Дегенде Балқадиша, Балқадиша...

4934
Adyrna.kz Telegram

Аққудың көгілдіріндей көз тартып жатқан атақты Зеренді көлінің жағасында, қысы-жазы көгере көз тарта алыстан мұнартып көрінетін Зеренді тауының маңайында Зеренді деп аталатын ақар-шақар ауыл бар. 

Бұл өзі ертеден аңыз болып айтылып жүрген атақты ауыл. Айыртаудың Сырымбетінен қол созым дерлік жақын тұсқа орналасқан бұл мекен туралы бір кезде ұлы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов та естіген болар. Ел аралап, жүрген жерін асқақ әнімен думандатқан атақты Біржан сал мен Ақан сері де, қазақ әнінің үлпілдеген үкісі дейтін Үкілі Ыбырай да, жойқын күш пен асқақ өнердің тұтаса біткен тұлғасы болған Балуан Шолақ та бұл өңірге соқпай өтпеген шығар. Көкше өңіріне, одан асып исі қазаққа аты мәлім болған Еңбек Ері, даналықтың қайнар көзі мен көркем бейнесі саналған Баян Жанғалов сынды абыз ақсақалымыз да осы Зеренді ауданын басқарып тұрған кезінде келер күннің қамын ойлап айтқан аталық сөзімен, ақықтай асыл ойларымен ел есінде қалған болатын. Бұл Зерендіден кешегі Кеңестер елінің батыры Мәлік Ғабдуллин де түлеп ұшып, қияға қанат қаққанын мақтаныш етеміз.

Иә, айта берсек, Зерен көл, Зерлі тау, Зерделі өңір Зеренді туралы жыр да, сыр да таусылмақ емес. Бірақ Зерендінің жырын асқақтатып, сырын жұмбаққа айналдырып тұрған оның көркем көрінісі мен жүрек толқытар сұлу табиғаты ғана екен деп түсінбеу керек. Зеренді ірілер ірге теуіп, ұлылар мекен еткен қасиетті жер. Зерендінің әр тасын орнынан қозғай көтеріп қалсаң, көбік шашқан күй күмбірлеп, аққуға аспандағы әнін қосқан сырлы әуен, сұлу дауыс төгіле жөнелгендей әсерге бөленесің. Домбыраға тіл ғана емес, қанат та бітіріп, мың құбылта шертетін кешегі Мұсақұлдың Мұсатай күйшісі осы өңірден шыққан. Мына тұрған Атбасарда туып, кербез Көкшенің өз ақыны атанып кеткен Еркеш Ибраһим (Ебікенов) Зерендінің сұлу сымбатына сүйсініп, талай-талай шабыт шақырып, талай-талай жыр жолдарын арнаған болатын. Зеренді ауданынан шыққан алғашқы журналист-жазушы облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы, облыстық партия комитетінің хатшысы болған марқұм Жанайдар Мусин осы Зерендінің «Кеңөткел» ауылынан. Сол Жанайдар Мусин ұзақ зерттеп, көп толғанып, кезінде «Балқадиша» деген атпен деректі повесть жазғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Жанайдар ол хиқаятын осы өңірде болған адамдардың өмірінен алып жазғанын білеміз. «Балқадиша» деп отырғаны Ақан сері бабамыздың атақты әнінде айтылатын ару қыздың аты. Осы маңайда Шөкейдің Ыбырайы деген аса зиялы, елге сыйлы кісі болыпты. Өзіне орташа ғана дәулет бітіпті. Үйіне өңшең игі жақсылар, өнер қонған ақындар мен шешендер, әнші-жыршылар көп жиналады екен. Балқадиша сол Ыбырай ақсақалдың әлпештеп отырған оң жақтағы аяулы қызы. Әдетте, «адам табиғатқа тартып туады» дейді. Зеренді тауы мен оған жалғас жатқан Қошқарбай, одан әріректе орналасқан Жыланды тауы жер біткеннің сұлуы десек, айтып сипаттауға тіл жетпейтін сол сұлулық бір пенденің басына, Балқадиша есімді осы перизат қыздың басына қона қалған ба деп тамсанады екен оны көргендер. Сөз төркініне қарағанда, Ыбырайдың бәйбішесі Жықыш біраз жыл науқастанып қалып, қызы Балқадиша сол кісінің маңынан шыға алмай жүрсе керек. Содан бір күндері шешесі бақилыққа аттанады. Марқұмның жылы беріледі, басқа да жол-жора орындалып болған соң ғана Балқадишаны атастырған жеріне ұзатуға әзірлік басталады. Сөйтіп жүргенде, Ыбырай ақсақал осы ауылда өтетін бір тойға Ақан серінің келгенін естиді. Ақан серіні бір көріп қалуға кім құмартпаған. Балқадишаның да жүрегі алып ұшады. Ақан серінің атақ-даңқына сырттай қанық ару қыз оны бір көріп дидарласқанша ұшарға қанат таба алмай асығады. Балқадиша қасына ең сенімді деген екі жеңгесі Ұмсын мен Ділдәні ертіп, Ақан сері отырған он екі қанат ақбоз үйге келіп кіреді. Ойын басқарып жүрген таяқатшы жігіттер Ақан серіге Балқадишаны таныстырмақ болады. Бірақ Ақан сері сияқты зерек жан Балқадишаны білмеуші ме еді. Ол серілікті сәйгүлігіне мініп, ел аралап жүріп Ыбырай отағасының қара шанырағына да соғып өткен. Сонда Ыбекеңнің үйінде ай десең – аузы, күн десең – көзі көңілді өсіріп, ынтықтыра түсетін бір сұлу қыздың бой жетіп келе жатқанын байқап калған. Енді, міне, сол қыз көз тастасаң, көңіл арбайтын хас сұлуға айналыпты. Ақан сері өз өмірінің арғы-бергі кезеңдерін оймен шолып шарықтап кеткендей күй кешті. Өзі де, бойы да, бүкіл тұрпат-тұлғасы да сұлу болып жаратылған Ақан сері тек сұлулықты тәңірдей көріп тағзым ету үшін жаратылған жан ғой. Бой жетіп, кемеліне келіп, ажары ашыла түскен мына сұлу перизатты көргенде Ақан серінің асау көңілі асау аттай тулап кеткен еді. Асау көңіл тулады да басылды. Ақан сері алып қашқан асау көңілдің ғана емес, сары алтындай сарабдал салмақтылыкпен алысқа көз тастай білетін кемел кісілік пен ақжолтай ақылдың да адамы болған ғой.

