Қазақ бүркітшілерінің тарихы тереңде

3857
Adyrna.kz Telegram

«Қазақпарат» баспасынан шыққан «Қазақ бүркітшілігінің әліппесі» кітабының авторы Данияр Әлбозыммен сұхбат – атадан қалған бүркітшілік өнері тақырыбы төңірегінде өрбіді. Кітапта қыран құстың жасы, дене мүшелерінің атауы, қыран құсқа қатысты атадан қалған даналық сөздер – дала мектебіндегі бүркітшіліктің жай-жапсары толық қарастырылғандай. Қыран балапанын баулудың қазақ даласындағы тарихын, қыран құсқа қатысты ұлттың дүниетанымын бір кітапқа топтаған автор бүркітшілік өнері жайлы кеңінен әңгімелеп берді. 

– Бүркітшілік тақырыбын індете зерттеуіңізге не себеп болды? 

– Қымыз бен шұбаттың патентін немістер иемденіпті, қырғыздар біздің бүркітшілігімізге көз тігіпті деген дүрбелеңді ақпараттарды оқыған сәттен бастап, қазақ бүркітшілігінің әліппесін жарыққа шығаруға тырыс­тым. Бүркітшілік – қазақ үшін қастерлі дүние. Қыран баптаудың қазақы әдіс-тәсілі, қазақы жолы ешбір халықта жоқ дәстүр. Біз өзіміздің осы ерекшелігімізді құрметтей алуымыз керек деп есептеймін.
Бала күнімде қыран құсқа қатысты әңгімелерді аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Ол кездің ақсақалдары қыран құс туралы толғағанда әңгіменің майын тамызатын еді. Уақыт өте бүркіт жайлы әңгімелер де азайды, қыран құстың сыны мен сырын білетіндердің де қатары кеми бастады. Сонда біздің балаларымыз ата өнерін қайдан білмек деген ой жиі мазалайтын. Сол бала күнгі жадымда сақталған әңгімелерді санамда тірілтіп, бүгінгі кәнігі бүркітшілермен әңгімелесіп, бүркітшілік туралы қалам тербеген этнографтарымыздың Жағда Бабалықұлы, А. Тұрдыбаев, т.б. ғалымдарымыздың, бүркітшілеріміздің бұрын-соңды жазған дүниелеріне қайта оралып, осы кітапты жазуға бекіндім.

– Қазақ дүниетанымында қыран құстардың жаратылыс ерекшелігі, дене мүшелерінің атауы және сыны қандай маңызға ие? Қыран құстың қасиеттерін, қабілеттерін адамның бойындағы ерекше мінезге теңеу дәстүрі бізде қаншалықты сақталған?

– Қазақта қыран құсқа тән, қыран құстардың жасына, дене мүшелеріне тән сипаттарды адамның мінезіне шендестіру көп. Мәселен, қазақ мо­мын, қақ-соқпен ісі жоқ, тура сөй­леп, тура жүретін, көп сөзділікті ұнатпайтын адамдарды «томаға-тұйық екен» деп, томағамен байланыстырып жатады. Мұндағы томағаңыз – бүркіт­тің екі көзін саңылаусыз жауып тұра­тын, тамақ баулы, айдарлы бас киімі. Томағалы бүркіт тыныш отырады. «Томаға-тұйық» та осыдан келіп шықса керек.
Кейбір әлжуаз, сөз білмейтін адамды «боз өкпе» деп жатады. Сол «боз өкпеңіз» – арықтату үшін қыран құсқа берілетін малдың өкпесі. Қыста далаға ілінген өкпе аяз сорып түсі бозарғандықтан, құнарсыздығы да ескеріліп, «боз өкпе» деп аталған. Алайда, боз өкпені шикі өкпемен шатастыруға болмайды. Өйткені, қазақ нәрестелі болдық дегенді «бір шикі өкпелі болдық» дейді. Айта берсек, мұндай мысалдар жеткілікті.
Қыран құс атаулыға қатысты ырымдар, мақал-мәтелдерді де кітапқа енгіздік. Қазақта «Бүркіт қонды, бақ қонды» деген ырым бар. «Бүркіт тұрған жерде жын-шайтан тұрмайды» дейді.

– Қазақ бүркітшілік өнерінің бүгінгі таңдағы басты мәселесі неде? Ата-бабадан қалған осы дәс­түрді біз қан­шалықты іліп әкетіп отырмыз?

– Бүркітшілік дәстүрін екі топ жалғастыруға күш салып келеді. Бірінші топ – жазушылар, зиялылар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары. Бұлар баспасөзде, теле-радиода, кітаптары арқылы бүркітшіліктің қыр-сыры, қыран құстардың сын-сипаты жайлы кеңірек әңгімелеп, бүгінгінің адамының құлағына құюда. Екінші топтағылар – қазақтың бүркітшілері. Бүркітті баптаудың қиындығына қарамастан олар осы өнерді сақтап қалып отыр.

