Түлкі мен қырғауыл

1354

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:

- Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халің қалай? – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы өзің қалай тұрасың? – дейді.
Түлкі:
- Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.
Қырғауыл:
- Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.
Түлкі:
- Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы хабараыңыз бар екен, рахмет достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды артына қарамастан қаша жөнеледі.
Қырғауыл:
- Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.
Түлкі:
- Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

 

Пікірлер