Амангелді Кеңшілікұлы. Флобердің махаббаты

247

Құрметті достарым! Еңбек демалысымды пайдаланып, «Флобердің серті мен дерті» атты үлкен еңбегімнің екінші бөлімін тәмәмдауға таяп қалдым. Құдай қаласа, наурыз мейрамына дейін бітіретін шығармын. Бір жазғанымды жүз рет өңдеп, таңғы сағат алтыдан тұрып, түннің бір уағына дейін шығармашылықтың қызығына батып жатқан жағдайым бар.
Мына қытайдан шыққан жаман ауру елді алаңдатып жіберді ғой. Уайымдамаңыздар, бәрі жақсы болады. Жаман нәрсені ойлай бергенше, жақсы дүние оқи отырыңыздар деген ниетпен, жазып жатқан көлемді эссемнің бір кішкентай үзігін әлеуметтік желідегі достарымның назарына ұсынғанды жөн санадым.

ФЛОБЕРДІҢ МАХАББАТЫ

Флобердің өмірінде тағдыр жолықтырған арулар аз болған жоқ. Бірақ, ол бір-ақ әйелді - Элиза Шлезенжерді ғана шын көңілімен беріліп сүйіп, онымен бірге болуды көзі жұмылғанша армандады. Әдемі бикештің бейнесін ол жүрегінде мәңгі сақтап, шығармаларында суреттелген арулардың кескін-келбетіне ғашығының жаратылысына тән сұлулықтың белгілерін сыйлады. Эмма Бовари, Саламбо, Мари Арну т.с.с. кейіпкерлерінің қайталанбас образын сомдағанда үнемі сағым бұлттарының арасынан мұнарлаған сүйіктісінің сұлбасы суреткерлік қиялының бесігін тербеп, сезіміне қанат бітіріп, көз алдынан кетпей тұрып алды. Әрине, ол кейіпкерлердің бәрінен Элизаның түпбейнесін қазымырланып іздеуден аулақпыз. Әйткенмен, жүз жерден обьективті болуға тырысса да еркіне көнбей қойып, тасжүрек сұлудың тәтті лебізіне зар болған бозбаланың үмітсіз азабы, назасы мен үнсіз толғаған зары суреткер шығармаларында ізін қалдырмай тұра алған жоқ.
«Ол ерекше жаратылған сұлу әйел болды, - деп есіне алады Элизаны ұлы қаламгердің досы Максим дю Кан. – Сопақтау келген беті әдемі мүсініне жарасып, тегістеліп таралған қара шәші желбіреп, езуіне күлкі үйіріліп тұратын. Бірақ көзінде ерекше мұң бар еді. Баданадай қара көздері күлімсіреп, ақ тістері маржандай жарқырайтын. Ол үнемі Неро атты дәу төбетін ертіп жүретін».
Шын махаббат асықпай келіп, адамның ақыл-ойы мен жүрегін бірте-бірте жаулап, өзіне бағындырады. Ал, ғашықтық дерті шырпыдай тез тұтанып, пенде баласының есін алып, еркін билеп сезімін көзді ашып-жұмғанша өртке орандырады.
Флобер әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған он бес жасында Элиза Шлезенжерді кездейсоқ жолықтырып, ғашық болып қалғанда, жүзі жылы кербез келіншектің өмір бойы сүйіп өтетін бақытсыз махаббатына айналарын білген жоқ. Ұлы махаббат көрінген гүлге қона беретін көбелек емес. Бал арасы гүлдің ең әдемісіне, ең тәттісіне қонатынындай, ұлы махаббат та өз ұясын жаны сұлу, рухы биік адамдардың жүрегіне салады.
Жаздың күнгі сол бір оқиғаны ол кейін Элизаны жүрегі езіле жаздап, елжіреп сағынғанда қайта-қайта есіне алды. Бір көруді армандағанда, кешегі күннің әйнегін сүртіп, өткен уақыттың терезесінен сығалап, іштей егілді. Бәрі де, жаңа ғана аяқталған тойдағы шаттыққа толы көңіл-күйдің әсеріндей есінде сақталып қалыпты.
Жер аяғы кеңіп, Табиғат-Ана жазғы көйлегін кие салысымен Флоберлердің үй-іші жалғыз ғана қонақ үйі бар Трувиль қалашығына қонақтап келген еді. Кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма, кім білсін, олардың жанұясы сол жылы әйелімен және баласымен осы жақта демалып жатқан, музыкалық баспагер Морис Шлезенжерді жолықтырып, жазғы демалыстарын бірге өткізді. Күйеуі мен емшектегі сәбиі бар әйелге ғашық болу Гюставтың өңі түгіл, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген – ұятты іс. Бірақ ақылдың әміріне көнбей кететін сезімді ауыздықтауға кейде парасат құдіретінің де күші жетпей қалатын кездері болады екен-ау!
Түбіт мұрты енді тебіндей бастаған бозбала бір көргеннен Элизаға құлай ғашық болып қалып, ұйқысы қашып, таң атқанша кірпіктері желімденбей қойды. Қолын қанша созса да алыстағы айға жеткізе алмасын білгенімен, лапылдап жанып бара жатқан оттай сезімі басқа ештеңені ойлатпай, түнде төсекте жатып сөз құдіретінің сиқырымен сүйген жанының сүгіретін салды. «Ұзын бойлы, сымбатты, қыр мұрынды, көркіне ақылы сай – сұлу келіншек. Әдемі, сәнді таралған шәштары иығына төгіліп түсіп тұр. Қиғаш қастарының астындағы көздері жұлдыздардай жымыңдайды».
Замандастары жас кезінде Гюставтың өте көрікті, бойы ұзын, қасы көмірдей қара, әдемі жігіт болғанын айтады. Жазушының көзін көрген бикештердің бірі «Ол гректердің Құдайындай сұлу еді» деп Флобердің жігіттің сұлтаны болғанын есіне алады. Әрі дәулетті, әрі талантты, әрі көрікті азаматқа талай қыздар сыртынан ғашық та болып жатты. Алайда, кәмілетке толмаған бозбаланың жүрегіне өзінен бес жас үлкен, емшектегі баласы бар Элиза Шлезенжер біржола ұялап алды. Жатса да, тұрса да ол тек Элизаны қиялдап, аңсап, армандап, бір көруге асық болып, сүйген жүрегі тозақтың отында жанып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды.
Ғашықтық дерті рухын қаусыратып, жігерін құм қылғанымен ұялшақ, әрі кісікиік жігіттің ертең-ақ жібек матадай қолынан сусып кетуі мүмкін қымбаттысының қасына барып тілдесуге тәуекелі жетпеді. Жұлдыздары сүйіктісінің жанарындай жымыңдаған түндерде ойлап тапқан сұлу сөздерді айтуға қайта-қайта оқталып, батылы жетпей орта жолдан талай мәрте тоқтады. Амалы таусылып, Элизаға қалай жақындарын білмей жүрген күндердің бірінде ондай мүмкіндік аяқ астынан туа кетті.
Элизаның күйеуі тышқанның мұрнын қаната алмайтын адал, аузын ашса жүрегі көрінетін Гюставты жақсы көретін. Кейде екеуі кешке атпен серуендеп, көңіл көтеретін. Бір күні ол әйелімен теңізді тамашалап қайтуды ұйғарып, Гюставты да өздерімен бірге демалуға шақырды.
Жаны жай таба алмай жүрген бейбақ сол күні тұңғыш рет ғашығымен тілдесіп, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-біріне жақын отырды. Махаббаттың аласапыран дауылы ішінде аласұрып жатқан бозбаланың қолы рабайда Элизаның көйлегіне тиіп кетіп, қасіреттің тәтті сезімі жүрегінің нәзік талшықтарын толқытып жіберді. Сұлу бикештің сыңғырлаған күлкісінен ләззат алып, тал шыбықтай бұралған мінсіз мүсініне ол сол күні көзі тоймай қайта-қайта қарады. Көңілі шаттанған Элиза мақпал дауысымен оған талай сыр шерткенімен, айдай сұлу арудың айтқан сөздерінің ешқайсысы да бақыттан басы айналып, абдырап қалған Гюставтың есінде қалмапты.
Ерлі-зайыпты Шлезенжерлер жаз аяқтала салысымен Трувильден кетіп қалды, Флоберлердің отбасы да Руанға оралып, оқу жылы басталып Гюстав қайтадан мектеп партасына отырды. Сүюдің азабын ғана емес, енді міне айырылысудың күйігін де тартқан бозбала Элизаны ұмыта алмай, кеудесіне кептелген дыбыссыз өкісігін, сезім бұрқасынын кімге айтарын білмей қапаланды. Жүрегіндегі сынағын салған махаббат өрті өрши түсіп, есін жоғалтып, жынданған сезімімен арпалысты.
Екі жылдан кейін он жеті жасқа толған Гюстав сүйген жанына сөз айта алатын жасқа келгеніне көзі жетіп, өмірлік серігі болуға ұсыныс жасау үшін Элизаны іздеп Трувильге келді. Өкінішке қарай, ол қалаға құстай ұшып жеткенде Шлезенжерлердің жанұясы ол жақтан біржола кетіп қалған екен. Жанын қоярға жер таппаған Флобер дертіне дауа болатын емді енді шығармашылықтан іздеп, мұңын қаламға, жан сырын ақ параққа ақтарып ақынға айналып, кезінде бастап, кейін тастап кеткен «Есалаңның естеліктері» кітабын қайта жалғастырып, жазғы демалыста Элиза Шлезенжерді жолықтырып, оған қалай ғашық болғаны туралы повесін жазуға құлшына кірісті. Махаббат поэмасын жазып болғаннан кейін де ғашықтық дауылының бораны басылмай, қайта үдей түсіп, сезімін сүргілеп, санасын сансыратты. Неше түрлі ойлар жанын шырмауықтай шырмап алды.
О, Элиза! Элиза! Әлемнің сендей сұлулығын сүймеу мүмкін емес екен. Өзіңді өмірімнің өліарасында жолықтырғанымда Жаратушының нұрынан жаратылған періште бейнені көрген бейбақтай есеңгіреп қалдым. Сол күннен бастап шын ғашық болудың қандай азап екеніне көзім жетіп, өзіңді аңсағанда жүрегім сағыныштан талай рет өртеніп кете жаздады.
Жаным, Элиза! Сенші маған. Мен сенің махаббатыңа бөленіп, жүрегіңді жаулап алу үшін ауыр-ауыр азап шектім. Сені кездестірмегенде бұлақтың суындай тұп-тұнық кіршіксіз сезімге өмір бойы шөліркеп өтер ме едім. Кім білсін?
Махаббат – Құдай екен. Өзіңді алғаш көргенде Құдайдың құдіретін сезгендей ақыл-ойым дуаланып, есімнен тана жаздадым. Сен менің жанымнан да ардақты,өмірімнен де қымбатты асылымсың.
Өмір деймін-ау! Бірақ сен жоқ жерде өмірде қандай мағына бар, Элиза. Мына жалған дүниені Сенің сәулең ғана жарық қылып тұрған жоқ па.
О, Элиза! О, Тәңірім! О дүниеден хабар келген күні менің де Сені аңсаумен өткен жанымның мәңгілікке тыныштық табарын білемін. Мәңгілік сапарға аттанарда жанымның сені ғана көргісі келіп, аласұратынын сезеді жүрегім. Жаным аспанға ұшып бара жатқан сол бір қайғылы сәтте Сен ғана мені аяп, өксіп-өксіп жылашы, Элиза!
Жанары жәудіреген Гюстав мұңға батқан түнгі аспандағы сынған бір семсердің шетіндей болып туған айға телміре қарады. Ғашық жүректің сырын біліп қойғандай болып жымыңдаған жұлдыздар көңілдің шыңырауында тұншыққан сезімдерін түрткілей түсіп Элизаны көргісі келген қомағай құштарлығы таң атқанша басылмай қойды.

(Жалғасы бар.)

Пікірлер