Жердің сәні кіреді жұпар шашқан гүлімен…

4185
Adyrna.kz Telegram

Гүл – әсемдіктің, сұлулықтың белгісі. Көктем мезгілінде қар көбесі сөгілмей жатып, бәйшешектердің бүр жаратыны, күн қыза келе қыр төсінде наурызгүлдер (нау­рызшешек) мен наурызектер көз қуанта бой көтеретіні көктемнің сәнін келтіріп, шырайландыра түседі.Табиғаттың сырын ерекше танып білген қазақ халқы өсімдіктердің қасиетін бағалай білген. Бұл орайда көздің жауын алатын, дала мен қырды әдемілікке бөлейтін гүлдерге де айрықша көңіл бөліп, олардың әрқайсысына жаратылыстарына сай атау берген.

Гүл атаулары ұлтымыздың тілдік кеңістігінде мәдени әлеуетке ие маңызды сөздік бірліктер қатарына жатады. Гүлдер эстетикалық, өнеркәсіптік, құндылықтық сипатымен ғана емес, сонымен қатар қоршаған әлемге бейнелі-символикалық қатынасты білдіру ерекшелігімен де құнды. Кейбір гүл ашатын өсімдік атауларының қалыптасуына олардың гүлдеу уақыты негіз болған. Мысалы, наурызгүл (наурызшешек), наурызек аттарына наурыз айында (21 нау­рыз – 21 сәуір аралығында) жер бетін жарып шығып, гүлдеуі, ал намазшамгүл немесе ымыртгүл атына сай күн батқан соң, түнсұлу//түнсұлугүл тек түнде, мамыргүл атауына мамыр айында гүлдеуі себепші болған.
Нәзік күлтежапырақтары майыса төгіліп, күн көзіне әлсіз мойындарын соза өскен гүлдердің сан алуан түріне қарап халқымыз олардың түсінің өз мағыналары мен ерекшеліктерін ажыратқан. Ақ гүл – нәзіктік пен тазалықтың нышаны саналған. Ақ түс − жастықтың, пәктіктің белгісі ретінде түсінілгендіктен, оларды үйлену тойында сыйлау бізде дәстүрге айналған. Алқызыл түс – жалынды жастықтың белгісін сипаттайды. Қызыл түс − махаббат түсі саналады. Алтын түстесі – ұлылықты, мәртебелілікті білдірсе, сарғылт түс – шығыста тәкаппарлықтың, алып күштің, биліктің нышаны ретінде қабылданған. Сары түс әдетте күннің нышанын бейнелейді.
Дегенмен, біздің мәдениетімізде сары гүл – сенімсіздіктің белгісі ретінде қабылданады. Көк түс – батыста сағыныш­тың, адалдықтың белгісі саналады. Оны не­гізінен әскерге кететін ер-азаматтарға сый­лайтын көрінеді. Ал бізде көк гүлдерді адамның ерекшелігін көрсету үшін тарту етеді.
Гүл атауларының қазақша атаулары халқымыздың ауызекі сөйлеу тілінде де, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде де, тіпті баспасөз бетінде де ертеден бері қолданылып келе жатқандығы белгілі. Әдемілікті бағалай білген халықымыз қыз баланы әдемі де нәзік гүлге теңеп оларға Раушан, Райхан, Қалампыр, Баршын, Жауқазын, Лала, Қызғалдақ, Қырмызы, Наркез, т.б. есімдерді қоятын болған. Содан да болар «Гүл – жердің көркі, қыз – елдің көркі» деген аталы сөз қалдырған.
Әр гүлдің өзіне тән ерекшелігі де, қасиеті де мол. Мәселен, Қазақстанда өсетін жанаргүл деп аталатын реңді гүл өте бағалы шипалық қасиетке ие. Ол жүрек ауруын емдеуде таптырмас бағалы өсімдік. Шипалық қасиетімен бірге бұл өте жоғары бағаланатын әсем өсімдік. Жанаргүлдің алыстан жанып тұрған от сияқты болып анық көрінетін өте әдемі ашық сары немесе қызыл гүлі болатыны белгілі. Ол көп жерлерге таралғанына қарамастан, бүгінгі күні шипалық мақсатта және гүлшоғы ретінде көптеп жинаудың әсерінен азайып, кейбір түрлері «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Шолпанкебіс – әдемі гүлдердің ішіндегі «қыңырының» бірі. Бұлай аталу себебі гүлінің төменгі күлтесі тар, кебіске ұқсайды. Ол кебістің түсі ашық сары немесе күлгін, ішінде қошқыл сепкілдері бар. «Кебіс» күлтенің ішіне қарай қайырылып тұрады. Көбіне жалғыз өсетіндіктен тозаңдана алмай қалады. Оның биіктігі 15-25 сантиметрге дейін жетеді. Көлеңкелі, жылы, қарағайлы орман саясын сүйеді. Шолпанкебістің 2-3 жапырағы бар сабағынан бір-екі гүл шығады. Күлтелері қызыл қоңыр, ашық сары түсті болып келеді. Төменгі күлтесі ұдайы түрін өзгертіп, ұлғайып кебіс сияқты пішінге енеді. Өсімдіктің аты да осыған байланысты шыққан болса керек.
Құртқашаш – еліміздің бақтарына айрықша ажар қосар көпжылдық әсем гүлді өсімдік. Қылыш тәрізді жапырағы және жуан қысқа тамыр сабағы бар бұл өсімдік әсемдігі жағынан өте жоғары бағаланады. Маусым айында құртқашаш гүлдегенде жапондықтар жалпылама «ханами» ұйымдастырады. Мұның мәні гүлге телміріп бірнеше сағат отырып, рақаттану жоралғысы дегенді білдіреді. Мамыр айының бесін жапондар ер балалар күні деп атап өтеді, бұл кезде ер баласы бар үйдің бәрінің бұйымдарында құртқашаш бейнесі пайда болады. Құртқашаштың жапырағы қылышқа ұқсағандықтан, әлгі жоралғы ұл бала ержүрек, батыр болсын дегенге меңзейді. Сондықтан да құртқашаш жапон тілінде «батыр рухы» деп аталады. Египетте құртқашаш шешендік нышанға ие болған. Ал Австралияда ол кереғар үнсіздік пен қасіреттің белгісі ретінде қорымдарда өсіріледі. Көптеген өсімдіктердің ғылыми атаулары оның түсіне, шипалық қасиетіне, сыртқы пішініне қарап халық қойған атау­ларына байланысты туындағанын аңғару қиын емес. Құртқашаш немесе жыланқияқ өсімдігінің «ирис» деген атауы грек тілінде кемпірқосақ деген түсінік береді. Бұл ат құртқашаштың көк түрінің гүліне толық сай келеді. Олардың гүлдері шын­дығында әртүрлі әдемі түске еніп, кемпірқосақ сияқты құбылып тұра­ды. Құртқашаш көне заманнан бері әсем­дік үшін қолдан егіліп келе жатқан өсімдіктердің қатарына жатады.
Көктемнің көрікті гүлдерінің бірі – бәйшешек. Кейде оны халық арасында қарғалдақ деп те атайды. Бәйшешек ерте көктемде наурыз айының бас кезінде гүлдеп өсетін баданалы шөп­тесін өсімдіктің бірі. Бәйшешектің басқа гүлдерден ерекшелігі де осында: ерте көктемде қар астынан қылтиып шығатын, көктемнің хабаршысы. Оған қысқы суық, қар, тіпті көктемнің ызғары да қорқынышты емес. Бәйшешектің ормандар мен жайылым және шабындық жерлерде өсетін 10-15 түрі бар. Ең әуелі қияқ секілді жіңішке екі жапырағы шығады. Артынан қоңырау секілді ақ гүл жарады. Ғалымдар бәйшешектің гүлдеуі оның түріне ғана емес, өскен жерінің климатына, ауа райына да байланысты дейді. Сондықтан да бәйшешек уақытынан кешігіп немесе ерте шығуы да мүмкін. Жалпы, бәйшешекке көп күтім көрсетілмейді. Тек адам аяғы тап­тамайтын жерге егіп, гүлдеп біткен соң түбін қопсытып, қоректендіріп отыру қажет.
Алтай, Тарбағатай, Жоңғар және Іле Алатау­ларында ерте көктемде гүлдеуге асығып тұратын әсем шөптесін өсімдіктің бірі – айдаршөп деп аталады. Айдаршөп деп аталуы гүл пішінің ерекшелігіне байла­нысты болса керек. Күлтелері сырттай қара­ғанда екі ерінді сияқты болып көрінеді. Күлтесінің бүйірлері түтікше тәрізді қусы­рылып барып тұйықталып бітеді. Айдарға ұқсайтын болғандықтан, өсімдік аты да айдаршөп деп аталған. Сәуір-мамыр айла­рында ол көк, ашық түсті гүлдерімен көз тар­тады. Айдаршөп қар кетісімен гүлдей береді.
Гүлдер өздерінің әдемілігімен әрқай­сымыздың жүрегімізде таза, мөлдір сезім­дер­ді оятады, бірақ олар да таби­ғаттағы бар­лық тірі жандар секілді адамнан өзіне деген ерекше көңіл бөлуді, қорғауды талап етеді.


Эльмира ӨТЕБАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының этнолингвистика 
бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,

«Ана тілі».

 

Пікірлер