Ән – Қазақтың ұлттық ажары

2504
Adyrna.kz Telegram

Адамның рухын көтеретін де, көңілін құлазытатын да және жайнатып жадырататын да ән. Бірінші кезекте әуен болғанмен де, сөз құдіретінсіз әннің бағы жануы тағы да екіталай. Екеуі бір жерден үйлесім тапқаннан кейін ғана ол жүректерге жол тартады…
“Әннің де естісі бар, есері бар” депті хакім Абай. Кейбір әуендер ерекше әсер беріп, жүрегіңді тербетсе, кейбірі керісінше жүйкеңе кері әсерін тигізеді. Бұл табиғи құбылыс. Жақсы әуенді нашарынан ажырату жайын білдіргендей.
Көңілді отырыстарда, немесе көңілді бір шаттық кернегенде, адам жаны жадырап ән айтқысы келеді. Сонда сізге біреу “мына әнді айт” демейді, өзіңіздің жүрегіңізге жақын әнді, өзіңіз таңдайсыз және оған дауысыңыз келсін, келмесін ыңылдап айта бастайсыз. Өйткені жүрек қалап тұр. Міне, бұл саз құдіретінің жаныңды ерекше баурап алатындығының белгісі болса керек. Назым Хикметтің “Адамның жан-дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек” дегенінің де түп-төркіні осыған саяды.
Қазақтың барлық жан дүниесі өзінің халықтың музыкасынан көрініс тауып жатқандай. Халық әндерінің қай-қайсысын алып қарасаңыз да бір бірін қайталамайтын өзіндік ерекшелігімен құлақ құрышын қандырады. Махаббат тақырыбына келгенде “Айқаракөз”, “Дайдидау”, “Әдемі-ау”, “Тобылғысай”, жан дүниеңе әсер ететін “Арман-ай”, “Ахау, сабаз” секілді әндер уақыт өткен сайын асылдана түскендей. Ұлттық рухты бойына бала жасынан сіңіріп, халық әуеніне сусындап өскен әрбір жастың атадан балаға бұл әуендерді жеткізуі табиғи заңдылық та.

Күні бүгінге дейін қазақтың басынан нелер қиын замандар өткені тарихтан белгілі. Олардың кейбірін бүркемелеп жасырып, небір асылдарымыздан айырылып та жаттық. Тағдырдың түрлі елегінен өтіп, осы уақытқа дейін тамырына балта шабылмай, екі асыл мұрамыз өлмей келеді. Оның бірі — бойымызға ана сүтімен дарыған құдіретті тіліміз болса, екіншісі халықтың асыл қазынасы – халық әндері. Өзге жұрттан ерекшелейтін ұлттық сазы қазақтың қандай дархан көңілді халық екенін аңғартып тұрғандай.

Бір таңқаларлығы, халық әндері мен халық композиторларының әндерінде қазіргі сазгерлеріміздегідей “әнін жазған ол, сөзін жазған мен, әуенін өңдеген анау” дегенді байқамайсыз. Халық композиторларының әндерінің өзі бөлек бір төбе. Қазіргі әңгіме арқауы болып отырған халық әндері жайында болғандықтан, оны кейінге ысыра тұрайық.
    Халық әнінің уақытша кейінге ысырылып, жеңіл әуендер басып бара жатқанының бір себебі — дәстүрлі әндерді насихаттауда кемшін тұстардың көптеп кездесуі және осы жайында байқаулардың аз өткізілуі. Төрт жылда бір өткізілетін Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауынан басқа халық әндерін, халық композиторларының әндерін насихаттайтын байқауларды байқамай жүрміз. Жуырда Астанада аталған байқаудың қалай өткенінен көрермен жұрт хабардар болар. Бұған да шүкіршілік еттік. Халық әндеріне аса бір қызығушылықпен ден қойған әншілер болмаса, дәстүрлі ән тыңдау кенже қалып бара жатыр. Мұндай байқаулар жыл сайын өтсе де артықшылық етпейді.
Қазақтың ұлттық ән-күйі баға жетпес құнды дүниелер. Оның әр әуенінде өзіне сай мұң, сағыныш, махаббат лебі жатыр. Сондықтан да оны бала жүрегіне жастайынан құю және үйрету ләзім. Ғұмыры мәңгілік бұл әуендер келер ұрпақты бесік жыры болып тербетпек. Мұнда қазақ ұлтының бүтіндей бір қазынасы жатқанын ұмытпайық! Халық қазынасы – халық әндерінде!


Жанат Жұмағалиева

Пікірлер