Үйсін Балқыбек бақсы

3053
Adyrna.kz Telegram

Бұл шамамен 1725 жылдың жазы еді. Жалайыр және онымен жаптас басқа да елдердің қалмақ шабуылынан соң Балқаш көлінің шығыс жағалауын паналаған. Жалайыр биі Жылгелдіұлы Ескелдінің ел ішін аралауы одан әрі жалғаса берді. Аш-арық пен ауру-сырқаудың талайының халіне қанықты. Жын жүгендеп, қобыз құтыртқан бақсы, кітап оқып, үшкіріп дертті қуған молда, сүйексіз он саусағын ойнатқан балгерлердің сан алуаны алдарынан шықты. Ескелді мен Малтабар батыр бастаған топ, әсіресе, Балқыбек бақсымен ұшырасқанда дүр сілкінді. Бұл шындығында жалайыр, суан, ысты, тағы басқа осындағы Ұлы жүз руларының не наймандардың өз адамы емес, Сарысу, Талас бойының, сондағы шанышқылы елінен шыққан бақсы екен. Бірақ тұрақты мекені жоққа тән, қайдан шақыру түссе солай қарай құстай ұшатын бұл Балқыбек бақсы мына Іле жағалауындағы елге қалмақ шаппай тұрып келіпті. Енді мұндағы ел ішінің ыңқыл-сыңқылы көп, соған орай қолқа мен шақырулар да таусылмай, дарияның арғы бетіне өтіп кетуге мұршасы келмепті.

Ескелділердің пайымдауынша, Бал­қыбек бақсы – шамамен елуді иектегелі тұрған адам. Тек қатпа қара жүзіндегі, мойнындағы соқталы әжімдері, сол жүзі түстес, әлі ақ кірмеген, тым бей-берекет өскен сұйық сақал-мұрты, жасаураған көздері мұны әлдеқайда егде адамға ұқсатады.
Әшекейлі хиуа шапаны бар, бірақ онысын иығына ілуі сирек. Көбіне бөзден тігілген ұзын ақ көйлекпен отырады. Онысының етегі түрулі, астынан тағы да сондай аппақ іш көйлегі көрінеді. Бұрынырақта осындағы ел көбіне алба-жұлба киінген, жіп тағынған бақсыларды тамашалаушы еді, ал мынанікі алабөтен киімі демесең сырбаз бозбаланың жүрі­сі­не біртабан жақынырақ. Балқы­бек­те басқа дүниеден бары – түйе жүнді қызыл мауытымен тысталған тымақ, үкі қауырсынымен әшекейленген аса, неше заман отқа не күнге қақталғандай, шанағына құндақтаулы бала сыярлық қара қобыз, қынды пышақ пен дорба ілінген белдік.
Ескелді мен Малтабар Балқыбекпен алғаш жүздескен үйде бұл әлі жынын шақыра қоймаған, қобызын ойнатпа­ған, момақан күйде еді. Дастарқан жағалай сығылысқан ел Балқыбектің қасына Ескелдіні жайғастырды да биден гөрі сол бақсыны көбірек сөзге тартуға тырысты. Бірақ құрт езіп жасалған сусынды сораптап ұрттаған бақсы олардың сөздеріне құлай кеткен жоқ, жұрттың көп сұрақтары жауапсыз қалды. Ел ішінде көргенінен көз ақы алмай тынбайтын жабысқақтар да бар емес пе, солар Балқыбек бақсыны сөзге тартудың тың айласын тапқандай. Бірі ақжемденген аузын қимылдатып:

– Бақсы атаулының басы – атыңнан айналайын жарықтығым Қорқыт баба е­кен ғой, – деп бастады сөзін. – Одан ке­йін­гі топтың ішінде бағаналы Қойлыбай бақсы мен қоңырат руының Көкше бақ­сы­сы ең өрен жүйріктері деседі. Жарық­тық бағаналы Қойлыбай бақсы жайын­да біздің ел әбден құлағдар-ақ. Қойлыбай жын атасы Көкаманға айдалада жел соқтырып, өзінің қара қобызын бәйгеге қосыпты дейді. Тойда бәйгеге қосылған аттар бері қайтып, сөреге жақындағанда солар жақтан дауыл көтеріліп, сатыр-күтір естіледі. Шошынған атқұмар тойшылар бажайлап қараса бар жүйріктің алдында қара борандатқан алты құлаш тамыры, шұбатылған ала арқаны бар бәй­терек ағаш жүйткіп келеді дейді. Сөйтсе, ол ағашың жай ағаш емес, Қой­лы­бай бақсының қобызы екен дейді. Иә, Қойлыбай бақсыны естідік қой, ал мына қоңырат Көкше бақсы жайында білігіміз жоққа тән.

