– «Өнер жолы – ауыр жол» деп жатады ғой. Сіз өнерге қалай келдіңіз?
– Мен Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келдім. Осында балалар музыка мектебінде тәлім алдым. Он бір жылдықты бітірген соң, анамның қалауымен Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге оқуға түстім. Көңіл қалауы бәрібір өз дегенін жасатады екен.
Колледжде оқып жүріп, дәстүрлі әннің насихатшылары М.Ешекеев, К.Өлмесеков сынды ағаларымнан дәріс алдым. Педагогикалық колледжді бітірген соң, осы кісілердің ақ батасын алып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түстім. Мұнда «Дәстүрлі ән» бөліміне Бекболат Тілеуханның сыныбына қабылдандым. Осы уақытқа дейін домбыра мен сырнайда қатар ойнап келгенмін, кейіннен Бекболат аға: «Сырнай дәстүрі кенжелеп қалды, оның көп репертуары да жарыққа шықпай жатыр», – деп таза сырнайға қарай ауыстырды. Консерваторияда оқып жүріп, президент оркестрінде қызмет істедім. Аталмыш өнер ордасын тәмамдаған соң, Бекболат Тілеуханның жетекшілігімен екі жыл аспирантурада оқыдым.
- Өнермен қатар, ғылыммен де шұғылданасыз ба?
- Менің «Қазақтың музыка мәдениетіндегі сырнаймен ән айту дәстүрі» деген ғылыми тақырыбым Алматыда консерваторияда оқып жүргенімде бекітілген. Шығармашылығым, отбасым деп жүріп жұмысымды жандандыруға мүмкіндік болмады. Елордаға ат басын бұрған соң тақырыбымды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауыстырдым. Алла қаласа алдағы уақытта кандидаттық диссертациямды қорғасам деймін.
– Бір сөзіңізде анамның қалауыммен педагогикалық колледжге түстім деп қалдыңыз. Сонда анаңыз өнер жолына түсуіңізге қарсы болды ма?
– Мектепті бітірген соң оқуға түсер алдында анаммен ақылдастым. «Әнші деген қыз балаға тән мамандық емес, ертеңгі күні жар боласың, ана боласың, мұғалімдік нағыз қыз баланың қолы» деп анам өнер жолына түсуіме қарсылық білдірді. Содан анамның бір ауыз сөзін жерге тастамай, педагогикалық колледжге түстім. Бірақ, оған еш өкінбеймін, себебі, рухани азық жинадым.
– «Дәстүрлі әнге сұраныс азайды, бұл өнер түрі кенжелеп қалды» деген пікірге не айтасыз?
– Мұндай пікірмен келіспеймін. ХІХ ғасырда негізін салған дәстүрлі әнді орындаушылар ХХ ғасырда бізге жеткізді. Күні бүгінге дейін дәстүрлі ән өзінің қалыбын жойған жоқ. Эстрада жанры төтеннен келіп, аз уақыттың ішінде белең алған бір толқын секілді. Қазіргі уақытта фонограмманың арқасында әншілердің қатары көбейді. Егерде, «фонограммамен ән айтуға тыйым салынсын» деген заң қабылданатын болса, тек көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер ғана өнер сахнасында қалады.
– Өнермен қатар, ұстаздықты да қатар алып жүрсіз?
– Мырзатай Жолдасбековтың шақыртуымен Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша студенттерге сабақ бердім, қазір бұл мамандық жабылып жатыр. 2001 жылдан бері музыка академиясында «Сырнаймен ән айту дәстүрі мен Арқа әндері» мамандығы бойынша тәлім алып жатқан студент-жастарға дәріс оқимын.
– Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген замандастарыңызға көңіліңіз тола ма?
– Дәстүрлі әнге сұраныс азайғанмен, оның деңгейі бүгінде жоғары деп санаймын. Бізге әрдайым үлгі болған аға-апаларымыз: «Қазіргі жастардың арыны қатты, ертеңгі күні дәстүрлі әнді халыққа кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосатын осы жастарымыз болады» деп өздерінің оң пікірлерін білдіріп отырады. Осыдан-ақ, деңгейіміздің біршама ілгерілегенін көруге болады.
– Қай өнер түрін болмасын жарнамалаудың ең оңтайлы тәсілі – бейнебаян. Дәстүрлі әндерге бейнебаян түсіру жағы қалай?
– Дәстүрлі әндерге бейнебаян түсіріліп жатыр, бірақ өте аз. Қазіргі жастар газет-журнал оқымайды, қолы қалт етсе компьютерде отырады, одан қалды көгілдір экранға телміреді. Бірақ, ең төменгі бағаға түсірдім дегеннің өзінде бір бейнебаянды 5-6 мың долларға түсіресіз. Одан кейін оны телеарналардан насихаттау үшін тағы қыруар қаражат қажет. Мен халық әні «Бұлбұлымға» бейнебаян түсірдім. Ол бірнеше жинақтарға енді.
– Кейінгі кезде эстрада әншісі ретінде де танылып жүрсіз, бұл сіздің де эстрадаға бетбұрыс жасағаныңыз ба?
– Жоқ, мен дәстүрлі әнші ретінде қаламын. Мүмкіндік болып жатса, қабілет-қарымыңыз келіп жатса, әр қырынан ашылған да дұрыс. Эстрада жанрында Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған Медет Салықовтың «Жібек сезім» әні шықты, оған бейнебаян да түсіріліп, бүгінде телеарналардан насихатталуда. Енді тағы бір «Нағашыма» деген әнді шығарғалы жатырмыз. Әні Медет Салықовтікі, сөзінің авторы белгісіз. Медет сөзін ұялы телефоннан тыңдап, көңілінен шыққан соң әнін жазған-тын. Қазір авторын іздестіру үстіндеміз.
– Өмірлік жарыңыз Медет Салықов та өнер адамы. Сіздерде «Отбасында бір өнер адамы болса жетеді» деген пікір жоқ па?
– Жан жарымның өнер адамы болғаны маған берілген бақ деп санаймын. Шығармашылықтың адамы болғандықтан Медет менің өнеріме түсіністікпен қарайды. «Сен оқыдың, қаншама жыл іздендің, сондықтан өнеріңді жарыққа шығаруға тиіссің» деп әрдайым өзі қолдау білдіріп отырады. Әйел – отбасының ұйытқысы болғандықтан, балаларымыздың тәрбиесі менің мойнымда. Шығармашылық жұмыстарымның барлығын Медет өзі реттеп, гастрольдік сапарларға шығуыма да септігін тигізіп, барлық жағдайымды жасап отырады. Сондықтан бізде өнер жағынан келгенде түсінбеушілік жоқ, әрдайым бір-бірімізді қолдап отырамыз.
– Медетпен қалай таныстыңыздар, отбасында қаншалықты татусыздар?
– Біз бір-бірімізді студент кезімізден білеміз. Алғашқы курстан араласып, кейіннен консерваторияны бітірген соң шаңырақ көтердік. Ақкербез, Әйгерім сынды қос ботамыз бар. Отбасында әрдайым пікірлесіп отырамыз, бірлігіміз жарасқан ұйыған отбасымыз десем, артық айтқандығым болмас.
– Жасыратыны жоқ, ене мен келіннің арасындағы «тартыс» бүгінде өзекті тақырыпқа айналды. Сіздерде қалай?
– Құдай сақтасын. Біз енем екеуміз өте бейбіт өмір сүреміз (күледі). Біз бөлек тұрамыз, бірақ, енем бізге жиі келіп тұрады, айлап жатып, немерелерінің ортасында болып кетеді. Енемнің мінезі жайлы, сондықтан біздің арамызда ешқандай келіспеушілік орын алған емес.
– Жұбайыңыз Медеттің мінез-құлқындағы жақсы, кемшін қасиеттерді атай аласыз ба?
– Мен Медеттің адамгершілік қасиетін баса айтар едім. Өте көпшіл, айналасындағыларға мүмкіндігінше қол ұшын бергісі келіп тұрады. Ал, бір кемшілігі – өте ұмытшақ. Қойған нәрсесін таба алмай, әрдайым әуре болып жүреді.
– Арнайы стилисттеріңіз бар ма?
– Мен сахналық киім үлгілерін «Әйгерім» тігін салонында және Қайролла деген тігіншіге тіктіремін. Көбіне киім үлгілерін газет-журналдардан, кітаптардан қарап, өзім таңдаймын.
– Эстрадалық әндермен екінің бірі тойға шығып жатады, ал, мұндай думандарда дәстүрлі әндерге сұраныс бар ма?
– Дәстүрлі әндерге сұраныс бар. Тойларға шығуға ұсыныс түсіп жатады, барамыз. Көбіне дәстүрлі әнді тойдың басында сұрайды.
– Бағаңыз қандай?
– Бұрындары өнер тарландары Ақан сері, Біржан салдар да тойға шыққан ғой. Сонда өнерлеріне сүйсінген халық шама-шарқынша сый-сияпат жасап, шығарып салған. Менде де арнайы баға жоқ, бергенін аламын.
– Жеке көлігіңіз бар ма, жүргізе аласыз ба?
– Шыны керек, осы уақытқа дейін көлікке қызықпаппын. Осы жылы үлкен қызымыз мектепке, кішіміз балабақшаға барады. Медет көбіне түзде болғандықтан, көптеген қажеттіліктерді өзім атқару үшін көлік жүргізуді үйренуіме тура келді. Қазір көлік жүргізуге берілетін рұқсат құжатын алдым, аздап жүргізіп жүрмін.
– Өнерден өзге, қызығушылығыңыз қандай?
– Гүл өсірумен айналысқанды жақсы көремін. Оларды күтіп, баптап, гүлдегенін көргенде сондай қуанамын. «Герон» гүлінің мен үшін орны бөлек. Гүлдердің тарихына үңіліп, сондай әуестенбеймін, тек өсіріп, баптағанды жаным сүйеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Меруерт НАУРЫЗБАЙ