Қыздары тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады

2860
Adyrna.kz Telegram

Зейнеп АХМЕТОВА, Батыр Баукеңнің келіні:

– Біз егемендік алған алғашқы жылдарда ұлттық құндылықтарға жақсы көңіл бөлінді. Тіпті мемлекеттік деңгейде халық педагогикасына арналған «Атамекен» атты үлкен бағдарлама ашылды. «Атамекен» – мемлекеттік, ұлттық деңгейге көтерілуге тұратын, мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған ауқымды дүние еді. Өйткені ол әрбір саланы қамтитын ұзақ жылдарға арналған кең тынысты бағдарлама болатын. Өкініштісі сол, ол ары қарай қанатын кеңге жая алмады. Осы тұста мен Қазақстан ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында аптасына бір рет екі жыл үзбей «Кәусар бұлақ» халық педагогикасына арналған бағдарламаны жүргіздім. Оның мақсаты – тамыры тереңге кеткен тарихы мен өзіндік болмыс-бітімі бар халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, табиғат-танымындағы алуан қырлы рухани мұрасын бүгінгі күнмен жалғастыра отырып, оны жас ұрпақ бойына жұғысты етуге күш салу болатын. Бұл ұстаздарға өте қажет дүние еді. Ондағы көтерілген мәселелерді талай мектептер игілігіне жаратты. Тіпті Алматыдағы №131 Б.Момышұлы атындағы мектепте мұны тәжірибе ретінде енгізіп, арнайы «Әдеп» атты сабақ ретінде оқытылды. Оған марқұм Заманбек Нұрқаділов қолдау көрсетіп, қалалық әкімшіліктен қаржы бөлгізді. Мен халықтық педагогикаға қатысты мәтіндерді мұғалімдерге бердім, ал олар оның әдістемесін жасап, төменгі және жоғарғы сыныптарға қалай сабақ жүргізу керектігін жазып шықты. Осы ретте біз Қазақстанның барлық дерлік аймақтарынан шақырту алдық. Сонда әр аймақтағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарына барып, бір аптадан семинар сабақтар өткіздік. Осы кезде халықтық педагогиканы мектептерде енгізуге әдемі үдеріс болды. Тіпті Білім және ғылым министрлігіне дейін хат жаздық. Өкінішке қарай, ол жақтан қолдау болмаған соң, бұл іс тағы да аяқсыз қалды. Есесіне орта оқу орындарында америкалық әдіс, еуропалық әдіс деген секілді бағдарламалар жаппай енгізіліп кетті.

– Мектептерге шетелдік тәжірибені енгізу еш негізсіз деп ойлайсыз ба?

– Шындап келгенде, еуропалық әдістердің ешқандай негізі жоқ деуге болады. Ол құмның үстіне соғылған қамалмен бірдей. Қазір шетелден неше түрлі тағамдар ағылып жатыр. Олардың барлығы біздің тектік қасиетімізге сәйкес келмейді, біздің жаратылысымызға жат. Қазақтың тағамдарының көбі – ашымайтын, бұзылмайтын тамақтар. Айталық, құрт, ірімшік, жент, сүрленген ет бұзылмайды. Мұның барлығы көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайланған. Міне, осылар анау ата-бабаларымыздан бастап біздің гендік қасиетімізге сіңген.

Орыстың ғалымдары «генетическая память» дегенді көп айтады. Ол – тектік ес, тектік жад деген сөз. Компьютерде сақталған ақпарат секілді бәленбай мың жыл бұрынғы нәрселер біздің миымыздың талшықтарында да сақталып тұрады. Оған қалай қозғау тиеді, ол бірден бұрқ етіп шығады. Менің ұлттық тәрбиені қайтадан жаңғырту керек дейтінім содан. Егер жаңғыртсақ, ол өзінің арғы жағынан бұрқырап шыға береді.

