Аутизмге бей-жай қарауға болмайды

173

Аутизм ауруымен ауратындардың саны әлемде өте шапшаң түрде өсіп келеді. Мәселен бейресми деректер бойынша бүгінде дүниежүзінде 10 миллионнан астам адам аталған ауру түрінен зардап шегуде.

Ресми мәлемкетке сенсек елімізде аутизмге шалдыққан балалардың саны 4 707 көрінеді. Ал Жамбыл облысында өткен жылы 108 бала, ал биыл 142 бала аутизммен ауыруымен тіркелген. Өткен жылы облыста аутизмі бар балаларға арналған «Мен ерекшемін» деп аталатын дамыту орталығы ашылды. Аталған орталықты балалары аутизмге шалдыққан Рашида Каримова мен Нүргүл Үсен бірлесіп ұйымдастырған.

Рашида Каримованың айтуынша, аутизм атадан балаға берілетін ауру емес. Мәселен министр немесе қарапайым азаматтың отбасында аутизм дертімен ауратын бала туылуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда отбасының бай немесе кедей болуы маңызды емес.

«Кейбір балалар аутизмнің жеңіл түрімен ауырса, өзгелері өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Мәселен жеңіл түрімен ауыратындардың ақыл-ойы дұрыс қалыптасып, белгілі бір деңгейде олар қоғамнан алшақтамайды. Алайда ақыл-ойы жетілмей, әке-шешесіне ауыртпалық түсіріп жатқан балалар баршылық. Негізі аутизмнің диагнозын Қазақстанды айтпағанда әлем елдерінің мықты мамандары дөп басып таппай жатыр. Мәселен бала әу баста жақсы жетіліп келе жатады да, біршама уақыт өткеннен кейін белгісіз кеселге тап болады», – дейді ол.

Аутизм дертіне шалдыққан балалардың мәселесі жетерлік. Солардың бірі олардың қоғамнан алшақтамай, балабақша мен мектепке баруы болып отыр.

«Өкінішке қарай аутизм дертіне шалдыққан балалар балабақшаға бара алмайды. Қимыл-қозғалыстары ерекше болғандықтан оларды жалпыға арналған балабақша қабылдамайды. Сол сияқты мектепке де осындай кедергілердің кесірінен бара алмаймыз. Біздің облысымызда Шу қаласындағы №32 мектепте аутизмге шалдыққан 9 бала оқып жатыр. Олар арнайы сыныпта оқып, мектептің жүйесіне бейімделіп келеді. Сондай-ақ Тараз қаласында 9 бала арнайы мектепте оқыса, ал қалғандары негізінен үйде білім алып жатыр. Жалпы аутизм дерті жаңадан пайда болғандықтан бізге көмек көрсету жағы қарастырылмаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен «Мен ерекшемін» орталығы өзара байланысты нығайтатын меморандумға қол қойдық. Негізі әу бастан бастап Денсаулық сақтау басқармасы шама-шарқынша көмектесіп жатыр. Алайда бізге заң жүзінде көмектесу қарастырылмағандықтан олардан «Бізге көмектесіңіздер» деп талап ете алмаймыз», – дейді Рашида Каримова.

Жамбыл облысында аутизмге шалдыққан 125 бала бар. Оларға арнап №25 орта мектептің жанынан инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті ашылған. «Әр бала мектепке лайықты» жобасы бойынша тағы да 2 кабинет ашу жоспарланып отыр.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

 

Пікірлер