Қордай ауданы Масанчи ауылында адамның мәйіті табылды. Бұл туралы "Адырна" порталы облыс әкімінің кеңесшісіне сілтеме жасап хабарлайды.
"2020 жылдың 11 ақпанында сағат 12:07-де Жамбыл облысы Полиция департаментінің кезекші бөліміне, Қордай ауданының Масанчи ауылында, сауда орталығы ғимаратын (өрттен кейін шатырдың құлауы болған), тазарту кезінде, қираған үйінділердің астында адамның күйген денесі табылды. Мәйіттің жеке басын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жедел алдын-алу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазды Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Қанат Құлшманов Facebook желісіндегі парақшасында.
"Адырна" ұлттық порталы Қордай оқиғасы кезінде тағы бір адамның жоғалып кеткенін жазған болатын. Масанов Мұрат есімді азамат таныстарының айтуынша, бір үйдің жалғыз баласы екен. Екі қабатты үйден табылған мәйіттің Мұраттікі болу ықтималдығы 50де50 пайыз дейді ауыл тұрғындары.
Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Жаппай төбелеске ресми дерек бойынша 300-ге жуық адам қатысқан. Шет ел баспасөзі оқиғаны ұлтаралық қақтығыс деп бағаласа, президент Тоқаев бұзақылық деп атаған болатын.