«Шіркін, life!» «шіркін-ай» дегенге лайық па?

3919
Adyrna.kz Telegram

Жуырда «Ел арна» теларнасынан «Шіркін, лайф» қазақ теледидарындағы алғашқы реалти-шоу бағдарламасы көрерменге жол тартты. Қазақ журналистикасы тың идеялармен толыға түсті. Қашаннан ойын-сауық бағдарламаларының көрігін қыздыратын әншілер қауымы екені белгілі. Әрі -жұртшылықтың да эстрада жұлдыздарына деген қызығушылығы ерекше. Содан болар бұл жобаға да жас әнші ұл-қыздарымыз шақырылыпты. Бір қуантарлығы бағдарлама қазақылығымен көзге түседі. Әрі жүргізушілері де жастайынан аймақтық телерадиода тәжірибе жинақтап, республикалық телеарналарда танылып үлгерген талапты жас мамандар. Дегенмен «әттегенайлар» да жоқ емес. Мәселен, бағдарлама атауын ағылшын сөзімен шұбарлаудың қажеті бар ма еді? Әрине, жоба авторларының «Ауылда өмір тамаша» дегенді айтқысы келгенін түсініп тұрмыз.

Бірақ «life» («өмір») сөзінің орнына бәлкім бағдарлама атын «Шіркін-ай» десе де жарар ма еді? Әлде ұтымды, қазақы басқа атау тапқанда…  Тағы бір қынжылтатыны Мәдина Садуақасованың «Сүйген жүрек» әніне түсірілген бейнестаспасынан кейін (ол да осы «Ел арна» телеарнасынан көрсетілген еді) мерзімді басылымдар теледидарға ит алып шығудың ерсілігін, қыз-келіншектеріміздің үйде ит асырауға үйірсек болып бара жатқанын жазып, дабыл қағып жатқанда Маржан әріптесіміз тұңғыш реалит- шоуға күшік құшақтап шықты.

Шетелдік телеарналарадан түспейтін, асып-тасқан байлығымен жұртты өзіне қаратып, ойын-сауық кештерінің «ханшайымына» айналған Пэрис Хилтонның есте қаларлық ерекшелігінің бірі осындай күшік көтеріп жүру әдеті екендігін имидж мамандары жиі атап өтеді.. Ал мұндай батыстық идеялар қазақы ұғымға қашалықты қонымды?

Кезіндегі ауыл өмірін көрсеткен «Ұят болмасын…» бағдарламасының өзінде шарбаққа әтеш байлап қойса да, итті студияға әкелгенін байқамаппыз. Әлде мен ұмытып тұрмын ба? Ендеше, оқырман көкейінде жүрген бірнеше сауалды жоба авторы, журналист Асхат Садырбайға жолдаған едік.

– Шоудың мақсаты не?

– «Тамаша өмір – ауылда!» ұраны – жобаның басты ұстанымы. Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылдың ауызбіршілігі, күнделікті өмірі осы реалити-шоуда барынша әсерлі баяндалады. Бұл тұста Елбасымыздың «Жас мамандарды ауылға жұмылдыру керек» деген бағытын да негізге алдық. Яғни, көрерменге ауыл өмірін насихаттау арқылы жастарды киелі мекенге тарту, шақыру. Сонымен қатар, жоба қазақтың салт-дәстүрін кеңінен насихаттайды. Қатысушы өнер жұлдыздарының жан-жақты қабілеттерін көрерменге барынша қызықты етіп көрсетеді.

– Қазіргі рейтингі қандай?

– Алғашқы бағдарламадан бастап көріп жатқан көрермендер өте көп. Рейтингі көңілге қонымды, бірақ одан да жоғары нәтижелер керек. Бұл бұрын-соңды болмаған жоба, сондықтан жарнамасы да аз. Кез келген бастаманың бірінші маусымынан гөрі екіншісі көбірек рейтинг жинайтыны жасырын емес. Біз бағдарламаны барынша қызықты етіп шығаруға тырысудамыз.

–  «Дом-2» ресейлік реалити шоу бағдарламасының қазақша көшірмесі емес пе?

– Ешқандай да «Дом 2»-ның көшірмесі емес! Мен сізге мұны сенімді түрде айта аламын! Сенбесеңіз, екі жобаны алып қараңыз да, салыстырып көріңіз! Ол реалити шоудың мақсаты мен бағыты бөлек! Есік алдында кешкісін бас қосып отырған сәтімізді көріп айта салуыңыз мүмкін, бірақ ол көшірме емес. Ауылға барсаңыз ауыл жастары кешке көшеге шығады, есік алдында отырып әңгімелеседі, бұл кәдімгі өмірден алынған сәт. Ал «Не себепті дөңгеленіп отырсыздар? Осы жері «Дом-2»-ға ұқсайды ғой» десеңіз, онда оны қоюшы режиссер Мұрат Белгібаевтан сұрап көріңіз. Бұл сол кісінің идеясы. Сондай-ақ, біз бұл жерде махаббатымызды іздеп жүрген жоқпыз, біз ауылдан шығып қалаға келген және ауылды ұмытып қалған, қазақи болмысын жоғалтып бара жатқан жастарымызға ой тастаймыз, көрсетеміз, айтамыз. Бұл жобаның жанры бөлек, әлі біздің отандық телевидениеде дамымаған. Біраз әріптестеріміздің үрке қарауы да сол себепті болар.

– Маржан ханымға ит құшақтату кімнің идеясы және қазақ итті үйге кіргізбейтін еді, бұған не дейсіз?

– Маржанның қолында ит емес, кішкентай ғана күшік. Оны өзі алып шықты. Не үшін алып шыққанын өзінен сұраған дұрыс болар. Түсірілім барысында ол күшікті үйге алып кірген жоқпыз. Қазақтың дәстүрі мен тыйымдарынан жақсы хабарымыз бар. Ондай нәрселерге қатты қарадық. Мәселен қыздар сиыр сауып, нан жапқанда бастарына орамал тақтық. Бұл қазақы тыйым, бір жағынан гигиена. Шоу жасаймыз деп қыздарды жалаңбас сиырға жіберіп қойған жоқпыз.

– Бұл итке қанша қаржы кетіп отыр және қайдан алдыңыздар?

–       Иттің құны 200 АҚШ доллары-ау шамасы, нақтысы есімде жоқ.

Сіз не дейсіз?

Арман ӘУБӘКІР,  «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталының директоры :

– Қазақтан сөз артылған ба? «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді», «Итті иесімен қинасын», «Ит адамның құлағы», «Ит семірсе, иесін қабады», «Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан», «Ит қаппас деме, ат теппес деме», «Ит сегіз тауып, елден аспайды, ешкі егіз тауып, қойдан аспайды» деген секілді нақыл сөздерді қазекең баяғыда-ақ айтып тастаған-ды. Ит құрметтеледі «жеті қазынаның бірі» деп. Әйтсе де, итің төрге оздырған емес. «Жеті қазынаның» бірі болса да, адамнан асқан құрмет көрсетілмеген ғой. Бұл күнде адамнан сыйлы мақұлықтар дастарханнан ас ішіп, жайлы төсекте керіліп-созылып жатқанын көріп қайран қаласың. Мысық-итін өз баласынан артық көретін еуропалықтардың кемпір-шалының кесапат әдетін қазақтар да жұқтыра бастады. Ит-мысығымен «сүйіскен» қазақ қыздарының қылығына не деуге болады? Хан сарайларын алтын қарғыбау тағып, күміс шынжырмен байланған төбеттеріне күзеткен қалталылар да кездеседі. Асып-тасып бара жатқан әлгіндей ауқаттылардың жақсылығы итінен артылмайды. Бір қазақты киімін бүтіндеп, тамағын тойдырса, ол итінен кем емес қой…


Әзірлеген Жанар Елдосқызы

 

Пікірлер