– Дәстүрлі әншілердің эстрада әншілеріне қарағанда жолы ауыр. Тез таныла қоймайды. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Бұның сыры көп. Тарқата айтар болсақ, пәленің басы осы «дәстүрлі ән, дәстүрлі әншілік» деген атаудан басталады. Қазақ бұрын ешқашан дәстүрлі ән демеген, жай ғана ән дейтін, немесе «қоңыр ән» дейтін, кейде мынау Арқаның әні ғой, мынау Жетісудің сарыны, я болмаса, мынау Кіші жүздің төкпе әндері ғой деп қана айтылатын. Қарапайым жұрттың әнге деген ертеден бергі таным-түсінігі осындай еді. Халқымыздың екі мыңға тарта ән мен күйін жинаған А.В. Затаевич те «Қазақтың 1000 әні» деген. Ал мына өнер, мәдениет саласында жүргендер бұл әндерді халық және халық композиторларының классикалық әндері деп бағалады. Мұндай атау берген кеңес заманында еліміздің мәдениет саласын басқарғандар: Ілияс Омаров, Жексенбек Еркінбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, қазақтың тұңғыш музыкатанушысы Ахмет Жұбанов, қазақ музыкасын зертеуші А. Г. Ерзаковичтер еді. Яғни, сол заманда қазақтың классикалық әндері деп дәріптеліп, әлемдік мәртебеге ие болған әндерімізді еліміз тәуелсіздікке ие болған тұста біреулер «дәстүрлі ән» деген қитұрқы атау тауып берді. Сол-ақ екен, қазақ әндері мен күйлерінің төрдегі басы қайтадан есікке сүйрелді. Бұл орыс тілді қауымның қазақ әнін менсінбей қарауына әкеліп соқты. «Традиционная песня» деп фольклорлық деңгейге түсіріп тастаған соң, кім керек қылсын? Ат-тонын ала қаша бастады бәрі. Әсіресе, мына дүбәрә жастар дәстүрлі деген сөзге өш. Барлығы орыс болғысы, еуропа болғысы келеді бұл заманның жастары, әйтеуір қазаққа ұқсамаса болғаны. Ал жоғарыда аты аталған ақылды ағаларымыз білген осының бәрін, барлығы орыс болғысы кеп жатқан ол кезде де оларға да оңай болған жоқ. Ол кісілер мәдениет саясатын терең түсінген адамдар еді. Осылайша қазаққа қырын қараған сол заманның өзінде мемлекеттік жиындардағы салтанатты концерттерде қазақтың халық әндері еуропаның классикалық музыкасымен терезесі тең болды. Ал мынау радиоэфирлерде халық музыкасына, яғни ұлттық классикаға басымдылық берілді, қазақ баспасөзінде де осы саясат ұстанылды. Үшінші кезекте эстрада әншілері тұрды. Олар да өз орнын білді. Олардың халық әндерін орындаушылардың алдын қия баспағаны, әрдайым елдің киелі өнеріне құрметпен қарағаны мәлім. Ал қазір не болды? Тіпті эстрада деуге келмейтін, не сөзінде мағына жоқ, не музыкасында мән жоқ, жамырап өңшең шуылдақ жұлдыздар шықты. Қазақ қоғамы ешқашан да тура мұндай деңгейде тобырлық мәдениеттің ықпалына түспеген болатын. Ұлттың өзегіне түскен осынау қауіпті вирус қазақ жастарының түбіне жететін түрі бар. Адамның тұлғалық болмысын қалыптастыратын, оның болмыс-бітіміне кісілік реңк беретін қасиет – ұлттың ана тілі мен музыкасында жатыр. Тілді терең білген адам өткен тарихын біледі, салт дәстүрін сақтап, ата-баба жолына құрметпен қарайды. Ал ұлттық музыка адам жанын байытады, көңіл көкжиегін кеңейтеді, сана-сезімін жабайыланудан сақтайды, ұлтын өгейсіп кетуіне жол бермейді. Ал біз болсақ, тобырлы мәдениеттің туын көтеріп, ұлттық музыка өнерін күресінге тастадық. Бұрын орыс тілді қауым, орыс тілді қазақ жастары ұлттық өнерге белгілі деңгейде құрметпен қарайтын. Қазір осының бірі жоқ. Оның үстіне телеарналар халық әндерін насихаттауды мүлде доғарды десе болады. Арагідік бір ашылып, бір жабылып жатқан хабарлардың сапасы сын көтермейді. Мазмұнын тапсақ, формалық жағынан ақсап жатамыз немесе керісінше. Журналистерде ұлттық музыка жөнінде терең ізденіс жоқ. Әлі күнге дейін ұлттық ән-күй өнерін жұртшылыққа жеткізудің кілтін таба алмай жатырмыз. Осыдан соң, қазақтың домбыра ұстаған әншісі қайдан танылсын.
– «Тобырлық өнермен» күресу үшін не істеу керек? Ұлттық музыкаға деген құрметті қалай оятамыз?
– Жалпы, арақпен, нашамен күрескен сияқты, тобырлық өнермен тыйым салу арқылы күресу ешқандай нәтиже бермейді. Тек дұрыс мәдениет саясатын жүргізсе болғаны. Мысалы, тобырлық музыканы тәубесіне келтірудің бір-ақ жолы бар: ол фонограммамен ән айтуды заң жүзінде реттеу. Мәселен, өркениетті елдерде фонограммамен ән айту қылмыс болып саналады. БАҚ- дары арқылы оқығаным: Германияда фонограммамен сахнаға шыққан әншіні абақтыға жабатын заң күшіне еніпті. Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужков мырза «өлі дауысқа» тоқтау салғызып кетті. Әзірбайжанда сол елдің мәдениет министрі, өзі де атақты әнші Полат Бұлбұлоғлы фонограмма қолдануға мүлде тыйым салғызды. Молдава, Қытай, Прибалтика елдерінде фонограммамен ән салдым дегенше «тірі өлікпін» дей бер. Батыс елдерінде фонограммамен ән салады деген жаман атақтан наркоман көрінеді деген әлдеқайда абыройлы. Жалпы, өзін өзі сыйлайтын адам жасанды дауыспен ән айтылатын концерттерге бармайды. Өркениетті елдерде солай. Сол сияқты өзін нағыз әнші санайтын өнерпаз да жасанды дауысқа жүгінбейді.
– Эстрада әншілері елімізде «тірі дауыспен» ән айтатын концерт залдары жоқ деген уәж айтады. Сосын сүйемелдейтін ансамбль мен оркестр жоқ дейді.
– Бос сөз бәрі. Өздерінің кем талантын бүркемелеу үшін айтылған сылтау ғой. Казіргі әншілердің фонограммаға бауыр басып алғаны соншалық, емізіксіз ұйықтамайтын бала сияқты. Сонда не, өмір бойы Республика сарайы сияқты сахналардан ән айтып келе жатқан дүлдүл мен бұлбұлдар: Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов, Әлібек Дінішевтер, сіздіңше ақымақ па? Олар ешқашан қазақтың концерт залдары жаман деп айтқан емес. Бибігүл, Роза апаларымыз қырмандардың басында, шопандардың фермасында концерт қойған. Өзін нағыз әнші санайтындар зал таңдамайды. Әншіде ең бастысы әуезге бай, бояуы қанық дауыс болуы керек. Ал жаңағы уәж дауысы жоқтардың, фонограммаға сеніп алған арамтамақ әншілердің ойлап шығарған мифтері. Ал, ансамбль мен оркестрге қарап тұрған ештеңе жоқ. Барлық шетелдік әншілер «минус»-пен айта береді. Тек дауыс «жанды» болса болды. Біздің әншілеріміз масқара болғанда сол «минус»-тың өзімен айтпай жатыр ғой. Барлығы микрофонға «плюс»-ты қосып алады да аузын жыбырлатып, дыбыс зорайтқыштағы «өлі дауысқа» ілеседі де отырады. Менің көтеріп отырғаным «плюс» мәселесі, әнді «минус»-пен айтуға ешкімнің қарсылығы жоқ.
– Фонограмманы тоқтаттық дейік. Одан әрі не болады?
– «Су ағады, тас қалады» дегендей, нағыз өзіне өзі сенген әншілер іріктеліп шығар еді. Қазіргі сахнада жүрген әншілердің 90 – 95 пайызы әншілікпен қош айтысар еді. Үйір-үйірмен жөңкіліп жүрген саны бар сапасы жоқ топтардан арылар едік. Бұрынғыдай әншіні дауысына қарап бағалауға мүмкіншілік туар еді. Әншілеріміздің деңгейі өсіп, музыкалық мәдениетіміз алға басар еді. Өнерпаздар нағыз сахна стихиясын сезініп, көрермен мен әнші ретінде шынайы қарым-қатынас орнар еді.
– Сонымен эстрада әншілерімен фонограмма қазақтың музыка мәдениетіне қандай зардаптар әкеліп отыр.
– Бұл жерде кінәлі эстрада әншілері емес, зардапты фонограммадан тартып отырмыз. Фонограмма бізді әнді түйсіну, әншіні сезіну ләззатынан айыруда. Өңделген дауысқа дағдыланып алғанымыз сондай, жанды дауыспен айтылған қандай әнді болсын қабылдай алмайтын күйге жеттік. Өйткені, «тірі дауыс» компьютермен өңделген «өлі дауыстай» мінсіз деп айта алмайсың. Мәселен, домбырашы әншілер фонограммамен айтатын әнші айтып кеткеннен кейін сахнаға шықса, көрермен салқын ғана қабылдап жатады. Ал егер домбырашы өнерпазбен бірге эстрада әншісі «тірі дауыспен» сахнаға шықсыншы: көрермен қолды домбырашы әншіге қаттырақ соғар еді. Бір сөзбен айтсақ, фонограммамен ән айту, соның нәтижесінде «шөп те өлең, шөңге де өлең» болуы, «өлі дауысқа» құдайындай сеніп алған жасанды жұлдыздардың тым көбейіп кетуі ұлтымыздың талғамын бұзды. Ал талғамы бұзылған ұлттың тартатын тақсыреті – әділетсіз соғыста жеңілген елдің қасіретіне пара-пар.
– Десек те, «тобырлық мәдениеттің» өкілдерінің айы оңынан туып тұр. Барлық марапат, сый құрмет солардың үстінде, үлкен концерттік залдар солардың еншісінде, БАҚ-дарының күні-түні жарнамалайтыны, өзіңіз айтқандай «өлі дауыс» өкілдері болып кетті.
– «Ақша саналып жатқанда, музыка құйрығын қысады» деген сицилия мәтелі бар.Тобырлық өнердің төңірегінде жүргендердің шынайы өнермен ешқандай байланысы жоқ. Олардың бар мақсаты тобырға өздерінің талғамсыз дүниелерін қандай жолмен болсын тықпалап, олардың қалтасын қағу. Өнерге өнерпаз өмірін арнағанда ғана барып, өнер өз әлемін ашады, өзінің тылсымына бойлауына мүмкіндік береді. Шәмшілер неге қоғамнан оқшау өмір сүрді, неге гаражда тұрды. Өйткені ол өнермен ғана бетпе-бет қалды, ішіндегі рухани әлемімен ғана арпалысып, ауыр толғаныстар кешті. Соның нәтижесінде өзінің ғажайып әндерін туғызды. Фридрих Ницше деген ойшыл «Жалғыздыққа қарай қашыңдар» деген. Жаны жалғыз, сол жалғыздықтың тақсыретін тартып, өзін тобырдан оқшаулаған өнерпаз ғана кемел өнер тудыра алмақ. Шәмші өмірінің ғибраты осында. Ал Шәмшіні гаражда тұрғызуға мәжбүр еткен сол тобыр Шәмші өлгеннен кейін ғана оны көкке көтерді. Бұндайды қазақ «Өлі – тірінің азығы» дейді. Қазір Шәмшілер жоқ. Олардың орнын «конкурстық әндер» жазатын композиторлар басты. Олар «боқшасын боталы түйе қылып» жас әншілерге сатады. Жас әншілердің көкейін ақша тесіп бара жатқан продюсерлері ол әнсымақты көрінген жерге тықпалап барлық БАҚ-тар арқылы, концерттер арқылы «айналдырады». Әрине, әлгі әндер мен әншілердің кем-кетігін білдірмей жіберетін фонограмма іске қосылады. Осылайша бізде шоу-индустрияның «дамып» жатқан жайы бар. Бізде өнерге мемлекеттік тұрғыдан мән берілмейді. Үкіметтік деңгейде жалпы мәдениеттің, оның ішінде деградацияға ұшырап, халықты өзімен бірге құрдымға тартып бара жатқан бұқаралық мәдениеттің жәй-күйіне ешқандай сараптама жасалмауда. Осы мәселенің барлығы ұлт мәдениетін сауықтыруға деген концепциялық көзқарастың болмауынан туып отыр.
– Осындайды көріп отырып қандай күй кешесіз? Әнші, өнертанушы ретінде сізді не толғандырады?
– Мені толғандыратын қазақ өнері, оның руханияты осылай бағыт-бағдарсыз кете берсе, не болады деген ойлар. Қазір «тобырлық мәдениетпен», оның басты қаруы – фонограммамен уланған бір буын өсіп шықты. Ылғи жасық, тексіз музыка тыңдап өскен ұрпақтан халықтың қамын ойлайтын, елдің болашағын көксейтін азамат шықпайтыны белгілі. «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» дейді Абай. Халық музыкасын тыңдап өспеген, құлағына жақсы ән мен күй сіңіп, ол бойын алып жан дүниесі нұрланбаған, текті өнерге рухани әлемі қанағаттанбай өскен ұрпақтан не үміт, не қайыр! Қазір шетелдік тобырлық мәдениеттің шылауында өскен, жат діннің жетегінде жүрген, санасы күңгірт, дүдәмалдау діні бар жастар билікке қарай ағылуда. Өзін өзі танымайтын, өмірінде бір әдеби шығарма оқып көрмеген, рухани әлемі ала-құла олар қазақты қайтіп оңдырады? Кезінде Шәкәрім атамыз бір себептермен «Алаш Ордадан» көңілі қайтқан соң, «Қош, жұртым» деген өлең жазып: «Қазақтың жайнар даласы, жетілер оқып баласы; Шошытатын мені сол – олардың күндес, таласы» деп аһ ұрған еді. Ақыры Ә. Бөкейхановтай бір көсемнің айналасына ұйымаған, ой-пікірінде бірауыздылық болмаған кейбір қазақ зиялылары билікке жету үшін қазақ мемлекетін бөлшектеп, қазақтан бөлініп, Түркістан мемлекетін құрамыз дегенге дейін барысты. Сол қазақ зиялыларының алауыздығынан, әсіре билік құмарлығынан 32-ші жылы алапапат аштыққа ұшырап қырылып қалдық. 