Қазақстанның бес өңірін су басу қаупі төніп тұр

4467
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны болуы мүмкін,-деп хабарлайды  "Қазгидромет" РМК

Синоптиктердің мәліметінше, наурызда Қазақстанның басым бөлігінде нормадан жоғары жауын-шашын жауады. Сондықтан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында су тасқыны болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта синоптиктер тәулік бойы Қазақстанның барлық өңіріндегі су деңгейін бақылап отыр.

"Солтүстік Қазақстан облысында қар деңгейі көпжылдық нормадан 80 пайызға жоғары, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында 30-60 пайызға, ал Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында 20-50 пайызға көп. Жамбыл облысында қар нормадан 30 пайызға көп болса, Алматы облысы тауларында қар деңгейі нормадан 35-45 пайызға төмен", - дейді "Қазгидромет" өкілдері.

Осы ретте  сала мамандарының мәліметінше, Қарағандыға Нұра өзені ернеуінен асып тұр. Ақмола облысында Есіл өзенінің суы артса, Солтүстік Қазақстанда қосымша су қорын сақтайтын қоймаларда су көлемі 40 пайызға артқан. Сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақста, Алматы  облыстарында да қар суы мен қосымша су қоры жинақталып  су басу қаупі жоғарылап тұр. Ал мұндай жағдайда  біз осы айтып келмейтін апатқа дайынбыз ба? Әсіресе елдегі статегиялық маңызы бар нысандардың дайындығы қалай?

Бұл ретте гидрогеолог-ғалым  Нүркелді Қаратаев  былай деді: «Бұл жерде бірінші кезекте сейсмикалық картаның сауатты жасалуы қай елде де асқан қажеттілік. Сейсмикалық картаның негізгі қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Бұл дегеніңіз – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстарының қалай салынуы керектігі; тұрғын үйлердің орналасуы қалай түзілу керек; қандай заңдылықтар сақталынғаны жөн; ал қауіпті аудандарда ірі кәсіпорындар салынбағаны абзал. Міне, осының барлығы сейсмикалық карталарда көрініп, сайрап жатуы керек. Негізі, сейсмикалық карталар үш түрде түзіледі. Бірінші, күллі Қазақстанның сейсмикалық картасы жасалынуы керек. Бұл картаны қазірде еуростандартқа сай етіп жасау қажеттілігі байқалып отыр. Әлемде сейсмикалық карталарға байланысты Еуро-8 деген стандарт бар. Соған бұл карта сай болуы керек. Бұдан соң екінші дәрежедегі сейсмикалық карта, бұл әр облыстың сейсмикалық картасы болуы керек. Мұндай карталарды біз ғылыми тұрғыда қазірде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарына жасап қойдық. Бірақ бұл карталар теориялық тұрғыда ғана дайын тұр, аталмыш сейсмикалық карталар әзірге тәжірибе жүзінде қолданылған жоқ. Аталған облыстардың басшылары сейсмикалық карталарды тәжірибеде қолдануға енді-енді тапсырыс бере бастады. Карталарды тәжірибеге енгізу үшін ғалымдарға әлде де болса жұмыс істеу керек». Маманның сөзінен пайымдағанымыз, бізге алдымен сейсмикалық карталар жүйесін нықтап алуымыз қажеттігі байқалады. Себебі қазірде сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарда  су басу қаупі болған кезде бұл өте маңызды.

Мамандардың байыптауынша, тасқын су кезінде техногендік жер сілкіністерінің болуы тіптен күшейе түседі. Бұл ретте мамандар «Мәселен, мұнай мен газды қазір бес шақырымға дейінгі тереңдіктен алады. Ал шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жататыны даусыз. Міне, осындай бос жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи апаттар кезінде (су басу, қар көшкіні) тіптен күшейеді», - деді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер