Жамбылдықтар мемлекеттік бағдарламаның пайдасын көруде

2661
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысының әкімдігі облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Аталған жұмыстар аясында бірқатар нәтижеге қол жеткізілген. Мәселенр, үстіміздегі жылдың 15 мамыры мен 3 шілдесі аралығында «Бизнес – бастау» жобасымен 437 жас кәсіпкерлік негізіне оқытылып, 50 жас  230,8 миллион теңге көлемінде шағын несие алған.

Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге, республикалық бюджеттен 21 миллион теңге, барлығы 324 миллион теңге қаржы бөлінді.

Аталған грант бойынша ағымдағы жылдың 1 мен 12 шілдесі аралығында конкурс өткізіліп, аудандар мен Тараз қаласынан ұсынылған 466 жастың жобалары қаралды. Комиссия шешімімен 158 жасқа грант бөлінді.

Сонымен қатар, жастар жылына орай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 88 жас 44,4 миллион теңгеге грант алып, алдағы уақытта осы мақсатқа 800 жасқа 404 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінбек.

Осы жылдың 24 шілдесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында тұрақты жұмыс орны жоқ жастар үшін қысқа мерзімді 1 айлық курс басталып, 450 жас оқытылуда. Курсты бітіріп, өз ісін ашам деген жастарға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жеңілдетілген кредит немесе мемлекеттік грант алуға мүмкіндіктер бар.

Сондай-ақ, жастар арасында ауыл шаруашылығын да насихаттау көзделіп отыр. Бұл мақсатта облыс әкімдігі жүргізіп жатқан жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жобасы өз септігін тигізбек. Аталған жоба нәтижесінде жастардың кәсіпкерлігі едәуір алға басып, олардың жұмыссыздық салдарынан ауылдан қалаға көшуі де қысқармақ. Бұл өз кезегінде жеке аулаларда өндірілетін халық тұтынатын тауарларды сату мәселелерін де шешетін болады.

 

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер