Қазақ қызы өз міндетін біле ме?

3842
Adyrna.kz Telegram

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», — дейді М. Әуезов. Отбасы тәлім – тәрбиесіне ел тағдыры, халық болашағы байланысты. Халқымызда «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақал бар. Осыдан қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отырғанын білсек керек.

Бүгінде Абай, Шоқан сынды даналарды өмірге әкелген отбасы институтын сақтап қала алмай отырғандаймыз. Шындығына келгенде бала тәрбиесі – жаумен арпалысып, елді қорғаумен тең жұмыс. Бала туылғаннан бастап, жеген тамағы, білгені таза болуын қадағалаудың өзі – қиынның қиыны. Ұлжан анамыз Абайды дәретсіз емізбеген. Ұлжан анамыз ғана емес, дәстүр бойынша кез – келген қазақ осылай тәрбие берген.
Бұл жөнінде Шортанбай Қанайұлы :
Шынарға біткен мақтадай
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың?
- дейді.

Қазақ баланы өмірге келмей жатып құрсақта тәрбиелеген. Сондықтан болашақ ана өз міндетін жақсы білген.
Ерімнің бір тұрманы үзеңгісі
Қыз он бесте келеді түзелгісі.
«Аяғын көр, асын іш» деген сөз бар,
Шешесін көр, қызын ал - сол белгісі!
-дейді Шал ақын.

Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел екенін о бастан болжаған бабаларымыз жар мәселесіне байланысты өсиетті көп айтып кеткен.

Орта ғасырлық ақын Жүсіп Баласағұни үйленер кезде жар таңдауға қатысты төрт түрлі өсиет айтыпты : «Атақты әйелді алсаң, атағына тіленерсің. Бай әйелді алсаң, ұстап- тұтқан затындай меншігіне айналарсың. Сұлуды алсаң, сұлуға сенен басқа көзін тіккен көп, күйеу емес, күзетші боларсың. Ал, адал жарың – атағың да, байлығың, әрі сүйген сұлуың. Үшеуін де қондырғаның қолыңа», — депті.

Шал ақын:
Жақсы қатын алсаңыз,
Жақсылығын білдірер.
Ерін жөнге көндірер,
Анық осы бозбала,
Жұмақтан шыққан хормен тең.
Алғаның жаман жолықса
Жамандығын білдірер.
Ер қадірірін кетірер.
Оның өзі бозбала
Маңдайға біткен сормен тең.
– деп, әйелдің ері алдындағы еңбегі зор екенін айтады.
Осыдан ұққанымыз, отбасы тәрбиесінде әйел адамның орны бөлек. Міндеті мен жүгі ауыр. Қазақ қыздарының қанында бар қасиет бұл міндеттерді орындауға көндіреді. Тек, ер деп сенген азаматымыз атына заты сай болса екен деген тілек.


 

Пікірлер