– Жайлаудай кұлазиды біздің көңіл,

Жанымды ұғар жан жоқ, жас қартайды, – деп өзі айтқандай, сол тұста жасының алпысқа жуықтап қалғанын еске алды. Ал Балқадиша болса, жасы әлі жиырмаға да еркін толмаған уыз қыз. Әрі өзі аса қадірлейтін Ыбекеңнің әлпештеп өсірген, бүгін бе, ертең бе, ұядан ұшырып, құтты орнына қондырғалы отырған Балқадишасы. Ақан сері ағасын бір көріп қалу үшін әкесінің рұқсатын алып, қасына екі жеңгесін ертіп келген перизат жанында отыр. Ертіп келген екі жеңгесі Балқадишаға: «Үйге қайтайық» дегенді аңғартып, мазасыздана бастайды. Соны сезген Ақан сері домбырасын қолына алып, әуелете жөнеледі.

– Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен, шіркін-ай, тал Қадиша! – деп шырқай келіп:

–Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, амал не, бар Қадиша! – деп жақсы көрген, өзінің жастық шағын, серілік дәуренін еске түсіріп, іңкәр қылған аяулы қыз, ару қарындасын осылай аялап, оның алаңсыз көңілмен үйіне оралуына рұқсат етеді.

Бұдан кейін апта ма, ай ма, әйтеуір, бір шама уақыт өткенде Ақан сері Балқадиша­ның ұзатылып кеткенін естиді. Асау жүрек тағы да асау атша тулай жөнеледі. Бірақ бұл жолы Ақан серінің жүрегі өзі жақсы көріп құрметтеген Ыбекеңнің періште тектес аяулы қызының бұдан былайғы тағдыры не болар екен деп алаңдаудан тулаған еді. Өзінің сол жолы Балқадишаны көргенде шырқаған іңкәр әні еске түсті.

– Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге, дүние-ай, зар

Қадиша!

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боларсың қандай жанға, дүние-ай,

жар Қадиша! – деген сөздерін есіне алды. Ақан сері сияқты нәзік жанды адамның перішті қыз Балқадиша қандай кісіге кездесіп, қандай күйеуге жар болады екен деп алаңдауының өзі үлкен парасаттылықтың белгісі ғой. Бірақ Балқадишаны атастырып, өзіне жар етіп алған Масабайдың Сүлеймені деген кісі іргесі берік, айтулы әулеттен екен. Балқадиша бұл әулетке өз еркімен келін болып түскен. Сондықтан да қыздың әкесі Ыбырай өзінің Құдай қосқан құдасы Масабаймен өмір бойы сыйлас болып өтіпті.

Атақты Ақан серінің, оның өлмес әндерінің бірі «Балқадишаның» тарихын түгендей зерттеп жүрген белгілі композитор, өнер жанашыры Ілия Жақановтың дерегі бойынша, Балқадиша Ыбырайқызы Масабаева 1883 жылы туған. Жылы сиыр деп көрсетілген. Алпыс жеті жасқа қараған шағында – 1950 жылдың 17 сәуірі күні қайтыс болыпты.

Ән ғұмыр, ән аңызға айналған Балқадиша­ның қысқаша тарихы, міне, осындай. Көз тігіп қарай қалған адамды сұлу сымбатымен, қызға тән сүп-сүйкімді қылығымен сүйсіндіре білген Балқадиша қыз жер жаннаты Көкшенің Зеренді өңірінде жарқ етіп дүниеге келіп, алаңсыз, уайым-қайғысыз ғұмыр кешкен. Құдай қосқан қосағы Сүлеймен екеуінен екі ұл, үш қыз қалып, ұрпақ жалғастырған. Сол Балқадишаның атақты Ақан сері арқылы аңызға айналған ән ғұмыры өз отанымыз Қазақстаннан да әрі асып, алыс-жақын шетелдерге де жеткенін, талай жанның, жүрегін жаулап алғанын мақтан етеміз. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың есімін білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде ән шырқағанын да көбіміз естіген шығармыз. 2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесі өтетіні белгілі. Тап сондай көрме 1925 жылы Францияда өтіпті. ЭКСПО көрмесіне арналған алғашқы концерттер 1925 жылғы 20 шілде күні КСРО павильонында басталады. Кеңес артистері Париж театрларында 11 рет концерт берген екен. Әміре солардың барлығына қатысып отырған. Ол орындаған қазақ әндері Париж жұртшылығын асқақ әуенімен, кең тыныстылығымен, құлаққа жағымды, көңілге қонымды қоңыраудай сыңғыр үн, саздылығымен баурап алады. Оны қайта-қайта «биске» шақырып, жекелеген әндерін қайталап айтқызса керек. Әміре дауысының ала-бөтен асқақ шырқалатын құдіретіне қайран қалып, ерекше сүйсінген француздардың бірі әлемге әйгілі Ромен Роллан болғаны қандай мақтаныш! Сондай-ақ Әміре талантын оны осы сапарға әдейілеп шақыртып алған кеңестік дәуірдің танымал тұлғасы, мәдениет пен өнерді жете білетін Анатолий Луначарский де жоғары бағалаған, оған зор құрметпен қараған.

Қазақтың талантты ақыны, белгілі жазушы Қайнекей Жармағамбетовтің 1951 жылы «Әнші азамат» деген повесі басылып шықты. Сол кезде орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқитын біз Қай­некей ағамыздың әлгі хиқаятын іздеп жүріп тауып алып, таласа-тармаса оқығанымыз әлі есімде. Кітап жоғарыда біз әңгімелеп айтқан Әміре Қашаубаев туралы болатын. Теңдесі жоқ дүлдүл әнші Әміре әннің қаспағын емес, қаймағын таңдап айтқаны бәрімізге белгілі ғой. Сонда әнші қандай әндерді шырқады екен деген сұрақ туады көкейде. Қайнекей Жармағамбетовтің аталмыш туындысында ол сұрақтың да жауабы бар. Әміре сол сапары кезінде «Бес қарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дудар-ай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Қара торғай», «Қызыл бидай» сияқты он шақты ән жауһарларын күйқылжытыпты. Көріп отырсыздар, Әміре Парижде әуелеткен әндердің ішінде Ақан серінің атақты «Балқадишасы» мен «Қара торғайы» да жүр. Еуропа төріндегі Францияға баруға сол кезде қазақ топырағынан Әміре Қашаубаевтың ғана қолы жеткен. Қазақтың бағына туып, атағын аспандатқан Әміре Қашаубаевтың арқасында Ақан серінің «Балқадишасы» Париж төрінен ән болып шырқалып, аңыз болып әлі айтылып жүр. Ән-ғұмыр деп, міне, осындай өмірді, осындай әзіз жанды айту керек.

Өзім де Балқадиша өмір сүрген Зеренді ауданының азаматымын. Туып-өскен жерімді сағынышпен еске алып жүремін. Жуырда Зерендіден қуанышты хабар жетті. Аудан әкімі Малгаждар Саттарұлы Тәткеевтің бастауымен Зерендіде Балқадиша Ыбырайқызына ескерткіш орнатылатын болыпты. Бұл өткенімізді дәріптеп, бүгінгімізді асқақтата білетін жанға ғана тән қасиет. Зеренді өңірінің айтулы тұлғасы, аты аңызға, ақық әнге айналған ару қызы Балқадишаға ескерткіш орнатылуы өткен тарихымызға, аруаққа көрсетілеген зор құрмет деп білеміз.


Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ,

журналистика ардагері,

«Айқын»

 

Пікірлер