Nur Otan комиссиясы коронавирус инфекциясын жұқтырған қызметкер Толқынай Ордабаева жұмыс істейтін Жамбыл облысындағы аудандық ауруханада заңбұзушылық барын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуден кейін келесі ақпарат анықталды. Инфекционист-дәрігер Толқынай Ордабаева жеке парақшасында Жамбыл облысы Мерке ауданындағы ауруханада басшылық тарапынан заңбұзушылық болғанын жазған.
Еске салайық, кеше Меркедегі орталық аудандық ауруханада инфекционист болып жұмыс істеп жүрген Толқынай Ордабаева ауруханадағы жағдайды Facebook желісіндегі парақшасында жазған. Ордабаеваның айтуынша, ол вирусты карантинде науқастарды емдеп жүргенде жұқтырған. Дәрігердің айтуынша, оларға маска да берілмеген. Масканы өздеріне тігуге тура келген.
"Науқастармен байланыста болғандарды 14-ші күні тексеру мүмкін болмады, себебі Жамбыл облысында оны тексеретін құрал жоқ. Сондытан оларды коронавирусқа соңғы бақылау сараптамасынан өткізе алмай, ауруханадан шығаруға тура келді", - дейді дәрігер.
Қазіргі уақытта ол вирусқа қарсы "Алувия" препаратын қабылдап жатыр екен.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің коронавирус жұқтырғанын жасырып отыр.
"Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының маскаға,вирусқа қарсы дәрі-дәрмеке, сараптамаларға бөлген ақшасы қайда? Неге коронавирусқа сараптама жасалмай жатыр? Жұмыс орнында неге эпидемиологиялық тергеу жүргізілмейді?", - дейді дәрігер.
Министр Елжан Біртанов бұл шағымға пікір білдірді. Ол Тауарлар қауіпсіздігі мен сапа бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабековаға осы мәселені шешуді тапсырды. Біртанов бұл жағдайды жеке бақылауға алғанын айтып өтті.