Тағы бір әкім қамауға алынды

2162
Сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке үш адам – Алатау ауданының экс-әкімі, оның орынбасары және мәдениет бөлімінің басшысы ілінді

Алматыда Алатау ауданы әкімдігінің үш қызметкері пара алды және бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталды.

"Алматы қаласы Алатау ауданының экс-әкімі, оның орынбасары, сондай-ақ осы аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді", - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада.

Оларға 2019 жылы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырды деген айып тағылып отыр.

Сонымен қатар, тергеу мердігер ұйымның өкілінен банк картасына жарты миллион теңге пара алу фактісі бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметі бойынша, пара беруші шенеуніктерден іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың атқарылғаны туралы актілерге жалған жазба жасауды сұраған.

Қазіргі уақытта аудан басшысы мен оның орынбасары ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде.

Әкімдіктің мәдениет бөлімінің басшысы кінәсін мойындауына байланысты процессуалдық қамауға алынбаған.

Күдіктілердің кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

2017 жылдың 10 шілдесінен бастап Алатау ауданының басшысы қызметін Шахмерден Рыспаев атқарды. Дегенмен, 17 қаңтар күні кешке бұл қызметке Азамат Қалдыбеков тағайындалды. Шешім президент әкімшілігімен және депутаттармен келісілді.

 

Пікірлер