Күйеу мен қалыңдық

4278
Adyrna.kz Telegram

«ШИТАНГ ҚАЙДА, ШЫРАҒЫМ?»

Енді ғана отау құрып, ел ішінде той-думанды өткізіп болысымен мен ке­ліншегімді ертіп, Қытайға аттандым. Шанхайдағы оқуыма байланысты бір­қатар бітпеген ұсақ-түйек шаруаларым қалып еді. Оқитын университетімде де, жатақханада да барлығы дерлік екеуі­мізді жақсы таниды. Үйлену үшін елге кеткенім туралы да бәрі естіген болатын. Демалыс күндері таяп қалған соң, шаруаларымды кідіртпегенді жөн көрдім. Сол оймен әуежайдан шығып, шетелдік студенттерге жауапты деканат орналасқан корпусқа тікелей тарт­қан­мын. Кіреберісте алдымен бакалавр-студенттердің оқуы жөніндегі меңге­рушіміз Джоу Янг апайым ұшырасып, құттықтау сөзін айтты. Құттықтамай қайтсін, менің бұл Шанхайды шарлап жүргеніме биыл жетінші жыл. Бір жыл тіл үйрену курсында, төрт жыл бака­лавриатта, екі жыл магистратурада оқыдым. Осы маңайда бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Алып шаһардың әр мүйісін жатқа білем. Қазақша айт­қанда, жатақхана коменданттарының қолдарында өскен баламын. Оған ілесе келесі бөлмеден магистранттар оқуы жөніндегі меңгерушіміз Лю апай шық­ты. «Ә, келдіңдер ме? Құтты болсын! Ал біздің шитангіміз қайда?» деп, әрі құт­тықтап, әрі қаужай бастады.
Шитанг — қытай тілінен төтелей аударғанда «бақыт тоқашы» деген мағынаны білдіреді. Енді әлгі Лю апайыма Джоу Янг қосылып, екі жақтан қолқалады. Бұлардың не сұрап тұрғанын түсінбеген мен сәл езу тартып, жолдан келе жатқанымды айтып, кейін тағы бір соғып, шитангтерін беруге уәде еттім. Деканаттағы шаруаларымды бітіріп алып, жатақханама бет алдым. Жолда ойланып келем: «Әншейінде студент­терден артық бір зат алуға ыңғайсыз­данатын қытай оқытушыларының мені қыспаққа түсіргені несі? Шитанг… Не ол «шитанг» деген?»… Сөйтіп, ойға шо­мып келе жатсам, нағыз «шитангшілер» алдымда күтіп тұр екен.
Жатақханамыз 14-15-қабатты, екі корпусты алып құрылыс еді. Оның 11-қабатына дейін университет мұға­лім­дері, одан жоғары қабаттарда шетелдік студенттер тұрады. Осы екі аймақтың арасы шекара секілді бөлінген. 11-ден жоғары қабатқа мұғалімдер көтеріл­мей­ді, ал шетелдіктер 1 мен 11 аралы­ғындағы қабаттарға аттап баспайды. Шекара бекеті ретіндегі 11-қабатта комендант бөлмесі орналасқан. Шы­нымен бекет десе, бекет сияқты.
Қос корпусқа қарама-қарсы орналас­қандықтан, орталарында оларды бір-бірімен байланыстыратын дәліздер салынған. Корпустардың лифтісі жапсарлас ашылып, ары қарай екі айырылады. Сол дәліз екіге бөлінер тұста екі коменданттың бөлмелері орналасқан. Біреуінде бас комендант, екіншісінде оның көмекшісі отырады. Бөлмелердің біреуі әр қабатты бақылайтын каме­ралармен, дабыл белгісін беретін дис­петчерлік қондырғымен жабдықталған. Кіріп-шыққан әр адам, тіпті шыбын-масаларыңа дейін коменданттардың үнемі назарында.
Сол «шекараның» маңынан өте бергенімде мені бас комендант Фан апайымыз тоқтатты: «Ал Хуангтианруй (менің есімімді қытайлар өз ұғымдарына бейімдеп, осылай атайды), құтты бол­сын! Бізге әкелген нең бар енді?». Бұ­лардың бәріне не болған өзі? Комендант бөлмесінде қолындағы шағын кесесін­дегі көк шайын сораптап, бізге қарап жымиып отырған көмекшісін меңзеп қояды. Енді есіме түсті. Елге қайтар алдында комендант апайға кетіп бара жатқанымды, үйленетінімді айтып, қош­тасуға кіріп-шыққанмын. Сонда ол маған осы шитанг туралы бірдеңе айтқан. Мен оған мән бермей, жай ғана басымды изей салғам. Олар­ға да не айтарымды білмей: «Қазір бәрі болады!» де­дім де бөлмеме қарай тарт­тым. Киімдерімді жайғас­ты­ру­ды келіншегіме тап­сы­рып, шалт қимыл­дап, сыртқа шығып, дү­­кен­нен шитанг із­дедім. Астыңғы қа­бат­қа тү­сетін лифтіні күтіп тұрғанымда әлгі «бас шекарашы» бөл­­ме­сі­нен басын шы­ға­рып: «Алдап кет­­­сең, менен жақ­сылық күтпе!» деп қал­жыңдап қой­ды. Мен оған бір жы­миып, лифтіге мін­дім де кет­тім.

ТӘТТІ ТОҚАШҚА ТЕЛМІРУ

Кондитерлік дүкенге ба­рып, ши­танг­тің не екенін сұ­рап біліп алдым. Шитанг де­ге­німіз ішінде түрлі тәтті қоспасы бар, көлемі хоккейдің шайбасындай, үлбіреп пісірілген шағын тоқаш екен. Кейде оның орнына кез келген торт­тың ке­сінділері жүре береді. Құны да қымбат емес, біздіңше 60-70 теңгенің шама­сында. Апайларымыз тойып жесін, қал­ғанын басқасына таратармын деп 10-15 шитангті бір-ақ сатып алдым. Сон­да бір пакет шитангті ұсынып тұрған жас са­тушы қыздардың бірі: «Сіз жаңа үйленген жас жұбайлардың бірі сияқ­тысыз ғой? Бізге де бірдеңе ырымдаса­ңызшы, жұғысты болсын» деп қалды. Бірақ лезде сол қылығынан қысылған­дай, екі беті қызғылт тартып, сы­қы­лық­тап қоя берді. Олардың әзілдеріне кө­ңілім көтеріліп, қолдарына бір-бір то­қаштан ұстатып кеттім. Өздері тура біздің қазақ секілді ырымшыл.
Жатаққа оралып, коменданттың алдына шитангті, үйден әкелген «Рахат» фирмасының кәмпиттерін ұсынып, шағын дастарқан жайып жібердім. Апай­­ларым мәз-мейрам. Сөйтіп, екі шайқұмар «бекетшінің» қасына екі жас жұбай қосылып, төртеуміз отырып, шай іштік. Жалпы, қытайлар — барға қа­нағатшыл халық. Бұл елде заңдардың қатаң екені бәріне мәлім. Біреуден себепсіз зат алу, әсіресе, мұғалімнің оқу­шыдан бірдеңе сұрауы жемқорлық пен бопсалауға тең әрекет болып сана­лады. Сондықтан да жатақхана қызмет­керлерінің әлгі тоқашты табандылықпен сұрап алуы маған әдепкіде тұрпайы кө­рінген-ді.
Шай ішіп отырып, апайлардың осы қылығы жайында өздерінен сұрадым. Сонда комендантымыз: «Жемқорлық деген ол мүлде басқа нәрсе ғой. Боп­саның да беті аулақ. Бірақ шитангтің орны бөлек. Егер сенің танысың үй­леніп, оның тойына қатыса алмасаң, ол саған қайта көріскен кезде шитанг беруі керек. Бұл — адамдардың бір-бірінің бақытына ортақтасуының, қуанышын бөлісуінің белгісі. Жұғысты болсын дегені. Шитанг деген — бақыт тоқашы. Яғни бақыттың дәмі. Егер үйленген адам сенімен шитангін бөліспесе, оған ренжуге хақың бар. Сондықтан ол бай­қамай қалса, ұмытып кетіп жатса, не­месе бұл туралы мүлде білмеген болса, сен шитангті отау құрған адамнан сұрап алуың керек. Бұл — үйлену барысында жасалатын салт-дәстүрдің бірі. Біздің қытайлар заңды қалай қадірлесе, дәстүрді де одан бетер құрметтейді» деді. Апайымыздың айтқан сөздері ме­нің бұрын-соңды ешкімнен сұрамаған, тіпті ойланбаған сауалымның туын­дауына себеп болды: «Фан апай, қытай­лардың үйлену салттары қалай өзі? Бас­қалардан қандай ерекшеліктері бар?». Сонда апайым қолындағы шағын пиа­ласын төңкере салды да, шитангтен бір тістеп қойып, бізді қытай халқының отау тігу барысында жасалатын көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен таныстыра бастады. Ал мен болсам, қытайлардың салтын өзі­міздің қазақи дәстүрімізбен салыс­ты­рып, ұқсастығы мен ерекшеліктерін байыптап отырдым…«Юэдин» — кіші құдалық, «уанг сусу» — қалыңмал
Қытайларда үйлену салты бірнеше сатыдан, ұзақ уақыт пен сан түрлі ғұрыпты қажет ететін күрделі процестен тұрады екен. Ең алдымен бұл процесс өзіміздегідей құдалықтан басталады. Күйеу жігіттің әкесі қалыңдықтың үйіне ауылдың сыйлы азаматтарынан немесе ағайындар арасындағы беделді­лерінен құралған бір топ ер кісіні таңдап алып, құда түсуге жібереді. Қытайдың кейбір аудандарында, мәселен, оң­түс­тікте, құдалар ретінде әйел адамдар іріктеледі. Көптеген ауылдардың өзінің беткеұстар кәсіпқой құдалары болатын көрінеді. Құдалыққа барғандарды Қы­тайда «бинь жень» деп атайды. Яғни бізше — жаушы.
Құдалықтың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Жігіттің әке-шешесі жаушы­лар арқылы қалыңдық жағына «цау те узы» деп аталатын, қызыл конвертке салынған хат жолдайды екен. Мұнда күйеу баланың ататегі мен туған жылы, айы, күні, тіпті дәл өмірге келген уақытына дейін жазылатын болған. Бұл хатты алған қыздың ата-анасы осында көрсетілген жігіттің параметрлерін балгерге беріп, өз перзентімен сәйкес­тігін сараптап көреді. Егер балгер жо­рамалын жасап, екі жастың одағын оңдаса, жігіт жағына жауап ретінде қыз туралы мәлімет жазылған хат жолда­нады. Бұл құдалыққа келісім берілді деген мағынаны білдіреді.
Сөйтіп, екі жақ екі хатқа ие болады. Бұдан кейін дәстүр бойынша хаттарды әр үй өз босағаларына іліп қойып, үш күн күтеді екен. Егер де осы үш күн ішінде отбасы ішінде ешкім қайғылы жағдайға ұшырамаса, Аспан мен Жер бұл құрылғалы отырған одаққа өз ри­зашылығын берді деген сөз. Яғни құ­даласу процесі ары қарай жалғаса түседі. Ал осы уақыт ішінде үйде біреу қатты ауырып қалса немесе өмірден өтіп кетсе, құдалық дереу тоқтатылады. Бұл жоралғы да «жолы жақсы келінді» жаны қалайтын қазақтың дәстүріне жақын.
Сонымен, алғашқы қадам мынадай. Енді хат алмасу процесін екі арада болатын зат алмасу салты жалғасты­ра­ды. Екі жақ жаушы жіберу арқылы бір-бірімен келісімге келгеннен кейін, құ­далар арасында «юэдин» (қытай тілінен аударғанда «кіші келісім» деген мағы­наны береді) басталады. Юэдин — екі жақ арасында жасалатын келі­сім­шарт болып табылады.
Әрі қарай қыздың жасауын дайын­дау дәстүрі жалғасады. Бұл қазақтың кейінгі кезде «кит әзірлеу» деп аталып жүрген салтын еске салады. Алдымен жігіт жағынан қызға арнап сырға, жұп санды білезік, алқа және т.б. әшекейлі бұйымдар, қызыл түсті құрақ маталар, алтын теңгелер жібереді. Ал қыз жағы оған қарымта ретінде таңдаулы сорт­ты шай, шарап, дәнді дақылдардан тұратын қомақты азық-түлік қорын жолдайды. Сонымен қатар юэдин ке­зінде екі жақ бір-біріне сырт жағында әйел бастамасы — феникс пен еркек бастамасы — айдаһар бейнелері бе­дер­ленген қызыл түсті ұзын мата немесе қағаз ұсынатын болған. Бұл қағаздарда немесе маталарда екі жақтың ататегі, тұрмыс жағдайы жайында мәліметтер жазылып, ер жігіттің қалыңдыққа бері­ле­тін қалыңмал бағасы айтылады. Бұл біздің қазағымыздың «сырға тағу» мен «баталасу» дәстүріне келеді. Тек қа­зақ­тан айырмашылығы, аталмыш кәделер құдалар бір-бірімен беттеспей тұрып, сырттай жасалады. Қызға берілетін қалыңмалдың бағасы келісіліп, оны жігіт жағы қыздың үйіне қорап-қорап сый-сияпат ретінде жібереді. Сонымен қатар бұл қораптарды мейлінше кө­лемді етіп, ішін керекті-керексіз затқа толтырып жолдайды екен. Себебі бұл қораптар қолға тиген бойда ішіне қыз­дың төсек-орны салынып қайтарылатын көрінеді. Орысшалап айтқанда: «Какой привет, такой и ответ!» Қытай тілінде қалыңмал беруді «уанг сусу» деп атайды.
Қасиетті қызыл той
Назар аударып отырсаңыз, қытай­лардың салт-дәстүрлерінде қызыл түс көп пайдаланылатынын байқайсыз. Тіпті Қытай елінің мемлекеттік туына дейін қызыл. Өйткені қызыл түс қы­тайлардың қасиетті түсі болып са­на­ла­ды. Олар бақытты да қызыл түсті болып келеді деп сеніп, «хонгшуангси» деп әспеттейді. «Хонгшуангси» — қызыл түсті қос бақыт дегенді білдіреді. Қайда барсаң да қызыл түсті көресің.
Қытайлардың үйлену тойын — қызыл той десек те артық болмас. Қы­зыл конверт, қызыл мата, той болатын үйде босағаны жағалай ілінген қызыл шамдар… Күйеубала мен қалыңдықтың, құда-құдағидың тойда киетін киімінің түсі қандай деп ойлайсыз? Әрине, қызыл түсті. Қытайда алғаш көріскен немесе көптен бері жүздеспеген адам­дар кездескен сәтте атқарылатын салт­тар да бар. Сыйлы адамдарды қабылдау кезінде немесе туған-туыстар бас қос­қанда, тіпті қандай да болсын, бір се­беппен екі қытай кездесе қалса да, бірге отырып, шай ішеді.
