Қазақтың ерке назды, нәзік сазды әсем әнін үзілте шырқағандаеміренбей, көңіл толқытпай тыңдай алмайсың. Иісі қазақ әуені көкірегіңді керниді, ырғағы тұла бойыңды көкке көтеріп әкеткендей күйге бөлейді. Міне, сол – нағыз ұлттық ән-әуен. Дәстүрлі музыкамызды жаңғыртып, жаңашылдықпен үйлестіре орындап жүрген бір топ бар. Дәстүрдің өшпес өрнегі мен жаңаның өміршең ырғағы – «Қоңыр» этно-эстрадалық тобы. Сахнаға шыққанына көп болмаса да, ұлттық нақышта ән орындап, халықтың сағынған ұлттық сазды ырғағы мен нақышын бұзбай орындап жүр. Олардың өнердегі серіктері – қазақтың ұлттық аспаптары. Мархабат – домбыра мен шертер, Бауыржан – шаңқобызда, ал Жазира — әсем әндерді орындаушы.
– Қоңыр тобын құруға не түрткі болды? Неге топты «Қоңыр» деп атадыңыздар?
Мархабат: Алғашында мен өзім жалғыз ән айтып жүрдім. Негізі дәстүрлі әншімін ғой. Сосын Ғалым Доскен ағамыз этникалық топ құру туралы ой тастады. Бірақ өзім қорқып жүрдім. Біраз уақыттан соң ой қосу керек, жолын білу керек, көмек керек болды. Сонда Сержан Молдасанұлы продюсерлікті өз мойнына алып, бағдарын, мақсатын, қандай әндерді орындау керектігін айтып, аты әлі қойылмаған топқа әншілерді іріктеу басталып кетті. Отыз шақты адамның ішінен Жазира мен Бауыржан таңдалып алынды. Екеуі де Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің түлектері.
Жазира: Жалпы «қоңыр» деген мағынаны көбісі түс деп таниды. Негізі қазақтың даусы да, даласы да, аспаптарының үні де қоңыр: домбыра да, қобыз да, сазсырнай да. Шәңкілдеп тұрған аспап жоқ бізде. Қазір сахнаға алып шығып жүрген аспаптардың барлығы қоңыр үнді. Қазақ баласына қоңыр мінезділік, яғни байсалдылық, сыпайылық тән. Сондықтан даусымыз да, аспаптарымыздың үні де қоңыр болғандықтан осы атауды жөн көрдік. Қазақтың болмысы қоңыр емес пе? Қазақ пен қоңыр сөзі егіз ұғым. Біздің жалпы мақсатымыз – халық әндерін жаңартып, соны дәріптеу, өңдеп қайтадан елге таныту, жұртшылыққа жаңаша түрде насихаттау, ән ырғағын, мелодиясын бұзбай, ұмытылған қазақтың ұлттық аспаптарын қайтадан жарыққа шығару, насихаттау.
– Сіздердің орындауларыңызда тек қана халық әндері ме әлде сазгерлердің әндері де бар ма?
Мархабат: Әзірге біз үш халық әнін орындап жүрміз: «Сәулем-ай», «Әпитөк», «Жалғыз ағаш».Тұрсынжан Шапай ағамызбен тығыз шығармашылық байланыстамыз. Шәмші ағамыздың әндерін де орындаймыз. Т. Серіковтың, Ж.Артықбаеваның әндері бар. Жас композиторлардың әнін жазып жүрміз.
– Қандай аспаптарды әнге қосудасыздар? «Қоссаз қазақтың ұлттық аспабы емес» деген сөз де бар?
Мархабат: Иә, оны өз құлағыммен естідім де. «Қоссаз» деп аталатын аспап бұрыннан болған. Негізі ол туралы қазақ аңыздарында да кездеседі, мен ойлап тапқам жоқ.
Қазақтың көрнекті қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 80-жылдары осы аспаптың шығуына тікелей себепкер болды. Сол кісінің бастамасымен 1985 жылы Алтынбек Құмаров қоссазды жасап шығыпты. Мәскеуде тақырыбын «домбыра» деп алып диссертация қорғаған. Былай қарасаңыз, үсті домбыра, асты шертер. Екеуі де дәстүрлі аспап. Екеуін екі жеке қос иығыма асып шықсам, мен әуен ырғағына ілесе алмай қалуым мүмкін әрі бұл өте қолайсыз балары сөзсіз. Мойны бірге болған соң ерсі көрінуі мүмкін, бірақ бірге жасалған екі түрлі аспап.
Халық ұмытылған аспаптарды өз көзімен көргені дұрыс. Бауыржан шаңқобызда ойнайды, Жазира да құралақан емес.
– Киім кию стильдеріңіз қандай? Ұлттық музыкамен қатар ұлттық киімді насихаттайсыздар ма, әлде жаңаша стильді ұнатасызар ма?
Жазира: Киіміміз заман талабына қарай, бірақ қазақы оюлармен өрнектелген. Бізде этно-эстрадалық стиль ғой. Көбі бізге «неге жаңаша киініп шығасыздар?» деп кінә тағады. Топтың этно-эстрадалық екенін ұмытып кетіп жатады. Мүмкіндігінше, бұрынғы салтымыз бен қазіргі эстраданы байланыстыруға тырысамыз.
– Қазақ эстрадасының киім кию стиліне қалай қарайсыздар?
Жазира: Көңілім толмайды, әр әншінің өзіндік жеке стилисті болуы керек қой деймін.
– Халық, соның ішінде жастар қауымы сіздердің орындауларыңыздағы музыканы қалай қабылдап жатыр?
Бауыржан: Өткенде концертке шетелде оқитын бір қазақ қызы келген екен, сол арнайы біздің альбомымызды өзімен бірге ала кеткен. Ол не деген сөз, ол шетелдің музыкасын қанша тыңдаса да, қанымызда бар рухани нәрсе – ұлттық сазды еш ұмытпайды. Қазақпыз, қазақ болып қаламыз! Қанда бар өзіміздің ата-бабамыздың әндері болғаны үшін қуанамыз.
– Шетелдік шоу бизнесті бағындырғыларың келмей ме?
Жазира: Әрине. Қазақстанның атынан тура осы бағытпен, осы өнерімізбен шет елдерге шыққымыз келеді. Әзірге аяғымыздан тік тұрып алайық. Аллаға шүкір, болашаққа жоспарларымыз да бар. Басқа да аспаптар қосқымыз келеді. Қазақ бейжай тыңдай алмайтын қылқобызда ойнаймыз. Соның бәрін қосып, шетелге шығарсақ, нұр үстіне нұр болмақшы. Музыка басталып жатқанда қай елдікі екенін біліп тұрасың ғой, сол сияқты біздің аспаптардың үні естілгенде бірден қазақ деп танып жатса игі.
– Сіздерді халық «Ұлытау» тобының көшірмесіне ұқсатады. Тек аспаптарыңыз басқа екен…
Мархабат: Жоқ, «Ұлытау» тобының стилі рок бағытқа жақын. Ал біз композиция орындаумен қатар, ән айтамыз. Мүлде ұқсастық жоқ қой, аспаптарымыз да келіспейді.
– 31-арнадағы «Жұлдызбен жүздесу» бағдарламасына көрермен тарапынан сын көп айтылуда. Ал өнер адамдары не айтар екен?
Мархабат: Жалпы әншілерді халыққа танымал ету, имиджін қалыптастыру жағынан өте керек бағдарлама. Тек той мәнерінде жүргізетіні болмаса. Журналист емес екені бірден көзге ұрып тұрады. Әншілердің білім деңгейін тексерумен қатар олардың бір-бірінен артық кемін айтып отырады. Ол әншінің шамына тиіп қалады ғой.
– Өмірлік ұстанымдарыңыз қандай?
Бауыржан: Қазақ әндерін көкте самғату, әлемдік деңгейге шығару.
– Қандай газет-журналдар оқисыздар?
Жазира: «Stars.kz», «Жұлдыздар отбасы» журналдары мен «Айқын», «Жас қазақ» және «Қазақ әдебиеті» т.б. газеттерін үзбей оқимыз.
