Сайрампаз құс (тай ертегісі)
«Азия халықтарының ертегілері» циклынан
Ертеде даусы зор кішкене ғана құс болыпты. Ел-жұрт оған «Бұл – менікі» деп ат қойып, айдар тағыпты, себебі ол әркез егістік пен өзендер үстінен ұшып өтерде:
– Бұл – менікі, бұл – менікі! – деп саңқ ете қалатын ұқсайды.
Бірде әлгі құс піскен жеміс ағашын тауып алады. Жемістің көптігі соншалық, ол бір жылда да тауысып бітіре алмас еді. Ағаш маңында бірде-бір қанатты болған жоқ.
Тұрқы шағындау құс табан астындағы олжасына таңырқап, ағашқа қона кетіп, бұтақтан бұтаққа секіріп, оңды-солды, алды-артындағының бәрін тегіс шоқып, шамалы уақыттан кейін тояты қанады. Алайда, ол өзге де құстар біліп қояды деп сезіктенсе керек:
– Бұл – менікі, бұл – менікі, – деп жан-жақты жаңғырта саңқылдайды кеп.
Даусының қатты естілгені сондай, бүкіл құс атаулы не болғанын білу мұратында сол жерге жиылады. Әлгілерің ғажайып, шырынды, әрі нәрлі жемістерді көрген бойда-ақ көздері ойнақшып, жаздай жадырап, шоқып-шоқып, пыр-пырлап ұша жөнеледі.
Ағашты айналшықтаған байқұс құс бағанағы әуенге басты дейсің:
– Бұл – менікі, бұл – менікі!
Фото ашық дереккөзден алынды
Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.
Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды.
Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!