Негізі, әрбір халықтың өзінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары бар. Ол әрбір халықтың өзіне ғана тән. Оның барлығы, қазіргі тілмен айтсақ, әрбір халықтың энергетикалық жолы. Ол жылдан-жылға қайталана-қайталана үлкен ұлы күшке айналған. Осы ғасырдан-ғасырға өтіп келе жатқан энергетикалық жолдан шығып қалатын болсақ, біз басқалардың энергетикалық жолына ешқашан түсе алмаймыз. Өйткені онда генетикалық ес жоқ. Адамдардың дүбәра, мәңгүрт болып кететіні осыдан. Тағы да қайталап айтамын, бір ұлттың ырым-тыйымы екінші ұлтқа жұғысты емес. Біздің дәстүр тек өзімізге ғана тән. Мысалы, Еуропаның этикасы мен біздің этика сәйкес келе ме? Жоқ. Олар әке-шешесіне «сен» деп сөйлеп, салғыласа береді. Тіпті соттасуға дейін барады. Олар оны сөкет көрмейді, табиғи нәрсе деп қарайды. Ал қазақтың дәстүрінде әке-шешесіне қарсы шығу бар ма? Қай қазақтың баласын көрдің әке-шешесімен жанжалдасқан? Ал еуропалық әдіс қазіргі жастарымыздың санасына сіңсе, ертең солардың жағымсыз әрекеттерін бойларына жинап алмай ма? Мұның барлығы көзге көрінбейтін энергетикалық жол болып кеткен, қанға сіңген қасиет. Еуропа немесе Ресей әдістемелерінің біз үшін негізі жоқ деп отырғаным осыдан.

– Халықтық педагогиканы мектептерге пән ретінде енгізу керек пе?

– Әрине, керек. Мен мұны қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Себебі халық педагогикасы — қазақ халқының сан ғасырдан бергі ата-бабадан ұрпаққа өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәлім-тәрбие жөніндегі тәжірибесі. Яғни ата буын өкілдерінің тәрбие тұрғысындағы жинақталған бай тәжірибелеріне сүйене отырып, өскелең ұрпақты адал еңбекке, ұлтжандылыққа, өнер-білімге баулу, салауатты өмірге бейімдеу, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Мұны ұстаздық тәжірибеде тиімді қолдана алсақ, игі мақсатқа қол жеткізе алғанымыз.

Қазір бізде қазақ мектептері көп. Алайда оның бірде-біреуі ұлттық негізде тәрбие бермейді. Бір сөзбен айтқанда, қазір мектептер мен жоғары оқу орындары жастарымызды адам болуға емес, маман болуға тәрбиелеп жатыр. Онымен қоса, Американың, Еуропаның, Ресейдің оқулықтарынан көшіріп, солардың тәлім-тәрбиесі үлгісінде оқытып жатырмыз. Онымен қоймай, шетелдің әдістері деп мақтанамыз. Осылайша ұлттық өнеге, ұлттық намыс, ұлттық әдеп дегеннен қазіргі жастар мақрұм қалып барады. Бір жағынан, жастарды кінәлаудың да қажеті жоқ. Біз өзіміз соларға ұлттық тәлім-тәрбие беріп, оларды ұлттық өнегенің уызына жарыта алып отырмыз ба? Жоқ! «Бізде қазақша мектептер мен балабақшалар көбейіп жатыр» деп мақтанамыз. Бірақ бізде шынайы ұлттық мектеп, ұлттық балабақша жоқтың қасы. Сондықтан бұл жерде, ең бастысы, ұлттық дүниелерге басымдық беруіміз қажет. Тіпті білім ошақтарында ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тіл, дін, діл деген секілді асыл қасиеттерімізді жастардың бойына сіңіретін арнайы пән енгізсек те, артықтық етпейді. Әрбір аурудың өзінің емі болатыны секілді осындай батыстық індетке ұлттық өнегемізбен, қазақи болмысымызбен қарсы тұруымыз керек. Әйтпесе жаһандану деп жанұшырған заманда өзгенің өңешіне жұтылып кетуіміз ғажап емес.

– Сіздіңше, халықтық педагогиканы қалай енгізуіміз керек, қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Бізде өзі қызық, егер жоғарғы жақтан халық педагогикасына көңіл бөлінуі керек деп тапсырма берілсе, осыны істейтіндер табылады. Сондықтан бұған, ең бірінші, Үкімет тарапынан қолдау қажет. Мұны мектептерге жеке пән ретінде енгізгеннен кейін оның әрбір сағатына қаржы бөлінуі керек. Одан кейін арнайы ұлттық бағдарлама жасап, оған ғалымдарды емес, бұрын мектептерде ұзақ жыл жұмыс істеген, тәжірибесі мол педагогтерді тарту қажет. Негізгі ұлттық бағдарламаның әдістемелерін солар жасағаны жөн. Онымен қоса, елімізде мықты-мықты небір этнографтар бар, көзі ашық, көкірегі ояу ақсақал қарттарымыз бен ақ самайлы әжелеріміз бар, осылардан үйренеріміз көп. Олардан ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды алып қалуымыз қажет. Бұл жерде басқа жақтан бірдеңе алудың керегі жоқ. Барлық өнеге қазақтың өзінде тұр. Әрбір мақал-мәтел, әрбір өлең-жыр, қара сөзге шейін – тұнып тұрған тәрбие. Қазақы дәстүрді ғылыммен байланыстыру керек. Әрбір ырым-нанымның, тыйымның астарын ашып, жастардың санасына сіңіруге тиіспіз. Сонда жастарымыз жақсы қабылдайды. Халық тәлімінің тағылымдарын пайдаланып өткізген сабақ оқушының пәнге қызығушылығын арттырып, белсенділігін нығайтады. Сонымен бірге оқушының ойын дамытып, өзіндік пікір айтуға үйретеді, дербес ойлап, әрекет етуге жетелейді. Нақты мысалдар арқылы түсіндірілген сабақ оқушы білімін үнемі толықтырып отырады. Біріншіден, тәрбие беру ұтымды әрі ұтқыр түрде жүргізіледі. Екіншіден, сабақтың мазмұны байып, құндылығы артады, оқушылардың білімі молаяды. Егер мұғалім кезекті сабағында шәкірттердің білімін толықтыруға, тұлғалық мәдениетін дамытуға көңіл аударса, келесі бір сабақты халқымыздың дәстүр-тұрмыс, салт-сана көріністеріне негіздеп, қазіргі жеткіншек жете біле бермейтін халықтық ұғым-түсініктерді, жөн-жоралғыларды түсіндіруге арнауы тиіс. Оның үстіне қазір жастарымыздың барлығы интернетті жақсы меңгерді.

Интернетке қазақтың ұлттық құндылықтарын таратып, қазақы дәстүрді дәріптейтіндей жақсы дүниелерді кіргізсек, ол да үлкен септігін тигізер еді.

 

Тегі, басқаны айтпай-ақ қояйық, қазақтың мақал-мәтелдері мен өлең-жырларын алып қарайықшы, барлығы – тұнып тұрған тәрбие. Осы арқылы ғана сабақ беруге, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, тәлім беруге болады. Мәселен, «тікенді жолда жатқан алып таста, кірмесін өзіңе де, өзгеге де…» дейді. Осы төрт тағанды қара өлеңнің өзінде қаншама мән жатыр. Себебі қазақ жолға күл-қоқыс тастамаған. Оны көрген адам міндетті түрде алып тастайды. Өйткені үлкен де, кіші де, жақсы да, жаман да жүретұғын, әр адамның арманын алға қарай жетелеп тұратын жол қасиетті саналған. Міне, бір ауыз өлеңнің өзінде қаншама тәрбие жатыр. Осыларды жастардың құлағына сіңіру арқылы тәрбиелеуге болмай ма? Болады. Бұған тек құзырлы органдар тарапынан құлық керек. Білім және ғылым министрлігінің бұдан қашқақтайтын себебі — осыны өздері түсінбейді. Мұны қалай жасау керектігін білмеген соң, шетелдің көшірмелерін тықпалап отыр.

– Жоғары оқу орындарында халықтық педагогика мамандарын дайындайтын арнайы кафедралар, зертханалар ашу керек дегенге қалай қарайсыз?

– Бізде кейбір жоғары оқу орындарында этнопедагогика факультеттері бар. Алайда олардың қазіргі жұмыстары халық педагогикасынан алшақ жатыр. Этнопедагогика дейді де, басқа жақтың неше түрлі, тіпті ғалымдардың жазған дүниелерін көшіріп алады. Олай болмауы керек. Мен қайталап айтамын, біздің мақал-мәтелдерімізде, тіпті қарапайым қара өлеңдерімізде, жыр-толғаулар, шешендік сөздеріміз халық педагогикасына тұнып тұр. Тек ата-бабамыздан қалған сол асыл мұраны өзіміз игере алмай отырмыз.

