Келінін балаларымен қаңғыртып жіберген отбасы немесе Жанардың мұңы

3602
Adyrna.kz Telegram

Мұндай оқиға қасиетті Баянауыл жерін қоныстанып отырған, өзі дәулетті әрі сыйлы жанұяда болғаны мені айтарлықтай ойлантып тастады. 

Түнеугүні елордада бір апайымыздың үйі қонаққа шақырды. Демалыста жүрген соң еріммен бірге еріп бара қалғанмын. Сонда Баянауылдан келген ақ жаулықты әжеміз қинала отырып, бір келеңсіз әңгіменің шетін шығарды. Айтуынша, қазіргі күні қазақ қоғамы қағынып тұр. Кейбір жанұялар ақша, байлық үшін туысқандарын құрбандыққа қиып, қаншама отбасылар ойран болып жатыр. Сондай бір оқиға Павлодар облысы Баянауыл ауданында орын алып отыр екен. Әлгі ауданда Азат деген жайлауды Әмірхан Баймағанбетов деген ақсақал әулетімен жайлап отырған көрінеді. Өзі малды әрі жомарт, елге сыйлы жан. Дәулеті тасыған соң, балалары да жан-жаққа жақсы қызметке орналасыпты. Кенже ұлының есімі - Батырхан. Сол ұлы осыдан көп жыл бұрын жақын маңдағы Күркелі ауылынан бір отбасының үріп ауызға салып отырған қызын айттырып алыпты деседі. Әлгі қыздың есімі - Жанар. Өзі жуас отбасынан шыққан қыз бала әулетте сыйлы келін болыпты. Жол түсіп, талай дәм таттық, сонда Жанар баламыз асты-үстімізге түсіп бәйек болатын, деді әңгіме айтып отырған әжей. Елдің айтуынша, келін жоғары білімді, мектепте біраз жыл жұмыс тәжірибесі болған. Бірақ үйдегілер жұмыс істетпей, үйдің шаруасына жегіп қойған сынды.

Жылдар өтіп жайлауда тұрып жатқан Әмірхан ақсақалдың бәйбішесі өмірден өтеді. Үйдегі келін Жанар ол кісінің орнын жоқтатпауға тырысқан екен. Алайда өзінің анасы мен әкесі қатты ауырып қапты. Жанардың анасы комаға түсіп, обширный инфаркт алады. Анасына көмектесетін үйінде қыз бала жоқ. Ауруханада тым болмаса, аузына су тамызып отырайын деп ол балаларын ертіп Павлодар қаласына келеді. Әрине үйдегілер оны жібергілері келмейді. Жанар уақытша тұрамын деген оймен қайың атасының рұқсатын алып, шаһарға келеді. Сөйтеді де Павлодарда үй жалдап, анасын күтуге кіріседі. Алайда оның бұлай жасағанын күйеуінің әпкелері өз пайдаларына асырмақ болып, Жанар мен Батырханды ажырастырмаққа бекінеді. Сөйтіп араға туыс адвокаттарын салып, енді үйіне келмесін, күйеуін ажырасуға шағымданып жатыр деген ғой. Әлгі адвокат ажыраса қалған жағдайда одан өз еркімен мал-мүліктен бас тартуға, есесіне балаларын өзінде қалдыра алатынын айтады. Байғұс келін науқас анасымен әуреленіп жүріп, басында не болғанын ұқпаса керек. Бара-бара мәселені түсінгендей болып, атасынан тым болмаса балаларыма көмектесіңіздер деп өтінген екен. Алайда атасы басында уәде беріп, кейін онысынан тайқып шығыпты. Ал күйеуі онымен мүлдем сөйлесуден бас тартыпты. Қайын атасынан көңілі қалған келін қаладан жұмыс тауып, 3 баласын өзі өсіріп, асырап жатқан көрінеді. Әлгі араға түсіп, ажырастыруға бекініп жүрген туыстарының мақсаты әкелерінен қалатын мол байлыққа еншілестерді азайту болып отыр, деп пайымдайды әңгіме айтқан әжей. Қазіргі күні Жанар қайда шағымданарын, балаларының болашағының не боларын білмей, пұшайман күй кешуде.

Бұл сұрықсыз оқиға көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Әділетсіз қоғамдағы жайт жаныма тыныштық бермеді. Болмаған соң кейіннен әлгі әжейді тауып алып, сұрастыра  жүріп Жанардың телефон нөмірін таптық. Әжей айтқан оқиға жайлы сіңлімнен тәптіштеп сұрадым. Ол барлығын растады.

"Күйеуім жалпы ішімдікті жақсы көретін. 18 жыл тату-тәтті тұрдық. Бірде бір мәрте ұрсысып көрмедік,-дейді Жанар. - 1 қыз, 2 ер бала тәрбиелеп өсірдік. Енем марқұм өте жақсы адам болатын. Маған балам, қызым деп отыратын. Ол кісі аты жаман аурумен ауырып, содан қайтты. Атам да жаман адам емес. Бірақ ол кісі бізді іздемейтіні қапаландырады. Қалаға келгенде немерелерін көруге кіріп те шықпайды. Сосын мен де атамды іздемеймін. Бізді, өз ұрпағын, өз әулетінің жұрнағын іздегісі келмесе, қайтеміз. Ал елге көмектесіп жатырмыз, ақша беріп жатырмыз деп айтады екен. Алланың алдында күнәһар болмайын, міне арада екі жылдан астам уақыт өтті, ол кісілерден осы күнге дейін бір тиын да көмек болмады. Уәделерінің барлығы жерде қалды. Менің қос бірдей жоғары білім алғаным туралы дипломым бар. Мектепте жұмыс істегенмін. Алайда мені үйдің шаруасына жегіп, құлша жұмсап, 18 жыл ғұмырымда бар қызықтан айырды ма деп ойлаймын. Күйеуім Батырханның менімен сөйлескісі келмейтінін түсіне алмаймын. Анам мен әкем науқас. Ауруханаға жиі түседі. Осы қалаға көшіп келген. Оларға қарайласып тұрамын. Өзім үй жалдап, балаларымды мектепте оқытып жатырмын. Енді мені күйеуім қабылдағысы келмейді. Әпкелерінің айтағына еріп, сондай қадамға барып отыр деп ойлаймын. Себебі, олардың көкейлерін әкелерінің байлығысы тесіп барады. Оны жасырмай айтады өзіме. Маған талай рет қоқан-лоқы көрсетті. Қайда барып, шағымданарымды да білмеймін. Тіпті, сол үйде қалған қымбат әшекей бұйымдарымды да бермей қойды. Не балаларыма қарайласпайды. Кезінде отымен кіріп, күлімен шыққан отбасыға не үшін керексіз болып қалғанымды түсіне алмаймын?".

Бұл жазғанымда тек Жанар сіңлімнің қиналып жүрген тағдырын көрсету болды. Байлықтың құлына айналып,  соған бола өз бірге туған туысын құрбандыққа шалу, отбасын ойран ету - қазаққа жат еді ғой. Тым болмаса үйдің үлкендері мұндайға жол бермейтіні хақ. Үлкендеріміз осыдан үлгі алса екен.

 

Қайынбике ШАМАЛҚЫЗЫ

Нұр-Сұлтан қаласы

Пікірлер