Кейде елінің ертеңін ойлап, құлшынып жүрген азаматтарға қарап, бойыңда әлдебір мақтаныш сезімі ұялайды. Бұл – қазағым деп жүрегі лүпілдеген әрбір жанның көкейіндегі тілек. Осы орайда Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, актер, тележүргізуші Азамат Сатыбалды: «Неге әлсізбіз, қорқақтаумыз? Бабаларымыздың ісін жалғастырар мына біздер емеспіз бе!?» – дейді. «Сәрсенбілік сұхбатта» айтқан ой елегіне қарап, сіздің де: «Әй, азамат!» – деріңіз сөзсіз…
– Әңгімеміздің әлқиcсасын ең жақын адамыңыздан – жарыңыз, «Тарлан» сыйлығының иегері, актриса Назгүл Қарабалинадан бастасаңыз… Назгүлдің қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Әрине, кіршіксіз таза адам болмайды. Өйткені бәріміз періште емес, пендеміз. Ал Назгүлдің адалдық қасиетін, ер мінезділігін жоғары бағалаймын. Ол ұнамаса да, өмір сүру үшін, діттеген мақсатына жету жолында «көке» деп, жағаласып жүретіндердің қатарынан емес. Жақтырмайтын адамның жанында жүріп, өзін алдағысы келмейді. Демек, біреудің алдында өтірік күліп «ойнамайды», сондықтан оның адамға деген реалистік көзқарасы ұнайды.
– Қалай ойлайсыз, әйеліңіз сізді мақтан тұта ма, әлде сіз әйеліңізді мақтан тұтасыз ба?
– Жалпы, мен әйелімді мақтап, әйелін мақтан тұтатын ер жігіттердің қатарынан емеспін. Әйел, ол – әйел. Менің қабырғамнан жаралған. Әйел – менің жоғымды толтырып, барыма «тәубе» деп отыратын адам. Оны алға салып, әйелімнің атымен атақ шығарғым келмейді. Мен үшін әйел – жан жарым, баламның анасы. Сондықтан бұл өмірде әйел күйеуін мақтан тұтуы керек деп ойлаймын.
– Ендеше, «еркек мықты болғанымен – осал, әйел нәзік жаратылғанымен – мықты» келетінін қалай ұғынасыз?
– Әрине, қилы тарихқа үңілетін болсақ, түрлі қақтығысқа да, кейде қайғы-қасіретке де себепкер бола тұрып, жеңістің жалауын желбірету де осы нәзік жандылардан басталады. Олар қанша нәзік болса да, сол нәзіктігіне сай қайраттылыққа ие. Өйткені әйел – Ана. Батырды да, алыпты да өмірге әкелетін аналар бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербейді. Ал ер азаматтар кейде өзін қыран сезініп қалықтап, тұлпар сезініп қанаттанып кетіп, көп нәрсені байқамай қалады. Аңғал. Кейбір мәселенің байыбына барып, кез келген нәрсенің түбін қазбайды. Сондықтан жақсы әйел еркекті үлкен баласындай әлпештейді. Оның ақылдылығы да сонда.
– Жас болсаңыз да, «Абай» спектакліндегі ұлы тұлға Абай рөлін сомдаудасыз. Ал актердің басты мақсаты – сахнада жанды бейне жасау. Бұл образдың жүгі ауыр болып жүрген жоқ па?
– Мен өзіме өте сыни көзбен қарайтын адаммын. Жасырмаймын, өзіме көңілім толмайды. Шамасы, көңілім толатын кез жұмыстарымды бітіріп, зейнеткерлікке шыққанда болатын шығар. Қазір мен ілгерілеудемін, менің қолымнан бәрі келеді. Өйткені болашақтан үміті бар адаммын. Өзімді қамшылап, басқа қырларымды тапқым келеді. Былтырғы жылы шығармашылығыма көңілім толмады, себебі оң жамбасыма келген рөл ойнай алмадым. Мұны үлкен серпіліс алдындағы үзіліс деп, алдағы күнге сенім арттым. Ойлағанымдай, Алла тағала биылғы жылды нәсіпті етті. Өйткені Абай атамыздың образын сомдау – екінің біріне қона бермейтін бақ. Бірақ Абайдай болу мүмкін емес…
– Десе де, «болмасаң да ұқсап бақ» деп, сол ұлы Абайдың өзі айтпап па еді?
– Әрине, сол заманды зерттеп, айналама Абайдың көзімен қарауға тырыстым. Басқаға ұқсамай, өзім оқып таныған Абайымды жасауға күш салдым. Өйткені Абай сан қырлы. Мәселен, 17 миллион адам болса, 17 миллион адамның өзі ұққан Абайы бар. Оған ел-жұрттың келісуі-келіспеуі мүмкін. Оны жеке менің өзімнің Абайым деп білемін.
– Енді, міне, комедия жанрына да бойлапсыз…
– Комедияны түбегейлі зерттеп ойнамағандықтан, арманымның бірі осы жанрға да ену еді. Бүгінде Еркін Жуасбековтің пьесасы бойынша «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» деген комедияда сүбелі бір рөлде ойнадым. Сыншылар да, көрермен қауым да дұрыс бағалады. Осы уақытқа дейін комедиядан қорқып жүрсем, менің де қолымнан келеді екен… Негізі, актерде бірсарындылық болмағаны дұрыс. Кейде бізде бірсарындылық актерді өшіреді. Аллаға шүкір, әр жанрда ойнап, өз деңгейімді қалыптастырудамын. Бұл рөлдерімді кәсіби деңгейге жеткізіп ойнап шығу – парызым деп санаймын. Сүрініп кетсек, көрермен кешірмейді…
– Өнер саласындағы қандай жайттар сізді толғандырады?
– Қазір әлемнің қарыштап дамып жатқан кезеңі. Экономиканы, технологияны – қай саланы алсақ та, күн сайын бір жаңалық ашылып жатыр. Ал өнердің дамуы бәсең. Қазір өнерде жаңалық жоқ.
Шығармашылық тоқырауда жүрміз. Кешегі дүниені жаңғыртып, тек қайталаудамыз. Егер кезінде Мұхтар мен Ғабит ағалар пьеса жазбаса, біз қазір сахнада не қояр едік? Шәмші болмаса, әнді кім жазар еді? Сол тарландардың тастап кеткен мұрасын мүжіп, солардың қалдырған рызығымен ғана «тамақтанып» жүрміз.
Бірақ «үмітсіз – шайтан» дейсің…
– Бір сұхбатыңызда «Театрдағы жас буыннан тұлғаның шықпауы кімнің кінәсі?» – деп, ортаға сауал тастапсыз. Сол сауалыңызға өзіңіз жауап беріңізші.
– Таяқтың екі ұшы бары сияқты, бірінші кінә – өзімізде! Өйткені біз сәл майдалаумыз. Кешегі ағаларымыз сияқты бізде бір ірілік, даналық жоқ. Материалдық құндылыққа тәуелді болып қалдық. Байқасақ, сол ағаларымыз бір бөлмелі пәтерде тұрып, жаяу жүріп-ақ үлкен дүниелер жазған. Ал бүгінде аз-мәз танымал болсаң, қоғамдық көлікке міне алмай қаласың. Неге? Себебі, «атақты болсаң, міндетті түрде бай болуың керек» деген заңдылық пайда болды. Бай болу үшін сен ақшаның құлы боласың. Екінші себеп – аға буын өкілдерінде! Тұлпарлар арасынан хас жүйріктің танылатыны сияқты, болар баланы тәрбиелеп, одан тұлға жасау керек. Жастарды көтерудің орнына, кейбір ағалар «көрпені» өздеріне қарай тартып, бізден басқа ешкім жоқ деп отыр…
– Қазақтың бір азаматы ретінде еліңіз үшін жаныңызды не ауыртады?
– Осы елде тудық, осы жердің суын ішіп өмір сүреміз. Басқа жердің топырағын нәсіп етпесін, осы жерде жамбасымыз жерге тиеді… Айтпағым – қоғамдағы тіл мәселесі жүрегімді ауыртады. «Тілді үйрету керек, дамыту керек» деген сөздер шамыма тиеді. Намыстанамын. «Шайнап берген еттің дәмі кетеді». Біз қазақ тілін үйретейік деп кітап шығарғанымызбен, оны дәріптеп жатқан жоқпыз, тіліміздің құнын түсіріп жатырмыз. Тілді сөйлету керек болды! Өткенде Дағыстаннан келген шешендерден: «Осындағы шешендер өз тілін біле ме екен?» – деп сұрадым. Сонда олар: «Жер бетінде өз тілін білмейтін шешен жоқ», – дегенде, қазақтарды өшіріп тастағандай сезіндім. Басқа ұлт өкілдері бізге күлетін сияқты.
– Бүгінде елімізде жарыққа шыққан сізге ұнамды фильм бар ма?
– «Біржан сал» фильмінде Досхан Жолжақсынов ұлтының салт-дәстүрін қадірлейтін азамат ретінде барын салып, жанын аямағаны көрініп тұр. Қазақилықтың жігін ажыратпай, қаймағын бұзбай, әдемі суреттеген. Арадағы махаббаттан да, серілік ғұмырдан да ерекше әсер аласың. Адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге құрылған «Сказ о розовом зайце» фильмі де қуантады. Осы орайда «Қазақфильм» киностудиясын басқарып отырған Ермек Аманшаевтың киноны жаңа деңгейге шығарып, кино әлеміне жаңаша бет-бейне жасап жатқан еңбегін атау керек.
– Ал оқырман ретінде қазақ қаламгерлерінен кімді бағалайсыз?
– Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов бастаған көшті жалғаған Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Дулат Исабеков сынды ағаларымыздың еңбегіне ден қоямын. Олардан кейінгі жас буын өкілі Дидар Амантайдан басқа көңіліме ешкім қонбайды. Оның шығармашылығындағы суреткерлік қасиеті әсерлілігімен құнды. Ал қазіргі жастардың ішінде іліп алар жазушы шыққан жоқ. Керісінше, жас ақындардан өзгеше бір буын қалыптасты. Танакөз Ілиясова, Жарас Сәрсек, Қалқаман Сарин сынды өте бір керемет ақындар шықты. Мәлік Отарбаевтың «Ой қазан» деген жинағын оқыдым. Өмірге деген философиялық көзқарасы, қазақилығы басым жігіт екен.
– Халық сізді актер, тележүргізуші, сонымен қатар асаба ретінде де таниды. Осы үш саланың қайсысы жаныңызға жақын?
– Халық мені асаба ретінде танымай-ақ қойса дер едім… Мен үшін асабалық өнер емес. Асабалық та – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер деп, осы жол арқылы күн көріп жүрген адамдар ренжімесін. Тележүргізушілік те – мен үшін уақытша нәрсе. Бетіңнің әрі кеткен соң, эфирге шығып алып шоу-бағдарлама жүргізуге болмайды. Сондықтан мен үшін ең ауыр да күрделі, ең қымбат та қимас саф өнер – театр.
– «Актерге ең қымбат атақ – танымалдылық», – дейсіз. Танымалдылығыңызды арттырып, «Екі жұлдызға» неге қатыспайсыз?
– Егер танымалдылығымды дәріптер болсам, бұл бағдарламаға қатысар едім. Ал мен актер ретінде дамымай жүрген адам емеспін. Танымалдылық үшін бәйгеге түсіп, өзім үшін қымбат, бағаланбас дүниемді біреудің алдында иіп беріп, әркімнен сын естігім келмейді… Мен әнші емеспін. Қарабайыр, қоңыр ғана дауысым бар. Өзіме ғана жетеді. Ал қасиетті сахнаға шығып, болар-болмас дауысыммен ән айтып, мені таныңдар дегім келмейді. Мен актер болып қалыптастым, танылдым. Актер ретінде тарихта қалғым келеді.
– «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» деген. Режиссерлік саланың дәмін татып, не болмаса ғылыми атақ қорғау деген талпынысқа қалай қарайсыз?
– Бірде әкем: «Балам, жалпы, режиссер болу, депутат болу, басшы болу деген ойыңда бар ма?» – деп сұрады. Мен: «Әке, сіз мені қатты ренжітіп тұрсыз. Бойымдағы өнерім әлі сарқылған жоқ. Қазір бойымда от бар, өнер бар. Актерліктен беретін түгім болмай, жер сипап қалған кезде кетермін», – деген едім. Білімді театрда жүріп-ақ шыңдауға болады. Өйткені әр сомдаған рөлің сені бір сатыға көтеріп отырады. Актер де баламінезді болуы керек. Ғылым қуу мен актерлік бір-бірімен қабыспайды. Кейін зейнеткерлікке шықсақ, актерлікті зерттеп, жаңа бір ереже, жаңа заң ойлап табармыз, бәлкім. Тек қазір емес.
– «Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел табылады»… Ұлтшылсыз ба, әлде өзді-өзіне бөлінген рушылсыз ба?
