Осы жұрт неге терме тыңдамайды?

2813
Adyrna.kz Telegram

Алматыда «Керуен» қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Атаның сөзі — ақылдың көзі» атты республикалық термешілер кеші өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен Аяз Бетпаев, Әлмырза Ноғайбаев, Өсербай жырау, Абай Наурызбекұлы, Наркенже Серікбаева, Ақан Әбдуәлиев, Алма Аманжолова, Өмірқұл Айниязов, Айгүл Қосанова, Тоқтар Серіков, Клара Төленбаева, Саят Медеуов сынды отызға жуық термешілер қатысты.

Екінші мәрте қолға алынып отырған шараның мақсаты айтпаса да түсінікті болар. Біздің ортаға салғымыз келіп отырғаны — басқа мәселе.

Әшейінде эстрадалық концерттер мен әншілерді сынап-мінеп, «даңғұр-дұңғырдан шаршадық, саф өнерге сусап жүрміз» деп аһ ұратындар көп. Оларға фонограммаға сүйеніп алған әншілер мүлде ұнамайды. «Бір-бірінен аумайтын концерттер қаптап кетті, өлінің де, тірінің де атын жамылып, пысық продюсерлер шаш етектен пайда тауып жүр. Жүйкеміз жұқарып, көңілімізді құлазытып жібереді. Бізге рухани байлық сыйлайтын, дем алып, делебеміз қозып қайтатын кештер ауадай қажет» деп күңкілдейтіндер де жетіп артылады. Әрине, әркімнің өз пікірін айтуға қақы бар. Бірақ сол қазақтың өнеріне жаны ашып, ертеңіне алаңдайтын, қазақ тілінің, дәстүрінің бүгінгі жағдайы жанына аяздай бататын көрермендер неге жыр-терме кештерінде төбе көрсетпейді? Кеңседе отырып, күрсінетін ұлтжанды тұлғалар, мінберлерде мәселе көтеріп жүрген мемлекеттің мықтылары, зиялы қауым өкілдері қайда? Неге ішіңді жылытып, ет-бауырыңды елжіретіп, жарқырап осындайда көзге түспейді?

Құдайға шүкір, санағанда бес саусағымыз жетпесе де, осындай концерттерді ұйымдастырып жүрген азаматтар жоқ емес, бар ғой. Бір ай бұрын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Майра Ілиясова «Алтын домбыра» дәстүрлі ән-жыр фестивалін өткізді. Бірақ сарайдың есігін сындырып кетердей, жапа-тармағай ентелеп, қызығушылық танытып, ағылып жиналған ешкімді байқамадық. Былтырғы, биылғы республикалық термешілер кешінде де тауыққа шашылған тарыдай болып, азғана адам жиналды. «Жарнамасы болған жоқ, біз естімедік» деген сылтау айта көрмеңіздер. Үш-төрт арна жағы талғанша хабарлап, көшедегі афишалар Амантай қажының аттандарынан кем болған жоқ. Сонда халықтың өз термесін өзі тыңдамауына не себеп, кім кінәлі? Атағы алты алашқа мәлім, аузымен құс тістеген дүлдүлдеріміз жас-кәрісіне қарамай, «Айшылық, алыс жерлерден» Алматыға жиналып жатқанда, міз бақпауымыз неліктен? 24 сағат жұмыс істеп, басы қатып жүрген ешкім жоқ шығар. Жылына бір рет дәстүрлі мұрамызға екі сағат уақыт таба алмай ма? Ұйымдастырушылар халықтың қалтасына тиімді болсын деп, билет бағасын барынша арзандатып, «иіліп төсек, жайылып жастық» болып-ақ жатыр. Нәтижесінде өздері қарызға белшесінен батып, демеушілерге алақан жаюға мәжбүр. «Атаның сөзі — ақылдың көзі» республикалық термешілер кешінің ұйымдастырушысы Саттар Ерубайдың айтуынша, күздегі концерттің шығыны жабылмай, Республика сарайының басшылығы оларды сотқа сүйреп, әбден иттей қылған.

Ал осы жолы игілікті істің басы-қасында жүрген Жасұлан Базарбаев екеуі белгілі, лауазымды шенді-шекпенділердің алдына барып «Ағатайлар, ұмытылып бара жатқан көне дәстүрімізді жаңғыртып, көненің көзі, атаның сөзін бүгінгі, келешек ұрпаққа дәріптеп, насихаттасақ деп едік. Ол үшін «ел іші — өнер кенішінде» жатқан сирек көрінетін сал-серілерімізді алдыртуымыз керек. Олардың өнерін мұрағатқа алып қалу үшін, телевизиялық түсірілім болады. Соған өздеріңізге арқа сүйеп келіп отырмыз. Елдің ертеңін ойлайтын азаматтардың бірісіздер ғой, қаржылай көмек көрсетсеңіздер» деп өтініш айта барғанда, «Не оттап отырсыңдар? Термелеріңмен қосып, құрып кетіңдер» деп бұларды кабинетінен қуып шыққандар табылыпты.

«Алдын ала сөйлессең, елдің барлығы керемет ықылас танытып, алақанын ысып отырады да, жеме-жемге келгенде айнып қалады. Билетті табанымыздан тозып жүріп, өткізуге тырыстық. Онда да біразы концерттің басталуына тура бір-екі сағат қалғанда қайтарып берді. Менің ойымша, мұның барлығы мәдениетті, мәдени орындарды мәдениетке, оның ішінде қазақ өнеріне қатысы жоқ адамдардың басқаруынан туындап отырған жағдай. Әсіресе, дәстүрлі өнерді жете түсінетін, нағыз жаны ашитындардың қолында еш мүмкіндік жоқ. Көлдей хатымызды ұстап, кімнің алдына бармадық. Біз «атың шықпаса, жер өрте» деп осы кештерден пайда тауып, көлік алып, үй салып алғалы жүрген жоқпыз. Тәрбиенің бастауы — тілімізде, терме, жыр-дастандарымызда. Қолымыздан келгенше ұлттық мұрамыздың дамуына атсалыссақ деп едік» дейді Саттар Ерубай.


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА

Айқын.

Пікірлер