Біздің мақсатымыз үстемеақы алу емес, науқастарды емдеу – инфекционист дәрігер

2920
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысына қарасты Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде корновирус жұқтырған 7 науқас жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Олардың сауығып аман-есен үйлеріне шығуына дәрігерлер барын салуда. Солардың бірі бөлім меңгерушісі Сәуле Барақбаева. Оның үйіне бармағанына 20 күннен асып кеткен.

Сәуле Барақбаева 30 жылдық тәжірбиесі бар инфекционист дәрігер. Оның айтуынша, әлемді әбігерге салған коронавирус дерті адамазатқа жіберілген сынақ. Бұл індетті үміт пен сенім және жауапкершіліктің арқасында жеңіп шығуға болады. «Адамзат осы уақытқа дейін қаншама пандемияны бастан өткерді. Сондықтан бұл пандемияны да жеңіп шығамыз. Оған үміт бар. Ең бастысы тұрығындар өз денсаулықтарына немқұрайлық танытпауы қажет. Барлық карантиндік режимді сақтаса, көп ұзамай бұл қиыншылықтар артта қалады»,– дейді білікті дәрігер. Оның айтуынша, бүгінгі күні жұқпалы аурулар бөлімінде коронавирус жұқтырған 7 науқас жатыр. Бәрінің жағдайы қанағатанарлық. Бұған дейін бір пациент сауығып үйіне шығарылған. «Жалпы бөлімде 9 дәрігер, 45 медбике және 40 санитарка жұмыс істейді. 30 медицина қызметкері осы індетті емдеуге жұмылдырылған. Бүгінде 19 адам карантинде, 11-і жұмыста. Мамандардың үйлеріне бармағанына бір айға жуықтады»,– дейді бөлім меңгерушісі.

Сәуле Барақбаевада отбасын қатты сағынған. Үй ішімен телефон арқылы қолы босағанда ғана сөйлеседі. «Менің үйге бармағаныма 20 күннен асып кетті. Үйде анам, жолдасым және 12 жастағы қызым бар. Бәрін қатты сағындым. Олармен қолым босағанда бейнеқоңырау шалып, сөйлесемін. Мен оларды, олар мені сағынып жүр. Бұйырса аман-есен отбасымен қауышармын. Әзірге басты мақсатым науқастарға көмектесу»,– дейді Сәуле Барақбаева. Елімізде қауіптілігі аса жоғары, жоғары және орташа деген үш дәрежеге сай үстемақы төлене бастады. Аталмыш бөлім дәрігерлері қауіптілігі жоғары санатқа жататындықтан, соған сай үстемақыларын алды. «Осы жолы жалақыға қосымша үкіметтен үстемақы төленді. Бәріміздің карточкамызға түсті. Үкіметке әріптесерімінің атынан алғысымызды айтамын. Біздің бөлімшеге коронавируспен қарым-қатынаста болған кісілерді әкеледі. Соларға біздің дәрігерлер бірінші көмек көрсетеді. Біздің мақсатымыз үстемақы алу емес науқастарды емдеп шығару»,- дейді ол. Сондай-ақ, ол адамдарды карантин режимін сақтап, үйден шықпауға шақырды.

ҚазАқпарат агенттігі

https://www.inform.kz/kz/bizdin-maksatymyz-ustemeaky-alu-emes-naukastardy-emdeu-infekcionist-dariger_a3637422

 

Пікірлер