Әрине, халықтық педагогика дәстүрінде білім беруді қазақ мектептерінің оқу бағдарламасына енгізе салу бір күнде шешілетін шаруа емес. Бұған кезең-кезеңімен көше отырып, мәселенің түйінін шешудің бірнеше жолын қарастыру қажет. Біріншіден, оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу және ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу; екіншіден, жоғары оқу орындарында нағыз халықтық педагогика мамандарын дайындайтын факультеттер ашу; үшіншіден, БАҚ арқылы насихат жұмыстарын жүргізу; төртіншіден, халық педагогикасы дәстүрінде білім беруді оңтайландыру үшін оның бұқаралық болуы, арнайы веб-портал құру; бесіншіден, оқу-тәрбие процесін халық тәлімі негізінде жүргізетін мұғалімдердің шығармашылығын арттыру, ынталандыру мақсатында арнайы оқу курстарын ұйымдастыру; алтыншыдан, мектеп оқушылары арасында халық педагогикасына негізделген пән бойынша арнайы олимпиадалар өткізу сияқты іс-шаралардың бүгіннен бастау алуына жол ашуымыз керек. Аталған мәселелердің түйінін тарқатсақ, білім беру мен тәрбиелеудің ұлттық жаңа жүйесін қалыптастыра алған болар едік.

– Қазір жастардың арасында арақ ішу, темекі тарту, СПИД, нашақорлық, қыздарымыз тұрмысқа шықпай жатып балалы болу деген секілді жағымсыз қылықтардың көбейіп кетуінің бір ұшы осы халықтық педагогикадан ажырап қалғандығымыздың салдарынан емес пе?

– Әрине, бұрындары ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық тәрбие көзі ауылда жақсы сақталған болатын. Алайда қазір ауылдың да тоз-тозы шықты. Барлығы да жанбағыстың қамымен ала қоржын арқалап, қалаға ағылды. Жастарымыз да батыстың жағымсыз қылықтарына еліктеп, оның үстіне мектептерде де дұрыс тәрбие берілмеген соң, мұның ақыры жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуіне, жаман әдеттерге бой алдыруына алып келді.

Мәселен, өзбектер, тәжіктер, тіпті ғылым мен техникасы жақсы дамыған жапондардың өзі қандай?! Олар ұлттық құндылықтарынан айырылып жатыр ма? Жоқ. Ал біз ше?.. Қалай десек те, қазақ дейтін іргелі елде, бір кездегі текті елде, тамыры тереңге кеткен ұлттық өнегесі бар салауатты елде жетімдер үйінің көптеп ашылуы, онда қазақ балаларының көбейгені елдің елдігіне, халықтың халықтығына сын. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне жіті көңіл бөлмесек, ертең сан соғып қалуымыз ғажап емес. Өйткені қыздары тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады. Бұл – бұлтартпас тарихи шындық. Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру арқылы ғана жоғарыдағы жағымсыз әрекеттерге тосқауыл қоя аламыз.

Алашқа айтар Датым…

Қазіргі қарттар – кешегі Кеңес өкіметінің коммунистері. Олар кеңестік қағидалармен тәрбиеленді, олардың басына құдайсыздықты сіңірді, ортақ ережеге бағындырды. Осылайша ерікті-еріксіз түрде ұлттық құндылықтарымыздан көз жазып қалдық. Олардың қазіргі жастарға көрсетер ұлттық тәрбиесі де, айтары да аз. Жарайды дейік. Енді ол кезде бір саясатқа бағындық. Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған заманды бастан өткердік. Рас, бөркімізді Мәскеуге қарап түзедік. Ал қазір бізге не кедергі? Өзіміздің ұлттық қасиетімізді, ұлттық құндылықтарымызды, бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұрпағымызды тәрбиелеуге кім кедергі болып отыр? Айналып келгенде, бұған тағы да өзіміз кінәліміз. Қазір демократияның арқасында жаһандану деп есігімізді айқара ашып жібердік. Бізге қазір кімдер, нелер келмей жатыр? Өзгенің жақсысы мен жасығы да, адалы мен арамы да кірді. Өкінішке қарай, біз талғап отырғанымыз жоқ. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, соның бәрін мәдениетке балап жатырмыз. Тіпті мына көрші отырған Өзбекстанда «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген жақсы бағдарлама бар. Ол Кеңес өкіметінен бері қарай әлі күнге дейін тоқтамай жүріп келеді. Онда ақ сақалды қариялар, көпті көрген кісілер адамгершілік, тектілік, ізеттілік жайлы үнемі әңгіме айтып отырады. Ал бізде ше? Қаптаған шоулар мен жастарды қатыгездікке, тексіздікке баулитын фильмдерден көз аша алмай қалдық. Неге телеарналардан халықтық педагогикадан дәріс беретін, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттайтын, оны нақтылап ұғындыруға күш салатын хабарлар ашпасқа?!

 


 Серік Жұмабаев

«Алаш айнасы».

Пікірлер