– Бүгінгі таңда еліміздегі қыран баптайтындар байырғы баба мұрасына қаншалықты берік?

– Бүркітшілік – әншілік, күйшілік сияқты, атадан балаға тек арқылы, өнеге арқылы беріледі дейді. Біздің қазіргі бүркітшілеріміз ешқандай жаңалық ашқан жоқ. Барлығы ата дәстүрінің негізінде. Бүгінгі қазақ бүркітшілерінің ашқан бір жаңалығы – бүркітті жаяу ұстап жүрген кезде, белге тіреп ұстайтын, жаяу адамға арналған балдақ ойлап тапты. Мұны қазіргі бүркітшілер шығарды. Біздің ата-бабамыз ешқашан жаяу жүрмеген. Сондықтан мұндай балдақ жасамаған. Тек атқа салатын ғана балдақ жасаған. Жалпы, бүркітшілік технологиясының негізі атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық ілімде жатыр.

– Жалпы, осы бүркітшілік, қыран құсты баптаудың сиреп бара жатқаны біздің қанымыздағы даламен, табиғатпен байланысты бір геннің жоғалуына, ал, ол ұлттық мінез­дің өзгеруіне алып келеді деп ойламайсыз ба? 

– Біздің мінезіміз ешқашан тұтастай өзгермейді. Себебі, даламен, табиғатпен етене жақындастыратын ұлттық өнеріміз, кәсібіміз көп. Бүркітшілікті одан әрі шыңдай түсу арқылы біз ата текке ғана емес, даланы түсіну мінезімізге де қайта ораламыз деп ойлаймын. Даламен, даланың тағысымен үнсіз тілдесу, ұғысу қазақтың қанында бар қасиет.

– Қыран қиырдағыны шалады дейміз ғой. Осы сөз қаншалықты ғылыми негізді?

– Қыранның көзінің өткірлігі адамның көзінің өткірлігінен жүз есе артық екенін көптеген ғалымдар, этнографтар мойындайды. Қыран көк аспанда нүктедей ғана болып көрініп ұшып жүрген уақытта, жер түстес жорғалаған саршұнақты көреді. Ал бірақ адам көрген нәрсені бүркіт көре алмайды. Мысалы, бүркіт қонақтап отыратын маңға бір үлкен ұя немесе күрке жасап, соған тығылып отырса­ңыз, бүркіт оны жансыз нәрсе деп есептейді. Бүркіт үшін жанды нәрсе – жыбырлаған қозғалыс. Жылан жылуды сезеді ғой. Ал қыран құс қозғалысты көреді. Ал күрке қозғал­маса, бүркіт үшін ол ештеңе емес. Адам: «Ойпырмай, бұрын жоқ мына күрке қайдан пайда болды?!» деп ойлар еді. Ал бүркіт оны ешқашан ойламайды. Көргіштіктің салыстырмалы категория екенін осыдан байқауға болады.

– Қазіргі таңда Қазақстанда бүркітшілердің нақты саны бар ма?

– Бүркітшілердің тізімі, өмірбаяны, қай жылдан бүркітшілікпен айналысып келе жатқаны туралы толық мәлімет бар. Оны кітап үшін жасап едім, алайда, Есік қаласындағы музейге тапсырдым. Есік қаласындағы Ұлттық музей Бүркітшілік туралы бұрыш ашты. Әуелде саятшылық бұрышы депті. Алайда, саятшылық кең ұғым, оған саят құрудың барлық түрлері туралы дерек ену керек, сондықтан «Қазақ бүркітшілігінің тарихы» деген бұрыш болсын деп ұсыныс жасап едім, қуана қабылдады. Бүркітшілік деген сөздің қасынан қазақ деген сөзді ешқашан тастамаңыздар дедім. Себебі, біз бүркітшілігімізден айырылып қалайық деп отырмыз. Ал, ол біздің ең үлкен өнеріміз.

– Жақсы бапталған қыран қанша аң іледі?

– Айтқыштар бір қыста жетпіс-сексен түлкі алдық деп жатады. Айтуға оңай. Сөздің шынына келсек, 22-25 түлкіден артылмайды.

– Бүркіт қасқыр ала ма?

– Қасқыр алатын бүркіт шаңда кездеседі. Ол үшін бүркітіңіз қарулы, сіңірлі, қайратты, қайтпайтын болуы керек. Бүркіттің көпшілігі үркіп тұрған түлкіге түспейді. Оның себебі – бабының келіспеуі, жүрексіздігі. Бір рет түлкіге түсіп, аяғын шайнатып алған болса, бүркіт түлкіге мүлдем жоламайды. Себебі, бүркіттің есте сақтау қабілеті мықты.
Моңғолияға барғанда Қапын Бүркітханұлы деген бүркітшімен әңгімелестім. «Бүркітің үшін қатты уайымдаған кезің болды ма?», – деп сұрадым. Сондағы бүркітші жігіттің айтып берген әңгімесі мынау:
Қасбатыр деген бурят миллионер бар екен. Сол Улан-баторға біздің бүркітші жігітімізді іздеп келіп, қолқа салыпты. Бүркіт пен қасқырдың табиғатта жан берісіп, жан алысып алысқан бейнефильмі керек. Бүркітіңді жаңа ұсталған, азуы ұстарадай қасқырға салайық. Егер бүркітіңді қасқыр жеп қойса, миллион тугрик (Моңғолдың ақша өлшем бірлігі) берем. Ал зәуде бүркітің қасқырды алса, екі миллион тугрик берем дейді. Екі миллион тугрик көп ақша. Әрі бүркітші қаржылық қиындық көріп жүр екен, келіседі. Түнімен Құдайдан «Бүркітімді аман қалдыр» деп жылап, тілек тілеп шығыпты. Сол бүркіт қасқырды алыпты.
Өзімізде де бүркітшілігімен даңқы шыққан Жалайыр Шора, найман Тіней секілді азаматтарымыз болған. Тінейдің қыраны аюға түскен деген аңыз бар.
Қыран құс нағыз бабына келсе, өзінің әліне қарай түлкі, қарсақ, мәлін, суыр, елік, тауешкі, қарақұйрық, ақбөкен, тіпті қасқыр сияқты азулы да күшті жыртқышқа түсе береді. Көпшілік қырандар, әсіресе, түз бүркіті өз әлінің жетер-жетпесін шамамен білетін болғандықтан кездескен аңдардың бәріне түсе қоймайды. Сөйтсе де, қырандардың бұғы, қабан, аю сияқты аса ірі аңдарға түскен, тіпті қатты жылдамдықпен келе жатқан авто­көлік­ке, әуедегі ұшаққа шабуыл жасаған сәттері бар екен. Бұл да қыран құстың жүректілігінің бір көрінісі болса керек.

– Бүркітті қанша уақыт қолға ұстауға болады?

– Бүркіттің аңға салу жасы – он жыл мөлшері. Бірақ ерекше қыран бүркіттер мен атақты құсбегілердің кейбір бүркіттерді 20-30, тіпті 50 жыл бойы аңға салғаны туралы қызықты мәліметтер де бар.

– Бүркіт және бүркітші туралы тағы қандай қызықты деректермен бөлісе аласыз?

– Ертеректе қаған, хан-сұлтандар, бай, дәулетті адамдар қырандарына арнап арнайы үй тіккен. Кедей немесе ортаңқол құсбегілер қыранын отбасының бір мүшесіндей көріп, үйдің сол босағасына тұғыр қойып, соған отырғызып қоятын болған.
Даңқы алысқа жайылған бүркітті қазақ жылқыға да айырбас жасаған. Ал бүркіті аң ала алмаса ол үшін қыран құс емес, оны баптаған иесі кінәлі саналған. Тіпті, бүркіті иесінің бетін тырнап алса да, құсқа кейімеген. «Бүркітші үшін бүркітін сабапты дегеннен абыройсыздық жоқ» дейді «Саят» кітабында.

– Қазақ қыранның қадірін біледі десек те, лайықты бағалай алмай жүрген құстар бар ма?

– Көп қой. Мәселен, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетімізде, халық әндері мен өлең-жырларымызда «Бидайық» атты қыран жайлы небір әдемі теңеу­лер, мақал-мәтелдер, ой-түйіндер жетіп жатыр. «Бидайықтың орнына қарға-құзғын қона алмас» дейтін Асқар Тоқмағамбетов. Ақан серінің сұлу да сырлы «Сырымбет» әнін кім білмейді? «Бидайыққа лайық еркем едің, Бөктергіге қор болып барасың ба?». «Бидайықтан сұлу құс болмас» деген мәтел де рас, «Бұлтқа ұялаған бидайық­тай» деп оны көкке көтермелеу де рас екен. Оған сол «Бидайықты» ұстап, суретке түсіру бақыты бұйырған біздер куә. Сол «Бидайық» туралы деректер аз, тым аз. Бұл біздің әсем де тегеурінді қыранға деген самарқаулығымыздан шығар.
Қазақ құсбегілерінің көпшілігі ителгіні менсінбейді. «Ителгі етек былғайды» деген келеке мақал да бар. Неге екені, сол ителгіге араб құс­бегі­ле­рі өте құмар. Олар ителгіні Қазақстан­нан заңды-заңсыз жолдармен алып кетіп жүргені туралы дерек көп.


Әңгімелескен Қ.Серікқызы,

«Қазақ әдебеиті».

 

Пікірлер