– Кей орындаушылар алғашқы кезде дәстүрлі әндермен жап-жақсы көрініп алады, кейіннен бұл сипатын жоғалтып жатады.
Мархабат: Сахнаға шыққанда қоңырлатып өз табиғатымызға сай ән айтамыз. Басқаша стильдегі ән айтып кетсек, онда біздің топтың аты несіне «Қоңыр» болады?.. Ол үшін топтың атын өзгертуге тура келеді. Сондықтан, біз өз табиғатымызды жоғалтпаймыз.
– Ән салып, домбыра тартудан басқа қандай өнерлеріңіз бар?
Жазира: Билеймін, гитарада, қобызда, фортепьянода, ямахада ойнаймын.
Мархабат: Тарихи кітаптарды оқимын. Әсіресе М. Мағауиннің шығармаларын ұнатамын.
Бауыржан: Шаңқобызда ойнаймын. Үстел үсті теннисін де жақсы көремін.
– Әншілердің тойда ән айтқанына қалай қарайсыздар?
Бауыржан: Әншілерді ешкім қаржыландырмайды. Тойдан келген ақша ән жаздыруға, альбомға, бейнеклипке жетер-жетпес қана. Киімге тіптен қалмайды да. Сол себепті де тойға барғанның еш сөкеттігі жоқ.
– Қандай жоспарда жұмыс жасап жатырсыздар?
Мархабат: Бір альбом жарық көрді. Сонда екінші альбом да дайын боп қалар деген үміттеміз.Бейне клиптіміз де дайын.. Мамыр айының 26-шы жұлдызында Республика сарайында концерт бердік. Кешке келген көрермен қауым демалып, сондай-ақ, рухани сусындап қайтты деп ойлаймыз.
Қызықты оқиға
Топ мүшелерінің айтуынша, қызықтың бәрі Бауыржанның басынан өтеді екен. Бірде гастрольдік сапармен Атырауға жол тартқан қоңырлықтар бір пойыздың жеке-жеке купесіне орналасады. Қызылорда төңірегіндегі Төретамбекетіне жеткенде «Сарыағаш» суын алмақ болған Бауыржан поездан түсіп, дүкен жаққа тартады. Қайтып келсе, пойыз кетіп қалған екен. Жалаңаяқ, үй киіммен төрт «Сарыағаш» суын құшақтап далада қалады. Бауыржанның станциядан кейін ішке кірмегеніне күдіктенген әріптестері оны іздеп, телефон шалса, жауап жоқ. Сөйтсе, ол ұялы телефонын купеде қалдырып кетіпті. Ал Бауыржан еш саспастан келесі бекетке жету үшін такси тоқтата бастайды. Келесі бекет – 100-150 шақырымда. Бауыржанның амалсыз қалғанын көрген көлік жүргізушілері оған 10 000 теңге төлеген жағдайға ғана жеткізетіндігін айтады. Өзі концертке асығып тұр, қалтасында ақша да жоқ Бауыржан олармен саудаласа кетеді. Ақыры көздегеніне жеткен ол келесі бекетке пойыздан бұрын жетіп, әріптестерін күтіп алады. Пойыз тоқтап, қоңырлықтар сыртқа шыққанда «Сарыағашын» құшақтап тұрған Бауыржанды көріп, қуанып кетеді…
Лебіз
Халық әні – барша қазақ әнінің анасы. Тебіреніп соққан мәңгі жүрегі. Қазақ жанының және бір аяулы пернесін тербетіп, қоңыр діріл, қоңыр үн, қоңыр дидар халық сазын өзінше жаңғыртып, дүниеге «Қоңыр» дейтін топ келді. Даланың қоңыр желіндей ескен көне күмбірмен қазіргі сарын, дәстүрдің өшпес өрнегі мен жаңаның өміршең ырғағы топ өнерпаздарының орындауындағы әндерде қамшының өріміндей тұтасып, бірегей сымбат танытады.
Тұрсынжан ШАПАЙ
Қоңыр әуен – сағым дала самалы,
Үзілмейтін жүрек әні, жан әні.
Гулнәр САЛЫҚБАЙ
Әзірлеген Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