Қолдаушы елі болмаса мемлекет те жоқ. Халықтың көңілінен шықпаған реформаның да нәтижесі оң болмайды. Адамзат тарихындағы алып империя Кеңес одағының құлауы бұған нақты дәлел. Компартияның 70 жылдық идеологиясына қарамай мемлекет айналасы 1-2 жылда жоқ болды. Сондықтан халықтың сенімі кез келген саясаткер үшін, билік пен мемлекет үшін өте маңызды.
Қазір біздің қоғамға жас тұлғалар, жастардың жаңа саяси толқыны керек. Халық тарапынан бұған сұраныс өте жоғары. Ел өзгерісті қалайды. Саяси аренада қазақтың жас тарландарын көргісі келеді. Бұл заңдылық. Елдің дамуына өзіндік үлес қоса алар жастарға халқымыз ешқашан кенде болмаған.
Менің ойымша саяси реформаларды жүргізу жастардың жаңа буынының биліктің үш тармағына келуімен қатар жүруі тиіс. Ескі саясаткерлер мен жаттанды сөздерді қайталай беретін көне сөздермен елді жаңғырта алмаймыз. Қайнап жатқан қазанның қақпағын төбесінен басып та ұзақ ұстап тұра алмайсың.
Саяси процестерге жастарды, жаңа тұлғаларды тартып, креативті ойларымен елге қызмет етуге мүмкіндіктерін ашу керек. Бұл саяси реформа, плюрализм мен жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың ажырамас бір бөлігі болуы тиіс.