– Бес саусақ бірдей емес. Рушыл емеспін. Оған қарсымын. Атойлаған рудың өкілі бола тұрып, арасынан «айуандар» кездессе, еленбей жүрген руыңнан ел намысын тіктеген жандар да шығып жатады. Ұлтшылмын. Елімді қадірлеймін. Ат шапса, тұяғының ізі қалып, құс ұшса, қанаты талатын мына жер – біздің жер. Бұл жер үшін менің атам соғысып, менің атам жанын берген! Бізге мұра етіп қалдырды. Қазақ жерінде жүріп, басқа ұлт өкілдерінің тайраңдағаны дұрыс емес. Өз жерімізде олардан бір саты жоғары тұруымыз керек. Сондықтан басқа ұлт өкілдері қазақ ұлтын сыйласын, қадірлесін!
– Ер азамат үшін ең басты мәселе не?
– Батырлық. Соқыр батырлық емес, саналы батырлық. Ер азаматтың бойында отбасын, елін, жерін сақтап, Отаны үшін отқа күйетін бір қайсарлық болуы керек.
– Бір емес, екі отбасын асыруға шамаңыз бар ма, екі әйел алуға қалай қарайсыз?
– Қазақ санының аздығын статистикаға қарап немесе қазақ қыздарының басқа ұлттарға кетіп жатқанын көріп, екі әйел алу дұрыс деп санаймын. Дүниеге келген баланың төлқұжатында «қазақ» деп жазылғаны дұрыс қой. Ал бұған «Екі әйелі бардың дауы үйінде» деп қорқақтағаным емес, жалпы, адам ретінде өзім дайын емеспін. Себебі, біз тоғыз ағайындымыз. Әкем де екі әйел алмаған, ағаларым да оған құмартпаған. Болашақта көрерміз. «Никогда не говори никогда» деген ғой. Мен екі әйел аламын деп те, алмаймын деп те үзілді-кесілді айта алмаймын. Себебі, қазір өзімнің жарым, отбасым ұнайды. Оны дұрыс сақтап, бақытты ету – басты мақсатым.
– Қасиетті өнердің қарашаңырағы – Әуезов театры жайлы не айтасыз?
– Әуезов театрының басқа театрларға ұқсамайтын өзіндік мектебі, тарихы бар. Осындай өнердің қара шаңырағында жұмыс істейтінімді бақыт сезінем. Мұнда қаншама өнер майталмандарының маңдай тері тамған, қандай актерлер жүрді! Асанәлі Әшімовті кезінде бір көруді армандайтынмын. Бүгінде сахнада оған еркелеймін, құшақтаймын. Кейде бала арманымыздың орындалғанын ұмытып кетіп жатамыз. Басшылық жасап отырған Есмұхан Обаев – көргенді кісі. Театрдағы ымыра-бірлікті отбасы сияқты ұстап, әрқайсысымызға баласы ретінде қарайды. Бұл жағымпаздану емес, адам ретіндегі көзқарасым. Өйткені актерді төбесінен ұрып, қысып ұстаудан өнер тумайды. Оны еркелету арқылы актер шеберлігі шыңдалады.
– Әр ұяның сыры өзіне аян. Театрда дарынсыз, адасып жүрген актерлер бар деп ойлайсыз ба?
– Бұл ортаға адам тектен-тек келмейді. Аспаннан тас құласа да, діттеген жеріне түседі ғой. Кейде дарынсыз актерлер адасып келіп, театрдың құшағына ене алмай, ақырындап сытылып кетіп жатады. Аттарын атамай-ақ қояйын, жақында ғана екі-үш актер өз жолымен кетті. Мен театрдан Жастар одағының сыйлығын алдым, театрдан үй алдым, ең бастысы – «Ең үздік жыл актері» атағын иелендім. Сонда театрдың ыстық құшағын сезіндім. Ал өнер ордасына келіп, өзін таныта алмаған қаншама актерлер бар.
– Сөз соңын мұқым қазақтың дара тұлғасы Абай Құнанбаевтың сәулелі сөзімен аяқтасаңыз…
– Абай атамыз: «Саф сұлу өнер бықсық ойдан тумайды, шыншыл таза жүректен ғана туады», – дей келе, «Бәсеке неге озасың деп, құйысқаннан алу болмасын, неге қаламын деп, өзіңді-өзің қамшылауың болсын. Сонда ғана мін емес!» – дейді. Міне, бізге айтылған сөз – осы!
Әңгімелескен
Ардақ
ИМАНБЕКҚЫЗЫ,
«D» «Общественная позиция»
(проект «DAT» № 42 (79) от 24 ноября 2010 г.