Жақында Астана қаласында өткен «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушыларының халықаралық фестивалі биылғы жылдың мәдени жаңалықтарының ішіндегі маңыздысы болды. Фестивальдің мақсаты бойынша, әрбір қатысушы-өкіл өзі келген өңірден түркі халықтарынан, қазақ музыкалық мектептерінен ұмытылып бара жатқан жыр, күй мен саз, эпостық жырларды жан-жақты насихаттап, жаңғыртуы керек. “Алтын қобыз» және арнайы дипломмен марапатталған Кенжебек Аяғанов фестивальде ерекше өнерімен, шебер орындаушылығымен көзге түскен өнерпаздардың бірі болды. Сәті туғанда дипломантты әңгімеге тартқан едік. Кенжебек күйшілігімен қатар, осы саладағы ізденісімен де аты аталып жүрген жас өнерпаз.
– Кенжебек, «Қазақстан» күйін не үшін таңдадың? Фестивальға тіпті “шаң“ басып қалған бір күй апаруға мүмкіндігің бар еді ғой?
– Маңғыстаудағы «Шоңай мектебінің» түлегі, күйші Арал, Есір Айшуақұлының шәкірті Шамғұл Ыбырайымұлының «Қазақстан» күйі бұрын еш жерде тартылмаған. Үлкен сахнаға күй бірінші рет шықты.
– Музыкадан хабары бар қауым күйші Шамғұлды тек орындаушы деп келді. Бұған не айтасыз?
– Оның рас, Шамғұлды қазіргі таңда орындаушы деп таниды, негізі аса шебер күйші. Бірақ өзінің авторлық көп күйі жарыққа шықпады. Тек үш-төрт күйі ғана нотаға басылды, бірақ оларды шикі деуге болады. Мәселен, «Қазақстан» күйінің автордың өзі қалдырған нұсқасы жоқ. Ал, автор тартқан нағыз түпнұсқаны «Ұлы дала сазында» орындадым. Көптеген орындаушылар Шамғұлдың екі-үш күйі болғасын, әрі олар нотаға өте қысқа болып түскесін көңіл бөлмей жүр. Ал, сезініп, әрі зерттеп-зерделеп қарасаңыз, автордың өзі тартқан толық нұсқасын табуға болады. Құдайға шүкір, бүгінде Шамғұлдың оннан аса белгісіз болып келген, ешкім тартпаған төл күйлері табылып отыр. Бұйырса, алдағы уақытта жарыққа шығарамыз. Осы жолда көнекөз ауыл ақсақалдарынан алып, іздеп, 1950-60 жылғы ескірген үнтаспаларды жинақтаған жыршылар Елдос Еміл, Ақылбек Тасқара тер төгіп, еңбектеніп жатыр. Қазір соларды өз бойымызға сіңіріп жүрген жайымыз бар.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, күйшінің туындыларының осы күнге түпнұсқасы жетпеуінің себебі неде?
– Аласапыран заманда күйші де, күй де қудалауға ұшырады. Осындай қиын-қыстауда авторды ауызға алып айта алмаған, содан автор көлеңкеде қалып, күйлері халықтыкі болып кеткен.
Шамғұл атамыз Адай көтерілісінің рух берер, жігерлендірер жыршы-күйшісі болған. Сондықтан ол күйлерін сақтап қалу үшін күйдің атын өзгертті, кейбірін «Партия басшысы» деп атады. Партия басшылары туралы күй деп айтылғанмен мағынасы басқа. Егер күйдің мағынасына сай терең ат берсе, ол осы заманға жетер ме, жетпес пе еді?! Қатерлі идеология мен сұм саясаттың кәріне ұшырамас үшін осындай айла қолданған.
Сондай-ақ Шамғұл күйлерін қысқа қайыратын болған. Бұдан басқа да күйшілер туындысын қысқа, әрі нағыз нақышына салмай тыңдаушысына жеткізетін болған-ды. Себебі, күйімді ұрлап кетеді деп сақтанған сияқты. Мәселен, «Өттің дүние» күйі Есентемір Есбайдыкі деп нотаға басылып кеткен. Ал, ол шын мәнінде Өскінбай Қалмәмбетұлының өнерін жалғаған перзенттері Хамит пен Мұратқа қалдырған өсиет күйі. Бұл туралы Өскінбайдың баласы Мұраттың айтқан дәлелі бар. Бірақ осы күнге дейін Есбайдың күйі деп танылып жүр. Түпнұсқасы Мұраттың орындауында Өскінбайдың күйі деп тартылады. Сонымен бірге, мысалға Шамғұл өзінің «Қазақстан» күйін екі жерде ойнаған, біреуінде өте қысқа қайырып тастаған. Ал, соны нотаға түсірсе, бас-аяғы жоқтай түсініксіз болып қалады. Оған көбі көңіл бөлмей, қысқа деп нотаға түсірмей, орындамай келді. Оны дұрыстап тыңдасаң, бойыңа сіңірсең, ғажап саз. Оның ұзақ нұсқасын алып, көне үнтаспадан тыңдап, орындадым. Бүгінде «Қайғылы күйді» Ықсаттыкі (шын есімі – Игісәт) деп жүр. Негізінен ол – Есен Тұрұлы Ермембет бидің күйі. Елі жұтқа ұшырағанда күйзеліп, қайғырып, «Қайғылы күйді» шығарған. Бірақ күй бидің рулас інісі Игісәттің орындауымен кеткен. «Ықсаттың күйі» деп қысқа нұсқасымен нотаға түсіріліп қойған. Бұйырса, біз оларды толықтырып, Ермембет би тартқан түпнұсқада шығарамыз.
– Қазіргі таңда Маңғыстаудың күй мектебі орындап жүрген қанша күй бар?
– Қазір 70-80 күй ғана нотаға түскен. Маңғыстаулықтардың білетін күйі осылар.
– Ал, сіздердің қолдарыңызда жарыққа шықпаған қанша күй, кімдердің күйі бар?
– Нақты айту қиын. Дегенмен де 200-300 күй шығаратын мүмкіндігіміз бар. Бұлар жақында жарыққа шыққан “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйінің” ішіне де енбеген. Оған көп еңбектену керек. Оның ішінде Шамғұлдың танылмаған, естілмеген тартыс күйлерін қосқанда оннан аса күйі бар, сондай-ақ Есірдің күйі «Жуас қоңыр», Өскінбайдың күйі «Жирен жорға», Есен Ермембет бидің екі-үш күйі, Шотан Жары Наурызбай, Дәулеталы Жары Мамай, Бәли Бегімсал, Қырықмылтық Атажан, Байшағыр Тәңірберген, Тіней Боқбала, Жанақ Қарағұл, Шоңай Арал Тағаниязұлы, Бадан Елемесұлы, Бекен Кендірбайұлы, Ысмағұл Кенжәліұлы, Жары Қартбай Қалқаманұлының бірнеше күйі, Қырықмылтық Құлшар Ерназарұлы, Құнанорыс Жолды, бір ғана Есен Жеменей Уәлидің 30-ға тарта және т.б. естілмеген, жарыққа шықпаған күйлері бар.
Өскінбайдың баласы Мұрат бір әңгімесінде «әкем мыңның үстінде күй білетін еді, әкем өмірден ерте қайтып, мен жас болғасын 300-ге тарта күйін ғана үйреніп қалдым» дейді. Мұрат Өскінбаевтың орындауында алты-жеті «Науайы» күй жетті, негізі Өскінбайдың орындауында 62 «науайы күйі» болған. «Ақсақ құлан» күйінің тоғызы бар деп есептеледі. Нотада тек төртеуі бар. Бірақ оны ешкім орындамайды. Құдай қаласа, оны да жарыққа шығарамыз. Сол күйлер Шамғұлдың орындауында да бар. Өскінбай оның тоғыз түрін орындаған. Мұраттың орындауында төртеу. Мысалға, «Баланың жылауы», «Анасының жоқтауы», «Айдаһармен арбасуы», т.б. Қазір мұны да ешкім тарт-пайды. Біреуін ғана тартады. Осыларды зерттеп, шығарамыз деген жоспар бар. Қор жетеді.
– Маңғыстау күй мектебінің күйлері жедел орындалады, қарқыны жоғары. Себебі неде?
– Өкінішке орай, қазір орындалып жүрген күйлердің бұрынғы түпнұсқада ойналуы қиын болып отыр. Яғни оны әр мектептің өзінің орындау мәнеріне салып, ойнайды. Сонда көбі Маңғыстау мектебінің мәнерінен алшақ кетеді, күйді нақышына келтіріп орындай алмайды. Себебі, үнтаспалардың табылмай, зерттелмей жүргендігі. Талай сайыстарға қатыстық, көбі күйдің темпін екі есе жылдамдатып, күйдің мағынасынан алыс кетеді. Орындаушы күйді өзіне ыңғайлағысы келеді, керісінше біз күйге ыңғайлануымыз керек қой. Күйдің не айтқысы келіп тұрғанын көрсетуіміз керек. Шын айтқанда, табиғилық аз. Соның салдарынан батыс аймақтың, оның ішінде Құрманғазының күйінің темпі жылдам болып кетті. Негізі Маңғыстау күйі салмақты, сабырлы орындалады. Ал, қазіргі көптеген әріптестеріміз асығыс-үсігіс, біреуді қуып, не қашып бара жатқандай жеңілдетіп тартады. Ол мән-мағынасынан айырылып қалады. Күй түпнұсқасын нотаға дәл сол күйінде түсіре алмайсың, өйткені автордың әсері ол сызыққа сыймайды. Жоғарыда айттық, Қартбайдың бірнеше күйі бар, қазіргі кезде «Күй басысы» ғана тартылып жүр, ойнауы жағынан көп кемшіліктер кетеді. Оны Сержан Шәкратов нақышына келтіріп ойнайды да, бірақ басқа жақтағы, Алматыдағы орындаушылар нақышына келтіре алмайды.
– Қазіргі заманның адамы күйді тыңдамайтын, түсінбейтін болды деп жатады музыка жанашырлары. Бұл дұрыс насихатталмай жатқаннан ба?
– Күйдің құдіреті – ғаламат. Күй – адамның ішкі рухани күй-ахуалы. Саз сол жан-жүректен жарып, тербеліп шығады. Ал, егер күйді орындаушы, күйші күй авторының жан дүниесін сезініп, оқиғаны елестетіп тартып, тыңдаушыға жеткізе алса, күйдің құдіретіне жетер ештеңе жоқ?! Қазақ руханиятының тоқырауға түсуінің бір сыры осы күйде жатыр. Өйткені күйдің үнінде даланың сарыны, ізгілік иірімі бар, рухы биік бабаның ішкі ахуалына жалғасатын сыр бар. Ал, біз осы сырды жетеғабыл жеткізе алмай жүрміз-ау деп қорқамын. Тыңдаушының азаюын тартушыдан көреміз бе, қалай?! Әрі күй тыңдай алмау – рухани дерттің асқындауында. Қазіргі замандастарым салмақты дүниені қабылдай алмай, құнсыздыққа құнығып жатқаны өкінішті.
– Ол үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– «Сабалағанның бәрі күйші емес, абалағанның бәрі әнші емес» деген. Қазіргі күйшілердің көбі саусақты жаттықтырып, күйдің тарихына, рухани ахуалына тереңдемейді. Сондықтан ол әсерсіз. Неге? Өйткені жүректен шықпайды. Міне, бізде сол жетіспейді. Өзім домбыраны 7-8 жастан қолға алдым. Әкем күй тартқан кісі, одан жастай қалдым. Домбыраны тыңдап үйрендім. Домбыра үйретушілер үйренушіге нота бойынша оқытады. Нотаның салған ізімен дәл түпнұсқадай тарта алмайсың. Егер күйшінің күйін жүрегіне сіңдіріп, құлағына құйдырып тыңдатсаң, күй тарихына бойлатсаң, бала нотаның ауқымына сыймайтын әсерді ұғынар еді. Нота деген сызық қой, көзбен көресің де ойнай қоясың. Ал, ол жүрекпен орындалмағасын өлі болып қала береді. Білім беру жүйесінің бір ескермей жүргені – балаға сол әсерді сезіндіре алмауында. Біз болсақ, ешкім күй тыңдамайды деп халыққа ренжиміз. Сондықтан білім беру ісіне өзгеріс енгізу керек сияқты. «Тыңдау» деген бір пән енгізу керек. Мәселен, бұрынғыда нота жоқ, көп күйшілер сазды бірінен-бірі естіп тартып кете берген ғой. Бір бала күйші шалдың батасын алуға келсе, шал әлгі балаға бір күй тартып береді. Бала зер сала тыңдап, заматында сол күйді өзіне қайтып тартып берген. Сосын күйші шал батасын беретін болған. Ал егер тарта алмаса: «Әй, бала, сенен күйші шықпайды» деп жылы шығарып салатын болған. Ал, қазіргі кезде қалай? Бір ай қасында отырып, балаға нота үйретеміз. Әрине, білім де керек, оқыған дұрыс. Бірақ табиғилықтан алыс кетпеу керек. Қазіргі білім беру жүйесіне осы табиғилықты енгізу керек деп ойлаймын. Қалай дегенмен де қала мен дала консерваториясының айырмашылығы бар ғой. Оны өзің де байқаған боларсың.
– Ал енді осынша қазақтың музыка өнеріне қазына болып қосылатын жауһарларыңызды қашан жарыққа шығарасыз?
– Байыппен зерделеп, көп кешікпей шығарамыз деп ойлаймын. Оған дейін күйлерді бір жүйеге келтіру керек. Сондай-ақ, күйшінің күйінде қол таңбасы қалады, оны сазынан танисың. Мәселен, халықтың күйі болып кеткен кейбір күйлердің авторын сазына, стиліне қарай табамыз. Сосын әлгіндей Маңғыстау күйлеріндегі көп кемшіліктердің орнын толықтырып болғасын жариялаймыз. Шикі піскен астай болмасын. Бүгінде күй тапса, оның мәніне қарамай ақша тауып, атақ алу үшін кітап шығарып, артынан үлкен дау не сапасыз болып жатады. Сондықтан әбден зерттеп алуымыз керек.
– Ал өзіңнің шығарған күйлерің бар ма?
– Оған дәрежем жеткен жоқ. Жаңа өзім айтқан қазақтың күйлерін тауыса алмай тұрып, қалай күй шығарамын?! Осы күйлерді зерттеп шығарсақ, мен үшін соның өзі үлкен жетістік.
Өмір дерек:
Кенжебек Аяғанов – Мұнайлы аудандық өнер мектебінің мұғалімі, Есір Айшуақұлы атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері, Мұрат Өскінбаев атындағы байқаудың 1-орын иегері, «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Қ.Ахмедияров атындағы республикалық орындаушылар байқауының дипломанты, «Маңғыстау жұлдыздары» байқауының бас жүлдегері.
Сұхбаттасқан
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
«Үш қиян».