37-де бір-бірін сатып, тағы да жақсыларын оққа бойлап берген сол интелегенцияның қарасы мол сатқын бөлігі еді. Осындайда Асқар Сүлейменов ағамыздың «әлемдегі ең сатқын интелегенция қазақ пен түркімен зиялылары» деген сөзі еріксіз еске түседі. Қазір Абай, Шәкәрімді шошытқан алауыздық қайта атқа мінді. Ақырын ойлаудың өзі қорқынышты. Тақауда Қытайға бардым. Бір үлкен концертте қытай қазақтарына домбырамен қымыз туралы бір әнді қытайша айтқызып, оны орысша «Коньское молоко» деп хабарлап масқара жасады. Сондағы қырғыздарға қазақтың биі — «Қара жорғаны» билетті. Онда да қазақты қытайландыру процесі жүріп жатыр. Қазақтың тілін, өнерін қорлаудың жымысқы саясатын көзіммен көруге тура келді. Бірақ үш бірдей телеарна күнімен қазақша хабар таратып тұрғанының куәсі болғанда еріксіз қайран қалдым. Тәуелсіз елімізде мемлекеттік тілде хабар тарататын әлі де бірде-бір телеарнаның болмауына кім жазықты? Еліміздегі жекеменшік телеарналар жастарымыздың басын жоғарыда айтқан тобырлық мәдениетке біржола байлап беру үшін белгісіз бір жасырын күштердің ықпалымен аяр саясат жүргізіп жатқандай әсер қалдырады. Ертең осындай дүбәрә идеологияның тақсыретін тартатын тағы да қазақ халқы болмақ. «Жасыңда қылжың болсаң, қартайғанда мылжың боларсың» дейді халық даналығы. Қазір өңшең жіңішке дауыспен қиқылдап- шиқылдап ән айтатындар қаптап кетті. Қазақ «Әйел дауысты еркекте қуат болмайды, еркек дауысты әйелде ұят болмайды» дейді. Ылғи қуатсыз, ынжық әндерді «әйел дауысты еркек әншілерден» тыңдап өскен жастың сүйегі де, санасы да, рухы да жасып кетеді. Ертең ер көңілді, жарқын мінезді, тау суындай тасқындаған қайраты бар, саңқылдап сөйлейтін сал мінезді жастарға зар боламыз. «Көгілдір» деген пәле осындай «шиқылдауық әншілерден» басталады. Қазіргі шоу-индустрияның маңайындағы «қызтекелікті» қолдайтын топтар бар деген сыбыстар шығуда. Сұмдық емес пе! Осындай ойлар меңдейді, жастардың тобырлық мәдениеттің құрсауында қалып, «қылжың» өнердің қызығымен өмірлерін өксітіп жатқаны мені толғандырады.
– Сіздіңше эстрада өнерінен қоғамға келетін пайда аз ба, сонда?
– Олай десек, ақиқаттың ауылынан алыс кетер едік. Елімізде кеңес кезінен қалыптаса бастаған, Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова сияқты асқақ талант иелері биік белеске көтерген эстрада өнерін ұлттық эстрада деңгейіне көтеруге талаптанып, осы салада жап жақсы нәтижеге жеткен өнерпаздар бар. Мәселен, Рамазан Стамғазиев, Батырхан Шөкеев, «Музарт» тобы, Қарақат Әбілдина, Карина Абдулина, Меруерт Түсіпбаева, Тоқтар Серіков, Бауыржан Исаев, Жанар Айжанова, Лұқпан Жолдасов, Алтынай Жорабаева, Айгүл Мақашева, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Ұлту Қабаева, «Ұлытау» тобы, Досымжан Таңатаров, Жұбаныш Жексенұлы, Сейіл Аяғанов, Гауһар Қаспақова, Гүлбаршын Тергеубекова, Айгүл Иманбай, Баян Нұрмышева, Бейбіт Сейдуалиева, Роза Әлқожа, Жазира мен Жанболат және т.б. Осы аты аталған өнерпаздар еліміздің рухани кеңістігінен шетелдік және орыс эстрадасын ығыстырып шығарды десе де болады. Бұлардың арасында да ішінара «жілігі татымайтын» жеңіл әндер айтып қоятындары кездеседі. Дей тұрсақ та, еліміздегі ұлттық эстраданың негізгі шоғыры осы өнерпаздар дер едім. Өкініштісі, бұл әншілердің дауыстарына лайықтап, құлпыртып, түрлендіріп ән жазатын композиторлар жоқтың қасы. Әншілердің көпшілігі аға буын композиторлардың әндерін орындау арқылы ғана жұртшылықтың ілтипатына бөленіп жүр. Композиторларымыздың көпшілігі Шәмші, Әсет, Әбілахат, Нұрғиса ағаларымыз сияқты нағыз өнерпаздардың салған жолын мансұқтап, жат елдің арзан қолды өнерін үлгі қылып жүрген себепті де ұлттық музыка өнері дағдарысқа түсіп отыр. Ал енді әртүрлі шетелдік музыкалық ағымдарға бой алдырып, қазақтың қарапайым дыбыстарын, оның төл әуендерін көпе-көрнеу бұрап айтып, не қазақша не орысша, не шетелше емес, қойыртпақ әндермен «жұлдыз» атанып жүргендерден шынында да қазақ мәдениетіне келетін пайда жоқ.
– Өзіңіз де ән жазасыз. Бір естігенім бар, бір жолы әнші Сейіл Аяғанов бір әніңізді Алматы студиясына әкеліп жаздырыпты. Сонда аранжировщик Сейілден «бұл кісі консервотория бітірген бе» деп сұрапты. «Жоқ» десе, «музыканы кәсіби композиторларша жазады екен» деп таңданыпты. Жақсы әндеріңіз бар, сол әндеріңізді кімдер орындап жүр?
– Расында да менің композиторлық білімім жоқ, Сондықтан әнді сирек шығарамын. Көбісі лирикалық әндер. Дені Мұқағали шығармаларына жазылған. Абайдың, Шәкерімнің сөздеріне жазған ірі әндерім де бар. Ол әндерді бас дауысты ғажап әнші Ербол Айтбаев, атақты тенор, үлкен жүректі әнші Еркін Шүкіманов орындайды. Сондай-ақ Абзал Қуанышұлы, Төлеутай Серіков сынды белгілі әншілер, басқа да көптеген домбырашы өнерпаздар айтады. Бірақ, домбыра сүйемелімен айтатын әншілердің насихаты төмен болғандықтан ол әндерді эфир арқылы көпшілік ести қойған жоқ. Менің «Сен және мен» деген әнімді тұңғыш орындап, атымды жұртшылыққа алғаш таныс еткен әнші, актриса Меруерт Түсіпбаева. Кейін бұл әнге клип те түсірілді, ол көптеген телеарналардан көрсетілді де. Мұқағали ағамыздың сөзіне жазған «Япыр-ай» атты әнімді Мақпал Жүнісова өзінің концерттерінде орындап, кейін компакт дискісіне қосты. Бұл үшін қазақтың аяулы қыздары Мақпал мен Меруертке әрдайым рахмет айтамын.
– Сізді жұрт дәстүрлі әнші ретінде де көп танымауы мүмкін. Шетелде болыпсыз. Шетелдіктер қазақтың өнерін қалай бағалайды екен?
– Танымауы мүмкін емес, мүлде танымайды деуге болады. Жасымызда Қарағандыдан ұзап шыға алмадық. Тек 1990 жылы Ташкент қаласында өткен «Қазақстан және Орта Азия жастар фестиваліне» қатысып, лауреат атанып, өзбек халқының батасын алғаным бар. 1992 жылы Самарқанд фестиваліне өнер көрсеттім. 1993 жылы Алматыда өткен «Жігіттің сұлтаны» байқауында лауреат атанғаным сол кездегі көрерменнің есінде болар. 2007 жылы Еуропаның қақ төрі – Вильнюс қаласында өткен әлем халықтарының этнофестивалінде өнер көрсеттім. Бұл фестивалге қатысуыма мүмкіндік жасаған музыкатанушы Сәуле Өтеғалиева мен әнші Сәуле Жәмпейісоваға ризашылығымды білдіремін. Бір аптаға созылған фестиваль күндерінің бірінде сол қаланың зәулім сарайында жеке концерт бердім. Сөйтіп, өз елімде бере алмаған концертті жат елде бердім… Фестивальдің бір сәтін Еуропаға ресми сапармен келген жапон императоры Акихито Хирохито келіп тамашалады. Ол кісі менің азиялық болған соң ба, орнынан көтеріліп келіп, мыңдаған көрерменнің көз алдында қолымды алды. Жанында Литваның президенті бар, екеуі де жұбайларымен. Біздер тілмаш арқылы әңгімелестік. Менің Қазақ елінен келгенімді білгенде, жүзі нұрланып, «қазақ халқын білемін» дегенде төбем көкке жеткендей болды. Әрине, әлемдегі ең мықты мемлекеттің бірі саналатын Жапон елін 2600 жылдан аса билеп келе жатқан асыл текті әулеттен шыққан императормен жүздескенім, аз-кем әңгімелескенім менің өмірімдегі ұмтылмайтын зор оқиға. Осы фестивальде Литва ұлттық арнасы мені итальяндық әншілермен бірге фестивалдің ең үздік өнерпазы деп танып, тікелей эфирде өнер көрсету құрметіне ие болдым. Сонда байқағаным еуропалықтардың қазақ өнеріне деген құрметі ғажап. Тіпті сол жолы мені Вильнюстің мэрі қабылдап, Қазақ елі мен Литва елінің арасын мәдени тұрғыда жақындасуына үлес қосқаныма ризашылығын білдірді. Ол кісі Балтық елдері бойынша қазақ елшілігін де осы кездесу ішінде болуға шақырды. Бұл сапардың куәсі болған сол кезде елшілікте қызмет істеген Аян деген қазақтың жақсы азаматы қазір Астанада министрлікте істейді. Сол жолы Еуропа радиосы «Әлем музыкасының алтын қорына» менің орындауымда оншақты ән жазып алып кетті. Сол сияқты француздардың да қазақ өнеріне деген ниеті түзу. Биыл қазақ музыкасын зертеуші Гзавье Аллез атты досым Францияның Париж қаласындағы атақты BUDA MUSIQUE студиясынан Тәттімбет күйлерінің мыңдаған тиражбен компакт дискісін шығарды. Тұсаукесерін Алматы қаласында өткіздік. Концерті Астана қаласында өтті. Қазір Тәттімбет күйлері жазылған компакт- диск Еуропа, Америка, Жапония елдеріне таралып жатыр. Бұл үшін Гзавье Аллез мырзаға рахмет! Кезінде ол мені Қарағандыға іздеп келіп, Тәттімбет күйлерін жинауға көмектесуімді өтінген болатын. Әрине қол ұшымды бердім. Нәтижесін биыл көріп жатырмыз. Сол сияқты немістер мен ағылшындардың да қазақ өнеріне қызығушылығы зор. Осы орайда қазақ музыкасын Англияда насихаттап, жүйелі еңбектер жазып жүрген музыкатанушы Саида Дәукееваның еңбегін жоғары бағалаймын.
– Ғажап өнер иесі Естай туралы мақалаңызды оқыған едім. Сол дәуірлердегі өнер иелерінің өмірі мен шығармашылығы жөнінде зерттеулер жасап жүрген көрінесіз...
– Халқымыздың әншілік өнерінің тарихы, ол әндерді дүниеге әкелген ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеумен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің тарих факультетінде оқып жүргенде бастадым. Әуелі халқымыздың бақсылық өнеріне зер салып, әлемдегі шаманизм тарихына үңіліп, бүге-шігесіне дейін ақтарып байқадым. Кейін тоқсаныншы жылдардан бастап, халқымыздың ән өнері тарихын зерттеуді қолға алдым. 2006 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан ақын Ғалым Жайлыбай ағамның алғысөзімен «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» деген кітабым жарық көрді. Бұл кітабыма қарағандылық меценат бауырым Жанбота Кәріпбаев қаржылай қолдау көрсетті. Сіз айтып отырған Естай ақынның бұрын еш жерде жарық көрмеген әндерімен композитордың өз өмірі туралы тың деректер осы кітабымда алғаш рет жарияланды. Сол сияқты композиторлар Мұстафа Бүркітбайұлы, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, әншілер Қали Байжанов, Сапарбек, Балабек Ержановтар, Жүніс Шәймерденов және т.б. халық ән өнерінің қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен шығармашылығы аталған кітаптың мазмұнына арқау болды. Мені Біржан сал, Құрманғазыдан бастап, Мәди, Сары Батақұлы, Әміре, Иса сияқты қазақ халқының ұлы мәдениетін жасаған тұлғалардың қасіретті тағдырлары толғандырады. Оларды кейінгі ұрпақтың ұмытып бара жатқаны жаныма батады. Бұрын ол кісілер тудырған ән күйлерді қазақ халқы түсінетін, сезінетін, сүйетін. Оларға деген халық жүрегінде құрмет сезімі болатын. Қазір осының бірі қалмай барады. Ұлттық ән күйден қол үзген, төл өнерін жатсынған халықтың жаны өледі. Жаны өлген халықта нұрлы келешек жоқ. Осы мақсатта: қазақтың ұлы өнерпаздарының өмірі мен шығармашылығына өнердің сабақтастығы, ұрпақтың жалғастығы тұрғысынан қарап еңбектеніп жатырмын. Алла жазса ол еңбектерім жарық көреді деген ойдамын.
– Сізді Қарағанды шенеуніктерінен қуғын көрген соң, Алматыға келді дейді…
– Бұл ұзақ әңгіме. Қысқарта айтсам, 1996 жылы Қарағандыда жастардың БОТА (Білімпаздар, Ойшылдар, Тапқырлар, Алғырлар) интеллектуалды клубын құрдым. Кейін төрт клубтан тұратын үлкен орталыққа айналды. Бұл жолда маған жан аямай көмектескен қарымды қаламгер, журналист, марқұм Мартбек Тоқмырза, философ, абайтанушы Омар Жәлел және қазіргі Жайық Бектұров атындағы музейдің меңгерушісі Жадыра Жұмай деген апайым еді. 1994 жылдан бастап, Мартбек досым Қарағанды теларнасында «Біз жанбасақ…» атты авторлық бағдарламасын ашты. Ол кезде мен ҚарМУ-дың жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі едім. Мартбектің «Біз жанбасақ»-ғына университеттің есті, сергек студенттерін қатыстыратынмын. Ол уақытта республика телеарналарында бірыңғай елдік мұраттарды көтеретін мұндай ток шоу жанрындағы бағдарламар әлі жоқ еді. Тікелей эфирде өтетін аталмыш хабардан облыс шенеуніктері кәдігімгідей сескенетін. Тіпті, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары телефонмен хабарласып, хабарды тоқтатыңдар деп, дөң айбат жасауға дейін барғаны есте. Сол жылы БОТА ның жанынан «Білгенге маржан» деген телеойынның жобасын жасап, Мартбекке бердім. Мартбек ол ойынды түрлендіріп, жайнатып жіберді. Мен түнімен отырып әр ойынға варианттарымен есептеп жүз сұрақтан дайындайтынмын. Сұрақтар әлемдік әдебиет, тарих, философия, жағрафия, қазақ дүниетанымы, музыка өнері және т.б. болып кете беретін. Ойын қызықты өту үшін демеушілер тартып ақша тігетінбіз. Бірнеше турдан тұратын ойында студент жастар, жоғарғы сынып оқушылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысып бақтарын сынайтын. Жеңгендер кәдігімгідей ақшалай жүлде алушы еді. Тіпті, көзі ашық оқу орындарының басшылары осы ойында жеңімпаз болған мектеп оқушыларына арнайы грант бөліп, оқуға қабылдаған кездері де болды. Ойынның тартымды болғанынан ба, облыс аудандарына дейін, тіпті көршілес Павлодар облысына шейін қанат жайды. Ақын Қуаныш Мақсұтов кездескенде «Ерлан, сенің бұл ойының Ресей телеарнасының «Что, где, когда» ойынан форма жағынан ұтылғанымен мазмұн жағынан басып озды» деуші еді. Бұдан басқа орталықта «Азамат» жас саясаткерлер клубы болды. Оны қазіргі белді журналист Бесбоғда Алтай басқарса, «Ділмар» жас журналистер клубын белгілі журналист Төлен Тілеубай жетекшілік етті. «Шынар» қыздар клубын Гулжайна Нұрмағанбетова, Қалима атты қарындастарымыз жүргізді. Кейін бұл қыз-жігіттер университеттерін бітірген кезде орындары жаңа ізбасарлармен толығып отырды. Осылайша облыстық, қалалық деңгейде іс шаралар ұйымдастырып, Алашорда ардагерлеріне, еліміздің басқа да қоғам, өнер қайраткерлеріне арналған түрді жиындар, поэзия мен музыка кештерін өткізетінбіз. Кейін бұл орталыққа саясаткерлер көз тіге бастады. Тіпті үлкен опозициялық партияның бір көсемі өкілдері арқылы келіссөз жүргізіп, көп қаржымен сатып алмақшы болып та көрді. Билік айналасында жүрген партиялардың ішінен де «құда түскені» бар. Бірақ «Саясаттан алыс жүргеннің өзі саясат» деп Шандор Петефи айтпақшы, орталықтың төрағасы ретінде өзім ондай келісімдерге бармадым. Кейін белгісіз себептермен біздің ісімізге түрлі тосқауылдар қойыла бастады. Орталық Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ішінде болатын. Кітапхана директоры Г Бекбалақова Мәскеуде оқыған өте мәдениетті кісі еді. Ол кісіге облыстың мәдениет шенеуніктері Е. Төлеутайды орталықтан кетіру туралы шарт қойды. Ылғи жоғарыдан нұсқау алған ол кісі жұмысқа жыларман болып келетін. Мәселе шиеленісті сипат алған соң, өзім құрған орталықтан кетуге шешім қабылдадым. Сөйтіп 2001 жылы республикалық «Алтын Орда» газетінің бас редакторы, ақын, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетов ағамның шақыруымен Ақтөбеге кеттім. 2003 жылы облыс әкімі Камалтин Мұхамеджановтың қолдауымен, қамқоршы ағам, ақын Серік Ақсұңқарұлының араласуымен сол кездегі облыстық телеарнаның басшысы Әбдіжаппар Әбдәкімов ағам мені журналистік қызметке шақырды. Сол тұстағы облыс әкімі К. Мұхамеджанов халықшыл, қарапайым, ел үшін көптеген баянды еңбектер істей білген жұртқа жайлы жақсы әкім болды. Көшеде кетіп бара жатсам көлігімен тоқтап, менен Қарағанды жастарының мәселесі жөнінде сұрайтын, облыстың кей рухани мәселері жөнінде де пікір бөлісу үшін қабылдауына да шақырды. Журналистік сынға да көнтерілі болды. Кейде эфир арқылы сынап жатқанымызда қыңқ демейтін. Бұл кісі әкім болып тұрған кезде Қарағандыда салыстырмалы түрде айтар болсақ, біршама деңгейде демократия, жариялық болды. Мен ол кезде облыстық телеарнадан «Ұлы дала шежіресі», «Ислам тағлымы», «Ырым сырлары», «Жансарай» атты хабарлар дайындап, тікелей эфирде «ҮТ» атты авторлық бағдарламалар жүргіздім. Кейін облыс басшылары екі рет ауысты. Жаңа басшылықтар өңір зиялыларына, оның ішінде қазақтың талантты жастарына іштері жылыған жоқ. Қайта олардың жандайшаптары соңымызға шырақ алып түсті. ҚарМУ біздің бұрыннан сүйенішіміз еді. Әуелі қуғын сол жақтан басталды. Университет қабырғасынан БОТА орталығынан бірге келе жатқан журналист ұстаздар Мартбек Тоқмырза мен Мейрамхан Жәпек аластатылды. Ұстаздарын қорғап студенттер ереуілге шықты. Сол кездегі «Начнем с Понедельника» газетінің бас редакторы Дидар Амантайдың біздің жазған мақалаларымыздың үздіксіз жариялануына мүмкіндік бергенінің арқасында университет басшылығы кешірім сұрап, Мартбек пен Мейрамханды қайта жұмысқа алды. Бірақ, көп ұзамай, «ҮТ» хабарының тұрақты эксперті абайтанушы Омар Жәлел қуғындалып, Астана асуға мәжбүр болды. Осыдан кейін кезек маған келді. Бұл жолда олар телевидение директоры Б Дүйсетаевтың шолақ белсенділігін пайдаланып отырды. Кейін жоғарғы жаққа шығып, пәрмен алғандар ақыры «ҮТ» бағдарламасын жапқызып тынды. Майданның екінші кезеңі 2009 жылы басталды. Бұл кезде эфирде менің «Ойбезбен» атты авторлық бағдарламам жүріп жатқан-ды. Тағы да сол атышулы Дүйсетаев бұл бағдарламамен жабу үшін неше түрлі құйтырқы әрекеттерге барды. Бұл майдан, Б. Дүйсетаев деген телеарна басшысының халқымыздың аяулы жазушысы Мұхтар Мағауинді дисидент деп, тұңғыш ғарышкеріміз, халқымыздың қаһарман ұлы Тоқтар Әубәкіровты оппозиционер деп, олар туралы жасалған шағын сюжеттерді эфирге шығаруға тыйым салғаны үшін және «домбыра деген ескіліктің қалдығы, оны насихаттауға болмайды» деп, масқара мәлімдеме жасап, «Жансарай» бағдарламасын жапқызып тастаған сол Дүйсетаевтың дүлей әрекеттерінен соң, шиеленісе түсті. Ақыры Дүйсетаевтың тілегі аяқ астынан қабыл болды. Бұның аяғы 2010 жылғы Қарағанды журналистикасының тарихындағы қазақ тілді журналистерді жаппай қуғындаудың ең ірі сорақы оқиғасына жалғасты. Өз басым, менің жанымдағы жас журналистер қауымы осы науқанның құрбандығына шалынды. Бұның барлығы республикалық БАҚ жазылды. Көзі қарақты қауым бұл жөнінде хабардар. Сөйтіп жиырма жыл бойы Қарағанды өңіріндегі рухани-мәдени майдандағы күресіміз осылайша баянсыз аяқталды. Кезінде «КарЛагтың» отаны болған Қарағанды өңірін отаршылдық дертінен арылтамыз, отаршылдық, ресейшілдік сана етінен өтіп, сүйегіне жеткен бұқара жұрттың санасын сәулелендіреміз деген мақсаттарымыз көз алдымызда күйреп түсті. Қарағандының көз алдымызда ұлттық құндылықтарды қайта өгейси бастағанын, қазақтың қайтадан орысша сөйлей бастағанын, барлық салада ұлттық санасы бар азаматтардың шеттетіліп, олардың орнына не орыс емес, не қазақ емес, өңшең құлқынның құлдары қаптай бастағанын көзімізбен көрген соң, не шара! Осындайда бұларың не дейтін алдымызда ағамыз болмағаны, елдің сөзін сөйлейтін бір естияр ақсақалдың қалмағаны бізді түңілдіріп жіберді. Елдік дәстүрінен айырылған жұрттың кісілігі кетіп қалады екен. Мына пародоксқа қараңыз: Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл болып қалса да, Қарағанды шенеуніктері, әкім қаралары әлі күнге дейін ұлтшылдықпен күресіп, ел ертеңі алаңдататын әрбір есті азаматтың, ойлы жастың адымын тұсап, «етекбастылық» жасаудан танар емес. Сондай күндерде ауруы әбден асқынған Мартбек Тоқмырза досым қайтыс болды. Мартбекті шетелде емдетіп, өмірін сақтап қаламыз деген ойымыз іске аспады. Облысымыздың сол кездегі әкімі, қазақтың байлығын сорып, миллиардер атанып жатқан өлкеміздегі алпауыт компаниялардың басшылары біздің республикалық басылымдар арқылы көмек сұрап жазған хаттарымызға мұрындарын шүйіре қарады. Осылайша Мартбектен айырылдық. Қарағандыдағы соңғы он жыл ішіндегі болған осы оқиғаларды болашақта бір еңбегіме арқау ету ойымда бар. Келешек ұрпақ өзінің болашағына, тіліне, өнері мен мәдениетіне қарсы болған, осы жолда әлдекімдермен ымыраласып, өз ұлтына сатқындық істеген, халықтың талантты ұлдары мен қыздарына қиянат жасағандарды білуі керек. Тәңір жазса, олардың атын атап, түсін түстеп қағаз бен тасқа өшпестей етіп басып кетерміз. Жеті атасына дейін, түп-тұқиянына дейін бабаларының жасаған тексіздігіне ұрпақтары өмір бақи қорланып, ұялып өтсін. Әйтпесе, бұлардың өзінде ұят жоқ қой.
– Алматы сізді қалай қабылдап жатыр?
– Алматыға келуіме қазақтың көрнекті қаламгері Дидар Амантай себеп болды. Жағдайдың барлығын көріп отырған ол: «Ереке, бүйте берсе, сені мына Қақабайлар өлтіріп тастап жүрер, Алматыға кел, шығармашылығыңмен айналыс» деді. Қиын-қыстау күндері басыма іс түскенде қол ұшын берген Дидар досыма өле-өлгенше ризамын. Кезінде Маралтай ақын өмірден түңілгенде, оның кеудесінде үміт отын оятқан осы Дидар еді.
Мен мұнда өзіме, шығармашылығыма тыныштық іздеп келдім. Көкейде көптеген ойлар бар. Әзірше, мына кішкентай бөлмемде жұмыстан келген соң, түннің бір уағына дейін жазу жазып, жұмыс істеймін. Жанымда жан жолдасым — домбырам ғана бар. Кейде шер қысып, түн ортасы болса да Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди әндерін айтып, жалғыздан жалғыз отырып күңіренемін. Көбінесе:
Несібемді жазыпты менің түзден,
Күдер үзіп қойыпты ел-жұрт бізден.
Оқта-текте қайран ел еске түссе,
Шымырлап жас шығады екі көзден – деп Иманжүсіптің әнін айтып аруақтанамын… Сосын қайта қағазға үңілемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ерғали Бақаш