БҚО полиция департаменті блогерді сотқа берді

654

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оралдық блогер Айболат Бөкеновтің үстінен сотқа шағым түсірді. Блогер бұған дейін полиция қызметкерлері жасаған жол апаттарын бірнеше рет әлеуметтік желіге жариялаған.

Бөкеновке «№2 қалалық сотқа жауапкер ретінде шақырған» SMS хабарлама келген. Шағым 22 қаңтарда қаралады.

Полиция департаменті шағым Азаматтық кодекстің «Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау» бабы (143-бап) бойынша берген. Департамент блогердің қазақстандық телеарна эфирінен көрсетілген сөзімен келіспейді және «облыстық полиция департаменті мен қызметкерлерінің ар-намысын кемсітіп, беделіне нұқсан келтірді» деп санайды.

- Бөкенов «былтыр полиция қызметкерлері 92 рет заң бұзғанын анықтадым, оған полиция департаменті бастығы Әбіләзімов шара қолданған жоқ» деп мәлімдеген. БАҚ арқылы жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтардан түскен өтініштер арасында 2019 жылы Бөкеновтен департамент жетекшісінің атына бір жазбаша және бір рет ауызша өтініш түскен. Көрсетілген жағдай қоғамдық резонанс тудырды, – деп хабарлады ПД баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.

Бөкенов арызбен келіспейді. Ол «департамент бастығы Мақсұтхан Әбіләзімов маған кедергі келтіруге тырысып жатыр, заң бұзушылықтарды жиі түсіруім полицейлерге ұнамайды» дейді.

– 2018 жылы полиция бастығымен әңгімелесіп, мен жол қозғалысы ережесі немесе заң бұзған оқиғаларды телефон камерасына түсіріп, полицияға беріп отыруға келіскенбіз. Бір жылда 92 видео түсіріп, арыз-шағым қабылдайды деп берген нөмірге жолдағанмын. Енді олар ондай ештеңе болған жоқ, видео жібермеді деп менен видеолардың көшірмесін сұрап жатыр. Ал ол видеолар менде сақталған жоқ, – дейді Айболат Бөкенов.

Бөкенов Оралда соңғы айларда полицейлердің жол ережесін бұзған сәттерін интернетке жариялап отырған. 18 қарашада патруль көлігі бойжеткенді қағып кеткенде блогер түсірілім жасаған және «полиция қызметкеріне бағынбады» деп айыпталған. Апат болған жерді түсіріп жүрген Бөкенов оқиға орнына барған БҚО полиция департаментінің басшысы Мақсұтхан Әбіләзімовтен қарамағындағы қызметкердің қызметтік көлікпен бағдаршам тұрған адам қағуын түсіндіруді сұраған. 5 желтоқсанда әкімшілік сот Бөкеновке ескерту жасаған.

"Азаттық" радиосы

фото Мария Мельникова

Пікірлер