Отан Анаға деген ақ сезім, кіршіксіз махаббат əр адамның жүрегінде тулап тұрады. Туған жердің гүлденуіне сүбелі үлесін қосып жүрген жанның бірі "Елім-ай Достық" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Полина Ким.
Кейіпкеріміз саналы ғұмырында қазыналы қазақ жерінен құтты қоныс тапқан өзге этнос өкілдерін отаншыл болуға шақырып, мемлекеттің саяси-мəдени өміріне белсене араласып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп келеді.
"Елім ай Достық" қоғамдық бірлестігі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын ел ішінде кеңінен түсіндіру жұмыстарымен айналысып жүр.
Əсіресе ол мектеп оқушылары мен колледж жəне жоғары оқу орындарының студенттерімен жиі жүздесуді жөн көреді.
«Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты "Жаңғыру жолы" республикалық форумына қатыстым. Онда əрбір этно-мəдени бірлестіктің орынбасары сайланып, оның тікелей жастар саясатымен айналысуы тиіс деген ұсынысты бірден қолдадым. Себебі бұл жастар саясатына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Жалпы елімізде мемлекет тарапынан жастарға қолдау өте қарқынды түрде жүріп жатыр», - дейді ол.
Сондай-ақ "Елім-ай Достық" қоғамдық бірлестігі алғашқыдардың бірі болып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2020 жылды еріктілер жылы етіп жариялау туралы ұсынысын қолдайтындықтарын, жергілікті "Jambyl" телеарнасы арқылы жеткізген.
- Отанды сүю – ұлы сезім. Еліңе тырнақтың ұшындай болса да, жақсылық жасағанға не жетсін! Мен еріктілерді мемлекетіміздің нағыз патриодтары деп есептейтін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, кішіпейілділік таныту үлкен адамгершілік деп санаймын. Міне, осындай асыл қасиеттерді тұла бойларына жинаған жастар жаман болмайды, - дейді Палина Ким.
Жуырда аталған қоғамдық бірлестік Президент жолдауымен сабақтастыра "Ұлт бірлігі – ұлы байлық " конференциясы мен "Біздің күшіміз бірлікте" атты жастар форумын өткізді. Оған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан арнайы қонақтар келіп қатысты.
Бұл дəстүрлі алқалы жиында ҮЕҰ жылды қортындылап, келер жылға жоспарлар құрылды.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы