Әлемді әбігерге салған тоғыз індет

168

Қытайдың Ухан қаласынан басталған дерт бүкіл әлемді шарлап барады. Қытайда аталған індеттен 3000-ға жуық адам қайтыс болды. Қазір аспанасты елі «бұл індетті тоқтаттық» деп отыр. Бірақ аты жаман ауру әлемнің басқа құрлығына ауды. Бүгінде дүниежүзінің 180-ге жуық елінде індет жұқтырғандар 372 мың адамнан асты. Індеттен 101 мың адам айықты, 16,3 мың адам қайтыс болды.

  Бұл – ғасыр дерті. Қазір  төрткіл дүние шекарасын жапты, бірқатар елдер коронавирус жайлаған қалаларға кіріп-шығуға тыйым салды.  Коронавирус әлемдік экономикаға орасан зор шығын әкелді. Бұдан біз де сырт қала алмадық.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында – карантин. Кіріп-шығуға жол жоқ. Елімізде коронавирусты жұқтырғандардың саны күн санап көбеюде. Полиция мен дәрігерлер ерекше режимде қызмет етуге көшті. Төрткіл дүние қазір алаңдаулы. Бірақ бұл әлемде бірінші рет болып отырған оқиға ма?

Адам баласы тарихында неше түрлі зұлмат оқиғаларға кезікті. Сарапқа салар болсақ,  ғасыр дерті араға 5-10, кейде 50 жыл  салып қайталанып отырады екен. Мұның себебі неде? Кейбіреулер мұның сырын басқадан іздейді: «Жер шары саны күрт артып бара жатқан адамзатты болашақта асырай алмайды. Сондықтан мақсатты, бірақ жасырын жұмыс істейтін белгісіз топтар осылай әртүрлі инфекциялық ауруларды білдірмей төрткіл дүниеге таратып отырады». Бірақ бұл болжам шындыққа жақын ба? Сенімсіз. «Бұл алпауыт елдердің геосаяси ойыны» деген де ақпар бар. Алайда ақиқаты – адамзат қазір жойқын қарусыз-ақ  жазықсыз қырылып жатыр.

 Рас, алаңдайтын нәрсе бар: соңғы ғасыр өмірге озық өркениетті әкелгенімен, адам баласы жазықсыз құрбандыққа шалынды.  Ашаршылық пен Екінші дүниежүзілік екі соғысты айтпай-ақ қоялық, осындай жұқпалы індеттен әлемде миллиондаған адам қырылды. Ғасыр дерті қолдан жасалына ма, жоқ па, ол басқа  әңгіме. Бірақ адамзат осы уақытқа дейінгі даму тарихында он шақты індетті басынан өткізді.

  1. Тарихқа көз салсақ, өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында әлемді жайлаған оспа індеті 2 миллион адамның өмірін жалмады. Оспа вирусын жұқтырған ең соңғы адам 1977 жылы өлді.
  2. Ал 1918 жылы әлемді кезген испан тұмауынан 30 миллионнан астам адам құрбан болды. Бұл сырқатты Еуропадан Латын Америкасы мен АҚШ-қа барған испандық азамат таратқан. Бірнеше айдың ішінде дем жетпей, 20 миллион адам қайтыс болған. Испан тұмауы адамзат тарихындағы ең залалды жұқпалы дерт болды.
  3. 1980 жылдары СПИД инфекциялық дерті ғаламдық індетке айналды. Әлем бойынша 25 миллион адам өлді. Қазір әлемдегі 33 миллион адамда осы жұқпалы аурудың белгілері бар. Нашақорлар мен қорғалмаған жыныстық қатынас және қан тамырлары арқылы тарайтын бұл аурудың емі табылған жоқ.
  4. Еуропадан тараған холера безгегі де бүгінде  жұқпалы вирустың біріне айналды. Өндірістік қалдықтар мен судың ластануынан пайда болатын бұл инфекциядан құтылу өркениетке жетсек те,  әлі үлкен проблема.
  5. Құс тұмауы да әлемдік қауіпті дерт. Оның вирусы  XX ғасырдың басында Италияда анықталса да,  ұзақ уақыт бойы адамға қауіпсіз делініп келді. Құс тұмауы алғаш рет 1997 жылы Гонконгта тіркелді. Онда аталған вирустың Н5N1 түрімен 18 адам науқастанып, алтауы қайтыс болды. 2003 жылы Вьетнамда, Камбоджада, Қытайда, Индонезияда, Лаоста, Пәкістанда, Кореяда, Таиландта, Тайвань мен Жапонияда тарады.  2003 жылдан бері құс тұмауымен 100 адам сырқаттанып, олардың жартысынан көбі өлген. 2005 жылдың жеті айында әлемде құс тұмауына шалдыққан 67 адам тіркелді, аталған дертке негізінен 25 жасқа дейінгі жастар шалдықты.
  6. Ал эбола вирусы алғаш рет  1976 жылы Судан еліндегі Эбола өзенінің бойында пайда болды. Ол кезде 284 адам ауырып, оның 53 пайызы қайтыс болды. Вирустың екінші ошағы бірнеше айдан кейін Заир мемлекетінің Ямбуку атты елді мекенінде тарады. Ауруды жұқтырған 318 адамның 88 пайызы өмірден өтті. Ал Гвинеяда 1199 адам ауырып, 739-ы қайтыс болды. Испанияда – 1, Либерияда – 2069,  Нигерияда – 8,   Сенегалда – 1,  АҚШ-та – 1,  Сьерра-Леонеде 623 адам қайтыс болды.
  7. Зика вирусы алғаш рет 1947 жылы Уганда мемлекетінің  Зика орманындағы маса мен маймылдан адамдарға жұққан. Сөйтіп, індет

Латын Америкасына тараған. 2015 жылы зика безгегімен Бразилияда  1,5 миллион адам ауырған. Бұл кейін Еуропа құрлығына жетіп,

Португалия, Италия, Испания және Францияда да вирус табылған. Бұл жұқпалы ауру Бразилияға іссапармен барып келген адамнан жұққан.

Әлемнің 23 елінде кездескен зика вирусы әсіресе 2015 жылдары  Оңтүстік Америка аумағына көп залал келтірді.

  1. Шошқа тұмауы да соңғы бес-алты жылда адамзатты қатты алаңдатты. 2014 жылы Мексикада шошқа тұмауынан 421 адам қайтыс болып, 3,7 мың адам аталған вирусты жұқтырды. ТМД аумағында ең зардап шеккен ел Грузия болды. Мұнда вирустан 15 адам көз жұмды. Грузиямен қатар орналасқан бірқатар елдер сол кезде біраз уақытқа дейін  шекарасын жапты.

2016 жыл шошқа тұмауы елімізді де әбігерге салғаны белгілі. Бірқатар аймақтарда шошқа тұмауын жұқтырған дерек тіркелді. Бірақ дәрігерлердің қатаң  қадағалауының нәтижесінде олар жұқпалы аурудан айықты.

  1. Бұрынғыдай  болмаса да, құрт ауруы да қазір қауіпті жұқпалы дерттің біріне жатады. Бүгінде әлемде туберкулезден жылына 2 миллионнан астам адам қайтыс болады. Адам баласы бұл дерттен толық құтылмаса да,  қазір оның алдын алудың жолын іздестіруде. Құрт ауруы, негізінен, иммунитеттің нашарлауынан, дұрыс тамақтанбаудан және кедейшіліктен пайда болатыны жасырын емес. Бірақ бір ақиқаты – өркениет дамыған сайын адам баласына құпия әрі түсініксіз түрде кенеттен келетін осындай жұқпалы вирусқа кез келген мемлекет қорған бола алмай отыр.

Міне, әлемнің даму  тарихына көз салар болсақ, адамзат кенеттен келетін індетке араға жылдар салып жиі ұшырап отырады. Қалай айтқанда да, тосын зобалаң залалсыз болмайды. Қазір әлем сақтық шараларына көшті. Коронавирус көрші Қытай елінен шықса да, елімізге  Еуропа құрлығы арқылы жетті. Қазіргі басты міндет – барынша сақтық шараларын жасау. Сонда ғана біз әлемді әбігерге салған індеттен құтыла аламыз. Ең өкініштісі, адам баласы  бұрынғы залалды оқиғалардан әлі сабақ алмай келеді.

Алаңдататыны да осы.

Батыр ЖАСҰЛАН, 

"Жас Алаш" 

Пікірлер