«Алпыс екi қоңыр»

3191
Adyrna.kz Telegram

Қасиеттi қазақ шаңырағынан тiк шығып самғаған «Нар иген» бүкiл қазақ әлемiн шарлады. Бармаған жерi, аспаған тауы, баспаған тасы қалған жоқ. Талайдың шаңырағынан тiк түсiп, талайдың тойы мен қуанышына, қайғысы мен қасiретiне судай сiңiп, тастай батты. Адам баласының алпыс екi тамырын иiткен «Нар иген» қазақтың алпыс екi қоңыр күйiнiң бiрi.

Нар идiрген

Бар ынтасымен талпына ұмсынған баласын бауырына басып, құшырлана иiскеп, сүйген ананың iшкi мейрiмiн тiлмен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Жан-жануарлар әлемiнiң ұрпағына деген мейiр-шапағатында шек жоқ. Ұлы мұхиттан Амур өзенiн өрлеп келе жатып, бауырын тасқа ұрып, жарып уылдырық тастап өтетiн «кета» деген балық бар. Маң далада қара жусан арасына жұмыртқалайтын дуадақ, тырна, бозторғай сынды құстардың ұясына жақындаған адам тықыры естiлсе, аспанға дереу көтерiлiп арқан бойы биiкке барып, мертiгiп қалғандай тыпырлайды. Бұл — құстың аңшыны балапанынан алыстатқысы келген айласы. Осылайша оны ұшқыр аттылар ұрып алады не жүйрiк құмай тазылар қағып әкетедi. Ақырында балапанын қорғаймын деп өзi мерт болады. Қазақ халқы киелi санайтын аққу атты құстың бiрiн атып түсiрсең, сыңары өзiн жерге ұрып өлтiредi деген сөз бар. Бұл – адам мен жан-жануарларда болатын табиғат құпиясы, ұрпақ қорғау тектiлiгi. Оның арзан-қымбатын бағалауға, салмағын өлшеуге келмейдi. Өйткенi әрбiр табиғатқа тәңiр сыйлаған тектiлiк жұмбағы осында жатыр.

… Ал, ботасын көз алдында бақыртып қасқыр жеген аруананың қайғы-қасiретiн, сiрә, жануардың өзi ғана түсiнер. Көкiрегi қарс айырылған сор маңдай боз iнген күндiз-түнi боздайды, ыңырсиды, күңiренедi. Ботасын қасқыр жеген жаққа тұра жөнеледi. Боздаған өксiгi басылмай жетiп барғанда бөрi тарпа бас салған ботасына араша түсе алмай, қоралы түйемен үрке жөнелгенi ғана есiнде. Бота сүйегi жатқан жерге баруға батылы бармай, өзi алғаш үрiккен жерден бүгiн де қайта қайтты.

Қасиеттi атамекен Тарбағатай тауының күнгей бетi, атақты Қараүңгiр өзенiнiң саласында отырған төрт түлiгi сай қазақ ауылдары бәз баяғыдай. Төрт түлiгi төңкерiлiп, жөңкiлiп жатыр, ырысты ел, тынысты жер. Тек иттiң аты – ит қой, боздап күңiрене қайтқан боз iнгенге ауыл иттерi жабыла үрiп қарсы алды. Боз iнген келе сала үйдi айнала бердi. Боздай, күрсiне күңiренедi, үздiксiз ыңырсиды, көзiнен жас бұршақтайды. Зарлайды, зарығады, күйзеледi, ботасын күтедi. Жаратқан тәңiрден жебеу тiлегендей төңiрегiне үздiксiз жалтақтайды. Киiзi қоңырқай тартқан еңсесi биiк алты қанат киiз үйдiң iшiнен күмбiрлей безек қаққан домбыра үнi ботаның боздағанына ұқсайды. Жаралы жүректiң қайғы-дертiн қайталап тұрғандай. Өзара таласқан екi қасқырдың қанды аузынан әрең құтылған жаралы ботасының безiп келе жатқаны елес бердi. Боз iнген ботасын кеше қасқыр жеген жаққа қадала қарап тұр. Ботасы келе жатыр…

