Қасіретті көтерілістің ақиқаты

2863
Adyrna.kz Telegram

 

Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай!» романы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр.

Осыған байланысты Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Жазушылар кітапханасында жазушымен кездесу ұйымдастырды. Басқосуда 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің нәубеті баяндалатын «Әй, дүние-ай!» романы талқыланды. Бұл көтерілістен не ұттық? Қазақ қалай қорланды? Албан көтерілісінің ақиқаты қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Бексұлтан Нұржекеұлы әңгіме өрбіткен болатын.

КӨТЕРІЛІСТІ КІМДЕР БАСТАДЫ?

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс де­генде біз көбіне Амангелдіні айтамыз. Амангелді, Әбдіғаппарлар ұйымдасты. Көтерілістің басшысы болды, халық соңына ерді. Әскер, қару-жарақпен қамтылды. Ал Албан көтерілісінде мұның бірі де болған жоқ. Мұнда момын қазақ қана болды. Бұл көтерілісті жай адамдар емес, бұрын болыс болғандар бастады. Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкір бәрі де бұрынғы болыс-билер болатын. 9 тамыз күні халық Айттөбеге жиналып, Ұзақ сөз сөйлейді. «Ақ патша қазақтан әскерге адам алмаймыз деп еді. Сол уәдесін бұзды. Ақ патшаның бізден онсыз да алмағаны жоқ. Енді уәдесінен тайғаннан кейін біз де сертімізде тұрмаймыз. Бала берсек, бала өледі. Бала өлгенше, шал өлсін» дейді Ұзақ. Жәмеңке мен Әубәкір  Ұзақты қолдайды. Сонда Сімтік тұрып: «Сен де ерлікті жасамайтын кезде жасайды екенсің. Біз бірдеңе қылармыз-ау, қатын-бала қырылады ғой» дейді. Сол Сімтіктің айтқаны келді. Албан көтерілісінде елдік бар да, саясат болмады. Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкір, Серікбайлар көтерілісті басқару керек еді. Бірақ бәрін түрмеге тықты, елдің сөзін сөйлейтін адам қалмады. Іргебай Дәлденбаев: «12 тамыз күні бізді Әубәкірдің бауыры Жақыпберді бастады» дейді. Жақыпберді қолмерген болған. Оның үстіне, атақты Тазабек батырдың ұрпағы болғандықтан, ақсақалдар басшылықты осы Жақыпбердіге тапсырды. 1846 жылы Қапалда қазақтың Патша құзырына енуі туралы құжат қабылданған. Сол құжатқа Тазабек Пұсырманұлының мөрі басылған. Кейін сол Тазабек Патша үкіметінің зымияндығын біліп, қарсы тұрды. Соңында Колпаковскиймен қарсыласып, 1871 жылы мың албанды Құлжаға көшіріп әкеткен. Шоқан Уәлиханов Қашқарға барарда осы Тазабектің үйінде қонған. Албан көтерілісін басқарған Әубәкір мен Жақыпберген осы Тазабек батырдың ұрпақтары болатын.

«ҚЫЗЫЛБӨРІК ІСІ»

Серікбай Қараев басқарған Қызылбөрік болысы Верный үйезіне қараған. Ал қалған аймақтардың бәрі Жаркент үйезіне бағынды. 1916 жылдың 3 тамызында Асы жайлауындағы Қызылбөрік болысында атыс болды. Бұл кезде Серікбай Қарқараға кеткен болатын. Аталған оқиға жайлы архивте «Қызылбөрік ісі» деген құжат бар. Мұхаметжан Тынышбаев оны былайша түсіндірген. Бір орыс әйеліне қырындаған орыс офицер оған өзінің «мықтылығын» көрсетпек болып, Серікбай болыстың орыс хатшысынан қара жұмысқа алынатындардың тізімін сұрайды. Хатшысы тізімнің әлі жасалынбағанын, оны болыстың өзі дайындайтынын айтады. Алайда әлгі офицер ашуланып, айқай шығарады. Дауды басуға келген бес-алты ақсақалды қамауға алады. Ақсақалдарға арашашы болып, қазақтар да жиналады. Қаумалаған қазақтан қорыққан офицер тапаншасымен аспанға оқ атады. Мұны түсінбеген нөкерлері сол арада үш қазақты жайратып салады. Топ ішіндегі аңшы қазақ бір әскерді атады. Адам намысқа берілгенде, ештеңені ойламайды ғой. Соңында әлгі офицер ауылдан қашып шығады. Түрген арқылы Алматыға барып, жазалау отрядын алып келеді. 

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ ҚЫРЫЛДЫ?

Әскер келді дегенді естігенде үрейленген қазақтар ағып жатқан өзенге секіріп, біразы судан шықпай қалған. Жазалаушы әскерден қашқан 5 мың қазақ тауға қарай безген. Солардың 1500 үйін орыстар түгелдей өртеген. Бір үйде нәрестесін босана алмай жатқан әйел мен енесі ғана қалған. Оларды да тірідей өртеп жіберген. Железнеков деген ротмистрдің жазбасы бар. «Қарақолдан келе жатқанымда жолдың жиегінде жатқан бір әйелді көрдім. Жалаңбұт, зорланған, өлген. Оның қыр жағында бір ересек бала жатыр. Көтенін ойып алған, өзін тоң­қайтып тастап кеткен. Жақын жерде тағы бір жас бала жатыр. Ол да өлген. Екі еркек бала да зорланған» деп жазады. Не үшін бұлай істеді? Қазақты неге бұлай қорлады?  Қарқараға Подборковтың орнына ротмистр Кравченко келеді. Оның Фон Берг деген хорунжиі болды. Кравченко Фон Бергке бұйрық беріп: «Зуев деген омарташыны қазақтар шауыпты. Өзін сабап, малын айдап әкетіпті. Барып көмектесіңдер» дейді. Патша өкіметі кейін осы оқиғаға қатысты сот жүргізген. Сотта көтеріліске кімдердің қатысы бары тексерілген. Фон Берг сотқа берген мәлімдемесінде: «Біз межелі жерге түнгі 12-ден асқанда жеттік. Зуевке барсақ, үйінің талқанын шығарған екен. Бірақ  адамдардың бәрі аман. Башаринге де бардық, Зуев екеуінің басын қосып тыныштандырдық та, қайтып кеттік. Содан таңғы 5-те көтерілісші қазақтардың ауылына келдік. Олар бізбен қарсыласпақ болды, бірақ біз 7 қазақты жусатып тастадық. Қалғандары бала-шағасымен тауға қарай қашты. Одан кейін таңғы 8-де көрші ауылға барып, ол жерде 80 қазақты санап тұрып өлтірдік. Бізден бірде-бір шығын болған жоқ» деп жазған. Қорланған қазақтардың переселендерге тиіскені рас, бірақ ешқайсысын шығын қылмаған. Ал Фон Берг болса шырт ұйқыда жатқан қазақтың ауылын шапқан. Келімсектерде қайдан шығын болсын? Ұйықтап жатқан қазақ қорғанып үлгеруші ме еді? Адам ауылда көтеріліс жасай ма? Қазақтар Зуев пен Башаринді өлтіріп кетсе, кек алу үшін қырды деп түсінуге болатын шығар. Бірақ ешкімді өлтірмеген қазақты қалай қыруға болады? Бұл қыруда қандай қисын бар? Фон Берг мәлімдемесінде, «Қашқан адамдардың үйін тексергенде бірнеше мылтық, орыс әйелдерінің заттары мен иконалар шықты» деп жазған. Шылғи өтірік. Қазақ мылтықты үйіне жасырып қайтеді? Омарташының иконасын не істемек? Икона деген шіркеуде тұратын зат емес пе? Міне, «осы үшін қырдық» деу үшін Фон Берг өтіріктерін әдейі қосқан. Және бұл қылығын мақтанышпен жазған! Мәлімдемесінің тағы бір жерінде «қайтып келе жатқан да тағы 4 қазақты жеке өзім жер жастандырдым» деп мақтанған. Бұлар жолда келе жатқан қазақтың бәрін ата берген ғой. Бұл не деген сұмдық! 

ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЖАЗБАЛАРЫ

Албан көтерілісін бұрынғы тарихшылар Қарқара көтерілісі деп келді. Бұл дұрыс емес. Қарқара деген жердің аты ғана. Қарқара орталық мекен болған жер. Кравченко, Моргунов, Фон Берг бәрі осы жерде болған. Ал көтеріліс Нарынқол, Қырғызсай, Кетпен, Көмірші, Талдыбұлақ, Екіашар, Жалаңаш, Саты, Асы жайлауында болды. Сонда мұны қалай бір Қарқараға таңып қоюға болады? Бұл – тарихшылардың қателігі. Мұхтар Әуезов «Қилы заманда» Албан көтерілісі деп жазған. Халықтың қойған аты осындай.  Албан көтерілісі туралы Ілияс Жансүгіров көп жазған. Әбубәкір Солтанбекұлы, Іргебай Дәлденбаевтың естеліктері осы Ілиястың жазбаларынан табылды. Кезінде Ілиясты тергеген бір жас еврей «Ілиястың бүкіл жазбалары тәркіленіп, өртелді» деп акт жасаған. Алайда өртелмеген болып шықты. Алматыда тұратын жалғызбасты бір кісі дүниеден өткен. Көршілері әлгі кісіні жерлеп келіп, үйін тексерсе, шабаданынан арабша жазылған қағаздар шыққан. Мұны өздері оқи алмағасын, мемлекеттік архивке өткізген. Сөйтсе, бұл Ілиястың өртелді деген жазбалары болып шыққан. Алматы облыстық архивінде Сәуле Боранбаева деген қарындасым жұмыс істеді. Сәуле сол жазбаларды кітап қылып шығарды. Ол кітапқа мен алғысөз жаздым.

ФОН БЕРГТІҢ ӨТІРІГІ

Самсалы Қожабеков деген ағамыз болды. Қырқыншы жылдары Жаркенттің Партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сол кісі өз өмірімнен естелік жазып, маған беріп еді. Естелігінде осы Албан көтерілісі ақиқаттары айтылады. Кейін арғы беттен келген тағы бір кісінің жазбасынан «Менің әкемді 1916 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін итжеккенге айдады» деген жолды оқып қалдым. Бұл мәлімет Самсалы ағаның естелігінде де бар болатын. Осыдан бастап мұны әрі қарай зерттеу үшін, архивке бардым. Сөйтсек, біздің айтып жүргеніміздің бәрі өтірік екен.  Фон Бергтің «қазақтар мен патша әскері бетпе-бет келді» деген күні – 1916 жылдың 12 тамызы. Фон Берг жазбасында «Мен және Моргуновтың әскері қазақтарды екі жақтан қоршадық. Қарқараға 5 мыңдай қазақ келді. Біз оларды қоршауға алып, қырмақшы болдық. Алайда олар бұрылып қашты, біз бес-алтауын атып түсірдік» деп жазады. Ал Іргебай Дәлденбаевтың естелігінде бұл басқаша айтылған. Албанның ішінде жәнібек деген ру бар. Осы жәнібектер жиналып Жалаңашты шапқан. Бірақ бірде-бір орысты өлтірмеген, бар болғаны үйлеріне қуып тыққан. Келесі күні бұлар Қарқараға қарай жиналған. Іргебай ақсақал осы көтеріліске қатысқан.  Ақсақал жазбасында: «12 тамыз күні біз 800 адам едік. Кейін бізге 200 адам қосылды. Қарқараның ақ үйіне қарай жүргенде, патша әскері бізді қоршауға алғалы жатқанын байқадық. Соны білдік те бұрылып қаштық, бірнешеуіміз оққа ұштық» деп жазған. Көрдіңіздер ме, екі адам екі түрлі мәлімет берген. Фон Берг 5 мың адам деп келтіреді. Ол мақтанып, көбейтіп отыр. Фон Берг одан әрі: «Кравченкодан маған «Көтеріліскен қатысқан қазақтарды қудалаңдар» деген бұйрық келді. Алдымыздан көш кездесті. Сол кезде өз бетіммен әрекетке көштім. Көштің алдында ақбозат мінген, кеудесіне сөлкебай таққан, ақ ту көтерген кісі келе жатты. Ол адамды атып салдым. Екі қолы ербең етіп құлады, сайдан төмен қарай домалады. Барып қарасақ, сөлкебайында ІІІ Александрдың берген медалі бар екен. Қалғандарын түгелдей қырдық. Жарты миллион малын Кравченкоға қайтардым» дейді. Бірақ қанша адамды өлтіргенін айтпаған. Демек, бәрін қырған ғой. 12 тамыз күнгі оқиға туралы Әубәкір, Іргебай, Алдабергеннің естелігі бар. Ал мына қырғын туралы ешкім бір дерек келтірмеген. Демек, бір адам да тірі қалмаған ғой. Міне, Албан көтерілісінің сиқы осы! «Көтеріліске шықтыңдар, Патша үкіметіне қарсы болдыңдар» деген сылтаумен қазақты қыра берген. 

АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ АЙТҚАНЫ КЕЛДІ

Сімтіктің «қатын-бала қырылады ғой» деп Ұзаққа қарсы болғанын айттық. Алаш партиясын құрған қазақ зиялылары да: «Біз балаларымызды әскерге берейік. Патша үкіметіне қарсы шықпайық. Өйткені оларда қару бар. Халықты бекер қырады» деген. Біздің тарихшылар осыны Алашорданың сатқындығы деп бағалап келді. Ал шын мәнінде, сол алашордашылардың айтқаны келді. Халық тоз-тоз болды, қырғынға ұшырады. Ұлт-азаттық көтерілісте бар­лығы қанша қазақ қырылды, оны ешкім есеп­теген жоқ. 1916 жылдан 1986 жылға дейін талай қазақтың қаны төгілді. Мұның бәрі де біздің есею дәуірлеріміз болды. Өсу, білім алу дәуіріміз болды. Тәуелсіздік алмасақ, мемлекетіміз болмаса, сол сорлаған күндерімізден әлі де арыла алмаған болар едік. Демек, Тәуелсіздіктің бағасын білуіміз керек. «Әй, дүние-ай!» романын жазудағы мақсатым да осы.


Жазып алған Серікбол ХАСАН, "Айқын".

 

Пікірлер