Ең жас ана 14 жаста, ең…

3086
Adyrna.kz Telegram

«Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, Ерназар деген бай болыпты. Жұт келіп, байдың сегіз ұлы мыңғырлаған малын аман сақтап қалу үшін жан-жаққа босып кетіпті. Жалғыз қалған кемпір мен шал аштан өлуге таянғанда, шаңырақта ілулі тұрған кәрі биенің төстігін көріп, соны асып жеп, аман қалыпты. Төстікті жеген кемпір ұзамай жүкті болып, тоғыз айда ұл туыпты» деп басталатын халық ертегісінің желісі шындыққа жанаспайтынын еңбектеген балаға дейін біледі. Әлқисса, халық қиялынан туған ертегілерде қартайғанда ғайыптан екіқабат болып қалатын, өмірде болмаған кейіпкер кемпірлердің денсаулығына қарап, қайран қаласың.

Қиял-ғажайыптың мұндай кереметі өмірде болмайтын шығар десек, қателесеміз. Оның шын екеніне жұрттың көзі жақында тағы да жетті. Жаңа жыл жақындады-ау деген мезетте бір перзентке зар болмаса да тоғыз ай, тоғыз күнде толғағы келіп, 53 жастағы қарағандылық Бейбітгүл Қабылқақ есімді әйел торсық шеке, ақ маңдай ұл туды. Оған барша жұрт таңқалысып, дәрігерлер басын шайқапты. Мүмкін, егде жастағы әйелдің бала тапқанын неге жорырын білмеген шығар. Ең бастысы, шілдехана болған шаңырақтың отағасы ендігі жерде моншаға жалғыз бармайтын болды!  «Климакс» деп алаңсыз жүргенде  ойламаған жерден аяғы ауырлап қалатын аналар қылығы біреудің миығына күлкі үйірсе де, өтірік ұяттан биік болып, сәбиіне жарық күн сыйлап жатқандары қандай қуаныш! Толғағы келді демекші, мұндай жәйт осыдан тура үш жыл бұрын еліміз бойынша Қарағанды қаласындағы перзентханалардың бірінде тіркелген-тұғын. Желігі басылмаған бір жеңгеміз 57 жасында торсық шеке, ақ маңдайлы ұлды босанып, атының құпия сақталуын дәрігерлерден қатты өтініпті. Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіштердің тіркелуіне қуанғаннан басқа амал бар ма?! Соңғы бес жылдағы әже атанар жаста ана болғандардың өзі әлемде саусақпен санарлық.

Мысалы, Үндістанда біздің елдің қарт анасынан бір мүшелге үлкендігі бар Дева Синх 66 жасында үшемге өмір сыйлады. Қызықтысы, қазақ топырағында қартайғанда бала сүйгендер табиғи жолмен ұрықтанған, ал шетелдіктердің басым көпшілігі жасанды жолмен жүкті болғандар санатында. Кәрі қойдың жасындай өмірі қалғанда, екінші рет гүлдеп, өзгелерге үлгі болған қарт аналардың арасында испаниялық әжей 67 жасында егіз бала туып, әлемдік рекордты жаңартты. Бұған «бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Өзін қыздай сезінетін румыниялық Андриана Илеску алдына жан салмай 66 жасқа қараған шағында, қыз баласын өмірге аман-есен әкелді. Мұны көрген румындықтар «Шіркін!», деп, ауыздарынан суы аққан көрінеді.

Қазір еліміздегі ең жасы үлкен ана 53 жаста болса, ең жасы 14-те ғана. Мәселен, өткен жылы он төрт жастан асып жүкті болған он мыңнан астам жасөспірімдердің алпыс пайызы теріс әрекетке барып, қалғандары өмірге аман-есен сәбилерін әкелді. Бұған қарап қазақ қыздары әлемдегі ең жас аналардың көшін бастап тұр деуге асығуға болмайды. Себебі, әлемдегі ең жас ана Қытайдың солтүстік-шығысындағы Чаньчунь қаласында балиғат жасында ұлды болды, жақын уақытта. Сирек кездесетін оқиғаға күн шығыс елі қатты дүрлігіп, мұндайдың алдын алу керектігін айтып, дабыл қақты. Біз баяғы самарқау күйімізден тапжылмадық.

Қазақстандағы ең жас және егде аналарды түгендей келе жасамыс «Батыр Ананы» атаусыз қалдырғанымыз жарамас. Маңғыстаулық Алмагүл Өтебек небәрі 37 жасында он бірінші баласына былтырғы жылы босанды. Үбірлі-шүбірлі отбасындағы қарадомалақтың көптігі шаңырақ көтерген жас отауларға үлгі болса, шіркін… Үлгі алғаннан гөрі, баласын өмірге әкесіз әкелген аналар саны артып кетіпті, айтпақшы. Осыны зерттеген мамандарымыз соңғы уақытта некесіз бала саны 500 мыңға жетіп жығылғанын айтып жар салды.

Анаға бақыт сыйлап, қамқор болған әкелердің де кәрі тая бастағанда сәби сүйгендері жетерлік. Асанәлі Әшімовтің жетпісінде кішкентай Асанәліні өмірге әкелуі баршаны таңқалдырмап па еді, бір кездері? Кезінде жетпісінде Жетпісбайларын өргізген Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, режиссер Асқар Тоқпановтың есімін ерекше атауға болады. Шаңырақ көтеріп, бірлі-екілі баламен шектелген отбасыларға қарағанда күш-қуаты бойынан кетпеген ақсақалдар ерлігі үлгі болуға қашанда лайық.

Осындай қарқынмен қазақ келіншектері бала тууды бір кісідей қолға алып кіріссе, алдағы бес жылда жиырма миллионға жетіп, «қара домалақтар тасқынының» астында қалар ма едік?! Өкінішке қарай, демографиялық дүмпуге үлес қосып жүрген жас келіншектерге қарағанда, қырықтан кейін құлпырғандар қатты белсенділік танытып жүр, дейді. Ал жас отбасылар арасында балалы болудың орташа көрсеткіші отыз жаспен сәйкес келеді. Бұған қарап егде тартқан әйелдердің әлі де үмітінің барын, жас келіншектердің бала тууға деген ынтасының жоғын байқағандаймыз ба, қалай?


Заңғар ТАУДАЙ,

«Халық сөзі»

Пікірлер