Шығыс Қазақстан облысында медициналық туризмге басымдылық беріледі

2091

Облыста туризм саласындағы ең ірі жобалардың бірі Алакөл жағалауын абаттандыруға қатысты болатын. Бүгінде аталмыш бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, Алакөл Қазақстанның негізгі 10 туристік нысанының қатарынан ойып тұрып орын алды.

Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен көл жағалауын абаттандырып, инфрақұрылымын дамыту мақсатына 6,2 миллиард теңге бөлінген. Алдағы төрт жылда 28 миллиард теңгенің тағы жеті жобасын жүзеге асыру көзделуде. Олардың ішінде сумен қамту, су тарту, сондай-ақ электр қуатын беру жүйелерін салу, көл жағалауын бекіту және Үржар ауылының әуежайын жөндеу жобалары бар.
Болашақта Алакөл жағалауы туристерді жыл он екі ай қабылдай алатын дәрежеге жетуі тиіс. Осы мақсатта туристік аймақта шипажай салу жоспарлануда. Ресейдің курортология және физиотерапия ғылыми-зерттеу институтының мамандары көлдің шипалық қасиеттеріне жан-жақты талдау жасай келе, онда жыл көлемінде емдеу-сауықтыру туризмін дамытудың әлеуеті зор екеніне тағы бір мәрте дәлелдеген.

Бұған қоса, жақын арада Қазақстандағы медициналық туризмде баға саясаты жағынан бес бағыт басымдыққа ие болуы ықтимал, олар: кардиохирургия, нейрохирургия, буындарды протездеу, стоматология, экстракорпоралды ұрықтандыру. Оның ішіндегі үш бағыт (кардиохирургия, нейрохирургия және буындарды протездеу) бойынша Шығыс Қазақстандағы клиникалардың қызметіне жүгінуге болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, облыстың медициналық мекемелері шетелдік клиникалармен де бәсекелесуге қауқарлы. Бұл бағаға ғана емес, қызмет сапасына да қатысты.

Мәселен, жүрек клапанын ауыстыру операциясының құны АҚШ-та 130 мың долларға тең болса, медициналық туризмде көшбасшы саналатын Үндістанда 10 мың доллар шамасында. Ал Қазақстанда дәл осындай отаны 1,6 мың долларға жасап береді. Сондай-ақ елімізде буындарға жасалатын операциялар да әлдеқайда арзан – 4,6 мың доллар төңірегінде. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, АҚШ-та мұндай операция үшін 160 мың, ал Үндістанда тоғыз мың доллар төлеуіңіз керек.

Сонымен қатар облыстың онкологиялық клиникалары да қызметі жағынан ішкі нарықтағы алдыңғы орындарға ие.

– Медициналық және сауықтыру туризмдерін дамытсақ, ішкі туризм де алға басатын болады. Сала нысандары белгілі бір маусымдарда ғана емес, жыл бойы қызмет көрсете алатын деңгейге жетеді. Бұған қоса қазынаға қосымша кіріс кіреді, өйткені медициналық туристке берілетін чектің құны кәдімгі туристікінен 1,3 есеге қымбат. Медициналық туризмнің дамуы шипажай-курорттық саланың да бойына қан жүгіртетіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашпақ, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

 «Адырна» порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket