Тарихы терең Алматы

2657
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Алматының мыңжылдық тарихы: археология және жазба деректері» атты Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған жиында археологтар К.Байпақов, У.Шәлекенов, М.Нүрпейісов, А.Нұржанов, шығыстанушы М.Әбусейітова, рестовратор Қ.Алтынбеков, өлкетанушы Г.Билялова, түркітанушы Н. Базылхан және т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Алматы қаласының 1000 жылдығын 2016 жылы мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Тарихшылар арасында Алматының тарихы туралы әртүрлі көзқарастар өмір сүріп келеді. Бірі қаланың жасы 1000 жыл десе, енді бірі одан да ұзаққа созылған десіп жатты. Сол себепті, конференцияға қала тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшылардың түгелге жуығы шақырылды. Шығыстанушы, тарих ғылымының докторы, профессор Меруерт Әбусейітованың айтуынша, Алматының тарихы мен мәдениеті жөніндегі көптеген мағұлматтар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Иран және т.б. елдердің ғылыми орталықтары мен қолжазбалар қоймаларында сақтаулы жатқаны белгілі. Сол жазбалар мен ескі баспа кітаптардың көшірмелерін әкелуге «Мәдени мұра» бағдарламасының септігі тиді. XII ғасырда Алматы бастапқыда қидандар, кейіннен найман мемлекетінің ірі сауда орталығы және астанасы болды. «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша Шыңғыс ханның Алматыны жаулап алуға жасаған екі әрекеті  сәтсіз болып, наймандармен он жыл бойы соғысқанда ештеңе өндіре алмаған. Үшінші әрекетінде ғана қаланы алып, Отырарға қарай осыдан кейін ғана  жылжыған. Шыңғыс ханның батысқа жорығы кезінде онымен бірге болған Елюй Чуцайдың айтуынша Алмалыққа басқа 8-9 қала бағынышты болған; сол саяхатшының айтуынша Іле жазығында «астықтың бес түрінің бәрі өсірілген». Бұл егіншілік мәдениетінің дамығандығын көрсетеді.

Т.ғ.д., профессор Уақит Шәлекеновтың «Алматының негізі антикалық заманда қаланған» тақырыбымен жасаған баяндамасынан үзінді келтірейік. Алматы қаласының жасын белгілеуде ғылыми жетістіктерге сүйенуіміз қажет. Орталық Азияда тарихи мәнге ие археологиялық, архитектуралық ескерткіштер өте көп. Олар біртіндеп ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп жатыр. Таяуда осы әлемдік ұйымның  қарарына Алматы қаласы да кірді. Енді Алматы қаласының жасын белгілеп, оны салтанатты мерекелеу үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жағдайда тарихқа үстірт қарайтын еуроцентристік көзқарастан арылмай жүрген кейбір ғалымдар 1979 жылы Алматыдағы «Погранучилищенің» орнынан табылған XIII ғасырда соғылған  екі күміс тиын (монета) негізіне сүйеніп, Алматы шаһарының жасы мың жыл деп белгіледі. Монеталардың соғылған жылы қаланың пайда болған жылы деп болжаудың өзі ақылға симайды. Оған дейін бұл қала қанша ғасыр өмір сүріп, оның өсіп, өркендеген, саяси экономикалық және мәдени орталыққа айналған, кейін өз ақшасын шығарған болуы тиіс. Алматының жасы 1000 жыл деп мерекелеудің негізі жоқ. Алматыны антика заманында негізі салынған көне қала екенін дәлелдейтін артефактілерге тоқталайық. Жер жәннәті Жетісу өңірінде орналасқан антикалық қала осы күнгі Алматыдан археологтар 24 ескерткіш ашты. Олардан 10-ға жуық тұрақты қоныстың орны, 14 шақты оба ашылды. Осы ашылған және зерттелген ескерткіштер орнынан әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрмыс-тіршілікте қолданылатын жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, б.з.б. ІІІ-ІІ мың жылдықтарына жататын тас құралдар, қола бұйымдар, қоладан жасалған шот, балта, балғалар, б.з.б. ІХ – VIII ғғ. Тереңқара, Боралдай қоныстарынан табылған жәдігерлер, IV-ІІІ ғғ. тиесілі алтын бұйымдар, қола бұйымдар және т.б. жеткілікті мөлшерде табылды. Белгілі түркітанушы, т.ғ.к. Нәпіл Базылханның «Алматы қаласы тарихы мен атауына қатысты кейбір шығыс жазба деректері» баяндамасында Алматы атауына қатысты келесі мәселелерге назар аудартады. Манжұр-цин династиясы дәуірінің көне манжұр тілді архив құжаттарында Гурван Аламату, Гуэрбан Алимату (Үш Алматы) топонимі аталады. Ойратша хатталынған Gurban Alimatu>  Гурван Алимату (Үш Алматы) мен манжұрша жазылған Гурван Аламату (Үш Алматы) бір атау, бір топоним. Бұл қазіргі Алматыны атағаны. Алайда не себептен Үш Алматы дегеніне назар аударсақ,  ол Алатаудың үш көлі (қазіргі атауы Үлкен Алматы, Есік, Көлсай) немесе Алматы аумағынан ағып өтетін үш өзенге (Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай) байланысты аталғанын аңғаруға болады. Ал, «Алматы» атауының этимологиясына келсек, ол орта ғасырлық түрік тілінің Alma+tu> «Алма» (қызыл домалақ жеміс) + тұ (жеміс+ті) деген туынды сөзден, қазіргі қазақ тілінде «Алма+лы» деген ұғым мағыналы тұлғасынан қалыптасқан. Сонымен қатар, Шағатай ұлысы дәуірінде Шығыс Түркістан аумағында Алмалық деген көне қала болған. Бұл қазіргі Алматы емес. 

Конференция барысында  Ұлттық кітапхананың директоры Ж.Т.Сейдуманов, ғалымдардан К.Байпақов және М. Әбусейітова салтанатты түрде ғылыми мақалалар жинағының тұсауын кесті. Сондай-ақ, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен Алматы қаласы туралы жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

 

 

Пікірлер