Санақ һәм сынақ: Ұлттық науқаннан не күтеміз?

2374
Adyrna.kz Telegram

Сонымен, биылғы жылы сәуір-қыркүйек айларында ұлттық халық санағы жүретіні белгілі болды. Бұл – сөзсіз, үлкен саяси науқан. Әсіресе Қазақ үшін маңызды саяси науқан болмақ. 24 қаңтар күні жарық көрген «Жас Алаш» газетіндегі саясаттанушы Айдос Сарым мырзаның «Санақ һәм сынақ: Ұлттық науқаннанне күтеміз?» атты мақаласы осы мәселеге арналыпты. Ә, дегеннен айта кетерім – бұл мақала алдағы санақтың философиялық-әдіснамалық негізі, тұғырнамалық қағидасы (концепциясы) іспетті.

Айдос мырзаның «бұл санақ жұрттың мұң-мұқтажын, қажет десеңіздер, арман-мұратын білуге мүмкіндік беретін дәуірлік зерттеу, ... санақ бланктарына енетін 40-50 сұрақтың өзін 18 миллион адамға көбейтер болсақ, талай ғалым мен зерттеушінің азығына айналатын жаңа және тың ақпараттардың көзі мен қорын жасақтайтын боламыз. Бұл ақпараттар ұлт дамуының негізгі трендтерін көруге ... сеп болары айтпаса да түсінікті», - деген ойымен келіспеуге болмас. Себебі, қазіргі уақытта Қазақстандағы Қазақ ұлты туралы «Неге олай?» деген сұрақ жеткілікті, тіпті жетіп-артылады десе де болады.

Осы елдің азаматы ретінде, ҚАЗАҚ ретінде, мені Ата-заңымыз – Конституцияның тұғырнамалық қағидаттарының (фундаментальные принципы) сақталу-сақталмауы қатты алаңдатады. Әсіресе, Конституцияның тұғырнамалық қағидаттарының бірі, әрі бірегейі – мемлекеттің тұтастығы (унитарлығы) қағидатының мүлтіксіз орындалуы қажет-ақ.

Оның ішінде, әсіресе, білім беру саласында, ғылымда, еліміздің құқықтық кеңістігінде бұл біртұтастыққа «қол сұғылып» жатқаны құпия емес, белгілі. Оның айқын мысалы ретінде қазіргі Білім және ғылыми министрлігі халыққа зорлап, таңып іске асырып жатқан «үш тұғырлы тіл» бағдарламасы, жекеменшік оқу орындарындағы қолданып жүрген Кембридж, Оксфорд оқу бағдарламалары, міндетті орта мектеп бағдарламаларына ағылшын тілін күштеп енгізу және т.б.

Біздің оқу стандарттарымыз біздің Конституцияның қағидаттарына негізделсе, Кембридж бен Оксфордтың стандарттары Британияның Конституциясы қағидаттарына негізделгені айдан анық. Ал Британияның Конституциясы бойынша мемлекеттік тіл – ағылшын тілі.

Бұл ойды ары қарай жалғастыра берудің өзі қорқынышты, әсіресе ҚАЗАҚ үшін. Сондықтан, санақ бланктеріне енетін 40-50 сұрақтың ішіне «Конституциямыздың тұғырнамалық қағидаттарына деген көзқарасыңыз қалай?» - дегендей бірқатар сұрақтар енгізу қажет деп санаймын. Ал енді ондай сұрақтарды тұжырымдауды әлеуметтанушы, саясаттанушы мамандардың еншісіне қалдырған жөн сияқты.

Айдос мырза көтеріп отырған екінші мәселемен де келіспеу мүмкін емес. Өз сөзімен айтсақ – «Қазақстан туралы «көп ұлтты мемлекет» деген дақпыртты да осы санақ жоққа шығаруы керек. Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екендігіне баршаның көзін ашуы керек. Қазақстанда бір ғана ұлт бар: ол – ҚАЗАҚ ұлты. Қалғаны осы ұлт құрамындағы этностар, болмаса ел ішіндегі диаспоралар».

Осы жайтты асықпай саралап көрейікші. Біздің мемлекеттік статистиканың мәліметі бойынша жалпы саны 18 млн-нан асатын халықтың 70%-ы қазақтар, 22%-ы орыстар, 8%-ы 128 «ұлттар мен ұлыстардың» үлесінде.

Егер қалған 8%-ды сол 128 этносқа бөлсек, орташа алғанда Қазақстандағы әр этнос 11-13 адамнан тұрады екен. Әрине, ҚАЗАҚ пен орыстан басқасын айтып отырмын. Сондықтан, қазір саяси қолданыста жүрген «ұлтаралық» немесе «этносаралық» деген терминдердің бей-берекет қолданылуы қисынға келе бермейтін сияқты.

Себебі, Конституцияда айтылғандай байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құрып отырған, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқының 70%-ын қазақтар құрайды, ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі.

Конституциямыздың 93-бабының талаптарын толық орындасақ, мемлекеттік тіл «ұлтаралық» және «этносаралық» қатынастардың негізі болар еді, ал бұл терминдердің саяси қолданыста болуы мұндай қисынсыз болып қабылданбас еді. Басқа қырынан алғанда, бұл терминдердің саяси қолданыста болуының өзі Конституциядағы унитарлылық – біртұтастық қағидатына сай келе бермейтін де сияқты.

«Өткізілетін санақ тілдік мәселені түбегейлі түрде бір жағына шығаруы тиіс» - дейді Айдос мырза. «...ел болашағы мен болмысын айқындайтын стратегиялық топтың, яғни жастардың басым көпшілігінің ҚАЗАҚ екенін, олардың негізгі тілінің ҚАЗАҚ екендігін анық айтуы тиіс. Демек, алдағы жылдар ҚАЗАҚ ТІЛІ шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналуы керек, оның қолданылу аясы жыл сайын арта беруі керек деген сөз. Санақ нәтижелері келесі жылдың басында «Мемлекеттік тіл туралы» заңның қабылдануына негіз болғаны жөн», - деп ары қарай ой сабақтайды Айдос мырза.

Шынында да, «Мемлекеттік тіл туралы» заң болмаса, Конституцияның 93 бабы талаптарының ескерусіз қалғаны қалған, қазіргідей. Осыдан 15 жылдай бұрын «Жас Алаш» газетіне сұхбат бердім. Журналист сонда: «Қазақ тілін дамытудың негізгі тетігін көріп тұрсыз ба?» - деген сұрақ қойды.

Ең бастапқы тетігі – ЖОО Ректорлары ғылыми институттарға, жеке ғалымдарға өз салалары бойынша Қазақ тілінде монографиялар, анықтамалықтар, энциклопедиялар, оқулық құралдар жазуға тапсырыс берсе болғаны-ғой деген ой айттым.

Біздің барлық оқу орындарымыздағы контингенттің 90%-ы ҚАЗАҚТАР. Осы ҚАЗАҚТАРДЫ тиісті деңгейде оқу құралдарымен қамтамасыз ету Ректорлардың, Директорлардың міндеті ғана емес, Конституциялық Парызы.

Өкінішке орай, содан бері бір ректордың немесе директордың жеке ғалымға немесе институтқа осындай тапсырма беріпті дегенді естімеппін. Оған қазақ тіліндегі кітаптардың тиражының мардымсыздығын, қазақ тіліндегі салалық энциклопедиялардың тіпті жоқтығын, оқулықтардың жыл сайын сынға ұшырайтынын қосыңыз. Арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заңның ҚАЗАҚ үшін ауадай қажеттігі көзге ұрынып-ақ тұр.

«Алдағы санақ ұлттық сананы негіздеуге, ұлттық саясатты қарқынды өткізуге жұмыс жасап, қызмет етуі тиіс. Елдегі жақсылыққа да, жамандыққа да жауап беретін бір ғана күш болады. Ол күштің аты – ҚАЗАҚ. Осы жауапкершілікті түсінер, ұғынар парасат пен сана, осыны өзгеге жеткізіп, ұғындырар білім мен жігер керек ҚАЗАҚҚА» - дейді Айдос мырза.

Рас сөз! Ақиқаты осы! Жарайсыз, Айдос мырза!

 Matritca.kz сайтының тілшісі  Нұғман Аралбай

Пікірлер