Маңғыстауда атақты домбыра музейге сыйға тартылды

3181
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Қырымның қырық батырын» жырлаған Қарасай Қалыұлының қалақбас домбырасын бесінші ұрпағы Бекболат Баймұханов сыйға тапсырды.

 Осылайша, Қ.Қалыұлының домбырасы музей төрінде арнайы жасақталған көрмеге қойылып, өмірбаяны мен шығармашылығы туралы деректер жазылды. Бір ғасырлық тарихы бар домбыраға тиек орнатып, қос ішегін тағып, құлақтарын қайта қалпына келтірген сәулетші, шебер Ермұхан Әлиев болатын. 

– Бізге әкеліп тапсырылған барлық жәдігерлер құнды болып табылады. Кө­біне тұрғындар ХІХ ғасырдағы зергерлік бұйымдар мен киіз үйдің жабдықтарын та­быстап жатады. Өткен жылы музейіміз ХХ ғасырдың алғашқы жыл­да­рында пайдаланылған Қарақияда та­был­ған байырғы діни кітап және жаз­­балармен, ес­кінің көзі болып сана­ла­тын «Зингер» ті­гін машинасымен толықты. Жалпы, біздің қорымызда арнайы тапсырылған 30 музыкалық жәдігер бар. жақында  Қа­расай Қалыұлының қалақбас дом­бы­ра­сын ұрпақтары сыйға тартты. Арнайы кеш ұйымдастырылып, кеште белгілі ақын Светқали Нұржан Қарасай жырау­дың өмірі мен шығармашылығы туралы көп­теген дерек айтты. Ақтаулық жыр­шы Бейсен Көмеков Қарасайдың жыр­ларынан үзінді айтса, жаңаөзендік күйші Марат Нұретдинов Қарасайдың күйі мен жыр сазын тартты. Салтанатты жиынға келген ел ағалары Қарасай жырау туралы білгендерін баяндап, кейбір деректерді енді естіп жатқанын жеткізді. Журналист Бақ­тыбай Жайлаудың облыстық «Қа­зақ­стан – Ақтау» телеарнасында дайындалған де­ректі фильмі де көрсетілді, – дейді об­лыстық тарихи-өлкетану музейі ди­рек­торының орынбасары Нұрболат Қа­ла­ғанов. 

Жас ғалым Бақтыбай Жайлаудың айтуынша, Қа­расай Қалыұлы 1860-1930 жылдары өмір сүр­ген ақын, жырау, жыршы, күйші, ком­позитор. Маңғыстау аймағының Сам құ­мында дүниеге келген. Қарасайдың 10 жа­сында үй іші Қоңырат ауданындағы Қы­зылжар мекеніне көшіпті. Жастайынан Қарасайды әкесі ән мен күйге, жырға бау­лыған, ұлына домбыраны да өзі үйрет­кен. Қалының өзі домбырашы, әнші, се­рілеу жігіт болған деседі. 
– Қарасай Қалыұлы Қазтуған, Дос­пан­бет, Сыпыра жыраулардың тамаша туын­дыларын халыққа жеткізген, со­лар­дың дәстүрімен «Қырымның қырық ба­тыры» дастандарын отыз күн бойы таң­нан-таңға жырлаған. «Қарасай болмақ қай­да бар?» деген сөз содан қалған. Қара­қал­пақ аймағы қазақтарынан шыққан ақын, жырау, жыршылары репертуарында «Адай Қарасайдың күйі», «Қарасайдың тер­ме жолы», «Қарасайдың жыр жолы» бар». Биыл Қарасай Қалыұлының туға­ны­на 155 жыл, дүниеден өткеніне 85 жыл толуына орай қолға алынған бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Ғылыми-зерт­теу­лер жүргізіліп, шығармалары жинақ­та­ла­ды. Өйткені бұл – мәңгілік елдің мәң­гі­лік мұрасы, –  дейді Б.Жайлау.

Жалпы, қазіргі таңда музейдің қо­рын­да 54 553 жәдігер тізімге алынған. Оның ішінде 37 427 жәдігері негізгі қорда, 17 029 көмекші қорда, ал 97 жәдігер айыр­бас қорында сақталған.    


Венера МИРЛАН, 

Маңғыстау облысы

«АЙҚЫН» газеті.

 

Пікірлер