АҚШ пен Иран текетіресі: Қазақстан қандай сабақ алуы керек?

3664
Adyrna.kz Telegram

АҚШ пен Иран текетіресі: Қазақстан қандай сабақ алуы керек?

Сарапшылар АҚШ пен Иран арасындағы дауды бейбіт жолмен шешуді екі елдің еншісіне қалдырып отыр.  Ал екі елдің әзірге келісімге келер түрі жоқ. Иран Ирактағы АҚШ-тың Айн Асад әскери базасына шабуылдардың екінші толқынын бастады.

Иран жоғары басшысының бас әскери кеңесшісі Хусейн Дехган CNN-ге берген сұхбатында Тегеран ирандық генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алатынын және бұл шара америкалық әскери нысандарға қарсы бағытталатынын айтты.  «Жауабымыз олардың әскери нысандарына бағытталады. Сіздерге бір нәрсе айтайын: еліміздің билігі соғысқа ұмтылмағанын және ұмтылмайтынын ресми түрде мәлімдеген. Соғысты Америка бастап отыр. Сондықтан олар сол әрекетіне біздің жауабымызды қабылдауы керек. Соғыстың бұл кезеңін аяқтаудың жалғыз амалы: Бізге жасаған соққысы секілді Америкаға да сондай соққы жасау. Кейін олар жаңа қақтығысты бастамауы керек», - деп келтірді оның сөзін ИноТВ.

Сондай-ақ Дехган Америкаға шабуыл жасалса, Иранның 52 нысанына ауыр соққы жасауға уәде берген АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзіне жауап берді.  Хусейн Дехганның айтуынша, мұндай жағдай болса, Тегеран мұны әскери қылмыс деп санайды, сондықтан Иран өзіне шектеу қоймай, АҚШ-пен тікелей майданды бастайды. «Бұл бір қатал әңгіме болды», - деп қорытындылады телеарна тілшісі.
Атап айтқанда, Ақ үйге Пентагон басшысы Марк Эспер мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келді. Сондай-ақ, Ақ үйде   Трамптың халыққа ықтимал үндеуін дайындап жатыр деп хабарланған.

Бұған дейін Ирактың батысындағы Эйн-аль  Асад базасы мен Эрбилдегі базаға шабуыл жасалды деп хабарланған болатын. АҚШ Қорғаныс министрінің қоғаммен байланыс бойынша көмекшісі Джонатан Хоффман «Соңғы күндері Ираннан төнген қауіп-қатерге жауап ретінде АҚШ Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен серіктестерін қорғаудың барлық амалдарын жасап жатыр. Иран режимі біздің күштерімізге шабуыл жасап, аймақтағы мүддемізге қарсы әрекеттерді жоспарлағандықтан, бұл екі база жоғары дайындықта болды. Жағдайды бағалай отырып, біз аймақтағы АҚШ қызметкерлерін, серіктестер мен одақтастарды қорғау үшін барлық шараларды қолданамыз. Өзгерістер болса, хабардар етіп отырамыз», - деп атап өтті.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм Twitter-дегі парақшасына АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның кеңесшілері жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. «Ирактағы АҚШ базасына шабуыл жасалғаны бізге мәлім. Президентке ақпарат бердік. Ол жағдайды бақылауда ұстап, өзінің ұлттық қауіпсіздік тобымен ақылдасып жатыр», -деп мәлімдеді АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.

Бұған дейін хабарланғандай, CNN телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Ислам революциясы жоғарғы көшбасшысының әскери кеңесшісі Хаменеи Хоссейн Дехган «Кудс» Ислам революциясы күзет корпусының арнайы жасақ басшысы, генерал Касем Сүлейманидің өліміне байланысты әскерилер мен әскери объектілерге қарсы қимылдар болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Пентагонның өкілі Джонатан Хоффман ереуіл Ираннан шыққан деп мәлімдеді. Шабуыл кезінде, атап айтқанда, баллистикалық зымырандар қолданылды. Ислам Революциялық Сақшылар корпусы бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Шабуыл салдарынан зардап шеккендер мен зақым туралы мәліметтер жоқ.

Иран мен АҚШ арасындағы теке-тіреске Қытай да алаңдап жатыр. Қытайлық сарапшы Global Times Ху  бүгін журналистермен кездескен кезде бұл соғысты өздерінен алыс деп санамайтынын айтыпты. «Қазір Иран немесе өздерін Иран деп таныстыратын күштердің ара-жігі бірігіп кетті.  Себебі АҚШ-ты немесе Иранды бір-біріне қарсы қоюға мүдделі күштер Америка Құрама Штаттарының одан да күшті шабуылына себеп болады.  Қазір біз классикалық жағдаймен бетпе-бет тұрмыз. Екі тарап ставканы түсіргісі келмейді, шегінгісі де келмейді. Иранның саяси басшылары халқының алдында «бет-бейнесінен  айрылып қалғысы келмейді. Ал Дональд Трамп болса одақтастарын өкпелетіп алғысы келмейді. Бірақ АҚШ  шабуылы Иран үшін басты құндылық болып табылатын тарихи мұраларды жер бетінен жойып жіберуі мүмкін» деп жазыпты.

Жалпы, соғысты дәл қазір бастап жіберуге екі ел де мүдделі емес. АҚШ –та алда президент сайлауы. Бұл жанжал Трамптың екінші рет сайлауға түсу мүмкіндігінің жолын кесуі әбден мүмкін.  Сондықтан кейбір сарапшылар кешеден бері  «Тек, келісімге келгісі келмейтін бірқатар ұстаным мен көзқарас қайшылығы дағдарысқа тіреп тұр» деген пікірді көбірек айта бастады.  Егер осының бәріне қарамастан қақтығыс болып жатса, соғысты кімнің бастағаны ешкімге маңызды болмай қалуы да мүмкін. |

Қазір ғаламтордың қазақстандық сегментінде АҚШ пен Иран арасындағы теке-тірестің біздің елге қатысы туралы пікірлердің бәсі басым болып тұр.

Иран тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды. Иран СІМ басшысы Таяу Шығыстағы ағымдағы ахуал туралы хабардар етті. Мұхтар Тілеуберді өңірдегі жағдайдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді. Ол барлық тараптарды шиеленістің одан әрі ушығуын болдырмау үшін ұстамдылық танытуға және жанжалды шешудің саяси-дипломатиялық жолдарын іздеуге шақырды. Бұл Иранға қатысты ақпараттың бөлімі. Ал ресми емес сегменті туралы сарапшылар өздерінің көзқарастарын бірінен кейін бірі жариялап жатыр.

Мысалы, қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішовтің пайымдауынша, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствасының басшысы болжалды шеңбердің шекпенінен бұл жолы да шыққан жоқ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшысы «аймақтағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді» және «барлық тараптарды аймақтағы шиеленісудің алдын алу үшін ұстамдылық танытуға шақырды. Қарапайым тілмен айтқанда «жігіттер, өкпе болмасын, анам маған кешкі ас кезінде үйде болуымды өтінді. Сондықтан біздің араласуымызсыз шешіледі деп үміттенемін» дегенге саяды. Мен бұдан саяси сауатсыздық көріп тұрған жоқпын. Біздің бұл мәселеге араласатын ретіміз жоқ» деп ойын түйіндеді    Ғазиз Әбішов.

Бірақ   АҚШ пен Иран арасындағы теке-тіресте ешбір елдің, әсіресе  Қазақстанның  қалтарыста  қала алмайтыны анық.  Каспий теңізі арқылы шектесетін Қазақстан мен Иранның өзара алыс-берісі жаман емес. 2019 жылдың бас кезінде Ислам Республикасының энергетика министрі Реза Ардаканян «еркін сауда аймағына» қатысты уақытша жасалған  келісім  күшіне енетінін айтқан.   Ислам Республикасы қазақтың астығын тонналап сатып алып отырған бірден-бір ел. Ал Иранның негізі көзірі - Ормуз бұғазы. Себебі парсы шығанағында өндірілетін мұнайдың басым бөлігі осы бұғаз арқылы шетелдік нарыққа   экспортталады. «Ақ үй Иранға санкция салса, ресми Тегеранның Орталық Азия мемлекеттерімен саудасы тоқтап қалмай ма?» деген қауіп бар ел арасында.    Бұл онсыз да шатқаяқтап тұрған Таяу Шығыстағы саяси ахуалды одан сайын ушықтырып жіберетіні анық.

Бірақ біздің елдің Иранға қатысты ұстанымы Ресейдің көзқарасының беталысына қарап айқындалатынын бәріміз сезіп отырмыз. Себебі сарапшылар  Ресей әрдайым Иранның Сириядағы рөлін шектеуге мүдделі, өйткені Кремль Иран мен Хезболланы басқара алмайтынын айтады. Өз кезегінде Путин Сирия дағдарысы үшін ешқашан толық жауапкершілікті алғысы келмеді, керісінше Ресейдің экономикалық және әскери мүдделерін АҚШ мүдделерінен жоғары қоюға дайын күштерді қолдағысы келді.

Ресейлік дипломаттар, оның ішінде РФ президенті В. Путин Иранды Ресейдің Одақтасы деп тануға асығып отырған жоқ. Олар үшін Иран белгілі бір геосаяси құрылымның АҚШ орталық бөлігі ғана еді, және бұл бөлікті өздеріне қарсы топтың бақылауына алғысы келгенін қаламайды. Сарапшылар бұл өте маңызды сәт екенін айтады. Себебі кез келген саяси альянс   өзара міндеттемелермен анықталады. Бірақ Иран режимі жағдайында Путин кез-келген маңызды міндеттемелерден аулақ болды. Путин өзін осы аймақтағы соғысушы лагерьлердің бірінің мүшесі ретінде емес, Таяу Шығыс елдері арасында делдал ретінде көрсетуге тырысты. Себебі мұны біз Иранның ұмтылыстарына қайшы келетін Израил, Түркиямен де ынтымақтасқанынан байқағанбыз.

Сол себепті Сулейманидің қазасы Ресей үшін ештеңені өзгерте алмасы анық.  Ресейдің мүмкіндігі «жағдайды халықаралық келісімдер шеңберінде реттеу  керек»   деген салқынқанды дипломатиялық ұстанымнан әрі асып кете алмайды.

Бұл РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Иран Сыртқы істер министрі Джавад Зарифпен телефон әңгімесі кезінде байқалып қалды. Стратегиялық деңгейде Иран мен АҚШ арасындағы қатынастардың нашарлауы Ресейдің Сирия жанжалына араласқан геосаяси тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Путин мұның алдын алуды еуропалық көшбасшылардың көмегімен жүзеге асырғысы келеді. Макронмен телефон арқылы сөйлесуден басқа, Путин Германияның канцлері Ангела Меркелді келесі демалыс күндері Ресейге барып, Иран мәселесін талқылауға шақырды.
Әзірге Ресейдің   Түркиямен ынтымақтастықта шектеліп отыр. Себебі Түркия,    Ираннан басқа, аймақтағы жалғыз мықты ойыншы - оны АҚШ-тың сенімді одақтасы деп айту мүмкін емес.

8 қаңтар, сәрсенбіде Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуге Анкараға келеді.

Олар үшін жаңа газ құбырын іске қосудан гөрі маңызды тақырыптар болуы әбден мүмкін. Себебі АҚШ пен Иран жанжалына қатысты тек Қазақстан ғана емес, Қытай мен Ресей де түк те істей алмайтынын көзі қарақты саясаттанушылардың бәрі айтып жатыр. АҚШ-та тұратын қазақстандық саясаттанушы Уалихан Төлешев журналистермен кездескен кезде олардың ондай қауқары жоқ екенін айтқан.  Ресей - мұнай өндірісі нарығында Иранның бақталасы. «Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі өте аз. Оның үстіне Иран - амбициозды, теократтық мемлекет. Оның авторитарлы әрі зайырлы Ресей секілді мемлекетпен ешқашан қатты араласқысы келген емес. Геосаясатта да Ресей мен Иран үнемі бақталас боп келеді. Мысалы, Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесін алалық. 20 жыл бойына Иранның кесірінен бұл мәселені шеше алмай келдік қой. Әрине, Иран Ресейден қолдау күтеді, бірақ Ресей АҚШ-тың Иран ядролық келісімшартын бұзу әрекетіне тосқауыл бола алмайды. Ондай қауқары жоқ. Путиннің өзі мұны ашық мойындаған. Ядролық келісім мәселесінде Иранның басына араша түсе алмайтынын, экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздықтан құтқара алмайтынын айтқан ол алдында» дейді саясаттанушы.

Демек біздің ел де біразға дейін Иран АҚШ тақырыбына байланысты ұстанымдарын ірке тұруға тура келіп тұр.  Себебі ядролық қаруға ие екі елдің арасындағы саяси жағдайдың ушығып кетуі үшінші дүние жүзілік соғыстың басталып кетуіне себеп болуы әбден мүмкін.  Иранды бұрынғы Ирак, Ливия, Сүриямен салыстыруға мүлде болмайды. Батыстың экономикалық санкциялары болмағанда Сауд Арабияның орнына Орта Шығыстан шыққан «Үлкен Жиырмалық» мүшесі Иран болуы да мүмкін еді. Халқының саны да Сауд Арабиясынан екі есе көп және мұнай саласына көбірек тәуелді емес. Экономикасын әртараптандырып үлгірген бай, қуатты Шығанақ соғысы кезінде сыннан өткен теңіз күштері мен артиллериялық күштерін,  зымыран қаруларын қосса  Құрама Штат үшін аз шығын емес. BBC мен VOA сарапшылар, қақтығыс болған күнде және ұзаққа созылған жағдайда Иранның бірқатар артықшылықтарының да бар екенін айтып жатыр.  Сол себепті бұл жанжал осы күнге дейінгі жаңғырығы бірер айдан кейін басылып қалатын дау-дамайларға мүлдем ұқсамайды.

Бүгін Трамп қатаң позиция танытқанымен, түбегейлі соғысты қаламайтыны туралы республикалық партияны қолдаушы америкалық басылымдар жазып жатыр.

Рауан ІЛИЯСОВ,

«Адырна» ұлттық порталы     

Пікірлер