог, гинеколог, хирургтер бар екен. Олар Covid-19 жұқтырғандарды емдеумен айналыспайды. Ендеше, олар вирусты қайдан жұқтырған?

– Көпсалалы ауруханадағы мамандар алдына келген емделушіден вирус жұқтыруы мүмкін. Ауруханаға бір ғана науқас келгеннің өзінде ол аз уақыт ішінде бірталай қызметкерге вирус жұқтырып кете алады. Covid-19 вирусының қандай жұқпалы екенін көріп отырсыздар. Бұл кез келген дәрігер емдей алатын тұмау емес.

Осы ретте медицина саласының қызметкерлерінен біз күнделікті электронды поштаға, чатқа жіберіп отыратын дайджесті оқып, қадағалап отыруын сұраймын. Мәселен, бүгін жаңа хаттама бекітілді. Ол жерде ғылыми дәлелденген технологиялар туралы айтылған. Бұл вирус бізге келмейді деп ойламаңыздар, әріптестер! Біздің әрқайсысымыз коронавирус жұқтырған науқасты емдеуге толықтай дайын болуымыз қажет. Сол себепті бүгіннен бастап Қазақстандағы барлық емханалар, ауруханалар, стационарлар жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істейді деген шешім қабылдадық.

– 12-аурухананың бүгіннен бастап экс-басшысы саналатын Алмаз Жұбашев әлеуметтік желіге жазған жазбасында "қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен пульмонологиялық және респираторлы вирустық ауруы бар науқастарды қабылдадық. Біздің бұл науқастарды қабылдамауымызға негіз бар еді. "Бұл жарылатын мина секілді" деген ескертпелерімізді ескермеді" деп жазды. 12-ауруханада істейтін дәрігерлер де осы пікірді құптайды. Мұндай провизорлық орталықты басқа жерден ашуға мүмкіндік болмады ма?

– Провизорлық стационар ашу - өте дұрыс шешім. Алайда, оған тыңғылықты дайындық керек. Эпидемия басталғанда Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына сол туралы өзіміз ұсыныс жасаған едік. Ол істі тезірек бастау керек еді, алайда, созылып кетті. Ал, 12-ауруханада болған жағдайды арнайы комиссия тексеріп, қорытындысын шығарады деп ойлаймын.

"Мен коронавируспен белсенді түрде күрессе де, үстеме ақысыз қалған әрбір медицина қызметкерінің құқығын қорғаймын"

– Бізге Қазақстанның әртүрлі аймағынан дәрігерлер хабарласып, проблемасын айтып жатыр. Мәселен, Тараз бен Нұр-сұлтан қаласындағы жедел жәрдем қызметкерлері бұрын киілген киімді қайтадан киюге мәжбүр екендерін айтады. Ал, қарағандылық дәрігерлер үстеме ақыны әлі алмағандарын айтып, мұң шақты. Осы уақытқа дейін өзіңізге де талай дәрігерлер шағымын айтты. Осы әріптестеріңізге не айтар едіңіз?

– Дәрігерлердің өтінішіне құлақ асу үшін арнайы комиссия құрдық. Менің қарамағымда 240 мың медицина қызметкері жұмыс істейді. Мен олардың еңбегін қатты қадірлеймін. Қолымда мүмкіндік болса, бәріне арнайы сыйақы тағайындар едім. Алайда, қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Наурыз айында 20 мыңдай қызметкерге үстеме ақы берілді. Сәуір айында эпидемиямен күреске көп мамандар атсалысқандықтан, үстеме ақыны алатын дәрігерлер саны да көбейеді. Олардың ішінде жедел жәрдем қызметкерлері де бар. Мен коронавируспен белсенді түрде күрессе де, үстеме ақысыз қалған әрбір медицина қызметкерінің құқығын қорғаймын.

– Дегенмен, соңғы аптада редакциямызға "бізге неге үстеме ақы төленбейді?" деп жедел жәрдем, ауруханалардан көп қызметкерлер хабарласты. Мысалы, ұлттық сараптама орталығында аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін қызметкерлер өздерін неге III топқа жатқызғанын түсінбей дал. Инфекциялық аурухана қызметкерлеріне түскен мардымсыз үстеме ақыға қатысты өзіңіз "қателік кетті, түзейміз" деп мәлімдеме жасадыңыз. Бірақ, жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне көлемі көбіне 1 теңге 64 тиын, 1 теңге 45 тиын, 113 теңге, 30 мың теңге болатын үстеме ақы түсіпті. Бұл жағдайды қалай түсіндіресіз?

– Дәрігерлер қай жерде, қанша ставкамен, қанша сағат жұмыс істеді? Осының бәрін жергілікті комиссия анықтап, қарастыруы қажет. Денсаулық сақтау министрлігі бұл комиссияның құрамына кірмейді.

– Қазақстанда дәрігерлер коронавирус жұқтырған науқасты емдеуден бас тартқан және мемлекеттен миллион теңге үстеме ақы алу үшін әдейілеп өзіне вирус жұқтырған жағдайлар кездесті ме?

– Мұндай жағдайлар бізде тіркелген жоқ. Керісінше, вирус жұқтырғандарды тегін емдеуге ерікті түрде келісіп отырған дәрігерлер көп. Сондықтан, бізде кадр тапшылығы сезіліп отырған жоқ.

– Неге медицина мекемелерінде түсірілім жасауға тыйым салынды? Бұл ақпаратты толыққанды беруге бөгет емес пе? Сондай-ақ, дәрігерлерді журналистерге сұхбат бергені үшін жазалау қаншалықты орынды? Мысалы, біздің арнаға сұхбат берген жедел жәрдем диспетчерлік бөлімінің мамандары телеарнаға шыққаны үшін басшылары 100 мың теңге айыппұл салынатынын айтты деп алаңдап отыр. Бұған не дейсіз?

– Менің ойымша, қазіргі жағдай мұндай ашықтыққа уақыт жоқ. Эпидемиялық жағдай болғандықтан, науқастардың қауіпсіздігі бірінші орында. Медицина қызметінің сапасына қатысты шағым, сұрақтар болса, әр өңірде соған жауап беретін арнайы мемлекеттік органдар бар. Ал, әлеуметтік желіге жазылған дүниелер заң бойынша қаралмайды. Оның әрқайсысын тексеруге де мүмкіндігіміз жоқ. Ал, арнайы мемлекеттік органдарда факті ретінде тіркелсе, біз оны міндетті түрде қараймыз. Бұл заңда жазылған.

informburo.kz

Пікірлер