Ақындар Дулат Ағәділге жоқтау жырын жазды

10341
Adyrna.kz Telegram

Дулат Ағаділдей арысты ақындар жоқтап, жырға қосты. Бір жұқа кітапқа сиятын қазанаманы ақын Дәурен Берікқажыұлы бастады, іле-шала Есей Жеңісұлы мен Әлібек Шегебайдың жүрек толқытар жырлары шықты. Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың өлеңі WhatsAPP-ты шарлап кетті. Сопы Сматаев атамыз, Темірғали Көпбай, Алмас жырау Алматов өздерінің азаматтық принципін қара өлеңмен өрген екен. Фатима Жүнісова секілді ел ішінен талай таланттар жыр жазыпты. Ерғали Бақаш бауырымыз, қызылордалық ақын Серік Ыдырысов та үн қосты. Айгүл Жұмаділ, Алмас Ахметбекұлы, Қуаныш Мұқтай, Анар Төлеухан секілді ақындар қазақ халқына көңіл айтты. Көзіміз шалмай, байқамай қалған авторлар болса комментке ескертіп жаза салыңыздар. Батырға жасалған ескерткіш осындай болса керек!

Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ

Сен өлесің ел үшін болып құрбан,
Селт етпейді бірі де көріп тұрған.
Күні бойы мемлекет өсек соқты
Тірі адамын отыз жыл өлік қылған!

Сен өлесің...өлмейді өтірік тек!
Кекіріп боп сөйлейді кекілік көп.
Жырқ-жырқ етіп желіде жұртым отыр
Осындайда жылайтын өкіріп кеп.

Сен өлесің қор болып қорқауларға,
Көр қазады арланға көрғау қарға!
Қаннен ғана қаперсіз қазақ осы -
Жан салмайтын алдына сор таңдауда.

Алмас АЛМАТ

Атаңа нәлет, сатқындық!
Айналып сені өте алмай,
Ер бойынан - ар өлді.

Халықтың жүгін көтерген,
Омыртқада жігі жоқ,
Намыс деген - нар өлді!

 

Сопы СМАТАЕВ

Өлді Азамат!
Өлді қазақ!
Өлді арыс!
Өр намыспен алмастырды шерді арыс.
Мәнгүрттікті ажалымен көмді арыс,
Жендеттерді өлімімен жеңді арыс.

Тамды Алаштың жанарынан қанды жас,
Кек боп, өрт боп ұлт жанынан тамды жас.
Тұра алмайды енді билік басында
Өзге ұлттан кірген өңкей қаңғыбас.

Арыс өлді ар, намысты оятып,
Кек, қайратты қанымен боятып.
Анау төрдің төбесінен түйрейді
Әр қазақтың кеудесінен жай атып.

Ер қазасы − жаңа өмірдің ақ таңы,
Еркін елдің басқа “нұрды” жаққаны.
Ел құлпырар езгісінен құтылып,
Құлдырайды құрдымынан тақтағы.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Дулат Ағаділ өліміне

Бәріңнің де шенділерге өкпең көп,
Даурықпаңдар!
Оны ешкім тепкен жоқ,
Топқа салып, тарпымады көп жендет.
Ғазірейіл төнген кезде көктен кеп...
...Ол өзінің ажалымен кеткен жоқ...

Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті... айтпай сөзің анығын,
Түспеді еңсе, қушимады жауырын.

"Белсендім-ай, шылбырыңды босқа үздің,
Жоғын жоқтап неғыласың бес қыздың?
Жүретіндей құрық көрмей, бос тізгін,
Тұсауыңды кімге сонша кескіздің?" -
деді ме, әлде демеді ме үш құзғын?..

Көрінбесін соққы берген "сый" беттен,
Жендеттерді басқа әдіске үйреткен:
Сорлы болсын құр сүлдерін сүйреткен,
Іштен ұрып, тебу керек бүйректен...
Осы тәсіл талай ерді "билеткен".

Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді...
Абақтыға барғаны сол күн еді...
Аяқ асты "ұстап қалды" жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі...

Бұл пенденің тіршілікте ісі көп,
Диірменді айналдырар күші көп.
Таңданбайық, оқиға ғой "кішірек":
Біздің елдің батырлары - "кісінеп",
Өзін-өзі атады ғой үш рет.

Талай ерді тізерлеткен дала бұл,
Талай езді қоқырайтқан қала бұл.
Аңыраған алты бала, ана бұл...
Арғы жақта соған қорған бола жүр -
Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ...
Бақұл болғын, Дулат бауыр Ағаділ...

Еркебұлан ҚАЙНАЗАР

Ақырзаман таяғанда....
Қазақтың жауы қазақ болады,
Азаттығың азап болады.
Дауасыз дертің болады,
Формасыз ментің болады,
Ауладан аулағаны -
Шал менен кемпір болады.
Көлің құрғақ болады,
Өнім - қымбат,
Өлім - жұмбақ болады.
Көктегі "жұлдыздар" жерге түсіп,
Халыққа ойын ойнатады,
Жердегі үй аспанға ұшып,
Ұшақтың сорын қайнатады.
Сиырға жетпейтін пұлың болады,
Үшке бөлінген тілің,
Жетпіс үшке бөлінген дінің болады.
Қалалар "адам" болады,
"Даналар" надан болады.
Атқамінерлер Алладан қорықпаса,
Ақыры жаман болады!

Әлібек ШЕГЕБАЙ

Құрбандық

(Дулат Ағаділ бауырыма)

Батыр өлді,
Анығында өлтірді..,
Жұрттың жанын ыза, кекке толтырды.
Шарасыздан жұдырық боп түйіліп,
Жең ішінде жасырулы қол тұрды.

Жігіт өлді,
Намысында елдіктің,
Туын байлап тұғырына ерліктің.
Еркектерше дәлелдеді деңгейін
Бұтындағы шалбар менен белдіктің.

Шындық өлді,
Шаранадай шыңғырып,
Қалың елді мазалауда мың күдік.
Шығып кетті жалғандыққа шыдамай,
Сатқындықтың терезесін сындырып.

Намыс өлді,
Ұлттың ұлы жолында,
Өзегі тар өз заңының қолында.
Сен еркінсің,
Есесіне, бейшара –
"Тоты құстар" таранады торында.

Мүмкін емес тұтанған от жанбауы,
Мүмкін емес ұйқының да қанбауы.
Қазақ үшін құрбандық қып шалуға
Бұл ғасырдың саған түсті таңдауы.

Ақиқатын айтар болсам шамалап,
Бәріне де уақыт қалды шамалы-ақ.
Аңыраған артыңдағы асықтай
Алты балаң Алты Алашқа аманат!

Темірғали КӨПБАЙ

ҚОРҚАУ МЕН БУЙВОЛ
(қайта жазылған мысал)

Дулат Ағаділдің өліміне

Сарша тамыз. Сағым билеп Саваннаның төрінде,
Сүмбіледе су тамбайды субэкватор енінде.
Субтропик.
Бірер шумақ жазғым келді менің де,
Қорқау қасқыр гиена мен қара буйвол жөнінде.
Саваннада сансыз буйвол самарқаулау жайылған,
Алдаспандай ай мүйізін қылыш дерсің қайырған.
Қорқау иттер қатар өрді азуларын ақситып,
Тап-тап беріп, табындарды тыныштықтан айырған.
Қорқауларға азық керек ашқұрсақ боп жүрмеске,
Қанды ауыздың қылғытарын қара өгіздер білмес пе?
Буйвол біткен жыртқыш итке үрейлене қарайды,
Боздағымнан айырар деп бейқам жатқан бір кеште.
Қорқау иттер жемтігіне жетпей сірә оңар ма,
Көз жасына қарамайды, олжа керек оларға.
Сұм ажалдың аранына кетіп жатқан біртіндеп,
Бірлігі жоқ мүйізділер мұндай сорлы болар ма?..
Табиғаттың заңы шығар жыртқыш иттер ет жесе,
Өлетіндей өгіз еті өңешінен өтпесе.
Ең қиыны – буйвол біткен үрке қарап тұрады,
Ошарыла «тамашалап», қорқау ойын ептесе.
Қорқау қанға құнығады ұмытқандай құдайын,
Буйволдардан зәре кетер: «Қой, шеткері тұрайын...»
Өз туысын бір ажалдан арашалай алмаған,
Алдаспандай ай мүйіздің қасиетін ұрайын.
............................................................................
Жүрегімді мұң езеді, бастан қайғы өткендей,
Қорқау билік әдетінше ақырады өктемдей.
Жыртқыш жүйе жақсыларды жұтып жатыр біртіндеп,
Халық үнсіз... Бәрі бірдей буйвол болып кеткендей...

Қуаныш МҰҚТАЙ

ҚАС БАТЫР – ДУЛАТ АҚӘДІЛ

Жылан боп атылғанда,
Ширатылған,
Ажалдан құтыла алмай –
Сұрапылдан,
Қазақтың қас батыры кете барды,
«Жүйені жеңемін – деп, қиратылған»
Биліктен көрсе-дағы көрмегенін,
Қоймады қыран болып өрлегенін.
Құрбаны зұлымдықтың Ақәділдің,
Өлсе де,
Көріп тұрмын –
Өлмегенін!
Қаймықпай абжыланнан ысылдаған,
Шындықты айтарында қысылмаған,
Дулаттай кім айқасар Нұрсұлтанмен,
Томпиып сұңқар – төсі қылшылдаған!
Беттерін көлегейлеп көкдерттері,
Биліктің келген еді жендеттері.
Түн қатып,
Жем іздеген қорқауларша,
Дулатты өлтіру боп,
Ес-дерттері...
Өшпейтін кегі кетіп жауызында,
Тағдыры бір тарының қауызында,
Жендеттің кете барды жетегінде,
Шырылдап,
Сұм ажалдың ауызында.
Күн батса,
Ертеңіне таң атады,
Алауы дүниені жаңартады.
Қош бол,
Қош!
Қазағының арыстаны,
Ерлігің ерліктерге апартады.
Күн туып,
Шашыратып шапағатын,
Әділет паш етеді салтанатын!
Жақындап келе жатыр жеңіс күні,
Қалалар есіміңмен аталатын!

Айгүл ЖҰМАДІЛ

Заманды қайтем, адамды қайтем біртүрлі,
Жұлмалап жүрген жерімді, тілім, ғұрпымды?!
Тәуекел етіп түйілген жұдырығыңдай
Жұмылдыра алмай кеттің-ау, Дулат, жұртыңды...

Отыны күл боп, Отаны жатса зар жылап,
Біреулер үшін билігі - бақыт, қаржы - бақ.
Қаһарым қайда, қанымыз қатып қалған ба?
Батырлық қайда, қалған ба ол да қалжырап?

Рухы жасып, сағы да сынып, сыр қаңғып,
Отыз жетінің елесі елді жүр ме аңдып?
Омалып бір күн қалар ма екенбіз, ойпыр-ай,
Отыра берсек оғыз ұлдарды құрбан қып...

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ

АҚ-ӘДІЛ

НҰР-СҰЛТАНДА
Бүгін болған бір өлім.
Шайлықтырды ОТАНЫМНЫҢ ЖҮРЕГІН.
Сен қаласаң иығымда, міне бас!
Мұңлық ОТАН,
Саған ғана құл едім.
Ол-Ақәділ.
Айтқаны да ақ, әділ.
Арпалыстың атауы ма жаңа бұл?!
Елемедік жан айғайды кеше біз.
Сені кеше танымадық "Жаман ұл"!
Сен-ақ айттың сол шындықты жай ғана.
Бәрі куә - көрші-көлем, айнала.
Сол үшін-ақ бас жарылып, қол сынып,
Сол үшін-ақ кісі өле ме қаймана?!
Шымбайына батқан сәтте шыншыл сын,
Шыңды балта қиып түскен қыршынсың.
Тоңы қалың топырағы Арқаның.
Топырағынан мен де салдым бір шымшым.
Ерлік, рух, бәрі бүгін өзіңсің!
Шыдай-шыдай шырт үзілген төзімсің.
Ақ тәніңе ауыр топырақ бастырдық,
Сен тыныштал!
Халқың тағы көз ілсін!
НҰР-СҰЛТАНДА.
Бүгін болған бір өлім
Шайлықтырды Отанымның жүрегін!

Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ

ДУЛАТ АҒАДІЛ бауырымның рухына!

Намысты туған нар ұлдың,
Арманы қалды,өзі жоқ.
Жалтақтап жүрген көбінің
Санасы соқыр, көзі жоқ...
Еркіндіктің қақпасын,
Еркін ашқан батырым.
Рухын елдің оятып,
Арыстан болып атылдың.
Көк туыма оранған,
Қайран ері қазақтың,
Өтеуін кімнен сұраймыз,
Шындық үшін шырылдап,
Қыршын кеткен жаныңның,
Жазықсыз төгілген қаныңның..?
Рухы биік ер едің,
Жетекке сен жүрмедің.
Елді ойладың еңселі,
Арзан ойнап,күлмедің.
Көкбөрі болып ұлыдың,
Іздедің судың тұнығын.
Тартпадың өткір тіліңді,
Салғанда өлім құрығын.
Әділдік іздеп далаңнан,
Әділдік іздеп қалаңнан,
Ақиқат бір күн табам деп,
Жалғадың ақ жол бабаңнан.
Жаралы жолбарыс едің-ау,
Жарасын өзі жалаған...
Жылады елің,жоқтады,
Өлімге қимай өзіңді.
Іздеді көптің ішінен,
Қасқайып тұрған кезіңді.
Ерлердің білмей бағасын,
Тартқылап иттей жағасын
Темір торға қамаймыз,
Берем деп сұмдық жазасын.
Жарқылдап жүрген жас өмір,
Үзіліп кетті-ау бір күнде ,
Әкесіз қалған алтауы,
Жаутаңдар енді кімдерге?
Біреудің күнін өшірсең,
Күн болып қайта туады.
Біреудің үнін өшірсең,
Мыңның тілі шығады!
Ұмытпа ,жауыз, Құдайды,
Ақысын ердің сұрайды!!!

Ерғали БАҚАШ

– Не жаңалығың бар дейсің?
– Қаныма әбден тойдыңдар.
Іргесі тыныш ел едік,
Індетіп, іреп сойдыңдар...
– Ұялмай қалай сұрайсың?
– Жаңалығым жоқ, қайғым бар,
Шынымен сүйсең еліңді,
Шаттығыңды беріп, қайғымды ал...
Аузың көпіріп жасаған,
Құр баяндамаңнан жалықты ел.
«Әлем таныған қазаққа»,
Өзін танитын жарық бер...
Салт-дәстүрінен безінген,
Дүмшелеріңді дүреле.
Өзіңе сенім білдірген,
Халқыңның алдында жүреле!
Кінәсіз адам болмайды,
Пенде болған соң бір аты.
Ел басқарған адамның,
Елін ардақтау мұраты.
«Жаһан» деп, жар-жар айтқалы,
Жаһаннам болды жақыным.
Жат ағымдарға сондықтан,
Жетпейді, білем, ақылым.
Бұл жырға нүкте қойылмас,
Басымнан қайғы арылмай.
Көңілім көгіс тартады,
Жаттардың көрі қазылмай.

Серік ЫДЫРЫСОВ

ҚАРАЛЫ КҮН!

Баққанымыз ғадауат пен насыр кіл,
Пенделердің кеудесінде ғасыл кір...
Дүние осы - асыр менен тасыр бір,
Заманбектің басын жұтқан ғасыр - бұл!
Әбішімді еңіреткен бұл ғасыр -
Жындылық бар, құндылықтан құр ғасыр!
Алыптарын жала айдаған сұм басыр -
Күй орына ода ойнаған құл ғасыр!
Шерханыма уақып болған заман - бұл,
Саңлақтардан сақып қалған заман - бұл...
Жау кеткенде боққа шауып қалам құр -
Тар заманға зар идірген заман - бұл!
Естілердің есін алған заман - бұл,
Сестілердің сесін алған заман - бұл!
Ақ-Әділдің жарып тынған жүрегін,
Жаба-жаба жалаларды жалаң кіл!
О, құдірет, кімдер кетті, кім қалды?..
Жер әлемнен адам кетті, пұл қалды!
Елге еге боп дүбірі жоқ "дүр" қалды,
Махамбетпен гүріл кетті, "гүр" қалды...
Жағатұғын заман болды теңізге от,
Ел дегенге өлім қалды егіз боп!
Дәл осылай ұлтарақ жер, ұлт қалар,
Ел ішенен есі бүтін ер іздеп...
Ақ-Әділ-ау, қалды елің сені іздеп!..

Анар ТӨЛЕУХАН

Алай да дүлей ақ боран.
Табиғат ана тұлданды.
Кәріне мініп, бұрқанып,
Аспан мен жерді жалғады.
Жер Ана сонда солықтап,
Тоқтамай ұзақ жылады.
Жер ана сонда күңіреніп,
Жоқтауын айтып зарлады.
Басайын сені бауырыма,
Келдің бе, Дулат құлыным?
Бұғаусыз, еркін ойларың,
Сыйғызбай сені үстіме
Қойныңа ал десе қайтейін.
Сыйдырам сені төсіме,
Баурыма жұмсақ алайын.
Торқамды жайып төсек қып,
Мақпалмен жылы жабайын.
Артыңда қалған ел-жұртың,
Қыстыға жылап, күйініп,
Тас түйіндей түйіліп,
Өзіңді маған тапсырып,
Боздайды бірге қосылып.
Перзентім келді бұла ойлы,
Міржақып туған Торғайдан.
Дулат пен Дулат арасын
Арманды жылдар бөліпті.
Оян десе оянып,
Мақсатын ата жалғаған.
Құшаққа алдым құлынды.
Тоңады деп ойлама,
Баласын басқан бауырына
Жер Ана көкірек иіді.
Жер Ана көкірек иіді.

Дәурен Дариябек

Пікірлер