Үйлену тойларында да шайдың орны бөлек. Мұнда шай берудің екі үрдісі бар. Біреуі «үлкендерге құрмет көр­сету», екіншісі «ұлы елге айналу» (ба­уырласу) деп аталады. Құрмет көрсетуде жаңа отау құрушы екі жас тізерлеп тұрып, бір-бірінің әке шешесіне кесе ұсынып, шай ішкізеді. Бауырласуда екі жақтың отбасының мүшесі боп са­налатын әр адамның аты, шаңырақтағы өзіндік орны аталып, арнайы шай та­ра­тылады. Яғни үйлену дәстүріндегі шай­дың мәні зор. Дегенмен қытайлық құ­далар алғашқы жүздесуде шай емес, шарап ішеді. Өйткені оның түсі де қы­зыл. Бастамасы бақыттан болсын деген ырыммен құда-құдағи әдепкіде шарап­тан алып отырады екен. Беттесу бары­сында екі жақ арасында тағы да сый алмасу үрдісі болады.
Біздердегідей шапан жабу салты оларда да бар. Бірақ бұларда екі құда бір-біріне халат жапқызады. Әйелдер жағы өзара шағын тоқымалы орамалдар алмасады. Әрине, халат та, орамал да толығымен демесе де, қызыл түстің қа­тысуынсыз болмайды. Сонымен қатар қазақта құйрық-бауыр асату деген кәде бар емес пе? Сол секілді бұларда да асатудың бір-екі түрі болса керек. Ата-енесімен танысуға келген күйеубалаға енесі қызыл түсті екі түйір бұршақ береді екен. Күйеубала ол бұршақтарды кеседегі суға салып, сол күйінде суымен қоса жұтып жіберуге тиіс. Бұл ұрпақты болсын деген ниетпен жасалатын ырым­ға жатады. Сондай-ақ қызға да арналған арнайы «асату» салты болады. Ата-енесі болашақ келініне ішіндегі еті әлі қып-қызыл, шикілей піскен тұшпара асатады.
Тұшпара — қытайлар үшін бай­лықтың белгісі. Ал «шикі» сөзі қытай тілінде «туу» және «туылу» сөздерімен бірдей дыбысталады. «Шынг». Бай, ба­лалы бол деген мағынада жасалатын ырым. Осындай ұсақ-түйек ырым, кә­делерін атқарып болып, құдалар үйлену уақытын белгілейді де, шағын той жа­сап, қызды қызыл зембілге отыр­ғызып алып кететін ұлы күнге дейін қош айтысып, тарқасады.
Құдаласқаннан соң «шақырту» бас­талады. Екі жақ өз ағайын-тума, көрші-қолаңдарына пісірілген тоқаш түрінде шақырту жібереді. Бұл тоқаштардың бетінде жоғарыда аталған әйел мен еркек бастамалары — феникс пен айда­һар бейнеленеді. Оның қасына той иелерінің есімі жазылған шағын қызыл тақтайшалар қоса беріледі.

АНТ ШАЙЫНЫҢ ШАРАПАТЫ

Қытайлардың үйлену үрдісінің бізге ұқсататын тағы бір жері бар. Ол — сыңсу салты. Тек қытай қызының сың­суы үш күнге созылады екен. Үйінен кетерден бұрын қыз ауладан аспай, іштен арнайы орын тауып алып, үш күн бойы достарымен, туған-туыстарымен қоштасумен болады. Осы күндері қыз­дың көзінен аққан жас тыйылмайды. Бұл қыздың ішінде жатқан шерін, мұңын, қылығының барлығын осы үйде тастап, жаңа үйге таза, бос, пәк көңілмен атта­нудың белгісі көрінеді. Кетер ке­зінде көзіне жас алмауды көргенсіздікке са­наған. Бұл күні қыз бала «жүзін тазарту» мақсатында беттеріндегі артық қылшық, түктердің барлығын жұлып, бетін ақ опамен бояған. Сонымен қоса, шаш үлгісін қыз кейпінен әйелдікке өзгерту мақсатында күні бойы шаш тараумен болған. Бұл істе қасына кө­мекші ретінде жолы жеңіл жеңгелерінің бірін алған.
Күн ортасынан ауа берген шақта қызылды-сарылы безендірілген зембіл көтеріп, жігіттің өкілдері келеді. Дәстүр бойынша бір әйел, бір жас қыз қа­лың­дықты екі қолтығынан демеп, оған сың­су айтқызып, осы зембілге отырғызуға тиіс. Сол отырғаннан келіннің аяғы жер­ге тимеуі керек. Ол пәк күйінде аттанып, жолда бәле-жаланы аяғына ілмей, сол күйінде жаңа босағаны аттау керектігін білдіреді. Зембіл үйге жа­қын­даған уақытта күйеубала қытай ми­фологиясында ұрпақ тарату құдайы бо­лып саналатын Чжан-сянь кейпіне еніп тұрады. Зембіл көріне бастаған­нан-ақ ол сол жаққа қарай садақ оқтарын атуы керек. Бұның көздеген нысанасы — әрине, өзінің болашақ жары емес. Қы­тай аңыздары бойынша Чжан-сянь жын-шайтандарды садақ оғымен атып қуған екен. Сол секілді бұл болашақ күйеудің өз жарымен бірге жаңа боса­ғаға жын-жыпырдың еріп келуінен сақ­тану мақсатында жасап жатқан дәстүрлі шарасы көрінеді. Қыз зембіл тоқтаған жерден босағаға дейін төселген қызыл кілемше үстімен жүріп өтеді. Босаға алдында қытайлар үшін жайлылық пен тыныштықтың белгісі болып саналатын ерден аттайды.
Кіреберісте Аспан мен Жердің, Күн мен Айдың құдайларына арналған дастарқан жайылған столға, сосын осы үйдің иелеріне иіліп сәлем беру міндет. Осы сәтте олардың неке қию салтанаты басталып, екі жас ата-ана, ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жараңдарының кө­зінше бір-біріне адал болуға ант етеді. Күйеу жігіт жарын қолынан жетектеп төсек үстіне апарып отырғызады. Бұдан кейін біздің бір кеседен неке суын іше­тініміздей, бұлар да «ант шайын ішеді». Бірақ олар бір кесе емес, екі кеседен, бір-бірінің қолынан ішеді. Бұл ыдыстары «кеселері ортақтасты, яғни бастары қосылды» дегенді білдіреді.
Айта кететін жайт, осы кәделердің барысында қыз баланың беті бас киімі­не ілінген шағын пердемен бүркеулі болады. Анттарын беріп, шайдан ұртта­ғаннан кейін, жігіт жағынан жолы болған жеңешелерінің біреуі келіп, қыз бетіндегі пердені шешеді. Содан кейін жас келіннің бетінен піскен жұмырт­қамен сипап жүргізіп өтеді де, оның қолына ұсынады. Бұл екі бірдей кәде — Аспанасты елі тұрғындарының келін түсірудегі өзіндік май құюы мен бет­ашары. Соңғы екі кәде үйлену салты мен әдет-ғұрыптарының ақырғы сатысы болып табылады. Беті ашылған келінді қалаған адам келіп көруіне болады.
Сонымен қатар ол адамдар келіннің бетіне тесіле қарап, жеңіл ғана бала­ғаттау сөздерін айтуға тиісті. Және де жас келін оған елең қылмай, бұл айтыл­ған сөздерді көңіліне алмауы керек. Ешбір сөзді елемеген қалпы, екі көзін төмен салып, дыбыс шығармай отыруға тиіс. Бұл — көз тимесін деген мақсатта әдейі жасалатын дағды. Ары қарай ұлы мереке ұлттық ойын, ән мен күй, әзіл мен күлкіге толы үлкен тоймен жал­ға­сын табады. Той өткеннен кейінгі ал­ғашқы таңда жас келіншек өзіміздің қазақ келіндеріндей ерте тұрып, дас­тарқан жайып, ата-енесіне тәтті шайын беруге міндетті екен.

ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ЖҰПТАСУ

Мінеки, «шекарашы» апайымның шитанг жеп отырып айтып бергенінен басқа да дерек көздерінен білген-түй­генімнің мазмұны осы. Тіліміз, дініміз, түріміз бөлек болғанымен адам өмірін­дегі ең маңызды салтанатты күнді той­лаудағы әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің ұқсастығын қарасайшы. Жоғарыда кел­тірілген үрдістердің барлығы демесек те, түгел дерлігі екі елде де әлі күнге дейін сақталған.
Құда түсу, қыз ұзату, ас асату, қалың­мал… Сан елдің ертедегі тарихынан хабар беретін, бүгінге дейін ұмытыл­маған дағдылар мен үрдістер, салттар мен дәстүрлер осылайша өзара қабысып жатыр.
Шынында да, қазіргі заманда салт-дәстүрге көп көңіл бөліне бермейді. Көптеген тойлар бір сценариймен жа­салады: қыз бен жігіттің әке-шешесі мейрамханада кездеседі, той шығынын ақылдасады. Той күні бәрі неке са­райында бас қосады. Жас жұбайлар жүзік алмасады. Аста-төк той жасалады. Бітті! Біреулер осының барлығына да басын қатырмай, жергілікті АХАЖ-ға (ЗАГС) барып, неке куәлігіне қолын қоя салады.
Осыдан небәрі оншақты жыл бұрын АҚШ-тың Лас-Вегас қаласына құмар ойын ойнауға барып, аяқ астынан үй­леніп келетін «жұлдыздар» туралы ес­тіп, жағамды ұстағанмын. Бұған бір жағынан сенбегенмін де. Қалай ғана бұл мүмкін болады? Сонда салт-дәстүр қайда? Ағайын-туыстың, әке-шешенің пікірі ескерілмей ме? Бұл да олардың ешқашан бітпейтін «пиарларының» бірі шығар деп ойлайтынмын. Бүгінде ол таңғаларлық жайт болмай кетті. Үй­лен­гің келсе, тіпті АХАЖ-ға да барудың қажеті жоқ. Үйіңде интернет, қолас­тыңда компьютер болса, жеткілікті. Же­ліге кір де жанұялы бола бер. Де­генмен дұрыс емес қой осының бәрі…
Инновацияны қолданып, ілгері жыл­жимыз деп ой-санамыз бен рухани дүниеміздің кейін шегінгенін байқамай жатырмыз. Прогресс қуып, регреске ұшыраған біраз халықтың соңынан еріп кетпесек болғаны. Жоғарыдағыны оқып, қалың елдің кәделерінен мәлімет ала отырып, өз халқымыздың салт-дәс­түрімен салыстырсақ, рухани байлы­ғымыздың қаншалықты мол екеніне көзіміз жетеді.
Бүгінде Қытай көшелерінде қызыл түспен көмкерілген қызу тойға көп куә боласың. Біздің елімізде де тойханаларға бас сұқсаң, қос ішекті домбыраны дың­ғырлатып, келіннің бетін ашып тұрған асабаларды, мешітке кірсең, орамал тартып, қол жайып, әке-шешелерінің алдында Аллаға мінәжат етіп, неке қи­дырып отырған жастарды көресің. Бұл дегеніміз қазақта да, қытайда да ата-бабалар қалдырған ұлттық ой-сана, үр­діс-дағды, салт-дәстүр молынан сақта­лып қалғанын білдіреді. Екі елде де үлкенге құрмет, сыйлыға сый-сияпат, әке-шешеге деген ілтипат көрсету үрдісі бар. Мұны күллі шығыс жұртының ортақ құндылығы деуге болады.
Қыз алып, қыз беріскен құдалық қай халыққа да жат емес екенін осыдан аңғарамыз.


Дәурен ОМАРОВ,
«Айқынның» Қытайдағы тілшісі

 

Пікірлер