Боталаған күнi бәйбiше ырымдап төбесiне таққан қара бас үкiсi бұлғақ қағады. Тiп-титтей иiр мойнағын алдына соза түсiп, жасқа толы екi көзi мөлдiреп, сыңси боздап, шойнаңдап басып, бүлк-бүлк желедi. Қоңырқай үйден шыққан қоңыр күй боздаған ботамен бiрге зар илегендей. Жұп-жұмсақ титiмдей табанымен басқанда қара жердiң қабырғасы қайысып, шым-шытырық алуан түрлi дыбыс арасынан жусан иiсi аңқыған сайын даланың жусаны түгел майысып, жапырылып, шытырлап, күйреп, сынып жатқандай естiледi. Қара дала бұлбұлы, бозторғай шырылы, жапырыла ұшқан шегiртке шырылы, ботаның алды-артын орай ұшып, көбелек қаққан қарлығаш қанатының сусылы құлақ тұңдырады. Өз ботасының сағыныш меңдеткен, ыңырси боздаған әлсiз үнi боз iнгеннiң көкiрегiн қарс айырады. Қоңырқай үйден шыққан қоңыр домбыраның қоңыр үндi күйi күмбiрлеп, бiрде тау iргесiн көбелеп, бiрдi сағалап, бiрде шарықтап, алуан түрлi ырғаққа басып, бебеулеп, безектеп жаралы ботаны қақпалап, сүйемелдеп келе жатыр… Мiне, тiптi жақындап қалды…

Боз iнген боздап жiбередi…

Екi көзiне жас толған боз iнгеннiң басы айналып, көзi қарауытып, емшегiн сорып жатқан ботасының құйрық түбiнен иiскеп тұрғандай сезiледi. Жан дүниесi езiлiп, балқып, алпыс екi тамыры иiгендей сүтi сорғалай бередi. Көзден аққан қанды жас пен сорғалап аққан сүттi қара жер, қара топырақ сiмiре тартып жұтып жатыр…

«Ой-бу-ай! Мына сорлының сүтi далаға ақты-ау!», — бәйбiшесiнiң дауысын естiгенде домбыра бетiн алақанымен баса қойған күйшi «Бұл күйдiң аты – «Нар иген» дейдi. Күнге күйiп тотығып, қоңырқай тартқан бетiнiң терiн жаулығымен сүрте берiп, шанаққа қарады да «шарықта «Нар иген», шарықта!» деп айғайлап жiбердi. Қай заман, қай дәуiр екенi белгiсiз.

Қасиеттi қазақ шаңырағынан тiк шығып самғаған «Нар иген» бүкiл қазақ әлемiн шарлады. Бармаған жерi, аспаған тауы, баспаған тасы қалған жоқ. Талайдың шаңырағынан тiк түсiп, талайдың тойы мен қуанышына, қайғысы мен қасiретiне судай сiңiп, тастай батты. Адам баласының алпыс екi тамырын иiткен «Нар иген» қазақтың алпыс екi қоңыр күйiнiң бiрi.

Қоңыр үн

Қазақтың домбырамен ойналатын «Шыңырау» атты халық күйiнiң аңызында айдаһарлар айтылады. 1952 жылы қытай археологтары Шыңдау өлкесiнен бiр жұп қанатты айдаһарлар сүйегiн тапты. Ғалымдар мұны бiздiң заманымыздан бұрынғы XX-XV ғасырға телидi. Осы дерекке сүйенсек, домбыра шертiп ойналатын күй аспабы және қазақтың «Шыңырау» атты халық күйi де қанатты айдаһарлармен замандас деген ой туады. Әлбетте, күй авторы халық жадында жоқ. Қазақтың ән, күй, жырлары сансыз көп. Соның iшiнде ел аузынан түспейтiн жырлар – жөргек жыры, бесiк жыры, жар-жар, көрiсу, сыңсу, беташар, жоқтау, гөй-гөй, бәдiк (мал дертiн көру), телу (төл телу), жарапазан, тағы басқа жырлар мен күйлердiң авторы беймәлiм. Ал қалың қазақ бұл жырлар мен сазды жатқа бiледi. Көп жағдайда халық әндерiне музыка аспабының сүйемелiн қажет етпейдi де. Ал, шаңқобыз, сыбызғы, домбыра, қылқобыз сияқты дәстүрлi аспаптар арқылы ойналатын – «Қара жорға», «Сұрмерген», «Бөкен жарғақ», «Бұлғынсусыр», «Боз iнген», «Нар иген», «Тарғыл бұқа», «Сары өзен», «Шыңырау», «Шиһимаран» және т.б. көптеген қазақ күйлерi өте ертеде туғаны хақ. Қазақтың ән мен күйлерi сансыз десек, солардың iшiнде ел аузынан түспейтiн бiр тобы «Алпыс екi қоңыр» атты күйлер. Осы күйлердiң әрқайсысы өз алдына жеке-жеке мазмұнға, сарынға ие, көтерген жүктерi әр басқа. Әрқайсысы өз алдына жұмбақ сырға, қуаныш пен шаттыққа, қайғы мен қасiретке толы. Сондықтан осы бiр топ күй «Алпыс екi тамырыңды иiткен алпыс екi қоңыр» деп аталады. Ал осы «Алпыс екi қоңыр» бiр адамның еңбегi ме, алпыс екi адамның еңбегi ме? Мұны кесiп айту қиын. Алайда, алпыс екi адамның еңбегi болар-ау деген ойдамыз. Қай замана, қай дәуiр екенi белгiсiз болса да, тарихи бiр кезеңнiң бiрiнде күй өнерi орасан дамып шарықтағаны анық.

Күй үнiмен күлдiретiн,

Күй үнiмен күңiрентетiн,

Күй үнiмен қуантатын,

Күй үнiмен жылататын,

Күй үнiмен өлтiретiн,

Күй үнiмен тiрiлтетiн – дәуiр болған шығар.

Күй өнерi дамыған, шарықтаған, дарынды күйшiлердiң саны көбейген бiр кезде өнер иелерiнiң, өнер көсемдерiнiң ұйғаруымен – күйшiлер сайысы, сынақтар өткiзiлген шығар деген болжам бар. Бәйгеде жүлделi болғандардың алдына мал, басына шаңырақ, қазан-ошақ, қойнына жар салуға уәде еткен болар. Қатысушылар саны шектелмеген. Жүлде беру шарты бiр-ақ түйiн. Ол – күй құдiретi.

Адам мен жан-жануардың жан-дүниесiн балқытып, балбыратып, езiп, егiлтiп, дiрiлдетiп, қалшылдатып, елжiретiп, көзiнен жас ағызып жылататын күй. Екi көзiн күлiмдетiп, екi танауын желбiретiп, езуiн жиғызбай күлдiретiн күй. Күй үнi құдiретiмен қуантқан, күй үнi құдiретiмен күңiренткен жүлдегерлер тартқан қоңыр үндi күйлер «Алпыс екi қоңыр» атанған шығар. «Алпыс екi қоңыр» атымен қазақ елiнiң қоңыр үндi ел екенiн айшықтаған, таңбалаған болар. Қазақ елiнiң жан-дүниесi тек қоңыр үнмен ғана жiбiп, балқып, балбырап, езiлiп, егiлiп, алпыс екi тамырды иiтетiндiгiн дәлелдеген болар. Қазақ тарихында өшпестей iз қалдырған «Алпыс екi қоңыр күйi» сынағына қатысқан дарынды күйшiлердiң аты-жөнi кiмдер болды екен? Ұлы дүбiр жарыста сөреге қатарлап көтерiлiп, кереден үзеңгi қағыстырып, бiрiнен-бiрi қол созым қамшы салым, тiптi, қара үзiп кеткендер кiмдер болды екен? Өнер сайысы кересiнен даңқпен өткен дарындылардың аты-жөнi белгiсiз қалып отыр. Сонда да қазақтың ұлттық мiнез-құлқына тән қоңыр үн, қоңыр күй өшпестей сақталған.

Ал өң-түс бояудың алуан түрiн атай бiлген қазақ не себептi өң-түстi күйге таңды екен? Осы жерде қазақ халқы қоңыр атауын өң-түс, бояу ретiнде алмаған. «Қоңыр» атауын ұлттық үн, дыбыс, ыңыл, шыңыл, дыңыл, дiрiл, уiл, гуiл, ырғақ ретiнде қолданған. Мұнда қазақтың қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасiретiн бейнелейтiн ұлттық қоңыр үн ырғағы ретiнде алып отыр. Жағымды, жағымсыз мiнез-құлықты, ұлттық дiл (ұлттық менталитет), ұлттық салт-сананы бейнелейтiн қоңыр үндi қоңыр күй өнерiнiң тасы өрге домалары хақ.

Кең өрiстi, кең тынысты байтақ атамекеннiң болуы қазақ ұлтының да табиғатының дархан болуына әсер еткенi шүбәсiз. Миллиондаған жылдар бойы қалыбы бұзылмаған табиғатта өмiр сүрiп, ың-шыңсыз ортада табиғи тамақ жеп, өсiп-өнген ата-бабамыздың жарқын бейнелi, ашық мiнездi, қоңыр үндi болмысының қалыптасуына әсер еткен – сайын дала, қоршаған орта.

Жатырмыз қоңыр аба, сазды жайлап,

Сапырып сары қымыз, бие байлап.

Самал жел, қоңыр салқын тұрған айлап.

(Қызыр Мамырбекұлы, 1920 ж.)

Жер де қоңыр, ел де қоңыр. Қоңыр салқын жайлауда, қазы мен қартаны қия кесiп тiске басқан, табақ-табақ ет келгенде сүбе мен құйрықты шайнамай қылғытқан. Сатпайтын, сатылмайтын сары қымызды шара-шарасымен сiмiрiп, мейiрiн қандыратын, көнi жiбiп, көңiлi жай тапқанда «Алқоңыр» тектi ән шырқап, «Телқоңыр» тектi күй тартып елдi «Қойдан қоңыр қазағым-ай» дейтiн ата-бабамыз.


Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ, этнограф

«Дала мен қала».

 

Пікірлер