Балқыбек бақсы жаққа жалтақтап сол Көкше бақсы жайында сөйлеңізші деп жалбарынғаны ап-айқын. Тек жұрт қолпаштаған бақсы ол жайында жақ ашпады, керісінше, мынау шабылған елдің жай-күйінен сыр шертуге не әңгіме естуге мойын бұра береді. Көкше бақсы жөнін­де ол кешке сөйледі.
Айлы түн туып еді. Киіз үйдің ішінде екі жерде май шам жылтырайды, олардың өшпеуін қадағалаған арнайы бір-бір адамы тағы бар. Демек, іште де, сыртта да жарық мол. Жұрттың бұт артып жеткен малдары да жақынырақта. Енді осыншама мал-жанның түнгі жауы масаға қарсы да мол шара ұйымдастырылыпты. Үй сыртында айнала жантайған жұрттан арқан бойындай қашықтықта бірнеше жерден түтін салыныпты. Жылқының қу тезегі бұл үшін таптырмайтын ырзық. Бір шетін отқа тигізіп, қызартсаң-ақ жетіп жатыр, лаулап та жанбайды әрі өшпейді де, құшақ-құшақ түтінін будақтатып, таң атқанша бықсиды да жатады. Бетте­рін түтін шалған ел одан шіміркенбейді, қайта рахат сезімін кешкендей шөккен орындарында тереңірек жайғаса түседі.
Ескелді мен Малтабарға іштен орын ұсынылып еді, бірақ топ-тобымен құлаған дерт меңдегендердің орасандығын көріп, бұлар сыртта қалады. Мұнда іште не, сыртта не, бәрі бірдей, желкөзденіп жа­салған керегенің тесіктері алақандай, іштегінің бәрі айқын көрініп тұр.
Ескелді де, Малтабар да, бұларға жанаса жайғасқан Кәшке де ендігі жерде тек үнсіздікті жолдас етпектей. Үшеуі алғашқыда жиналғандарда негізінде сырқаттың қандай түрі басым екеніне назар аударып еді. Бірақ оны шамалау қиын екен. Ауызекі сөзден құлақтарының естуінше, мұнда жылан мен қарақұрт шаққандардың өзі бір төбе. Ал оның сыртындағы көкше, безгек, шешек, теміреткі шығу, қояншық, көз тию, тіл тию, бастың сақинасы, ісік, жара, зәрдің жүрмеуі, күйдіргі, көз, тіс, асқазан, сүйек дерті, баланың ит ауруы сияқтылар және санап тауысқысыз. Сонда да бұлардың айқынырақ ажыратқаны, ақыл-есінен ал­жасқандар жағы бәрінен де қомақтырақ сияқты. Олар осы көп науқастың ортасында өздерін алабөтен көрсетіп те отыр­ды. Бірі қышқырады не дауыстап ырғап-жырғап, жұрттың назарын өзіне аударғысы келеді, тағы біреулері бас­тарын бұлғақтатып, қасындағылардың тыныштығын кетіреді.
– Мұны білгенде әлгі Байбек шалды ерте шығатын ба ек? – деп қалды Малтабар.
– Неше науқасты қанжығаңа байлап жүрерлік шамаң бар? – деді Ескелді. Малтабар өзінің ойсыз сөзінен тосылып қап еді, Кәшке қосылды:
– Шарапаты мол бақсы атайды ғой, бұл Балқыбекті. Шет Бақанастың жағалауына да шақырсақ қайтеді?
Ескелді оның сөзін жауапсыз қалдырды. Бүкіл елді аузына қаратқан атақты би мынадай көп мешел, сансыз ғаріп, дімкәстардың ортасында, үй ішінен де орын тимегендей соншама елеусіз, көптің бірі ғана атанарлық жұпыны түрмен омалғанда мынау айлы түн тап осының басынан ғана көшіп кетіп, тас қараңғылық қамағандай қамыққанын кім аңғарсын? Тіпті дәл қасындағы бүркіт көзді үлкенді-кішілі қос батыр Малтабар мен Кәшке де одан бейхабар. Би өзінің сырықтай кеудесін көзден тасада ұстағысы келе ме, екі бүктеліңкіреп, төменшіктей отырыпты. Оқта-текте жүзін көтеріңкіреп, желкөзді керегенің ар жағына, аңғал-саңғал үйдің ішкі қуысына қарайды. Бүйірін бүйі тескендей бір қиналыс сол жақтан бақсы көрінсе ғана кететіндей бұл да осы тән азабын шеккен көп бейшараның біріне айналып бара ма, әкем-ау?
Ескелдінің бұлайша жаны тағат таппай іштен торығуы өзінше бір жырдай. Қалың жалайырды, өзінің аузына қараған басқа да жаптас, қоңсылас рулардың мол шоғырын ала жаздай жіпсіз байлауынан мұншама сырқат түрлерінің ел ішінде бұрқ көтеріліп, тіпті кейбір жүйкесі жұ­қалардың аптап ыстықты көтере алмай ақыл-естен ажырауын өз басының мініне балаған сезік алып жеп барады. Сосын да үзіліссіз ыңырсығандар мен сарнауықтар ортасында бұл қалай бас көтере алсын. Тіпті былайғы ел басқа ештеңемен жұмысы жоқ, мұндайлық ауруларға «жын соққан», «перінің салқыны тиген», «албасты басқан» сияқты көңілді басқаға аударар атаулар берсе де биге жеңілдік кеп жатқан жоқ.
Бір уақытта бақсы да көрінді. Басын май шамның жарығында түсі ажыратқысыз шытпен таңған, үстінде манағы бөз көйлегі, екі қолында қобызы мен үкі қауырсынды асасы, үн-түнсіз ішке қарай аттады да, ортадағы ашық бос орынның жоғары жағына, өзін күт­кен науқастарға арқасын тигізе-мигізе жайғасты. Асасын жерге көлденең тастап, қобызын алдына тік қойды. Қыл ысқышы да бірге екен. Кенет ысқышпен қобыздың шанағын «тыңқ» еткізіп ұрды да, ары-бері есілте жәнелді. Қобыздың алғашқы үні алыстан ат терлетіп келе жатқан хабаршының айғайына ұқсады. Сосын жан ұшырып әлдекімді шақырған басқа бір үнпазды көз алдына әкелгендей. Бара-бара ботасын іздеген боз інгеннің даусына ауысты. Бірақ бақсы осы бетте бірден қарқын алып кеткен жоқ, қобыз үнін кілт үзіп, құлағын бұрап, түкірікпен бекітуі екі-үш мәрте қайталанды. Ұзақ сарынды сосын барып тапты. Отырғандардың бірі шыдамай:
– Жарықтықтың саусағы буынсыз жаралған ба? – деді.
– Мақтамаңдар, жыным келмей қойып жүрер, – деп бақсы ескерту жасады. Енді баршаның аузына біржола құм құйылды.
Қобыз сарыны біразға созылып, жанды жей бастағанда оған бақсының өз даусы қосылды. Енді бақсы емес, кәдімгі жыршының өзіне айналды. Ең әуелі бақсылар атасы – Қорқыт бабаға сиынды:
Бақсы баба, сен қолда,
Мен сиындым тар жолда,
Мен сиындым сіздерге,
Медет бергін біздерге!
Одан әріде бағаналы Қойлыбай бақсы аталды. Сосын қоңырат Көкше бақсыға көшті. Мана күндіз осы Көкше бақсы жөнінде білгісі келген біреулердің қолқасы есіне түсті ме, бұл тұста Балқы­бек мықтап-ақ көсілді. Ашық, айқын сөздері сыңғыраған кәдімгі жыр төкті.
Онсыз да ауруы бар, сауы бар баршасының назарын өзіне тартқан Балқыбек бақсының мына төкпесі тұсында бәрі мүлдем сілтідей тынды. Қатты көңіл қойып тыңдағанда адамның құлақ, мойын тамырларына күш түседі екен, әттең, сыртта ай, іште шам жарығы, дегенмен де түннің аты түн ғой, әйтпесе мыналар бір-бірінің кү­дірейген мойын тамырларын көрер е­ді. Балқыбектің жырлауынша, Көкшенің жаратылысында жай адам табиғатымен сыйыспайтын көптеген ерекшеліктер бар. Мысалы, Көкшені өз замандастары «тәңір бұты» атапты. Оның мағынасы Көкше бақсының болмыс-бітімінде көктегі тәңірдің өз жаратылысы, суреті айшықталып тұрады екен, әрі Көкше бақсы әр түн сайын ақ боз атқа мініп, аспанға көтеріліп, көк Тәңірісінің өзі­­нен жарлық алып қайтады екен. Әрі оның қобызы да көктен түскен, Тәңірінің қолы тиген дүние.
Міне, Балқыбек бақсы осы жағын толғап кеп, сол Көкше бақсыдан да медет тіледі. Одан соң Балақай бақсы, Шүмен бақсы, Шақар бақсы, Ұзақбай бақсы, Берікбай бақсы, тағы басқалардың аттары аталды. Мына Балқыбек солардың бәрін өзіне пір тұтады, көмек сұрайды.
Одан соң жындар легі кетті:
Жын атасы Жирентай,
Қолыңа жасыл ту алдың,
Найзаңды қанға суардың,
Дертті көріп қуандың.
Ақсақ қойдай мекіреніп,
Оқыра малдай жамыранып,
Зияндасты қатыннан
Ала алармысың ажыратып?
Жын келеді айдап ал,
Аяқ-қолын байлап ал!

Жын атасы Жирентайдан соң ша­қырылғандар легінде Сексен Шоқ, Жәдігөй Жарғыш, Ақ Аямас, Ер Шойлан сияқты жындар аталды. Бұл шақта Балқыбек қатты теңселіп, айлы аспан мен түн мұнары басқан орман-тоғайлы жер ортасында жалғыз өзі қалғандай аса қаһарлы да мұңды сарынға көшті. Бақсы мен қобыз даусы бәйгеге қосылған көп аттан қара үзіп шыққан қос тұлпардай енді қайсымызды қайсымыз басып озамыз деген жан тәсілім етерлік бәсекеге ойысқандай. Бара-бара одан өңі өзгеріп, енді бәсекелес қос тұлпар бірі озса екіншісі күтіп алып, алдағы мол олжа мен абыройды қылдай қиянатсыз қақ бөлуге уәделескендей текекке көшті.
Бұдан кейінгі сарында жұрттың құлағы шалған құбыжықтар атаулары – «Маңдайының қалы бар, арқасының жалы бар қызыл шұбар айдаһар», «Балақ шудасы салпылдап, азу тісі сақылдаған қара бура», «Бармағы бар, өкшесі жоқ елші қыз», «Аспандағы көп пері, ай астындағы ақ пері» еді.
Ескелді өзінің тұла бойы құрысқан­мен түтін иісін шалған мұрнын көтерің­­кі­реп, бақсыға барынша сау көзбен қада­ла қараудан жазбады. Қасындағы жансыз бұтадай қарауытқан Малтабар мен Кәшкеден басқалардың салы суға кеткендей мойындары салбыраңқы екенін байқайды:
Бір кезде Балқыбек әйелше жіңішке дауыспен сыңсу айтқанға ұқсады:
Жын да болса сырласым-ай,
Өзімнің сырлас болған мұңдасым-ай.
Келдің бе аман-есен,
Толықсып, құрдасым-ай!
Осыны айтты да, түсініксіз бір күбірді шұбыртып, даусын қайта жуандатты:
Көзің салшы ауруға
Дауасы мұның бар ма екен?! – деп қасындағы әлдекімге зірк-зірк етті. Осылай науқасқа қарсы шараға шақырған біраз өтініш, зіл білдірілді.
Кенет бақсы бұрқ-сарқ етіп, орнынан атып тұрды. Қолынан қобызы ұшып кеткен, есесіне үкі қауырсынды аса тая­ғын іле түрегеліпті. Дүлей ашу шақырған адамдай ақыра аса таяқтың басымен өзін кеудеге ұрды.
– Әкеліңдер! – деген жан дәрмен даусы шықты. Босаға жақтан әлдекім атып тұрды да есіктен әріде түтіні шалқыған, аздап қызыл шоғы да көрінген жерошақтан дөңгелек бірдемені әкеле жатты. Бұл манадан шоқтың ішінде жатқан, бір жақ шеті шие түстеніп қызарған темір таба еді. Бақсы оны жалаңаш қолымен ұстап, тілімен мұқият жалай бастады.
– Дақ салма деңдер! – деп ақырды бақсы.
Міне, сонда ғана қобыз сарыны мен бақсының жыры ұйытып, талдырып тастаған дала көк теңіздегі кемедей ырғалып кеткенге ұқсады.
– Дақ салма!
– Дақ салма!
– Дақ салма!
Осылай шуласқан ел бақсының даусын басып кетердей көрініп еді, жоқ оның өресі әлі де тым жоғарыда екен. Өз-өзінен зорланып, қышқырып кеп бергенде төбелерінен найзағай шатырлағандай бәрінің зәре-құты қашты. Жартылай қызарған табаны жалап біткесін бөз көйлегінің омыра­уын ағытып жіберіп, жалаңаш төсіне басты. Сосын бала құшақтаған адамдай ортадағы ашық жерде билеп кеп берді. «Әй, сөйт, бүйт, тұр» деген сөздерді қоса айтып, айғайлап қояды. Сосын табаның қызарған жағына қалтасынан кішкентай пілте алып тигізіп еді, ол лап етіп жанды. Соның жарығында Ескелді Балқыбек бақсының жаман өзгеріп кеткен түрін көрді. Өзі шақырған жындары мұның бетіне неше түрлі бояу төгіп, шимай салып кеткендей.
Бақсы жанған пілтені аузына салды. Бұл ойыны біткесін:
– Әкеліңдер! – деп қайта бұйырды. Жаңағы жерошақтан таба әкелген кісі енді қамшының сабындай бірдемені ұстап келе жатты.
Сөйтсе, ол атан түйені бауыздауға жарайтын үлкен пышақ екен. Бақсы оны қолма-қол аузын ашып, ары өңешіне тығып жіберді.
– Дақ салма! – деген жұрттың даусы жаңа күшпен өршіді. Бұл сөзді Ескелді мен қасындағы екі жолдасы да айтуда еді.
Бақсы қанжардың соңынан аузына қолын да сұғып, болат қаруды кеңірдегінде бұрады. Әлден соң қайта суырып, қақырына бастады. Сірә, қанды көбік құсты. Енді бақсы:
– Хай, ойбай-ай, ай, ай! Алла-ай, ай, хай, хай! – деген дауыстар шығарды. Отырған көпшілік соны қайталады. Көп көмекейден шыққан үн түнгі даланы басына көтере берген шақта бақсы шалт қимылдап, таяу маңдағы ауыр науқастардың бірін құшақтап, жеп-жеңіл дүниеліктей іліп әкетті. Алдына көлденең ұстап тұрды да айналдырып-айналдырып әкеп, жерге сылқ еткізді. Бұл көтергені әйел екен, ышқына бір үн қатты да талып түсті.
Алда бұдан да сорақысы бар екен. Бақсы аса таяғымен жердің шекесін оярдай ұрғылап, дүрсілдетіп, билеп жүрді де кенет жаңағы үлкен пышақты та­уып алып, оны әлгі әйелдің қақ жүрегіне сұқпасы бар ма? «Дақ салма» деген жұрттың даусы жаңа күшпен өрбіді. Сол кезде бақсы мүлдем ащы айғаймен:
– Тоқтат! – деп бұйырды. Сөйтсе, енді «дақ салма» деудің қажеті жоқ екен. Сірә, бақсының өз көмекейіне кіріп шыққан пышақ келесіде басқаға қауіпсіз саналса керек. Жұрт сап тыйылды. Бақсы сосын бір қолын саусақтарын тарбита жоғары көтерді де, екінші қолын әйелдің кеудесіне сұғулы пышақтан айырмай айналасына алақ-жұлақ етті. Жылдай ауыр көрінген біраз уақыттан соң ғана пышақты суырып алып, жерге лақтырды.
Енді алдын ала аяқ астына тасталған арқанмен өзін белден орап:
– Тартыңдар! – деді. Бес-алты жігіт екіге бөліне арқанның ұштарын екі жаққа бар күштерімен тарта жөнелді. Біраз аурулар ол жігіттердің аяғының астында тапталды.
Бақсы біраз есеңгіреп, арқаннан босанды да, басқа әрекетке көшті. Бұл енді үй ішіндегілерді тегіс төбелерінен алақанымен бір-бір басып шығуға кі­рісті. Үйдегілер тәмамдалғасын сыртқа қарай секіріп, мұндағыларға да соны жасады. Мұнда жұртты төбеден басуды Ескелді жақтан бастап еді. Бақсы өзіне жақындағанда Ескелді оның алақаны төбесіне тигендердің бәрі сол заматта-ақ есеңгіреп қылжиып қалатынын байқады. Сол халге өзім де ұшырар­мын деп, бұл алдын ала оңтайланғандай да еді. Жоқ, бақсының алақаны құс қауырсынындай жұмсақ екен, сүйкеп өткендей болды да басқа еш әсері білінбеді. Ал Малтабар мен Кәшке олай емес, апиын ішіп масайғандай-ақ екеуінің мойындары мұның көз алдында қисая кетті. Бақсы олардан да ары өтіп, басқаларды өстіп, қылжитып, жапыра берді. Кенет бері қайтып, Ескелді бидің төбесіне қайта қол салды. Бұл жолы да солай, құс қауырсынын­дай жұмсақтығынан басқа ештеңе­сін сезбеді. Одан соң бақсы одан да әрі өтіп, Ескелдінің қасына үшінші мәрте келіп, төбесіне тағы алақан тигізді. Тағы да солай, мойны да қисаймады, масаймады да. Бақсы енді тап осы биде бір өші кеткендей сыртта жыпырлаған көпті тауысқасын үй ішіне қайта кірді де желкөз керегенің ар жағынан Ескелдіге оқшырая қарады. Осы сәтте іште де, сыртта да, санап тауысқысыз көптің ішінде Ескелдіден өзге сау адам жоқ еді. Бақсы қайтсе де мұның амалын табуды ойланған екен. Кенет манағы асасын тауып алды да табалдырықтан қарғып шығып, Ескелдіге қарай жүгірді. Ескелді мүлдем қорғанған да жоқ, мына көптен бұл әулие ме әрі жаңағы әйелдің қақ жүрегіне қара пышақ та сұғылды ғой, оның қасында аса таяқ дегенің не, тәйірі? Бірақ осы мезетте көрген адамды таң-тамаша қалдырарлық бір оқиға болды. Бақсы биге қарай асасын құлаштай сермеп еді, түн түнегінде тұлғасы айқын көрінген бір жас ақ бура қанатты құсша қимылдап, оны қағып тастады. Бақсы екінші мәрте, үшінші мәрте сілтеді, бірақ қимылы адамнан ширақ ақ бура тағы да сөйтіп, жан ұшырып дарытпады. Сосын ғана бақсы аз-кем сабыр суы басылғандай бұл жаққа қай­тып жоламады. Тек басқаларға арналған қимылдарын жалғастыра берді.
Көз алдынан ақ бура кеткесін де Ескелді аса сергек қалпында кірпік қақпай бақсының ойынын бақылады. Бақсы әлі де көп қимылдар жасады. Әсіресе, көкке секіріп, бір орында тізесін қалшылдатып билеуі көп.
Осылай ұзаққа созылған тынымсыз қимылдан соң қобызын қайта алып, есілте жөнелді. Өзі қоса сарнады. Бұл жолғы сарын тіптен ұзаққа созылғандай. Тіпті бас-аяғы жоқ, өзен­нің ағысындай бірдеме. Ескелдіге ең ауыр тигені де осы. Бір мезетте саңқ етіп, қобыздың үні де, бақсының сарыны да кілт басылды-ау.
Сосын бақсы түрегеліп, орылған пішендей сұлаған іштегілерді де, тыс­тағыларды да аяғымен бір-бір түртіп оята бастады. Бәріне де айтатыны бір сөз:
– Болды, өз мекенжайларыңа қай­тыңдар.
Ұлан-асыр жиналған көпшілік түн ішінде қорасынан қуылған нән отар қойдай жан-жаққа өріп жүре берді. Айлы түн, мұрындары шалған түтін иісі ғана ауыр ұйқыдан кейінгі сәтте осынау қарапайым тіршілік барын бұлардың есіне салғандай. Біраз сал аурулар бұрынғыдай сүйеніш іздемей өз аяқтарымен тік басып жүріп кетті. Басқа сырқаттар да анасынан қайта ту­ғандай жаңа күш-қуатқа ие болғанға ұқ­сайды. Себебі манағы ыңырсыған, ың­қылдаған дыбыстар қайта қоздамады.


Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ,

«Ана тілі».

 

Пікірлер