Жамбылда тиімді бағдарламаның арқасында146 азамат үйлі болды

3207
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ел иглігіне 80 нысанды пайдалануға берілуде. Солардың бірі Тараз қаласындағы  тоқсан пәтерлі 9 қабатты екі тұрғын үй болып отыр.

Тараз қаласындағы Қаныш Сәтпаев көшесінде құрылысы жүріп жатқан «Нұрлы таң» кешенінің аяқталып, ел игілігіне берілді. Аталған тұрғын үйді азаматтар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы бойынша алып отыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, қуаныш иелерін құттықтады.

«Бүгін қаламыздың 44 отбасы жаңа үйдегі өз пәтерлерінің табалдырығын аттап отыр. Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының негізі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын назарға ала отырып, жыл басынан бері өңірімізде 10 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жаңа жылға дейін облыс орталығының жаңа 15-ші шағын ауданында тағы төрт бірдей арендалық және үш несиелік үй пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Оның шеңберінде кезекте тұрғандарға 146 пәтердің кілті берілді. Сондай-ақ, «Арай» және «Қарасу» алқаптарында 360 пәтерлік сегіз жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өздеріңіз көріп отырғанымыздай, тұрғын үй мәселесі уақытылы және сапалы шешіліп келеді, – деді Бекболат Орынбеков.

Ерекше үлгідегі тоғыз қабатты монолитті үйлер Тараз мемлекеттік университетінің «Гидро» кешенімен көршілес орналасқан. Салтанатты түрде кілт табыстау рәсімінде құрылысы аяқталған екі тоғыз қабатты үйге тұрғындар қоныстанды. Солардың бірі Гүлсара Балкенова өз қуанышымен бөлісті.

«Әу баста үй алатын кезде қаланың экологиялық таза ауданынан птер іздедік. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесіне назар аудардық. Көріп отырғандарыңыздай, тұрғын үй кешенінің айналасы толықтай қоршалған. Бұл әсіресе біз сияқты көпбалалы отбасылар үшін өте қолайлы. Сонымен қатар аулада тұрғындардың ыңғайлылығы үшін ойын алаңдары, демалуға арналған жасыл желекті аумақтар бар. Ең бастысы тұрғын үй кешенінің маңында орта мектеп пен «Дарын» мектебі орналасқан. Алдағы уақытта жаңа нысанның аумағына 150 орындық балабақша салу жоспарланып отыр бір сөзбен айтқанда өте қуаныштымыз», – дейді ол.

Аталмыш көпқабатты тұрғын үй құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» компаниясы құрылыс жұмыстарын бір жыл ішінде аяқтаған.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер